Таңертеңгі мезгіл. Сағат сегіздердің шамасы. Күн шақырайып тұр. Мамыр айы жаңа туса да, ескен лептен күннің әлден-ақ ыситыны сезіледі. Жыңғылды аудандық полиция бөлімі ғимаратының қапталына келіп тоқтаған қаракөк БМВ жеңіл көлігінен 35-40 жастар шамасындағы дүр жігіт түсті. Бұтына жинсы шалбар, кеудесінде қоңыр жасыл футболка. Қимылы ширақ. Көліктің артқы есігін ашып, іштен жинсы күрткесін алып жатыр. Күртке түстес жинсы бейсболы бар екен. Оны шашын қысқа етіп ұқыптап қиғызған басына қондырды. Күрткені бұлшық еті бұлтылдап, ширыққан қарына ілді де, кідірмей полиция үйіне беттеді. Кіреберісте тұрған кезекші капитан, оны алыстан таныды ма, орнынан атып тұрып, оң қолын шекесіне апара берді. – Подполковник мырза! Амандығыңызды тілеймін! – деп қалшиып қата қалды. – Еркін тұр. Аман бол! Бастығың бар ма? – деді жинсы киген подполковник. – Жаңа ғана келді, – деді кезекші офицер. – Ескертейін бе? – Керек емес,– деді кідірмей өтіп бара жатып, – өзім барам. Екінші қабатқа көтеріліп, «Аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрғали Есқалиев» деген жазуы бар оң жаң беттегі есікті шалқайта ашты. Қабылдау бөлмесінде хатшы қызға диктовка жасап тұрған полиция полковнигі қолындағы қағазын тастай салып, жайраң қаға ілгері жүрді. – О-о, Әбеке, Абылай Әзімханұлы! Хош келдің! – Армысыз, Нұраға! – Жүр, мында баралық, – деп бастық оны кабинетіне бастады. – Жаңа қызмет құтты болсын! Облыстық криминалды полиция басқармасында өзің сияқты жас жігіттер істегені дұрыс. Бастық Нұрғали Есқалиев төрдегі өз орнына отырмай, қапталға тізе бүккен Абылайдың қарама-қарсысына отырды. – Облыстан сенің келе жатқаныңды біліп отырмын. Жағдай өзіңе таныс шығар. Жігіттер жұмыс істеп жатыр. Бірақ жіптің ұшы ұстатар емес. – Өлген әйелдің ұлы Израильде дипломатиялық қызметте екен. Сондықтан ерекше мән беруіміз керек болып тұр, Нұреке, күдікті бар ма? – Бар ғой. Екатерина Смирнованың… әлгі өлген кемпірді айтам, үйін сатып алған жігіт күдіктінің біреуі. Серік Ешмаханов деген. Ақша алған күннің түнінде болып тұр ғой оқиға. Тоғызыншы мамырдан оныншы мамырға қараған түнде. Кемпірдің ақша алғанын одан басқа ешкім білмейді. Бұл – бір. Екінші күдікті… сол үйді апормит еткен нотариус келіншек. О келіншек күйеуіме ғана айттым дейді. Басқа тірі жанға тіс жармадым дейді. Сондықтан оның күйеуі де күдікті. Үй сатып алған жігіттің келіншегі… ол енді болса да біледі ғой. Бірақ ол екеуі ақша бергенімізді тісімізден шығармадық деп ант-су ішіп отыр. Әзірге қамауда. Жігіттер осы Жыңғылды кентіндегі бұрын сотталғандарды анықтап, қарастырып жатыр. – Кемпірді өлтіріп кеткенін қайдан білдіңіздер? Біреу хабарлады ма? – Көршісі екен. Жетпісбаев Есқабыл деген. Хабарлаған сол. Таңертең ондардың кезінде. – Ол өзі қайда? – Үйінде шығар. – Оны күдікті деп ойламайсыз ба? – Оған ұқсамайды. – Жарайды. Үй сатып алған жігітпен сөйлесіп көрейін. Аты Серік дедіңіз бе? – деп Абылай орнынан тұрды. – Жақсы. Қазір жігіттер алып шығады, – деп Нұрғали Есқалиев үстелінің астындағы түймені басып, хатшы қызды шақырды. * * * …Кемпірден үй сатып алған Серік Ешмаханов жас жағынан өзімен қарайлас сияқты, отыздан енді асқаны өңінен көрініп тұр. – Ақшаны кемпірге қай күні бердің? – болды Абылайдың алғашқы сұрағы. – Сегізінші мамырда, – деді Серік. – Тоғызыншы мамырда қайда болдың? – Сол күні түске қарай ауылға кетіп едім. Жылқы әкелуге. Базарда ет сатам. – Қасапшымын де! Бәсе, шімірікпей адам пышақтау екінің бірінің қолынан келмейді. Абылай оның жүзіне сынай қарады. – Мен адал еңбектің адамымын. Ауылда інімнің үйінде болдым. Інім куә. Үйге оныншы мамыр күні түстен кейін келдім. Келсем мынадай оқиға… – Ауылда болғаныңа тағы кім куә? – Інім. Інімнің үй-іші. Басқа ешкім. Таң азанмен аттың біреуіне мініп, екіншісін жетегіме алып ауылдан