Қайсар жастық шағынан ұшқыш болуды армандайтын. Сол кезеңде, ауылда туып, қазақ мектебінде тәлім-тәрбие алған бозбалаға авиация, космонавтика деген мәні онша түсініксіз де таңсық сөздер нәзік жүрегін тербей, жан-сезімін билеп алатын. Ауылының төбесінен ұшатын кішкене ұшақтарға («Кукурузник» деп аталып кеткен Ан-2 ұшағы) телміре қарап, мен де осындай темір құстарды бағындыра, көк аспанда самғасам дейтін. 1961 жылғы сәуір айының 12-жұлдызында Юрий Гагарин адамзат тарихында тұңғыш рет жер-шарын айнала ұшып, аман-есен жерге оралғаны туралы әйгілі диктор Левитанның радиодан саңқылдаған хабарын есіткен кездегі Қайсардың жан-күйінің қандай болғаны өзіне ғана мәлім. Ғарышты бірінші рет бағындырған Юрий Гагариннің ұшқыш-сынақшы екенін білгесін, Қайсар енді тек әскери ұшқыш болуға бел буды. Алтыншы сыныпта оқып жүрген шағында қолына Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсетіп, фашистердің 61 ұшағын жойған, Кеңес Одағының үш дүркін батыры атанған ұшқыш Иван Кожедубтың «Отаныма қызмет етемін!» деген кітабында келтірілген ұшқыштың ерліктері де, оның әскери ұшқыш болсам деген арманын шыңдай түсті. Қайсар мектепті ойдағыдай аяқтап, аудан орталығындағы әскери комиссариатқа жолығып, әскери ұшқыш дайындайтын арнайы оқу орындарымен танысты. Соның арасынан Волгоград маңайындағы әскери жойғыш ұшқыштарын дайындайтын Кача атындағы жоғары әскери командалық авиация училищесін таңдады. Ол кезде мұндай әскери оқу орнына түсу оңай емес, бір орынға 20- 30 бала бәйгеге түсетін. Әскери ұшақты басқаруға тиіс тұлғаның денсаулығы мүлтіксіз, сауаты өте жоғары болуы тиіс. Арнайы әскери медициналық комиссиядан өткенімен, ауылда қазақ мектебінде оқыған, орыс тіліне шорқақ Қайсар емтихандардан төмен баға алғандықтан, оқуға қабылданбады. Осылайша, Қайсардың ұшқыш боламын деген арманы көкке ұшты! Оны енді не істеуге болады деген сансыз сұрақ мазалағаны да шындық. Осындай тұңғиық ойда жүріп, демалыс паркіндегі орындықта отырған. Орындықтың сол жағындағы жаюлы газетке көзі түсіп, ондағы жазылғандарға көз жүгірте бастады. Газеттің соңғы бетіндегі: «Могилев қаласында (Беларусь Республикасы) КСРО ІІМ-нің орналасқан екі жылдық арнайы орта милиция мектебіне тыңдаушылар қабылданады» деген хабарлама көзіне оттай басылды. Онымен таныса сала, дереу қала орталығындағы облыстық ІІБ-нің кадр бөліміне хабарласты. Аталған оқу орнының шарттарымен мұқият танысып, оған қабылдануға келісім берді. Соңынан емтихан тапсыру үшін Могилев қаласына жол тартты. Милиция мектебінің жатақ-жайына орналасып, медкомиссияның: «ІІО-ға қызмет істеуге денсаулығы жарамды» деген оң қорытындысын ала сала, қабылдау емтихандарына тиянақты дайындалды. Екі емтиханды да «жақсы» деген бағаға тапсырды. Мектептің қабылдау комиссиясының: «оқу орнының тыңдаушысы ретінде қабылданды» деген шешімі Қайсардың қолына тиді. Бұл арнайы оқу орны – Одақтағы осындай ІІМ-не қарасты жоғары және орта оқу орындарынан көп өзгешеліктерге ие екенімен Қайсар соңынан, оқу барысында танысты. Мектептегі теориялық, практикалық оқу-тәжірибе құралдарымен қатар, оқу орнының қоғамдық, тәрбиелік жұмыстарына, соның ішінде, спортқа көп көңіл бөлді. Өйткені, спорттың денсаулығына, болашақ қызметіне берері зор екеніне талай куә болған. Оқу мерзімі де қас-қағым сәтте өте шықты. Бітіру емтихандарын жақсы тапсырған Қайсарға Мемлекеттік комиссия қорытындысымен: «орта білімді заңгер» деген арнайы диплом мен «милиция лейтенантының» погоны табыс етілді. Содан кейін «N» қаласындағы ІІМ-не қарасты «Х» станциясының желілік ішкі істер бөлімінің көліктегі қылмыс тарды ашу бөліміне жедел уәкіл болып жұмысқа кірісті. Аталған желілік ішкі істер бөлімі құрылымдарының басшыларымен, сондай-ақ өзі қызмет жасауға тиіс көліктегі қылмыстарды ашу бөлімшесінің қызметкерлерімен танысты. Арнайы оқу орнында білім алған кезінде-ақ ішкі істер органындағы қызметтің қаншалықты қиын да күрделі болатынын, күндіз-түні дамыл таппай, таңға дейін көз ілмей, қылмыстарды ашуға жанталасатынын жақсы білетін. Қайсардың қызуқанды жастық шағы оны әй-шәйға қаратпай ыстығы да, суығы да мол қызметтің бәйгесіне қосып жіберді. Осы станция арқылы өтетін он шақты жолаушы пойыздарында ашылмай жатқан ұрлықтың, тонаудың, қарақшылықтың, арақ ішіп бұзақылық жасағандардың және өзге қылмыстың саны едәуір артқан. Ал, станция аймағынан өтетін жүздеген жүк пойызындағы жүктердің ашылмай жатқан ұрлықтарының санын айтудың өзі қорқынышты. Мұндай статистика Қайсардың үрейін тудырмады десек қателескен болар едік. Әрбір жүк, жолаушы пойыздарында орын алған ұрлық фактілері бойынша қылмыс ашылмай жатса, оған тек жедел уәкіл өзінің жеке басымен жауап беретінін Қайсар да бір кісідей білетін. Қайсар қанша мұрнынан шаншыла жұмыс істегенімен, көліктердегі көптеген қылмыс ашылмай жататын. Осындай ұрлықтарды ашу мақсатында, өзінен тәжірибесі мол жедел уәкілдермен де кеңесіп, ақыл сұрайтын. «Бақсам – бақа екен» демекші, ақыл береді деген «тәжірибелі жедел уәкілдер» мұндай қылмыстарды заң талабына сай ашудың орнына, жасалған қылмыстардан оңай құтылу, әдейі жасыру жолдарын айта бастағанда, төбе шашы түк тұрған кезі аз болмаған. Олардың айтуынша, ЖІІБ-не тіркелген коммерциялық актілерден оңай құтылу жолдарын білген милиция қызметкері көп қиындық көрмейді. Мысалы, күн сайын ЖІІБ-не тіркеліп жатқан он шақты коммерциялық актіні темір-жол торабының арнайы байланыс бөлімшесі арқылы «бұл ұрлық бізде емес, жол-жөнекей станцияларда орын алған» деген желеумен өзге ЖІІБ-не формальды түрде жолдап отырған. Екінші заңсыздыққа сай, ЖІІБ-не түскен коммерциялық актілерді заң талабына сай тіркеудің орнына, оларды тексермей, қасақана жойған. Негізінде мұндай заңсыз әрекет үшін милиция қызметкерлері тек тәртіптік жаза немесе лауазымынан айырылып қоймай, Қылмыстық кодекстің арнайы бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылып, темір тордың ар жағынан бірақ шығып жатқанын талай рет естіп те, көріп те жүр. Осыған қарамастан, кейбір ЖІІБ-нің жедел уәкілдері өздерінің заңсыз іс-әрекетін қасақана жалғастырып, жасалған қылмыстарды ашу көрсеткішін жасанды түрде көтерсе, ал мұндай заңсыздықтан хабары бар ЖІІБ-нің басшылары оларға көз жұма қарайтын. Теріс әрекетке қанша итермелесе де, Қайсар заңсыздыққа жан-тәнімен қарсы тұра білді. Осы принципшіл әрекетінің салдарынан талай рет таяқ та жеп, тоқсан сайын берілетін сыйақы, қызметтік пәтерге тұру кезегінен қағылды. Тіпті берілуге тиіс шенінен де негізсіз айырылды. Бірақ, дегенінен қайтпады. Керісінше, «М» есімді тәжірибелі уәкілдің арбасы өрге жүріп, сыйақы да, шен де соған беріле бастады. Мұндай заңсыздықты, сорақылықты, бассыздықты көре тұра, ЖІІБ-нің басшылары олардың жолын кесудің орнына, білмегендей сыңай танытатын. Даудан да, жаудан да қорықпаған қазақтың біртуар батыры Бауыржан атамыздың: «Шындық шырылдап жетем дегенше, өтірік, өсек-аяң жер шарын он рет айналып шығады», «Ақиқат кеш болса да, жетеді» деген ұлағатты сөздерін еске ұстап, тәрбиеленген Қайсардың бірақ салы суға кетпеді. Іштегі мұңы, жан сыры туралы ешбір жанға жақ ашпады, қанша жүйкесі тозып тұрса да, айға қарап ұлыған арлан қасқырша сабыр сақтады, әліптің артын күтті. Сол кезеңдегі Қайсардың жан-күйін тек Алла және өзі ғана білетін! «Аққа – Құдай жақ!» деген сөзді кемеңгер қазақ бекер айтпаса керек! Келесі бір есептік жылдың басында облыс орталығында жайласқан барлық көлік объектілерін, көліктегі құқық қорғау органдарын, соның ішінде, Қайсар қызмет жасайтын «N» қаласындағы «Х» станциясының желілік ішкі істер бөлімін тексеру үшін Бас Прокурор мен Ішкі істер министрі тарапынан құрылған тексеру бригадасы аспаннан түскендей топ ете қалды. Тексерушілер әй-шәйға қарамай, келе сала көліктегі қылмыстармен байланысты болған барлық материал мен қылмыстық істерді, коммерциялық актілерді дереу алдырып, мұқият тексере бастады. Тексеру қорытындысы бойынша, Бас прокурор орынбасарының төрағалығымен көліктегі барлық құқық қорғау органдары басшыларының, жеке құрамның, көлік прокурорларының қатысуымен кеңейтілген үйлестіру жиналысы өтті. Бас прокуратураның көліктегі заңдылықты бақылау басқармасының жетекшісі өз баяндамасында өрескел заң бұзушылық фактілерін бір-бірлеп оқып жеткізді. «Мың асқанға – бір тосқан» дегендей Бас прокуратураның кеңейтілген үйлестіру жиналысының қорытындысымен облыстың көліктегі ІІБ-нің генерал шеніндегі басшысы мен бірнеше ЖІІБнің басшылары, көлік прокурорлары лауазымынан айырылды. Ал Қайсардың тікелей басшысы болған «М» есімді милиция майорының қылмыстарды әдейі жасырғаны анықталды. Соңынан оларға қатысты айыптау үкімдері шығып, сотталып кете барды. Сонымен қатар, Қайсар секілді принципшіл қызметкерлердің жұмысы тиісінше оң бағаланып, оларға қатысты көтермелеу шаралары қолданылды. Солардың ішінде, Ішкі істер министрінің арнайы бұйрығымен – Қайсарға кезексіз «милиция капитаны» шені, үш жалақы көлемінде сыйақы, темір-жол шағын ауданынан екі бөлмелі қызметтік пәтер берілді. Осы бұйрықты қолына алғанда қашанда қатал, қандай жағдай болмасын көзіне жас алуды білмейтін, бірбеткей, боркемір жастарды жан-тәнімен жек көретін Қайсар көзіне жас алмады десек шындыққа қиянат жасаған болар едік!!! Осылайша, Могилев арнайы милиция мектебін аяқтап, ішкі істер органында жұмыс жасаған кезден бастап, арада 5-6 жылдың қас-қағым сәтте зу ете қалғанын Қайсардың өзі де байқамай қалды. Енді ғана қызметке араласқан, әлі оң-солын байқай бермейтін, жиырма жастағы лейтенант емес, енді ол ішкі істер органының ыстығына күйіп, суығына тоңған, «Х» станциясының желілік ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесінің білдей бастығы Қайсар болатын. Қызметін табысты жасай жүріп, Қарағанды қаласындағы ІІМ-нің жоғары милиция мектебін де сырттай оқып, аяқтады. ІІМ-нің кадрлар қызметі комиссиясының арнайы шешімімен кадрлар резервіне алынды. Ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысы ойдағыдай болу үшін, олардың жанұя жағдайларына көп көңіл бөлінетін. Күндіз-түнгі дамылсыз, бітпейтін шабыс қанша мықты болсаң да адамның жүйкесін құртатыны шындық. Осындайда Қайсардың жанынан жан жары Хадиша табылатын, оның барлық жағдайын жасауға күш салатын. Хадишамен ол мектепте бірге оқыды, алғашқы да соңғы махаббаты. Екеуінің қосылғанына да, міне, он бес жылдың жүзі болыпты. Дүниеге шекесі торсықтай үш ұл мен бір қыз келді. Екі ұлы әке жолын қуып, ішкі істер органдарында жұмыс жасаймыз деп құлшынып отырса, қызы анасы Хадиша сияқты дәрігер болуды армандайды. Ал, Қайсардың сүт кенжесі – Арман тек қазақтан шыққан төртінші ғарышкер боламын деп қояды мұрнын тартып. Оны есіткен Қайсар баяғы балаң шағындағы ұшқыш боламын деген арманын осы тентегі ғана жүзеге асыратынына ешбір күмәнданбайды. Тентегінің әкесі ретінде, құлыншағының ниетін Алла қабыл етсін деп дұға етуден шаршамайды. Біз де Әумин деп қояйық! Ішкі істер органында ұзақ жылдар қызмет жасау кезінде Қайсар қаншама қылмысты ашуға белсене қатысты, талай қылмыс жасаған әккі рецидивистердің қитұрды әрекеттерін әшкере еткенімен, олардың бәрі есте қалуы мүмкін емес, әрине. Еліміз енді ғана тәуелсіздігіне қол жеткізіп, тарихта бірінші рет әз-Наурызын ұлт көлемінде бүкіл халық болып тойлауға кірісіп жатқан бір сәтте, облыс халқын дүр сілкіндірген, яғни бейкүнә нәрестенің өліміне қатысты болған жантүршігерлік оқиға орын алды. Міне, арада жиырма бес жылдай уақыт өтсе де, Қайсар осы жағдайды әлі күнге ұмыта алмайды. Бұл аса ауыр қылмыстың орын алған минутынан және ол бойынша сот үкімі түбегейлі заңды күшіне енгенге дейін бас-аяғында болып, оның қалай өрбігеніне, ашылуына зор үлес қосқан, қазіргі таңдағы отставкадағы полиция полковнигі, Қазақтан Республикасы ІІОның үздігі, бірнеше ведомстволық медальдардың иегері – Қайсар ағамыздың өз аузынан есіткенді жөн санадық: «Наурыз айының 20-сынан 21-іне қараған түні, локомотив депосында екі жұмысшы уланып қайтыс болды деген хабарламаға сай оқиға орнына дереу бардым. Қалдық майларды құятын құдықтың маңайында екі жансыз дене жатыр, ал үшіншісін ауыр халде жедел жәрдем алып кеткенін білдім. Сөйтсек депо басшылары үш жұмысшыға қоқысқа толған құдықты тазалау үшін он литр күкірт қышқылын құйдырған екен. Соңынан құдықты тазаламақшы болып, бірінші жұмысшы құдыққа түспекші болған бойда уланып, оған құлаған, оны көрген екіншісі құтқармақшы болғанда, ол да ішіне түсіп кетіпті. Тек үшіншісін дер кезінде, басқа жұмысшылар құдықтан суырып алғасын ғана, ол аман қалған. Осы оқыс оқиғаға байланысты іс-шараларды тексеріп, оған қатысы болған депо жұмысшыларынан түсініктеме алып, жинақталған барлық құжатты ЖІІБ-нің кезекшісіне қол қойып тапсырдым. Үйіме таңғы бестерде келіп, шырт ұйқыда жатқан балаларым мен жан-жарым Хадишаның тәтті ұйқысын бұзбайын деген оймен, аяғымды жәй басып, асүйден бір-екі аяқ шәй ішпекші болдым. Газ плитаға шәйнекті қойып, орындыққа отыра сала, кірпігім енді ілініп кеткен сәтте, бір жұмсақ алақанның иығымды аялай сипап отырғанын байқадым. Ол – Құдай қосқан жарым Хадишаның аяулы алақаны екен. Жарымның аяулы алақаны мені бірден сергітті. Хадишамның түйенің сүтін қатқан қызылкүрең шәйін сораптай ұзақ іштім, жаным жадырап, маңдайым тершіді, шаршағаным басылғандай болған соң, енді ертеңгі әз-Наурызға дайындалуым қажет деп жатын бөлмесіне кірдім. Дем алмақшы болып, кереуетіме аяғымды созып, енді көсіле бергенім сол, бас жағымда тұрған қызмет телефонының ащы дауысы шар ете қалмасы бар ма?! Хабарласып тұрған ЖІІБ-нің кезекшісі екенін дауысынан таныдым. Кезекшінің айтуынша, № 2136 санды жүк пойызының локомотив бригадасы 9-теміржол пикетінің жанынан өтіп бара жатқанда, екі темір жол рельсінің ортасында жатқан бір жас баланы көргендерін хабарлаған. Болған тосын оқиғаны тексеру үшін ЖІІБ-нің жедел-іздестіру тобына, криминалист-сарапшыға, сотмедсарапшыға, көлік прокурорының тергеушісіне айтқан. Маған да тез жетіп, сол топпен бірге оқиға орнына баруым керек деген соң дереу жиналып, ЖІІБ-нің ғимаратына жеттім. Көлік прокуратурасы тергеушісінің қызметтік кабинетінде жедел-іздестіру тобының мүшелері бас қосып, сол жерден оқиға орнына дереу жөнеліп кеттік. Мұндай төтенше және адам өлімімен байланысты оқиғаларды тексеретін және алдын ала тергеу амалдарын жасайтын тек прокуратура органдарының тергеушілері ғана. Жедел-іздестіру тобы оқиға орнына келгенде, наурыздың таңғы арайы жер шарына нұрлы сәулесін тарата табиғатты ғажап бір күйге бөлеп тұрған еді. Осы табиғаттың адам санасын, көңіл-күйін тербететін тамаша суреті мен оқиға орнындағы баланың пәк денесінің пәршә-пәршә бөлінгені мына пәни өмірдің қаншалықты жалған және қатыгез екендігін баршамызға ұқтырғандай. Алланың бұйрығымен – адамзатқа түскен бірінші Адам (СҒС) пайғамбарымыздың тұңғыш ұлы Қабылдың пасық нәпсі салдарынан өзінің туған інісі Абылды өлтіргені әлмисақтан белгілі жәйт. Абыл – жер жүзінде жазықсыз қаны төгілген бірінші бейкүә адам. Ал, содан бері қаншама бейкүнә адамның қаны төгілгені, әлі болашақта қанша жанның ажалын өзі тектес екі аяқты айуандардан табатыны тек Жаратушының өзіне ғана аян. Оқиға орнына келген жедел-іздестіру тобы мүшелерінің періштенің өлі денесін көргенде төбе шашы тік тұрды. Алайда, жұмыстың аты жұмыс. Мұндайда көңіл-күйдің ырғағымен кетуге жол жоқ. Оқиға орнын тексеру барысында төмендегі мән-жайлар анықталды: — екі теміржол рельсі шпалдарының дәл ортасында жаншылып, пәрше-пәрше болып бөлінген, үстіндегі киімдері жыртылған, шамамен бес-алты жастағы қанға бөккен қыз баланың денесі; — сол кезде енді ғана дүкен сөрелерінде сатыла бастаған, халыққа да, әсіресе балаларға да таңсық болған үш-төрт «MARS», «Snikers» шоколадтары; — шоколадтардың босаған екі-үш жылтырауық қаптамалары заң талабына сай рәсімделіп, қылмыстық іс-материалдарына дәлелдеме ретінде тіркелді. Қыз баланың денесі сараптамадан өткізу үшін аудандық мәйітханаға жөнелтілді.
Мен нәрестенің мәйітін, сотмедэксперттің қатысуымен және бір рет мұқият қарадым. Қыз баланың іш киімі оң аяғының тізесіне дейін шешілген күйінде салбырап тұр екен. Бұған мәйіттің үстінен өткен бірнеше вагонның әсері немесе басқа себеп болды ма, ол жағын сарапшылардың қорытындысыз нақты анықтау мүмкін емес еді. Бірақ, сол сәтте белгісіз қанішердің нәрестені кәмпит беріп, оқиға орнында немесе сол маңайда зорлап, соңынан қылмыстың ізін жасыру үшін айуандықпен өлтіріп, рельстің үстіне әдейі тастап кетпеді ме деген күдік көкейге ұялады. Жылдар бойы қалыптасқан менің бұл ішкі түйсігімнің бұл жолы да қателеспегені тергеу барысында белгілі болды. Өйткені, бес-алты жасар қыз баланың елсіз мекенжайдағы теміржолға өзге адамның көмегінсіз келуі, пойыздың астына кездейсоқ түсуі ақылға сыймайтын дүние. Оқиға орын алған аймақтың 15-20 шақырымдай радиусінде бірде-бір елді мекен немесе теміржол объектілері орналаспаған. Кішкентай қыздың мұндай елсіз мекенжайға қалай жалғыз өзі келгені, жанында нақты кім болғаны, оның бөлшектенген денесі рельстің ортасына қалай түскені беймәлім. Бұл құпияларды ашу, мұндай жантүршігерлік қылмысты жасаған айуанды іздеп, табу, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту енді жедел-іздестіру тобы мүшелерінің еншісіне тиді. Алдын ала тергеуді көлік прокурорының тергеушісі өз өндірісіне қабылдады, ал қылмысты дереу ашу, оған байланысты болған барлық жедел-іздестіру тобын басқару жеке маған тапсырылды. Талай күрделі қылмыстарды ашуға белсене қатысқаныммен, мына сұмдық қылмысты ашу оңайға соқпайтынын бірден ұқтым. Себебі тырнақ ілінердей бірде-бір дәлелдеме жоқ. Осылайша қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру жоспарын жасадым. Өзімнің қарауымдағы үш жедел уәкілді жинап, олардың әрқайсысына қандай іс-шара жасау керектігін жеке-жеке тапсырдым да, өзім дереу оқиға орнына бет алдым. Бірінші, аудандық ІІБ-нің бастығына жолығып, оған теміржол бойында жас қыздың бөлшектенген мәйіті табылғанын айтып, аса ауыр қылмысты жасаған қанішер осы аудан тұрғыны болуы әбден мүмкін екендігін алға тартып, қылмысты ашуға көмек беруін сұрадым. Екінші, ауданда қылмыс жасап, сотталғандардың тізімін беруін; үшінші, қылмыс жасап, ІІБ-де арнайы әкімшілік есепте тұратын сотталғандарды нақтылауды; төртінші, аудандағы тұрғын халық саны, олардың ұлттық құрамын анықтауды; бесінші, Наурыз тойы тойланған алаңда мерекелік іс-шараға қатысқан тұрғындардың ішінен ерекше, бес-алты жастағы қыздардың санын анықтауды сол орталықтың учаскелік инспекторына тапсыруды сұрадым. Сондай-ақ, аудандық ІІБ-нің бастығынан Наурыз мерекесі тойланған күні осы аудан тұрғындарынан бүлдіршін қызының ұшты-күйлі жоғалғаны туралы арыз келіп түскен-түспегенін сұрағанымда, мұндай шағым тіркелмегенін айтты. Аудандық ІІБ-нің бастығы менің айтқан өтініштерімді толық орындаймыз, қылмысты ашуға қолдан келген көмек қолын созамыз деп уәде бергенімен, сөзінде тұрмайтынына іздестіру барысында көзім анық жетті. Әріптестерімнен мұндай сорақылықты күтпеген мен, енді тек өзіме және қарауымдағы қызметкерлеріме ғана сене отырып, бар күшжігерімді белгісіз қылмыскерді табуға жұмсадым. Егер аудандық ІІБ қызметкерлері заңды әрі негізді өтініштерім бойынша бірлесе қимыл жасағанда, бұл аса ауыр қылмыс тез арада ашылған болатын еді. Өкінішке қарай, ІІБ қызметкерлерінің кінәсінен аудан тұрғындары арасында қылмыс жасап, сотталғандардың және ІІБ-де арнайы әкімшілік есепте тұрғындардың нақты тізімі болмаған. Жас та болса болашағынан көп үміт күттіретін, енді ғана арнайы милиция оқу орнын аяқтаған, лейтенант шеніндегі «Т» есімді жедел уәкілдің «өлген қыздың ата-анасын таптым» деген хабарын естігенде, қатты қуанғанымды жасыра алмаспын. Ең бастысы, қыздың екі-үш суретін де бірге алып келіпті. Суреттерді белгісіз қыз баланың мәйітімен салыстырып, күмәнім сейілгенде, көмекшіме іштей өте риза болдым. Қызының