Ата Заңымызда елімізде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны айшықталған. Сондай-ақ, сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылып, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қоятыны көрсетілген. Тәуелсіздікпен бірге қайта жаңғырған сот жүйесінің кешегі тарихы мен бүгінгі дамуы көз алдымызда. Бүгінде қоғамның сотқа деген қолжетімділігін қамтамасыз етуді мақсат еткен сот жүйесінде іргелі реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, заң-ережелер, бағдарламалар тұрақты жетілдіріліп келеді. Оның үстіне Мемлекет басшысы да азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша мән беріп, әр жолдауынан сот жүйесіне қатысты өзекті мәселелерді бір сәтке сырт қалдырған емес.
Тарқатып айтар болсақ, мемлекетімізде алқабилер институты сотқа дегені сенімді күшейтіп, мамандандырылған соттардың бой көтеруі сот актілерінің сапасын артырғанының куәсі болдық. Одан бөлек, судьяларды іріктеу талаптары қатаңдатылып, Судьялық әдеп кодексі қабылданды. Сондай-ақ, би-шешендердің салған сара жолы қайта жаңғырып, олардың мол мұрасынан нәр алған медиация институты қанат жайды. Қазіргі таңда сот жүйесі қызметтері толығымен сандық жүйеге көшіріліп, азаматтар үйінен не кеңсесінен ұзамай-ақ сотқа талап қою, өтініштерін беріп, сот процестеріне қашықтықтан қатысуға мүмкіндік алып отыр.
Ал, сот жүйесін жетілдіру мақсатында іске қосылған «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы сот қызметіне жаңаша серпін берді. Атап айтсақ, сот ғимараттарында ашылған фронт-кеңселер мен құқықтық қызмет көрсету орталықтары келушілерге барлық қажетті деген қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы жедел әрі сапалы ұсына білді. Сот актілерінің жаңа форматы енгізіліп, қарапайым әрі түсінікті тілде жазылып, түсіндірілген сот актілері тараптардың сотқа деген сенімін нығайтты. Әлеуметтік желі арқылы соттар мен қоғам арасында ашық диалог орнап, көпшіліктің сот қызметіне қатысты туындаған сұрақтарына жедел әрі нақты жауап беру қолға алынды. Одан бөлек, соттар бүгінде қоғамның қызығушылығын туғызған істер бойынша да ақпараттарды уақытылы таратып келеді. Республиканың түкпір-түкпірінен ашылған татуласу орталықтары мен Билер кеңесінің құрылуы даулардың бітіммен бітуіне жол ашты. Сонымен қатар, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесінің жұмыс істей бастауы қоғамға түбегейлі жаңашылдық алып келді. Аталған институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастыра білді. Заңнамадағы барлық қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтар мен бизнестің мүддесіне орай түсіндірілетіні заң жүзінде қамтамасыз етіліп, артық сот үдерістері қысқартылды. Атап айтсақ, санаулы уақыттың ішінде еліміз әкімшілік әділетті жүзеге асыру сапасы бойынша Орталық Азия елдері арасында көшбасшы мемлекетке айналып үлгерді. Осы орайда, деректерге сүйенсек, мемлекеттік органдарға қойылатын талап қоюларды қанағаттандыру деңгейі 60 пайызға жетсе, бизнес мемлекетке қатысты 10 даудың 6-да ұтады екен.
Әрине, бұл айтылғанның бәрі сот жүйесіндегі өзгерістердің бір бөлігі ғана. Қорыта айтсақ, сот жүйесінің беделін нығайту, сот төрелігіне деген халықтың сенімін арттыру бойынша атқарылатын мақсатты жұмыстар мен межелі міндеттер мұнымен тоқтамасы анық. Ең бастысы, жүйелі реформалар халықтың игілігіне қызмет етіп, қоғамның сотқа деген сенімін нығайта түсті.