шығып кеттім. – О жағын біз әлі зерттейміз. Кемпірге қанша ақша бердің? – Бес милион теңге. – Адам өлтіруге татитын ақша екен. Қандай ақша бердің? Қандай купюралар болды? – Кілең он мыңдықтар. Жақында банктен алғам. Депозиттен. – Жалған сөйлесең жазаң ауырлайтынын ескертіп қояйын. Қылмыс бәрібір ашылады. Сен, демек, берген ақшаңды қайтарып, оған жылқы сатып алғансың. Белгілі жағдай. Ініңнің үйіне барсаң барған шығарсың. Түнде келіп-кетуің мүмкін ғой. – Өлләхи, білләхи, ол жылқыларды үш күн бұрын інім сатып алып қойған. Ауыл әкімі қол қойған анықтама бар. – Қалай айтсаң да, күдік басым. Жарайды, ойлан, – деді де, Абылай орнынан тұрып, ақтала бастаған күдіктінің сөзін аяқтатпай, кабинеттен шығып кетті. * * * Түскі мезгіл. Аудан орталығы – шағын кенттің тірлігі бұйығы. Көшеде облыс орталығы сияқты жосылған жүргінші жоқ, адам қарасы сирек. Әр тұстан қалт-құлт еткен бірен-саран адам ғана байқалып қалады. Абылайдың талай мәрте келген жері. Қонаққа емес, қылмыстың ізімен. Марат Қалмұратов дегеннің ісімен келіп еді. Мал ұрлаған, адам жарақаттаған. Осы күнге дейін екі рет түрмеде отырып шықты. Екінші отыруына өзінің тікелей қатысы бар. Бұл араның халқы оны Гера Марат атап кеткен. Өзі жетпісінші жылғы. Жастау кезінде грек-рим күресімен айналысыпты, бойлы-сойлы мықты жігіт. «Айтпақшы, ол қайда екен? Қазір полицияның бастығынан сұрау керек!» деп ойлап қойды. Полиция бөлімінен шығып, кенттің орталығына қарай аяңдаған Абылайдың бағыты базар жақ. Ойы халықтың әңгімелеріне құлақ түру. Соңғы жаңалықтар, әсіресе адамдар жиналған жерде айтылады. Жұрттың сөзі тың дерек. Қылмысқа байланысты қызметінде бұған талай рет көзі жеткен. Базарда да адам қарасы көп емес екен. «Халықта ақша жоқ, базардан несін алсын?» деп ойлап қойды. Саудагерлер салбыратып іліп-іліп тастаған киім-кешектің көлеңкесіне бастарын тығып, өткен-кеткенге дәмелене көз тігеді. Алайда әлдеғандай қып ұсынған дүниелерін көзіне ілмегенге олардың еңселері кәдімгідей-ақ түсіп кетеді. Абылайдың басына осы кезде «Кемпірді өлтіріп алған онмыңдықтар базарға жұмсалмады ма екен!» деген ойдың келе қалғаны… – Кімде тұтас он мыңдық бар? – деп дауыстап қалды сосын. – Он мыңдық керек боп тұр. Тойға апаратын ем. Ауыстырып беретін адам бар ма? – Тұтас он мыңдық беретін клиент қай-да-а-а? – деп ернін сылп еткізді түрси-мәйкі сатып отырған апай «қайда» деген сөзді әнтек созып. – Иә, – деп қоштады алдына қытайдың қара нәскиін жайып тастаған жігіт. – Екі мың отызда болмаса… – Тұтас он мыңдық керек, – деп тағы да дауысын көтеріңкіреп, қалтасынан бірмыңдық, екімыңдықтар шығарып, бұлғап қойды. – Менде бар еді, – деді сол кезде тұсына оқушы баланың мектеп формасын ілген келіншек. Әмианынан он мыңдықтың екеуін алып берді. – Менде де бар. Тағы бір әйел бір он мыңдық ұсынды.
Оның сатып тұрғаны ер адамның жұмыс киімдері екенін көңіліне бір түйді де, кесек ақшалардың қайсысын кім бергенін жаңылыстырмау үшін портмонесіне бөлек-бөлек салып қойды. – Тағы бар ма? – деді сосын. Қос қатар базардан басқа он мыңдық шықпады. * * * Ұйқысынан таң қараңғысында оянып, жұпыны қонақүйдің кілтін өткізді де, кідірмей жолға шығып еді. Күннің алаулаған шапағы қылтиып көрінгенде қаракөк БМВ Байқоңырдан асып бара жатты. Таң алдындағы трасса көліктен ада. Болса да бірлі-жарым. Осындайда газды тапап басыңқырап, БМВ-ның тізгінін жіберіп-жіберіп алады. Жылдамдық екі жүзге жеткенде өзін ағып бара жатқан жұлдыздай сезінетіні бар. Сонда көздің ұшында қалтылдап көрінген көліктер ә дегенде артта қалып жатады. Олар сонда жүріп емес, жерге тістесіп тұрып қалғанға ұқсайды-ау. Немістің осы көлігіне разы. Сүйегі сондай мықты. Жүрісі орнықты. Жер апшысын қуырып, зулаған сайын трассаға жабыса түседі. Теңселмейді. Талай рет оқиға болған жерге көзді ашып-жұмғанша жетіп жүрді. Бірер мәрте көліктегі қылмыскерлер қашып та көрген. Сондайда тап бастырмайды-ау! Негізі немістер техникаға мықты ғой. «Урал» мотоциклді де орыстар немістен көшіріп алып жасапты. Соғыс кезінде олжаға түскен БМВ-71-ден. Қызметіне қатты берілгендіктен шығар, екі жүзбен құйындату о бастағы машығы. Енді екі сағаттай жол ашық болса, Қаратал ауданынан әрі асып кетеді… Оған сөз жоқ. Екі жүзбен ұшып келе жатып, кеше кешкісін қонақ үйден алған бөлмесіне сөйлей кірген полиция бастығы Есқалиевты есіне алды. – Саған Қызылқұмның шұбатын алып келдім, – деген қолындағы пакетті үстел үстіне қойып жатып. – Мынаны да ұмытқам жоқ. Солай деп ұзын мойын шишаның төбесін қылтитқан. – Жо-жоқ, Нұреке, мен жұлдыз сөнбей жүріп кетсем деп едім. Сіз жақсы келдіңіз, бағана Гера Марат туралы айтып едім ғой. Соны жігіттер байқап көрді ме? – Оның жоқ боп кеткеніне үш айдан асып кетіпті. Кешегі оқиға кезінде ол ауылда болмаған. Қайда жүргенін келіншегі де білмейді. Астана жақта құрылыста дейді. Қазір жұмыссыз адамға Астана деген жақсы болды ғой. Нұрғали Есқалиев бұның ертерек жатып қалғысы кеп тұрғанын байқағасын, көп кідірмеді, қайыр-қош айтып, үйіне қайтты. Абылай оған базардан алған үш он мыңдықтың біреуіне қан жұққанын айтсам ба, айтпасам ба деп оқталып еді. Айтпағаны жақсы бопты. Ақпарат тарап кетуі мүмкін ғой. Полицияның да адал-арамы бар. Ауыл жағдайында ағайынгершілік те аса күшті. Қаладай емес. Тек өлген кемпірдің қан сараптамасын факспен жіберуді өтінді. Бүгін түске дейін келіп қалуы тиіс. Оған дейінгі жұмысы он мыңдықтарды сараптамаға тапсыру. Ақшаға жұққан қан тегін еместей көріне береді. * * * Жыңғылдыға кеше тағы келді. Он мыңдыққа жұққан қан кемпірдің қан құрамымен бірдей екенін білген бойда кідірмей жеткен. Медициналық сараптама қорытындысы солай. Күдігі расқа айналатын түрі бар. Бұны үміттендірген нәрсе ақшаға жұққан қанның үстіндегі саусақ бедері. Толық емес. Жартылай. Тіпті одан да аз. Қанның шетіне болар-болмас қана тиген. Бірақ соның өзі бұлтартпас дәлел бола алады. Аудандық полиция бөліміне жеткен бойда осы саусақ ізін арнайы деректер базасынан іздеттіріп еді, оған ұқсас бедер табылмады. Екінші діттегені он мыңдықты алған келіншекпен сөйлесу. Он мыңдықты оған кім берді, соны білу. Алайда оқушы формасын сатқан келіншек базарда жоқ болып шықты. Есімі Гүлсім екен. Көрші саудагерлер оны затқа кеткен шығар дейді. Маңайынан сыр тартып көрсе, отбасын асырап отырған байы емес, келіншектің жалғыз өзі сияқты. Байы ішкіш, бұзық дейді. Тұрақты жұмысы жоқ. Былтыр тас атып пойыздың терезесін сындырған. Мас күйінде. Сол үшін он бес күн қамалып, айып төлеген. Жақында біреудің түйесін сойып берген. Аты – Боранбай. Базардағы әңгіме осылай гу-гу етеді. «Кемпірді өлтірген осының өзі болмағай?» – деп ойлады Абылай. Боранбайды тауып сөйлесті. Бұл жолы сау екен. Көрші үйде түйе сойғаны рас боп шықты. Ақысына ақша алған. Қанша алғаны есінде қалмапты. «Қанша екенін қайдам, қуырдақпен бір жартыны ұрып алғанмын» дейді. Ақшамен бірге бір асым ет бергені ғана есінде. Көршісінен сұраса, ақшаны ол бермеген. Қаладан келген комерсантқа түйесін сатыпты, ал оны сойдырған коммерсант. «Етін қалаға әкетті, Боранбайға ақша берген сол», – дейді. Іс түлкі бұлаңға салынып, құйрығын ұстатпауға айналып барады. Көңілге түрлі-түрлі ойлар келеді. «Кемпірдің қаны дегені түйенің қаны болып жүрмесін», – деген бір кесір ой килігеді. Олай болса, еңбектің бәрі зая. «Қой, бұны кісі баласы естімесін, – деп ойлайды, – мазаққа ұшырау деген әп-сәтте». Күлкі арсыз деген емес пе, өз ойына өзі еріксіз езу тартып қойды. Қой олай болмас, кемпірдің қаны екенін медсараптама анықтады ғой. Дегенмен Боранбайдың саусақ ізін алдырып қарап еді, он мыңдықтағы ізге сәйкес келмеді. Осыны анықтауға үш күн уақыты кеткені. Сөйтіп жүргенде Боранбайдың келіншегі – Гүлсім де Түркістаннан оралып, қарасын көрсетті. Сататын киім-кешек алып жеткен бойы екен. Абылай оған мәселені төтесінен қойды. – Мен криминалды полиция қызметкерімін. Маған берген он мыңдықты кімнен алдың? Соны айт! Ол ақшаның қылмысқа қатысы болып тұр, – деді. – Біздің осы әңгімемізді ешкім білмеуі керек, – деп және ескертті – Осы кентте тұратын бір келіншек. Аты-жөнін білмеймін. Көрсем танимын, – деп, шынын айтуға мәжбүр болды алыпсатар келіншек. – Ол сенен не сатып алды? – Ол ма, ол… – деп сәл ойланды да, – ол ұлдың ақ көйлегі мен қара шалбарын алды. «Ұлым бірінші сынып бітіріп жатыр, соңғы қоңырау жиынында қоңырау соғып шығады» деді. – О келіншектің түрі қандай? – деп сұрауды ұмытпады Абылай. – Кәдімгі… өзіміз сияқты… а-а, айтпақша бетінде меңі бар. Оң беті ме екен, әлде сол беті ме екен… әйтеуір бар меңі. Абылай Гүлсімнен білгеніне қанағаттанып, полиция бөліміне қайтты. Ойында соңғы қоңырауды соғып шығатын ұл бала. * * *Іздеген үйін кенттің шеткері көшесінен тапты. Жапырайған кесек там. Азбест шипр қағылған шатырдың ойылған төбесі анадайдан көзге ұрады. Қабырға сылақтары сыдырылып түсіп, тозып тұр екен. Қоршау қораның бір қапталы солайымен жантайған. Үйдің маңайы үркіп өскен жантақ. Еркектің қолына зәру екені бірден аңғарылады. Он мыңдық берген келіншек тұратын үй – осы. Мекенжайын анықтау үшін аудан орталығындағы мектептерге бас сұғып, сұрау салған. Мектептер соңғы қоңырау жиынына әзірленіп абыр-сабыр боп жатыр. Соның бірінен іздегенін тапты. Ортаға жез қоңырау соғып шығуға екі ұл, бір қыз дайындапты. Ұлдардың ата-аналарын сұрастырып кеп қалғанда… біреуінің әкесі әлгі Марат Қалмұратов боп шыққаны. Гера ше, соның ұлы. Екіншісінің әкесі қайтыс болған. Абылай оны тастай салып, мекенжайын анықтаған бойда осында тартты. Гераның келіншегінің есімі Қарлығаш екенін мектептен білді. Шарбақ қақпаны ысырып аулаға кіргенде, үйдің ағаш есігі шиқылдап ашылып, қолына су толы леген ұстаған келіншек көрінді. Үстінде жеңі түрулі қоңыр халат. Басында байлаған орамалы шошайып, бір жағына айналып кетіпті. Сыңайы кірдің суын төккелі шыққан. Ол екпінін тежей алмай, легендегі суды көп ұзамай лақ еткізіп төге салды да, белін жазған күйі состиып тұрып қалды. Тап-таза киінген мына бір жинақы да сымбатты жігіт ағасының тосын тап болуынан сескенгендей сыңайы бар. Үркіп тұр. Абылай болса, оның оң жақ бетіндегі меңге көзі түсіп: – Саламатсыз ба! Сіз Қарлығашсыз ғой деймін? – деді. – Иә, Қарлығашпын… – Сәлемдеспей абдырап қалғанын сонда ғана аңғарып: – Сәлем бердік… сәлем бердік… – деді екі рет қайталап. – Мен облыстық полицияданмын. Қайсенов Абылай, – деп куәлігін ашып көрсетті. – Сізге қоятын сұрақтарым бар. Күйеуіңіз Марат Қалмұратов үйден қай күні кетті? – Тағы сол ма? Өткенде де сұраған полиса… Үш айдан асты… жоқ. – Келіншектің үні жыламсырап шықты. – Қарындасым, ол жақында осында келіп-кеткенін біліп отырмыз. Сондықтан шындықты айтыңыз. Полицияның бұлайша тықсыра сөйлеуінен әбден мезі болған болу керек, Қарлығаштың лезде түсі бұзылып, көкбеттеніп шыға келсін. Жұлынып: – Оның қайда жүргенін мен қайдан білем? Білмеймін мен! Кетті қаңғып! Көрмейсіз бе, өзіміз күнімізді зорға көріп отырмыз! – деді дауысын қатайта. Артынша, пырс-пырс жылап жіберіп, теріс бұрылды. Ашуын басып алсын дегендей Абылай назарын басқаға аударып әкетті. «Қылмыскердің отбасы деген осы, үйі күйсіз, – деп ойлады сосын. – Қатын-балдарының сіркесі су көтермейді. Үй болса мынау, аңғал-саңғал. Қылмыспен тапқан дүние мал бола ма? Бойына сіңе ме?
– Бір Тәңірі жар болсын, апа! Мен білмедім. Жүріңіз, ауруханаға жеткізейін. Абылай кейуананы алып, ауруханаға келді. Дәрігермен тілдесті. – Жағдайы өте ауыр… бас сүйегі қатты зақымданған, сөйлей алмайды, бел омыртқасы сынған, төменгі жағында жан жоқ, – деді дәрігер… «Әттеген-ай! Жіптің ұшы қолыма ілінді ме деп едім… – деді ауруханадан шыққасын күбірлеп. Басын шайқап қойды. – Аман болсын, әйтеуір. Кеше мен бері шыққанда апатқа ұшыраған екен ғой»… * * * Абылайда ұйқы жоқ. «Гераны қайдан табам? – деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Еш ілік жоқ. Бастықтың сенімінен шыға алмай ұятқа қалмасам болар еді». Қылмыскер нақ сол сияқтана береді. Жыңғылдының полициялары Гераның ауылда болмағанына үш ай болды, кемпірді өлтірген көршісі дейді. Дәу де болса бұл Гераның ісі. Гера Жыңғылдыдағы әріптестері айтқандай ауылдан кеткеніне үш ай болмаған, жақында келіп кеткен. Қарлығаш сөйдеп тұр. 9 мамыр күні ауылда болған, ал, ертеңіне 10 мамыр күні жоқ. Неге ол дәл сол күні, қылмыс болған күннің ертесіне ғайып болады?! Сан-сапалақ ой Абылайдың шақшадай басын шарадай қылды. Кешкі асын ішті де, диванға қисайып, теледидарды қосты. Көзі экранда болғанымен, ойы шартарапты шарлап кеткен. Осы өткен жолы Қарлығаш Гераны «Аралға кетті» деді иә, телефонмен Құтжанов Тапашқа «мореге барам деп айтты» – деді. Осыны ойлағаны сол екен, басын қалт көтеріп алды. «Море!? Море!? – деді әлдебір жұмбақты шеше алмай, қиналған жанша басын шайқап-шайқап жіберіп. – Море дегені теңіз емес, море дегені афганец Сымағұл ғой!» – деді дауысы шығып кетіп. Сонау сексенінші жылдары Аралдың суы тартылып, экологиялық жағдай нашарлап, кейін тоқсаныншы жылдары Кеңес үкіметі тарап, өндіріс орындары, балық зауыттары жабылып, жұрт жаппай сыртқа үдере көшіп жатты. Сол кезде Аршалы, Жыңғылды ауданынан бірталай отбасы Шымкентке, Таразға көшкен. Аршалы, Жыңғылды аудандарынан қоныс аударғандардың ішінен шыққан криминалды авторитет, криминалды ортаның серкесі лақап аты Море деген жігіттің бар екенін Абылай білетін. Кезінде Абылай бұл жігітті терең зерттеген. Ауған соғысына қатысқан, бір-екі рет істі болып, отырып келген. Қылмыс әлемінде Море атанып кеткен Сымағұл Темірболатов жаратылысында батыл және әділ жігіт деп еститін. Ана жаққа да әлдебір жалақорлардың жаласымен отырып келгенінен хабардар. Море қылмыс әлемінде әділдігімен үлкен беделге ие, қаладағы бүкіл қылмыстық іс бұның назарында, ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Темір тордың арғы жағындағы әлеммен де тығыз байланыста. Оларға азық-түлік, қаржылай көмек те ұйымдастырып тұрады. Басына іс түскен азаматтар осында келіп, Морені паналайды. Море қазір Таразда тұрады. Яғни, Гера осы Сымағұл-Мореге кеткен… – Тараздан… Тараздан іздеу керек Гераны! – деді Абылай өзіне өзі. * * * Облыстық ішкі істер департаменті криминалды полиция басқармасының бес қызметкері Тараз қаласына жедел жол тартты. Топ бастығы – полиция подполковнигі Абылай Қайсенов. Топ құрамында жедел уәкілдер – Нұралы Алдажаров, Жақсыбай Сұлтанов, Нұрлыбай Ахметқалиев, Әлімжан Ақпанов бар. Нұралы полиция майоры да, қалған үшеуі капитан. Жеңіл машина «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолына түсіп алғасын, жол симфониясының бірқалыпты әуеніне басып зулап келеді. Жігіттер әрқайсысы өз ойларымен болып кеткен. Абылай қызы Еркеназды ойлап келеді. Көбіне осындай сапарларда болады, үйде болатын кезі сирек. Кенжесі Еркеназ «Папа, сен неге жұмыс, жұмыс деп үнемі кетіп қала бересің, Қасым келсе екеуің балыққа барасыңдар, бізді ешқайда апармайсың, осы демалыста мамам үшеуміз дарияға барайықшы», – деген. Қызының сөзін еске алып езу тартып қойды. Өткен жазда Қасым каникулға келгенде екеуі көлге барып, қармақ салған. Соны айтып отыр. Тоғызыншы сынып оқыса да еркелігі қалмаған. Ұлдары Медғат пен Қасым азамат болды, енді осы Еркеназын мектеп бітіртіп, оқуға түсіріп жіберсе. Астанада тұратын әкесі мен анасына да бармағалы біраз бопты. Қариялардың да жағдайын біліп қайту керек еді, бірақ оған уақыт қайда? Анда-санда телефонмен хабарласып, амандығын сұрайды, әкесі сыр бермегенімен, анасы өкпелейтіндей. Өйтетін де жөні бар, бір жылдай болыпты ат ізін салмағалы. Келіншегі Айғаншаға «Балаларды ертіп, сен барып қайтсайшы», – десе, ол да жұмыстан шыға алмайды. «Ай, дәрігерлердің жұмысы да ауырау!» – деп күлген. Келіншегінің арманы үй салу, «Қашанғы сенің мына үш бөлме пәтеріңде тұрамыз, үй салайық та жұрт қатарлы, балалар да өсіп келеді», – деп кейде мұның құлағын қажайтыны бар. «Саламыз, жаным, амандық болса саламыз, асықпа!» – деп жұбатады бұл. Тәтті ойлармен келе жатып байқамапты, Түркістанға келіп қалыпты. «Аяқ созып аламыз ба?» – деген шопырдың дауысы ойын бұзды. – Иә, қалаға кір, бір-екі шынаяқ шай ішіп, жүрек жалғап алайық, – деді Абылай… * * * Таразға қас қарайып, көз байланып қалған мезгілде жетті. Ертеңіне білді, қаланың шеттегі шағын ауданы түгелімен жыңғылдылықтар екен. Бірақ бұлардың арасынан Морені таба алса жақсы. Море әлдеқашан жағдайын жасап, қаланың элиталы орталығынан жай тапқан болар. Дегенмен оны білетіндер осы ауданнан ұшырасып қалуы да мүмкін. Әй, бірақ кедей-кепшік не білсін, оны табу үшін қылмыстық ортаға кірген жөн. Сондықтан сақтық керек. Осы мақсатпен бұлар өздерінің кәсіби формаларын тастап, азаматтық киіммен шыққан. Мәшинеде қос оқсауытымен екі «АК-76» автоматты мылтық, қолтыққа таққан тапаншалары бар. Бәрі бір жерге түспеді, Абылайдың айтуымен екіге бөлінді, Нұрлыбай мен Әлімжан, Нұралы үшеуі қонақүйге орналасты, Абылай, Жақсыбай екеуі пәтер жалдады. Қалаға саудамен, коммерциямен келген адамдардың кейпіне енді. Тараз қаласында криминогендік ахуал өте күрделі. Дәл бұлар келер қарсаңында бұл ахуал тіпті өршіп тұрған. Бұлар барардан екі күн бұрын Тараз қалалық криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасарын түнде өз үйінің алдында атып кеткен. Облыстық ішкі істер басқармасына, өздерінің әріптестеріне жағдай айтып, көмек сұраса, әрине, олар қолдарынан келгенін аямас еді. Бірақ бұлардың осында келгенін тірі жан білмеу керек. Сыртқа ақпарат шығып кетуі ықтимал. Полицияның арасында да қылмыстық ортаға қатысы бар адамдар болмай қалмайды. Сондықтан не болса да Морені өздері іздеу керек деп шешті. * * * Бұлар екі топқа бөлініп, іске кірісті. Нұрлыбай, Нұралы, Әлімжан үшеуі базарларды, вокзалдарды аралады, бұлар негізі Гера Маратты іздеді, қалталарында оның суреті бар. Бірақ базардан таппады. Абылай мен Жорик екеуінің көздегені – Море. Түнде шығып, көпшілік жиналатын орындарды аралады, қылмыс әлемі серкелері болады деген жерлерді жағалады. Мейрамханалар мен казиноларды сүзіп шықты. Бірақ Море жоқ. Ұшты-күйлі. Сөйтіп жүргенде үш-төрт күн өтіп кетті. Тараз қаласында халық ең көп шоғырланатын жер – көк базар. Жігіттер үштөрт күн бойы Гера Мараттың суретін көрсетіп, базардағы кісілерден сұрастырып іздестірді. Нұрлыбай мен Әлімжан базарларды аралап жүрсе, Абылай мен Жорик қылмыс әлемінің жігіттерімен жұмыс істеп жатты, бірақ Гераның ізі шықпады. Келгеніне бір апта болды. Базарларды аралап жүргенде Абылайдың байқағаны әр екі-үш күнде қылмыс әлемі серкелерінің базарды аралап кететіні байқалды. Алғашқы кездері бұл жігіттер салық комитетінің жігіттері ме әлде мына базардың иелері ме деп ойлаған. Байқап қараса олай емес екен, яғни, бұлар қылмыс әлемінің сарбаздары, өздеріне тиесілі салықтарын жинап алып кетеді. Ірі денелі, спортшы жігіттер, түр-тұлғасынан, жүріс-тұрысынан, сөз саптауынан, мініп келген шетелдік көліктерінен Абылай бұл жігіттердің тегін емесін аңғарды. Сырттай бақылап жүрді, әлгі жігіттер әр саудагердің қасына барып, тиісті ақшасын алады да, кәдімгідей түбіртек қағазын жазып беріп кетеді екен. Бұл Моренің адамдары болуы да мүмкін, осылармен тілдесіп көру керек деп шешті Абылай. Бір күні амандасып, жөн сұрасып шаруасын айтты, Морені сұрады. – Море деген кім, ондай адамды білмеймін, – деді төртпақ келген, қалың қабақты, қараторы жігіт. – Қызылордалық жерлесіміз еді, – деді Абылай. – Сен өзің кімсің? – Біз Қызылордадан бір шаруалармен келіп едік, Мореге жолығуымыз керек болып тұр. – Море дегенді білмейміз, жерлесің болса өзің тауып ал. – Жігіттер, сіздерге өтініш, Море бізге өте қажет, егер бір хабары болса… мынау менің нөмірім! – деп Абылай тілдей қағаз ұсынды. –Жарайды, танитын кісілер болса берейік, – деп әлгі жігіт қағазды алып, қалтасына салып алды. Екінші күні түнде Абылай мен Жорик пәтерде демалып жатқан. Түннің бір уағында Абылайдың қалтапоны безілдей жөнелсін. Сағатына қарады, таңғы төрт, қалтапонда қоңырау шалушы белгісіз нөмір, қолына алып, қосты. – Морені іздеп жүрген кім? – деді бейтаныс дауыс трубканың ар жағынан. – Бауырым, біз Қызылордадан келіп едік, Моремен жолықсақ деп едік. Абылай бұл телефон соғып тұрған адамның Моренің өзі екенін жүрегі сезді. – Не бұйымтай!? – деді ол. – Телефонмен айтылмайды, жолығайық, бетпе-бет отырып сөйлесейік мүмкін болса, – деді Абылай. – Жарайды, онда вокзалдың қасында «Миллениум» деген казино бар, сол жерге келіңдер. – Жақсы, келістік, жарты сағат шамасында боламыз. Абылай мен Жорик дереу жігіттерді оятты. Мәшинелеріне екі автоматты салып алды. Портупейлерін тағынып, қолтықтың астындағы тапаншаларын оқтады. Әлдеқандай жағдай болады деген оймен бір адамды пәтерде қалдырды. «Үнемі байланыста болайық», – деді Абылай. Сонымен төртеуі келіскен уақытында «Миллениум» деп аталатын казиноға келді. Екі жігіт сыртта, көлікте қалды да, Абылай мен Жорик казиноға кірді. Абылай өзінің жылдар бойы қалыптасқан әдет-дағдысымен әрбір қуыс-қалтарысты, әрбір адамды, олардың әрекетін бір сәтте жіті бақылап шықты. Казиноның үлкен залында оншақты үстелде, неше алуан ойындар, ойыншылар. Үш-төрт ірі денелі жігіт елеусіздеу ғана бұларды бақылап тұр. «Моренің оққағарлары болар» деп ойлады Абылай. Море көпшілік ойын болатын жерде емес, бөлек вибкабинада отыратыны белгілі. Казиноның кіреберісінде бұларды еңгезердей бір жігіт күтіп алып, екінші қабаттағы қалталы, маңғаз клиенттерге арналған вибкабинаға алып келді. Вибкабинаға кіргенде поккер ойын үстелінде орта бойлы, мығым денелі, өткір көзді, қара шашты, қалың қара қасты, өзбекке ұқсайтын, сымбатты жігіт карта таратушы еуропалық тектес қысқа юбкалы крупьеге қарама-қарсы орындықта отыр екен. Абылайларды ертіп келген жігіт, «Море осы кісі», – деді. Моренің қасында бірі отыздан енді асқан, екіншісі қырықтар шамасында екі жігіт тұр. Ар жағында ұзын бойлы, дене бітімі келіскен тағы бір жігіт. Сірә бұл оның оққағары. Моренің алдында бірталай 100 долларлық қара фишкілер шашылып жатыр. – Сендер ме мені іздеп жүрген? – деді ол Абылай мен Жорикке иегімен алдындағы орындықтарды нұсқап. Бұлар жайғасам дегенше, екеуіне құмырсқа бел екі рөмкеге виски құйды. Сосын барып екеуіне көз салып: – Ал, қалай жігіттер, амансыңдар ма, Қызылорда орнында ма? – деп амандық сұрады – Қызылорда орнында… өзіңіз…? – Бізді сұрап қайтесің? Ал сөйлеңдер, келгендеріңе оншақты күн болыпты, біраз жерді аралапсыңдар, полициядансыңдар ғой, подполковник Абылай Қайсенов, ал, сен жаңылмасам Жақсыбай Сұлтанов, – деп Жорикке қарап қойды. Сосын әңгімесін әрі қарай жалғады. – Сен бұрын, облыстық ГАИ-да қызмет істепсің, бастықтың орынбасары болдың, – деп бұлардың аты-жөнін, қандай қызметтер атқарғанын, бұл жаққа қашан келгенін, қай жерлерде болғанын бәрін қолмен қойғандай айтып отыр. Мореде бұлар туралы толық ақпарат бар, Абылай мен Жорик таң-тамаша болды. – Иә, рас, солай, айтқаныңызға алып-қосарымыз жоқ, – деді Абылай. – Біз бәрін біліп отырмыз, ал, енді шаруаларыңды айтыңдар, – деді Море. Абылай мен Жорик келген шаруаларын айтты, асықпай, жайлап, бәрін түсіндірді. Ол да бұларды байыппен, сөзін бөлмей тыңдап отырған сыңай танытып, шетелдік қымбат шылымның бір талын алып ерніне қыстырды. Артындағы жігіт дереу еңкейіп, шақпақ жағып, шылым тұтатты. Ол бір сәт көк түтінді аузы-мұрнынан будақтата шығарып, қабырғадағы көмескі жарық беріп тұрған шырағданға қарап отырып қалды. Алдындағы күл салғышқа шылымының күлін түсірді. Сосын бұларға қарап: – Жігіттер, Жыңғылдыдағы жағдайдан хабарым бар. Бірақ мен сендерді сол шаруамен жүр деп ойламап едім. Сенің іздеп жүргенің бұл жерде жоқ. Іздеп әуре болмаңдар. Бұл жерге сендердің тәртіптерің жүрмейді, әр жердің өз заңы, өз тәртібі бар. Рас, ол осында болған, бірақ бізде ондай хайуан адам жүрмейді, оған жолыңды тап дегенбіз. Ал, енді қайтыңдар! Жедел қайтқандарың дұрыс. Бұл Қызылорда емес, бұл жақтың өз заңы бар, – деді Море. Сосын әңгіме осымен тамам дегендей алдындағы мұз салған виски құйылған рөмкені қолына алды. Абылай мен Жорик те рөмкелерін көтерді… Екеуі сыртқа шыққанда көше шамдары самаладай жарқырап тұрды. Бұлар ЕМПІР дың мәшинесін төрт-бес жігіт қоршап тұр екен, бәрінің де қарулы екені байқалады. Абылай олардың жанынан өтіп бара жатып оң жақ қапталдағы дөңгелек жүзді, орта бойлы, кең иықты жігітке көзі түсті, жүзі таныс сияқты, ол да бұны таныған секілді. Бірақ екеуі де бір-біріне тіл қатпады. Танымаған сыңай білдірді. «Жорик, оң жақ қапталымыздағы орта бойлы, жауырынды жігітті есіңе сақта!»–деді Абылай мәшине есігін жапқан соң. Моренің жігіттері бұларды көздерімен ұзатып салды. * * * Тараздан қылмыскердің өзі табылмағанымен ол туралы деректер толықты. Моренің сөзінің сыңайына қарағанда ол Алматыда болу керек. Яғни, ендігі жұмыс – Гера Мараттың Алматыда кімге баратынын анықтау керек. Із кесу жалғасты. Бірақ Гера жер жұтқандай, хабарошарсыз зым-зия. Бұл кезде Жыңғылды аудандық ішкі істер бөлімінен бастап, облыстық ішкі істер департаменті, қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдерінде де ауқымды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан-ды. Барлық ішкі істер органдарына қылмыскер туралы деректер мен сипаттамасы жіберілді. «Қалмұратов Марат 1970 жылы туған. Жыңғылды ауданы, Тарөзек кентінің тұрғыны, Ұзын бойлы, 180 см, мығым денелі, грек-рим күресімен айналысқан. Атжақты, қараторы жігіт, қылмыс әлеміндегі, лақап аты – Гера Марат. Өз қатарының арасында беделді. Қылмыскер қаруланған болуы мүмкін», – деген хабарлама барлық ішкі істер бөлімдеріне жолданды… Бүгін де Абылай кеш келді, әйелі Айғанша тұрып, қарсы алды. – Неғып кешіктің, тағы бірдеңе болды ма, тамақты ысытайын, – деді отағасына бәйек болып. – Жоқ, жаным, ысытпай-ақ қой, сағат екі болыпты, демалайық, – деді Абылай. Шешініп, беті-қолын шайып, төсекке қисайды. Шаршап келсе де ұйықтай алмады. «Қалайша, осы уақытқа дейін жіптің ұшын ұстай алмай жүр?! Жер жұтқандай ғайып болып кеткен неткен адам! Море оны «Тараздан іздеме» деді-ау, ә. Қалай болар екен?! Нақты бағыт-бағдар болмаса… Бірақ қалайда оны табу керек» Сан-сапалақ ойлармен жатып көзі ілініп кетіпті. Қалтапонының безілдегенінен оянды. Оятқыш па деп қалып еді, жоқ қоңырау екен, таң атып қалыпты. Қалтапонын алып қарап еді, қоңырау аты-жөні жоқ, белгісіз нөмірден келіп тұр. – Сәлем! – деді телефондағы бейтаныс әйел дауысы. Таудан аққан бұлақтың сылдырындай сүйкімді, нәзік дауыс, дереу ұйқысын ашып, сергектігін тапты. – Гуля, иә… – Мен сенің Гуляң емеспін! – Сүйкімді, нәзік дауыс қатайып шыға келді. – Мені тыңдап ал, сен іздеп жүрген Гера Ташкентте. – Сіз кімсіз? – Менің кім екенім маңызды емес, Саған Кипа сәлем айтты. Жақсы! Сау бол. Осылай деді де, қалтапонын өшіре салды…
Тұрақ АДИСҰЛЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ, ЖАЛАҒАШ АУДАНЫ.
(Жалғасы бар)