Соңғы кездері қоғамда алқабилер сотына қатысты қызығушылық бары байқалады. Сондықтан олар туралы кеңірек ақпарат беруді жөн көрдік. Осы орайда атап өтер жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында елімізде сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен болатын. Жолдаудың бұл бағытын жүзеге асырудың бірегей жолы – алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің санын кеңейту. Бұл қадам сот жүйесін одан әрі ашық етіп, оған қоғамның сенімін арттыруға оң әсерін тигізбек. Сондықтан қазіргі таңда қоғамда алқабилердің қатысуымен өткізілетін істердің саны арттыруға көңіл бөлінуде.
Осыған орай Қылмыстық процестік кодекске тиісті өзгертулер енгізіліп, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы 14-тен 35-ке дейін артты.Енді олардың қатарына тек аса ауыр емес, ауыр және ауырлығы орташа санатқа жататын қылмыс құрамдары қосылды. Атап айтқанда, алқабилердің қарауына адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғатын және көбіне қоғамдық резонанс туғызатын 13 қылмыс құрамы кірді. Олар: адамның дене мүшелерін заңсыз алу; азаптау; балық пен басқа да су жануарларын үлкен шығын келтіретін көлемде заңсыз аулау; заңсыз аң аулау; көлікпен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасын жасау; көлікті мас күйде басқарып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасын жасау; көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасын жасау; рейдерлік және медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу.
Алқабилер институты сот пен қоғамның жақындасуын қамтамасыз етеді және сол арқылы халықтың сотқа деген сенімі мен құрметін арттыруға септігін тигізеді, еліміздің азаматтарының құқықтық деңгейі мен мәдениетін арттырады.
Н.Ж. Омарова, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының судьясы