Сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігі қағидаты негізінде бүгін барлық сот отырысы, кейбір заңмен белгіленген тұстарды есепке алмағанда, ашық өтіп жатыр. Кез келген сотта қаралып жатқан іске қызығушылық танытқан тұлғаның үдеріске қатысуына мүмкіндік бар.
Алайда ашық сот отырысына бақылаушы ретінде қатысқан адамдардың немесе іс бойынша тараптардың судьяға қарсы тіл тигізіп жататын жағдайлары да кездеседі. Бұл әрекеттер сот төрелігін іске асыру барысындағы басты міндеттің бірі – сот отырысының тәртібін қатаң сақтау қағидатының ескерілмеуінің, орындалмауының көрінісі.
Сот отырысындағы тәртіптің бұзылуы ретінде сотта төрағалық етуші судьяның өкімін орындамау, оған анық құрмет танытпау, сот тергеуін жүргізуге кедергі келтіретін өзге де тәртіп бұзатын іс-әрекеттер танылады.
Тәртіпсіздікке жол берудің тағы бір құралы ретінде сотқа қатысушы тұлғалардың сотқа қысым көрсету және сот ісіне қоғамды негізсіз даурықтыру арқылы араластыру үшін әлеуметтік желіні түпкілікті өзінің жеке мүддесіне пайдалануды қарастыруға болады. Бұл өз құқығын теріс пайдаланумен ұштасқан қисынсыз іс-әрекеттің барлығы үшін тиісті жауаптылық заңмен қарастырылғанын әсте естен шығармаған жөн.
Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейтіні, сотқа немесе судьяға құрмет бiлдiрмеу заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғатындығы ҚР Конституциясында және Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы конституциялық заңда көзделген.
Осы кезекте жалпы сот процесінде тәртіп сақтау мәселесіне және судьяны құрметтемеу заңмен белгіленген жауапкершілікке тоқталып өтсем.
Сот отырысын өткізуге кедергі келтіретін тұлғалар өздерінің әрекетімен сотқа және сотқа қатысушы тараптарға істі шешуге мүмкіндік беретін мән-жайдың жан-жақты, толық зерттелуіне кедергі келтіріп қоймай, тараптардың дәлелдеме келтіру құқығына тосқауыл қоятынын ұғына бермейді.
Сот залында тәртіп бұзған тұлғаға қатысты сот заң нормалары аясында әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулы шығаруға құқылы.
Сотты құрметтемеу бойынша әкімшілік жауаптылық «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте көзделген.
Процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеу, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеу туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) сотты құрметтемеу ретінде танылады.
Прокурор мен адвокаттар тарапынан сотты құрметтемеу фактілері орын алған жағдайда да жауаптылық қарастырылған. Мұндай жағдайда сот жеке қаулы шығарып, құзырлы органға тиісті шара қолдану үшін жолдайды.
Қылмыстық кодексте сот талқылауына қатысушыларды қорлаудан және судьяны және (немесе) алқабидi қорлаудан көрiнген, сотты құрметтемеу фактісі бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген. Бұл әрекеттер үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу жаза түрлері де қарастырылған.
Қылмыстық жауаптылыққа сот процесіне қатысы бар тұлғалар да, осы істің қаралуымен байланысты сот залындағы басқа да тұлғалар тартылуы заңмен көзделген. Бұл орайда қорлау деп отырғанымыз – әдепсіз түрде айтылған ар-намысқа нұқсан келтіріп айтылған дөрекі сөздер, іс-әрекеттер. Сонымен қатар қылмыстық заңнамада басты сот талқылауында тәртiптi қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шаралар қамтылған.
Тәртіп бұзғаны үшін сот отырысы залында қатысып отырған, бiрақ процеске қатыспайтын адамдар төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысы залынан шығарылады. Бұған қоса, сот оларға ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн. Ал егер сот отырысындағы тәртiп бұзушының әрекетiнде қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi болса, сот материалдарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы мәселені шешу үшiн прокурорға жібереді.
Заңмен белгіленген сотқа құрмет танытпау бойынша жауаптылық қарастырылып, қолданылған күннің өзінде тәртіп бұзушылық әрекетті бірнеше рет қайталап жасайтын тұлғалар бар. Осы орайда, әрбір сотқа қатысушы тұлға сот отырысына қатысқанда тек өзіне ғана емес, өзгеге де құрмет көрсете білсе, құқықтық мәдениетті жоғары деңгейге көтеру мүмкіндігі туар еді.
Жалпы осы мәселе бойынша шетелдік тәжірибе судьялардың сотты құрметтемегені үшін жауаптылыққа тартудағы өкілетінің кең екенін көрсетеді.
Зайырлы мемлекетте заң үстемдігі – басты құндылық. Сот билігі беделінің тұғырлы болуы барлық қоғам мүшелерінің сотты құрметтеуінен де көрініс табады. Сот отырысы барысында сыйластық, саналылық принципін бұзу, құқықты теріс пайдалану, ең алдымен, қоғамның құқықтық мәдениетті тиісті деңгейге көтеруге айтарлықтай кедергі келтіреді.
Маңғыстау облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының төрағасы
И.Р. Досетов