Құқықтық қиындыққа тап болған азаматтардың көмек күтетін, баратын жері – сот. Әрине, азаматтардың дауды жұдырықтың күшімен емес, заңға сай, құқықтық тәртіппен шешкені дұрыс. Қазақстандық сотта дауларды жедел, ашық, әділ де сапалы, ең бастысы, заңды шешудің барлық мүмкіндігі жасалған. Әсіресе, төрелік алаңында қос тараптың талап-тілегін тыңдап, дәлел-деректерді зерделеп, таразылауда судьяларға артылар жауаптылық үлкен.
Жалпы, дауды сотта қараудың өзіндік тәртібі мен мерзімі бар. Ал осы сатылардан өтіп, сот шешімі қолына тиген азаматтар әділдіктің салтанат құруын асыға күтетіні белгілі. Өкінішке орай, сот шешімі қолына тисе де, оны орындауға асықпайтын жауапсыз жандар сот жүйесіне деген теріс көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді. Дұрысында заңды күшіне енген соттың шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Өйткені, сот шешімі орындалуымен құнды. Орындалмай, орта жолда қалған шешімдер сотқа деген сенімді азайтады. Әрі мұндай шешімдердің бағасы да болмайды.
Сот шешімін орындату тәртібі Азаматтық процестік кодекстің 241-бабында белгіленген. Соған сәйкес, шешім заңды күшіне енгеннен кейін атқару парағы жазылып, оны орындау үшін құзырлы органдарға жіберіледі. Мүлік тәркіленген, мемлекет кірісіне өндірілген, сондай-ақ мертігуден немесе денсаулыққа өзге зақым келуден, асыраушысынан айырылудан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда, сот өз бастамасымен ол жазылып берілген күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей атқару құжатын аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындауға жібереді.
Сот орындаушысы атқару құжаты орындалған жағдайда шешім шығарған сотты бұл туралы он жұмыс күні ішінде хабардар етуге немесе «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Респуликасының Заңында белгіленген мерзімі өткен соң орындалмау себептері туралы ақпарат беруге міндетті. Мәжбүрлеп орындатуға атқару құжаты ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.
Соттың заңды күшіне енген шешімін орындамаудың салдары ауыр. Шешімді орындамау заңда көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады. Осыны азаматтар назарда ұстағаны жөн.
А.Шакуал,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы