Адамдардың өзара түсінісуі, бір бірімен қатынас құра алуы тілден басталады. Соның ішінде әдепті елдің баласы алдымен сәлемдесуден бастап, өз әдебін көрсетеді. Әдепті, сыпайы, өзінің мәдени шеңберінен аспай сәлемдесе алуы арқылы, кейінгі араласу деңгейі де анықтала түседі. Осы орайда тіліміздің маңызы зор екенін аңғарамыз. Қазақ тілі өте бай, сөздік қоры кең, кез келген мәселені шебер көрсетіп, сөйлей білген адамның ажарын аша түсетіндей.
Ана тілі — халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын тарихи бір тұтастық, мызғымас бірлік, ажырамас туыстық, жағдайда мәңгілік біріктіретін сенімді құрал. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тіл — өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. XX ғасырдың басында ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді. Қазіргі таңда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде сот жүйесінде де қазақ тілінің маңызы артып келеді. Кез келген азамат сотқа арызды қай тілде берсе сол тілде қызмет алу мүмкіндігі бар. Соның арқасында қазіргі таңда салада қазақ тілінде қаралатын сот істерінің қатары көбейе түскен.
Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі — әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті. Тілге деген құрмет — халыққа деген құрмет.
Н. Серікбаев, Алматы облысы Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маманы