ХАЛЫҚ ЖАҢА ҮКІМЕТТЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ КҮТЕДІ

Апта басында үкімет доғарысқа кетті. Бұл көптен күткен шешімге жұртшылық үлкен үмітпен қарап, атқарушы билік құрамына халыққа жаны ашып жұмыс істейтін білікті, іскер мамандардың келуін тіледі. Солай болуға тиіс еді. Өйткені, елдің жағдайы шынымен де қиындап кетті. Қымбатшылық, жұмыссыздық, қарызға белшеден бату талайды тығырыққа тіреп жатыр. Қай салада болмасын шешімін күткен мәселе шаш етектен.

Жыл сайын бюджет қаржысын жұтатын бағдарламалардан да пайда байқалар емес. Нарық толы сырттың өнімі. Денсаулық сақтау, білім беру саласында да түйткіл көп. Тоқетерін айтқанда, Жаңа Қазақстанда айқындалған міндеттердің көбі бәз-баяғыша қағаз бетінде қалып, Үкіметтің қауқарсыздығы анық көріне бастаған. Анығында бұл жұмсартып айту. Шын мәнінде ескі Қазақстанның кадры Әлихан Смайыловтың елді қиындықтан алып шығатынына басынан күмәнданғандар аз болмап еді. Алайда, ол тағы да сенім кредитін алып, Жаңа Қазақстанның жаңа үкіметін басқаруға мүмкіндік алған болатын. Көріп отырғанымыздай ол үміт ақталмады, Үкіметтің заман ағымына ілесіп, уақыт талабына, халық сұранысына сай жұмыс істеуге қабілеті жетпеді. Бұл сейсенбіде өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен де айқын аңғарылды. «Өмір шындығына бейімделіп, жаңа сын-қатерлерге төтеп бере білуіміз керек.Үкімет бұған дайын болуы керек.Оның арқасында жаңа тәсілдер әзірленіп, жаңа реформалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік туады. Жалпы, Үкімет қызметіне жаңа серпін беру керек деп ойлаймын. Қоғам да осыны күтіп отыр. Осы себепті мен Әлихан Смайыловтың отставкасын қабылдадым», – деген еді онда Президент. Осы алқалы жиында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына сәйкес Мемлекет басшысы Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметкер. Экономикалық және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, адал, еңбекқор. Дауыс беру кезінде Үкіметтің жаңа басшысының кандидатурасын 69 депутат қолдап, 7 халық өкілі қалыс қалды. Осылайша көпшілік дауыспен Олжас Бектенов Премьер-Министр болып сайланды. Мемлекет басшысының бұдан соң бұрынғы қателіктердің қайталанбай, яғни Қазақстанды озық елге айналдыру тек ұран емес, нақты мақсат екенін баса айтуынан бұрынғы үкіметтің басты кемшілігін жазбай тануға болады.

– Біз прогрессивті даму жолымен жүруіміз керек. Сондықтан, түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде терең өзгерістерді жүзеге асыру үшін батыл қадамдар жасауымыз керек. Ең бастысы, біздің барлық шараларымыз «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді. Ең алдымен әлеуметтік-экономикалық саясатқа тың серпін беру керек. Даму басымдықтары, қолдау принциптері мен экономика секторларының алдында тұрған міндеттер қайта қаралуы керек. Сайып келгенде, мемлекет өз саясатында шексіз қолдау шараларынан шын мәнінде сапалы дамуға ықпал етуге батыл көшуі керек. Мұны сөзбен емес, іспен жасайтын уақыт жетті, – деген еді одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің әр тапсырмасы кеткен ескі үкіметтің жіберген қатесін түзеуге бағытталып жатты. Мәселен, Салық және Бюджет кодекстерінің, мемлекеттік сатып алулар туралы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңдардың мүлде жаңа қағидаттарға негізделуі, олардың жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруда сенімді негіз болуы керектігі көптен айтылып жүрген мәселелер. Сол секілді тариф саясатындағы кедергілерді жою, ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу де кезек күтпес шаралар. Бұл жерде расымен Үкімет маңызды рөл атқаруы керек. Енді жаңа құрам жұмысты жаңа қарқынмен бастауы тиіс. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік, бастамашылық сияқты қасиеттерді біріктіруі керек. Халықтың игілігі үшін экономиканы ынталандыру және әртараптандыру үшін батыл шешімдер қабылдауы қажет. Бұл тапсырманың маңызы ерекше және стратегиялық сипатқа ие. Өз кезегінде сөз алған депутаттар да шынайы жағдайды ортаға салды. Мәселен, депутат, Мәжілістегі Республика партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров елде қарқынды өзгерістер байқалмай, ескі Үкіметтің инерциялық даму қаупін еңсере алмағанын,экономиканың дамуын қамтамасыз ететін іс-шараларға қаражаттың жеткіліксіз екенін ашық айтты. «Мәселенің түп-төркіні, сол қазынаны толтыратын экономиканың әлеуетінде болып тұр. Дамыған шет елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі жалпы ішкі өнімнің 35-50 пайызына тең. Мұндай жағдайда бюджет кірісі қазіргідей 20 трлн емес, 50 трлн теңге болуы керек еді. Осындай табыспен елде ең төменгі жалақы 85 мың, ал ең төменгі зейнетақы 57 мың теңге болмас еді» деген еді ол. Сол секілді Ауыл фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев диқандарымыз былтыр ерекше егін жинау кезінде қиналып, 300 миллиард теңгеге жуық шығынға ұшыраған кезде Үкімет қолдау көрсетпей, осы мәселе жөніндегі депутаттар сауалына да селт етпегенін ортаға салып, іштегі қыжылын ақтарып салды.

Депутат Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмысты тез арада ширатуы қажеттігін мәлімдеді. Айтуынша, алдағы уақытта Үкіметтің жұмысы Фракция тарапынан бақылауда болып, оның әрбір шешімі депутаттар тарапынан нақты сұралатын болады. Жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Мәжілісінің депутаттарына сенім білдіргені үшін алғыс айтып, Үкіметке жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Айта кету керек, Бектенов 2023 жылдың 3 сәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды. Оның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті басқарған болатын. Жалпы алғанда Олжас Бектеновтің кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы оның өзіне артылған сенім үдесінен шығатынынан үміттендіретіндей. Жалпы отырыста Премьер-Министр Президентке «Сіздің барлық ауқымды тапсырмаларыңыз мүлтіксіз орындалатын болады. Жаңа Үкімет бұған дайын. Біз бұл мәселелердің нақты шешімдеріне назар аударамыз» деп уәде берді. Сол күні белгілі болғандай, үкімет мүшелерінің дені қызметтерінде қалды. Төрт министр ғана жаңадан келді. Олар – Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров. Расында Байбазаров вице-премьерлер арасында жаңа тұлға екені айтылуда. Бұған дейін ол «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы қызметін атқарыпты. Одан соңғы жаңа есім Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы – 40 жастағы Шыңғыс Әрінов. Бұған дейін ол Мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары – Президенттік күзет қызметінің басшысы міндетін атқарған екен. Әрінов министрлердің ең жасы болып отыр. Жаңа да ескі Үкімет құрамына енген және бір тұлға Ақмарал Әлназарова. Ол бұған дейін Парламент Сенатының Қызылорда облысынан сайланған сенаторы еді. Әлназарова денсаулық сақтау жүйесінде түрлі қызметтер атқарған. Ол медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер-ұйымдастырушы-гигиенист, жоғары санатты балалар дәрігері. Сонымен қатар Қаржы министрі өзгерді. Бұл қызметке бұған дейін Ұлтық экономика вице-министрі болған Мәди Тәкиев келді. Осылайша бар болғаны төрт адамға жаңарған Үкімет тағы да көптің көкейінде сан сұрақ және күмән қалдырып отыр. Енді «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді» дегендей, Олжас Бектеновтің ұйымдастырушылық қабілетіне, іскерлігіне сенім артқаннан өзге шара жоқ. Қиын сәтте ауыр міндетті жауапкершілігіне алған Үкіметтің жаңа басшысы ел сенімін ақтаса дейміз!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Дәстүрдің экологиялық бейнесі: Алматыда қайта өңделген материалдардан жасалған ер-тоқым көрсетілді

Алматыдағы «Атакент» көрме орталығы алдындағы алаңда Бостандық ауданы әкімдігінің қолдауымен Funk креативті агенттігі ұйымдастырған «Наурыз Береке Мереке» атты ауқымды фестиваль өтті.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары түркі дүниесінің рухани әрі тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды.

Мереке күндері ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 21, 22, 23 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады.