Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріске ұшырған әлемде еліміз тыныштықтың ордасына айналып, әрбір қазақ баласы ашық аспан астында бейбіт өмір сүруде. Сондықтан, осынау алма-ғайып заманда берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек ете отырып, ортақ Отанымызды көркейту, Әділетті Қазақстанды құру – бәріміздің міндетіміз деп білемін. Сондай-ақ, заң және тәртіп, өзара түсіністік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекетте заң үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, еліміздің сот жүйесінде азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру бағытында жүйелі реформалар жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, сот қызметі толығымен ақпараттық технологиялармен жабдықталып, азаматтық процестегі судьяның белсенділігі артты, алқабилер соты қарайтын істер санаты кеңейтілді. Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекс қабылданып, «Түнгі сот», «Отбасылық сот» пилоттық жобалары сәтті жүзеге асырылды. Одан бөлек, медиацияны дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың орны бір төбе десек қателеспейміз. Ағымдағы жылы түркі мемлекеттері ұйымының X cаммиті өтті. Аталған іс-шарада мемлекет басшысы бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түсудің маңыздылығына тоқталып, сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өткен еді. Оның ішінде медиация да бар. Себебі, халқымыз қашанда «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», — деген аталы сөзбен-ақ тентегін тезге, желіккенін жөнге салып, ел арасындағы дау-жанжалды сыртқа шығармай шешіп отырған.
Елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, билер соты жаңғыртылып, тәжірибеге «медиатор», «медиация», «партисипативтік рәсім» ұғымдарының енгізілгеніне де он жылдан асты. Осы жылдар ішінде медиация дау-дамайды шешудегі тиімді құрал екенін көрсетіп үлгерді. Рухани қайта жаңғырған бүгінгі медиацияда тараптар медиаторды ерікті түрде таңдауға, тіпті, медиатордан бас тартуға, медиацияның кез келген сәтінде оған қатысудан бас тартуға, медиацияны жүргізуге жеке өзі немесе өкілеттіктері заңда белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхатқа негізделген өкілдері арқылы қатысуға құқылы. Бүгінде медиация отбасы дауларында, туған-туыс, көршілер арасындағы келіспеушіліктерде, еңбек дауларынан бөлек, тартысқа толы ірі экономикалық дауларда, қоршаған ортаны қорғаумен байланысты дауларды шешуде де тиімді қолданылып келеді. Әрине, мүліктік қатынастарды, инвестициялық дауларды бітістіру жолымен шешкен жөн. Бұл кәсіпкерлердің қаражаты мен уақытын үнемдеп, арадағы іскерлік әріптестік қарым-қатынасты сақтап қалары сөзсіз. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруда және татуласу рәсімімен таныстырып, дау-жанжалдарды сотқа дейін шешуде «Атамекен» Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының құқықтық қызмет орталығында ашылған татуласу қызметтерінің секторының үлесі зор. Аталаған орталық медиаторлардың шағын және орта бизнес субъектілеріне, кәсіпкерлер мен басқаларға құқықтық консультацялар беруге бағытталған.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2023 жылғы 11 айда 3949 талап қою түсіп, 3845-і қаралған. Оның ішінде медиациямен 368-і, бітімгершілікпен қысқартылғаны 167. Осылайша тараптар туындаған дау-жанжалды баламалы тәсілмен реттеуде уақыттарын үнемдеп, мемлекеттік баж салығы ауыртпалығынан босатылуда.
Қорыта айтқанда, «татулық бар жерде береке бар», — екенін бойға сіңіріп, естіп өскен ұлы халықтың ұрпағы болғандықтан, бірден ұрысқа емес, татулыққа үндеп, бабалардан мирас болған медиацияны өркендету – парызымыз болып қала береді.
АРЫСТАНБЕК БЕКБОЛАТОВ, Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы