Алматы музейлері кіру билеттерін сату арқылы 2023 жылдың 11 айында 60 миллион теңгеден астам табыс тапты. Яғни, өсім қазірдің өзінде жылдық жоспардан 200 пайызға жоғары болып отыр. Оны қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев музей ісін дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді.
Биыл 73 көрме ұйымдастырылып, оны тамашалаушылар саны 125 мыңнан асты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жалпы, Алматыда музейлерге кіру билетінің құны 250-5000 теңге аралығында. Онда балаларға, зейнеткерлерге және студенттерге жеңілдіктер қарастырылған. Музей қызметкерлері 25 ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, әкімдіктің қолдауымен алғаш рет Францияның жетекші музейлерінде кәсіби біліктілікті арттыру курсынан өтті. «Биыл музей мамандары белсенді де жемісті жұмыс жүргізіп, көптеген көрсеткіш бойынша үздік нәтиже көрсетті. Халықаралық ұйымдармен саланы дамытуға бағытталған 15 меморандумға қол қойылды. Біздің көрмелер тек қала аумағында ғана емес, Оңтүстік Корея, Италия және Австрияда да ұйымдастырылды. Қала басшылығының қолдауымен биыл мұражай қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көтерілді», – дейді Ғани Майлыбаев. Оның айтуынша, Алматыда қала әкімдігіне қарасты 8 музей бар. Олар: Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д.А.Қонаев музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Н.Тілендиевтің мемориалды музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, А.Байтұрсынұлы музей-үйі, Райымбек батыр музей кешені.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