жоғалғаны туралы ата-анасының неге полицияға хабар бермегенін де жедел уәкіл сол жерде анықтапты. Айтуынша, қыз туыстарының балаларымен бірге ойнап, көбіне сол үйде түнеп қалады екен. Сол күні де қыз Наурыз мерекесінде інісінің балаларымен бірге кеткен. Осылайша теміржол бойында мәйіті табылған белгісіз қыз баланың ата-анасына қатысты күмәнім толық сейілді. Ал мына қайғылы хабарды оларға жеткізу қылмысты ашудан да қиын соғатын секілді. Мұндай қайғылы хабарды тосыннан естіген ата-ананың, бауырлардың қайғыдан қан жұтып, жүйке ауруына шалдығып жататыны белгілі. Кемеңгер қазақ осындай қайғылы хабарды нәзік жолмен жеткізе білген. Мәселен, егер «тұңғыш ұлым Жошының өлімін жеткізген адамның көмейіне ерітілген қорғасын құямын», – деген Шыңғыс ханға – оның киік аулай жүріп, қайтыс болғанын домбырамен жеткізсе, ғұлама Абайға баласы Әбдірахманның (Әбіштің) мезгілсіз қазасын; Шыңғыс сұлтанға аққан жұлдыздай өмірден өткен Мұхаммед-Ханафияның (Шоқанның) өлімін жақындарының қалай жеткізгенін жақсы білемін. Тікелей қызметіме қатысы болмаса да, мұндай қайғылы хабарды шариғат жолымен шешу мақсатында орталықтағы мешіттің имамына, ауылдың екі-үш ақсақалына хабарласып, олардың кеңесін алдым. Қайғылы хабарды жеткізу үшін аталған кісілердің басын қосып, олармен бірге қайтыс болған қыз баланың үйіне барып оның ата-анасына жеткіздік. Осыдан кейін күндіз-түні дамыл таппай, жеке өзім және жедел уәкілдеріммен бірге қайтыс болған қыз баланың ата-анасын, туған-туыстарын, бірге ойнайтын құрбы-құрдастарын, Наурыз мерекесіне қатысқан аудан тұрғындарын, солардың ішінде, сол күні онымен бірге болған құрбыларын анықтап, көлік тергеушісінің тапсырмасына сай олардан куә ретінде жауап ала бастадық. Артынша жедел-іздестіру амалдары өз жемісін бере бастады. Көптеген куәлар, қыздың құрбылары да «шамамен 35-40 жастағы, азиат ұлтына тән, бірақ біразының айтуынша, бет-әлпеті қазақ ұлтынан гөрі, түркі ұлтының өкілдеріне көбірек ұқсайтын, бас киімін (шапкасын) көзіне түсірген, үстіндегі көк түсті курткасының жағасын құлағына дейін көтерген, бет-әлпетін толық көрсетпеу үшін мойнындағы шарфымен бетін тұмшалаған белгісіз адамның қайтыс болған қыз баламен сөйлесіп тұрғанын байқаған. Қолындағы бірнеше «MARS», «Snikers» шоколадын оған беріп, қызды қолынан жетектеп, өзімен бірге алып кеткенін көргендер де бар. Жауап берген куәлар белгісіз адамды танымайтындарын, бұрын көрмегендерін де баса айтты. Осындай құнды мәліметтерден кейін мамандар көмегімен күдіктінің ауызша портреті жасалып, оны анықтап, тану, жедел ұстау үшін барлық ішкі істер органдарына жолданды. Аудандық ІІБ берген дерекке қарағанда, аудан тұрғындарының саны отыз мың шамасында, тоқсан бес пайызы қазақ ұлтының, 7-8 тұрғын түркі тілдес елдің, 20 шақты славян халқының өкілдері екенін анықтадым. Қылмыскердің қазақ ұлтынан емес, керісінше, бізге туыс болып келетін түркі тектес ұлттың өкілі деген күдіктен соң, этикалық жағдайға байланысты нақты көрсетпегенмен, осы мән-жайға ерекше назар аудардым. Қазақ ұлтының өкілдері барымта, бұзақылық, қыз ұрлау сияқты ұсақ-түйек қылмысты жасауға бейім болғанмен, бірақ бүлдіршіннің өліміне мүлде бармайтынын тарихтан да, өзімнің ұзақ жылғы тәжірибемнен де жақсы білетінмін. Осы және өзге де дәлелдемелер жиынтығын мұқият зерделей келе, белгісіз қылмыскердің аудандағы 7-8 түркі тілдес өкілінің арасынан болуы әбден мүмкін деген күдігім одан әрі ұлғая түсті. Оған мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде тәжік елінің белгілі жазушысы Садриддин Айнидің (соңынан белгісіз себептермен ұлты өзбек болып жазылған) кітабындағы мына бір оқиғаның әсері болғанын баса айтуым қажет. Яғни, сол кітапта Бұқара, Қоқан хандары, елді билеп төстеген бай-шонжарлар гаремдеріндегі жүздеген кәнизектерін (мүмкін олардан әбден жеріген де, тойынған да болар) қанағат тұтпай, әдемі балғын қыздар мен жас ер балаларды жартылай жалаңаш күйде ортаға алып, шапалақ сала билеткендері, содан ләззәт алған суреттері есімде қалған еді. Жас балаларды ортаға алып билете, боққарын бай-шонжарлардың бірлесе айтқан мына: «Мә дигә — дигә, дигә, Шиксангиз гурсинг минә…» – деген бір шумақ өлеңі де есіме түсті («гурсиси» – балалар шығып билейтін подиум болуы әбден мүмкін) Өзімнің осы версиямды мұқият тексере келе, белгісіз қылмыскерді 7-8 түркі тілдестер өкілінің арасынан іздеуді мақұл көрдім. Іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге сүйене отырып, олардың арасынан жасы жетпістер шамасындағы, түркі тілдес елдің ұлтынан шыққан, жалғызбасты кемпірге ерекше назар аударуды жөн көрдім. Өзімнің және құпия агенттерімнің деректеріне қарағанда, кемпір шынында жалғыз өзі қаланың сырт жағында тұрады. Көршілерінің айтуынша, ол ешкіммен араласпайды, бір баласы болған, бірақ оның не жұмыс жасайтыны, қайда тұратыны белгісіз. Көршілер оны мүлдем көрмегенін, ал қызығып сұрай қалса кемпір ұлы туралы жақ ашпайтынын жеткізді. Егер қыз баланың өліміне сол кемпірдің жалғыз баласы қатысты болса, оның үйіне бір рет болса да соқпауы мүмкін емес. Осы оймен үйді құпия тексеру үшін күндіз-түн бақылауға алдық. Арнайы мамандардың көмегімен кемпір жоқ кезде үйдің барлық бөлмелеріне арнайы суретке түсіретін құндырғылар орнатылды. Күндіз бұл үйді жедел уәкілдерім бақылауға алса, ал өзім кірпік ілмей, түні бойы засадада отырдым. Сегізінші тәулікке қараған түні бір ересек адамның жан-жағына сезіктене қарап, жәй есікті қаққанын, артынша кемпірдің үйдің жарығын жарқырата ашып, есікті ашқанын байқадым. Басқа бөлмелердегі жарықтар да бірінен соң бірі жанып, соңынан сөнді. Таңның атқанын асыға күтіп, барлық жедел уәкілдерімді, мамандарды жинап, кемпірдің үйінің бөлмелерінде арнайы орнатылған қондырғылар түсірген суреттерді мұқият тексердік. Суреттерде бейнеленген белгісіз адамның бет-әлпеті, дене бітімі, үстіндегі киімі, куәлар суреттеп берген белгісіз адамның ауызша портретіне дәл келгенін көріп, енді қылмыскердің нақты кім екендігіне ешбір күмәнім қалмады. Бұдан әрі қылмыскердің әрбір басқан қадамы қатаң бақылауға алынды, бірақ оны ұстап, қамау үшін қосымша жалтартпайтын дәлелдемелер жинақтау қажет еді. Солардың ішінде тергеу әрекеттеріне құнды болған мәліметтерді қылмыскердің анасы – жалғыз басты кемпірдің аузынан есту қажеттігі туындады. Бұл кезде қылмыскер жедел уәкілдің тұрақты бақылауында болды. Осындай кезде кемпірдің үйіне келіп, онымен сөйлеспекші болдым. Қос қолдап амандасып, хал-жағдайын сұрай бастағанымда кемпірдің менен секем алғанын көріп, әрі қарай ойлануына мұрша бермей әрекет ету жөн деп шештім. Сөйтіп қызметтік куәлігімді көрсеткенде кемпір тұрған орнынан сылқ етіп отыра кетті. Қай ана ақ сүт берген баласының қылмыскер болғанын қалайды дейсің?! Әңгіменің төркінін бірден ұққан кемпір бетін жауып, аңырап жылай бастады. Байғұс кемпір өксігін әрең басып анау күнгі түнде үйіне келген өзінің жалғыз ұлы екенін растады. Бұрын да ұлы кәмелет жасына толмаған қызды зорлағаны үшін он бес жылға сотталған. Наурыз мейрамын тойлаудан он шақты күн бұрын жазасын өтеп, үйіне келген екен. Енді соттылығы сабақ болар, қартайған шағымда келін түсіріп, немере сүйдірер деген ұлының жүріс-тұрысын, істеген істерін, басқан қадамдарын көрген ананың үміті бірте-бірте сөне бастаған. Наурыз мерекесі өткен түні үйіне есалаңдай кірген баласы үстіндегі киімдерін шешіп, мұқият жуғанын көріп, ана жүрегі тағы бір сұмдықты сезгендей: «Әй, малғұн! Сен тағы бір қылмыс жасап келгеннен сау емессің ғой!» – деп жаны шырылдай айқайлаған… Ал ол болса мүлдем мән берместен, тұнжыраған күйі жатын бөлмесіне кіре салып қорылға басады… Арада бір-екі күн өткенде көршілер теміржол бойында пәрше-пәрше болған қыз баланың өлі денесі табылғанын айтып, оны зорлап, қасақана өлтірген белгісіз қылмыскер сырттан емес, өз арамыздан екен деген сыбыс кемпірдің де құлағына жеткенді. Сол сәтте жалғызына деген үміті мәңгіге сөніп, бұл жантүршігерлік қылмысты өзінің ұлы жасағанына күмәні қалмаған еді. Артынша аса ауыр қылмыс бойынша жедел іздестіру тобы тарапынан жинақталған дәлелдемелерді, құпия материалдарды процессуалдың заң талабына сай рәсімдеу үшін көлік прокуратурасының тергеушісіне тапсырдым. Сонымен бірге, осы қылмыстық істі бақылап отырған көлік прокурорының қабылдауында болып, жинақталған дәлелдер негізінде қылмыскерді қамауға толық мүмкіндік бар екенін жеткіздім. Көлік прокуроры да дәлелдемелер жиынтығына заң тұрғысынан объективті баға бере отырып, қаныпезер қылмыскерді күдікті ретінде жедел ұстауды тапсырды. Өзім басшылық еткен жедел оперативті топты басқарып, түн ортасында алаңсыз ұйықтап жатқан қаскөйдің қолына кісен салдық. Тапжылтпастан ұстап, сол жерде тиісті процессуалдық құжаттарды заң талаптарына сай және оның қорғаушысының қатысуымен рәсімдедік. Күдікті ретінде одан жауап алып, ІІБ-нің уақытша ұстау изоляторына апарып қамадық. Күдіктіні қатаң бақылауға алуды, егер бір келеңсіз жағдай орын алып жатса, басымен жауап беретінін изолятор басшысына жеке ескерттім. Осы орайда жедел-іздестіру қызметкерлерінің мұндай ауыр да күрделі қылмыстарды ашқаннан кейін, өз араларында қалыптасқан жазылмаған заңы болатын. Осы жазылмаған заң негізінде жедел уәкілдерімді жинап, қырлы стақанға арақты мөлдірете құйып, сіміре салғанымыз да шындық. Қанша дегенмен, бір ай бойы белімізді шешпестен, күндіз-түні дамыл таппай, бала-шағамызды көрмей қызмет жасап, қылмыстың ашылуына орай – жүз грамм ішкеніміз үшін бізді ешкім кінәлай қоймас. Қаскөйді күдікті ретінде ұстау мерзімі аяқталған соң, көлік прокуратурасының тергеушісі және күдіктінің заңды мүддесін қорғаушы адвокатымен бірге қамауға санкция алу үшін көлік прокурорына арнайы келдік. Көлік прокурорына берген жауабында күдікті «Б» болған оқиғаның майын тамызып баян етті. «Наурыз мерекесі тойланып жатқан алаңға ерте бардым, мереке күнгі халықтың көңіл-күйі қуанышты болғанымен, көңілім алаңда асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндерге ауа берді. Мұндай кезде адам өзін-өзі ұмытып кетеді. Нәпсімді тежей алмай, қылмыстық ойымды қалай жүзеге асырсам деп жоспар құра бастадым. Осы сәтте 5-6 жастағы қыз балаға көзім түсті, — деді қаныпезер айылын жимай. Ал періште қыз әкесіндей адам жамандық жасайды деп ойламағандықтан, қойған сұрақтарға бүкпесіз жауап береді. Баланы қызықтыру үшін әдейі қолына ұстаған жылтырақ орағыштары бар бірнеше «MARS», «Snikers» шоколадтарына қыз да сұқтана қараған. Осы ұтымды сәтті құр жібергісі келмеген қаскөй «мына тәттілердің бәрін саған беремін және үйде бұдан басқа шоколад пен ойыншықтар да жетерлік, егер алғың келсе менімен бірге үйге барасың ба?» дегенде, бейкүнә қыз соңынан томпаңдап ілесіп жүре берген. Осыдан кейін бейкүнә бүлдіршінді адамдардың көзінен алыс жерге апарған қылмыскерге жаман ниетін іске асыруға ештеңе кедергі келтірген жоқ. Нәпсісіне ие бола алмаған қорқау баланың шырылдап жылағанына да, ағатай деп жалынғанына да қарамады. Пасық ойын жүзеге асырған соң, өзіне әлі толық келе алмаған бүлдіршінді алдымен аяусыз ұрып, артынша рельске басын тоқпақтай берді. Баланың ақтық демі біткеніне көзі жеткен кезде ғана қорқау өлі денені екі рельстің ортасына тастап, дым болмағандай үйіне қайтты. Облыстық сотта «Б»-ның жасаған қылмысы алдын ала тергеу барысында жинақталған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденіп, Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша ең ауыр – өлім жазасы белгіленді. Жоғарғы Соттың қаулысымен «Б»-ның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз, облыстық соттың үкімі өзгертусіз қалды. Арада бір жылдай уақыт өткенде сот үкімімен «Б»-ға қатысты тағайындалған өлім жазасының орындалғаны туралы тиісті хабар да келіп жетті.
Ыбырай қажы МӘТІБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Прокуратурасының құрметті
қызметкері, бұрынғы Оңтүстік
Қазақтан облыстық сотының
экс-судьясы