spot_img
spot_img

Неке-отбасылық қатынастары, даулары

Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексіне (әрі қарай –Кодекс) сәйкес, неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ.

Неке қию (ерлі-зайыпты болу) үшін некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) еркек пен әйелдің ерікті әрі толық келісімі және олардың неке (ерлі-зайыптылық) жасына толуы қажет. Яғни, неке қию деп кәмелетке толған ер жеткен азамат пен бойжеткен қыздың, сондай-ақ ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынастың заң жүзінде бекітілуін айтады. Сондай-ақ, неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.

Отбасы әр адамның өмірінде, қоғам мен мемлекетте ерекше маңызды орын алатыны мәлім. Өйткені отбасы әр адамзат үшін махаббат, жылулық, моральді тұрғыдан күш-жігер мен қолдауды білдіреді. Жалпы, отбасының мықты, сенімді, әрі берік болуы ер мен әйелдің өздеріне байланысты, яғни олардың арасында қаншалықты өзара түсіністік болса, соншалықты сыйластық болады деген сөз, ал отбасы өз кезегінде қоғамның дамуына, оның тұрақты болуына өз үлесін қосады.

           Әке мен ананың, яғни отбасының ең маңызды қызметінің бірі – балаға дұрыс тәрбие беру деп білемін, өйткені оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайтыны анық.

Балаға өмірдің құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың дұрыс тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – әкесі мен анасының ең маңызды міндеті болып табылады. Тіпті әке мен ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру қағидаттары, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бала үшін үлкен өнеге. Ал бала өз әке-шешесіне қарап, оларды өзінің болашағы үшін үлгі етеді. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп баланың жан-жақты тұлға ретінде дамуы отбасынан басталады.

Өкінішке орай, қазіргі таңда тұрмыс құрған жастардың ажырасуға деген бейімділігін байқауға болады. «Махаббат – екі адамның бір-біріне қарауы емес, бір бағытқа қарауы» дегенсөз бекер айтылмаған болар. Өйткені, шаңырақ көтерген жастардың арасында түсініспеушіліктер көп туындайды. Соның салдарынан жастар арасында ажырасу фактілері орын алады. Мысалы, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2024 жылдың 1-тоқсанында неке бұзуға 395 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш, әрине, өте жағымсыз.

Сонымен қатар, сотқа неке бұзу бойынша талап арызбен жүгінген тараптар арасында, яғни некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезінде ерлі-зайыптылар арасында даулар туындайды. Мысалы, ортақ мүлікті бөлу, баламен кездесу уақытын белгілеу, баланың тұрғылықты жерін анықтау сияқты талап арыздар мен кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеуге қатысты арыздарымен жүгінетінін, сондай-ақ мұндай арыздар мен талап арыздардың да саны өсіп келе жатқанын атап өту қажет.

Сотқа неке бұзу талап арыздармен жүгінуші ерлі-зайыптылар саны көбейіп, неке бұзу фактілерінің азаймауына байланысты, қазіргі таңда екі тараптардың арасында татуластыру рәсімдерін тұрақты түрде жүргізу мақсатында және бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін елімізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен бірнеше жыл бұрын «Отбасылық сот» пилоттық жобасы енгізілген болатын. Аталған жоба отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын сақтау, жанұялық жарасымдылықты сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, кәмелетке толмаған балалардың толыққанды отбасымен тұру және тәрбиелену мүмкіншілігін арттыру мақсатында енгізілген.

Қазіргі таңда «Отбасылық сот» пилоттық жобасының шеңберінде соттарда психолог мамандары, медиаторлар, Билер Кеңесі, педагогтар тартылып, олар өз жұмыстарын атқаруда.

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы

Оңғар Мамыт

Как не стать жертвой финансовой пирамиды

Финансовая пирамида (также инвестиционная пирамида, схема или игра Понци)...

Сот отырысында аудио-бейне тіркеу жүйесін пайдалану ережелері

Осы Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын...

СОТ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ — ҚОҒАМНЫҢ ТАЛАБЫ

Сот - кез-келген даудың түйінін тарқатып, әділдігін айтып, тура...

Сот азаматтың тұрғын үй құқығын қорғады

Талап қоюшы 2011 жылдың сәуір айынан бастап «жасына байланысты...

Кассациялық соттың құрылуы және қызметі

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан...