Әділетті қоғамның бірден-бір кепілдігі – ашық ақпараттық кеңістік, сұранысқа ие және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары екені әлемдік тәжірибеден айқын көрініп отыр. Шын мәнінде сөз бостандығы, обьективті де жедел медиа өнімдері халықтың мүддесін алға жылжытып, мемлекеттің демократиялық қағидаттарға сай дамуына жол ашады.
Осы орайда «Масс-медиа» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының журналистер, тәуелсіз сарапашылар, ұлт жанашырлары тарапынан алаңдаушылық тудыруы заңды еді. Өткен бейсенбіде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар да бірінші оқылымда талқыланған бұл құжаттардың қоғам сұранысына, уақыттың талабына сай болуына ат салысып бақты. Жиында заң жобаларын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қорғаған болатын. Аида Ғалымқызының айтуынша, жаңа құжаттарда «Масс-медиа» ұғымы, онлайн-платформалармен қатар барлық интернет-ресурстарға қатысты талаптар қамтылып отыр. Олар ең бастысы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешеді. Ал, негізгі жаңалығына келер болсақ, құжаттарда алдымен БАҚ материалдарына үш жылдық ескіру мерзімі бекітілді. Бұл араға жылдар салып журналистердің кәсібіне, байланысты құқықтық жауапкершілікке тартатын жағдайларға тосқауыл қоятын болады. Екіншіден, журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап (ауызша, жазбаша, коментарий, ресми түсініктеме), оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгіленді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5-күнге қысқартылды. Бұл шешім ОБСЕ тарапынан да жақсы баға алып үлгерді. Үшіншіден, еліміздегі заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақсатында өзіміздің ресми отандық құрылғылар орнатуға арнайы субсидия қарастырылмақ. Яғни, бұл норма жазалау принципінен бастартып, керісінше осы бағыттағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асады. Төртіншіден, мемлекеттің ақпараттық тапсырысын тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі. Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады. Бесіншіден, журналистерді түрлі шараларға қатысуға аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасы Парламент қабырғасына кірген 5 айдың ішінде 20-дан астам отырыс өтіп, министрліктің, үкіметтік емес ұйымдар мен медиа-сарапшылардың қатысуымен 200ден аса толықтырулар енгізіліпті. Депутаттар заң жобаларын қызу талқылап, министрді де сұрақтың астына алды. Халық қалаулыларының сөзіне қарағанда жалпы жаңа құжаттың жағымды жаңалықтары аз емес. Соның бірі еліміздің тарихында бірінші рет, журналистердің жай-күйі, олардың құқықтары мен ар-ождан бостандықтарының сақталуы бойынша Мемлекет басшысына арнайы әзірленетін Ұлттық баяндама. Бұл заңмен шегеленді. Енді тек құжаттың ашықтығы мен шынайылығы қоғаммен бірге қамтамасыз етілуі қажет. Бұл Ұлттық баяндама Президентке кіретін журналистерге байланысты ең құнды ақпараттық құжат болуы тиіс. Сонымен қатар заң жобаларында мемлекеттік тілдегі контенттерді дамыту, шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздікті реттеу көзделді. Балалар басылымдарын қаржылай әрі материалдық тұрғыдан қолдауға бағытталған нормалар да осы құжаттар аясында қамтылды. Бұл әрине құптарлық мәселе. Өйткені, ұлттық рухты қалыптастыру үшін баланы тәрбиелеу керек. Сондықтан, балаға құйылған капитал, мемлекеттің жарқын болашағына салынған инвестиция екені даусыз. Қарсы пікірлер заң жобалары бойынша құрылған аккредиттеу құқығын беретін «Пресс-карта» ұғымына қатысты туындады. Атап айтқанда, депутаттар Айдос Сарым мен Жанарбек Әшімжан бұл талаптың Үкімет тарапынан жүйелі пысықталмаған әрі журналистердің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретін норма екенін мәлімдеді. – Пресс-картаны беруші болып мемлекеттік орган бекітілген. Сондай-ақ, «пресс-картаны» алу үшін 3 жылдық жұмыс өтілі міндеттеліпті. Бұл қалай, әріптестер?! Әрине, осындай шектеулері бар норма біздің тарапымыздан қолдау таппайтыны анық. Жұмыс тобының басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Қоғамда сауалдар аз емес. Оған қоса, бұл норма бойынша «Аманат» фракциясының да күдік күмәні бар. Сондықтан, біз екінші оқылымға дейін журналистер қауымын қанағаттандыратындай біржақты шешімге келеміз,– деді осы ретте Жанарбек Әшімжан. Министр бұл өлшемнің керісінше журналистердің қауіпсіздігін, жедел әрі шынайы ақпарат алуын, кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында көзделгенін айта келіп, алайда оны келесі оқылымға дейін талқылап, ортақ мәмілеге келуге дайын екендігін білдірді. Аида Ғалымқызы сонымен қатар қазақша контенттің үлесін 70 пайызға көтеруге қатысты да депутаттар ұсынысына қарсылық білдірмеді. Оның айтуынша, бұл өлшем де материалдардың сапасына қатысты қабылданған шешім. БАҚ-тың денін құрайтын жекеменшік нысандар үшін мемлекеттік тілде сапалы контент жасау қиындық тудыратындықтан осындай өлшем белгіленіпті. Осыны айтқан министр депутаттар талабын қайта қарауға келісім берді. Құжат бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымға пысықталуға жіберілді. Бұл отырыста депутаттар сонымен қатар бірқатар құжаттарды тұтастай мақұлдап Сенатқа жолдады. Олардың бірі депутаттардың бастамашылығымен дайындалған білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша түзетулерді қамтыған заң жобасы. Құжатты қорғаған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, онда негізгі үш бағыт бойынша стандарттар қарастырылыпты. Біріншісі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау. Бұл ретте 30 жылдан көп пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апаттылық қаупі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды. Яғни, терезелерді арнайы қауіпсіздік тетіктермен немесе құлыптармен қамтамасыз ету міндеттелді. Сондай-ақ әлеуметтік нысандармен, мектептермен және балабақшалармен қамтамасыз етіп алмай тұрып, көпқабатты үйлерді салуға тыйым салынбақ. Тағы бір жаңалық – 10 жастан асқан жетім балаларға әлеуметтенуге және өмір сүру жағдайларына бейімделуге мүмкіндік беретін жаңа тәлімгерлік институт енгізілмек. Құжатта арнайы тәлімгерге, оларды бақылауға, олардың жауапкершілігіне қатысты нақты әрі қатаң талаптар қарастырылды. Балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым-қатынас шартпен реттеледі. Келесі бағыт – білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейтуге қатысты. Заң жобасы аясында олардың басшылары бекітілген штаттық деңгейлер шегінде штаттық кестені өзгерту құқығын иеленбек. Мәселен, колледждер мен мектептер ақылы қызметтен түскен табыстарын сол ұйымды дамыту үшін жұмсай алады. Үшінші бағыт бойынша мемлекеттік мектептер мен колледждерді жеке меншікке беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында баланы кезекке қою және оны балабақшаға орналастыру, білім саласы қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бірыңғай ақпараттық бағдарлама аясында ғана жүзеге асырылатын болады.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


