Елімізде шұғыл түрде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң талаптарын қатаңдату керек. Әйелдерді ұрып-соғу ауыр қылмыс ретінде айқындалып, мұндай әрекет жасағандар өзінің лайықты жазасын алуы тиіс. Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіргені жайлы күдікке ілініп, қамауға алынуы қоғам белсенділерін, тәуелсіз құқық қорғаушыларды, заңгерлерді осындай ұстаным төңірегіне біріктіріп отыр.
Естеріңізге сала кетсек, бүкіл қазақстандықтарға жаға ұстатқан бұл оқиға өткен бейсенбі, яғни 9 қарашада Астанадағы «Бау» мейрамханасында болған. Экс-шенеунік өзінің үшінші әйелі Салтанат Нүкенованы есінен тандыра ұрып, өлім халіне жеткізген. Сенімді ақпарат көздерінен түсіп жатқан ақпаратқа қарағанда, Бишімбаевтың бұл әрекетке қасақана барғаны байқалады. Өз кінәсін түсініп, көмектесуге ұмтылуы былай тұрсын, жан түршіктірер салқынқандылықпен уақытты созып, қылмысының қанды ізін жасыруға тырысып баққан. Осылайша таңғы 7-де соққыдан құлаған Салтанат Нүкенова 12 сағат бойы қиналып жатып, ажал құшқан. Бишімбаев әйелін өлтіргендігі бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды. Бұл экс-шенеуніктің осымен екінші рет тұтқындалып, қоғамнан оқшаулануы. Оның енді осы жолы өз кінәсін мойындамай, жазадан құтылмасы анық. Естеріңізге сала кетсек, Қуандық Бишімбаев 2016 жылғы мамырдан желтоқсанға дейін Ұлттық экономика министрі болған еді. Ол үкіметтегі ең жас басшылардың бірі саналды. 2018 жылдың наурыз айында Қуандық Уәлиханұлы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны 346 миллион теңге көлемінде пара алғаны және 1,2 миллиард теңге бюджет қаражатын ұрлағаны үшін кінәлі деп тапты. Экс-министр өз кінәсін мойындамады. Ол мұндай жағдайға тап болғаны үшін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бірнеше рет кешірім сұрады. Соның нәтижесі болса керек, 2019 жылдың қазан айында экс-министр шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Бишімбаевтың өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін және Қазақстан президентінен кешірім сұрағанын мәлімдеді. 2019 жылдың ақпан айында оның өтініші қанағаттандырылды. Бишімбаевтың жазасының өтелмеген қалған мерзімі пробациялық бақылауда болатыны жайлы айтылған еді. Алайда, бұл оқиға оған сабақ болмай, керісінше ауыр жазадан оңай құтылу Бишімбаевты тәубесінен жаңылтқан секілді. Оның әйелін қатыгездікпен өлтіруі жаза жойылған жерде жауыздықтың етек алатынының айқын мысалы болып отыр. Бір шер он шерді қозғайды демекші, Салтанат Нүкенованың мезгілсіз ажалы қоғамды дүр сілкіндіріп, Бишімбаевты бұрынғы қылмысы үшін уақытынан бұрын босатқан билікті сын садағына алдырды. Әсіресе, әлеуметтік желілерде оған ең қатал жаза қолданылуы қажеттігі жайлы талаптар көптеп жариялануда. Тиран күйеулерге қатысты қолданылатын заңнама талаптарының әлсіздігіне базына да айтылып жатыр. Мәселен, адвокат Жанна Мұхамади өзінің фейсбуктегі парақшасында Қазақстанда әйелдерді әдейі ұрып-соққаны үшін тек ескерту жасалатынын, біздің елде тіпті әйелдерді өлтіргені үшін 1,5 жыл беретініне наразылығын білдірді. Расында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстандыру мәселесі жыл сайын талқыланса да оған әлі қол жетпей келе жатқаны белгілі. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Қылмыстық кодекстен тұрмыстық зорлық-зомбылық ұғымы жойылып, «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «Соққыға жығу» баптары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылды. 2023 жылдың 19 мамырынан бастап Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Көріп отырғанымыздай, бұл шаралар зорлықшыл күйеулерді тәубесіне келтірген жоқ. Керісінше, олардың не істесе де жазасыз қалатындығына сенімін күшейтіп, зорлық-зомбылыққа бұрынғыдан да бейім етіп бара жатқандай. Өйткені, елімізде мұндай оқиғалар саны күн өткен сайын арта түсуде. Мәселен, полицияға жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан астам шағым тіркеліпті. Бірақ олардың 60 пайызында жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқандықтан құзырлы орын тиісті шара қолдана алмаған. 2022 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 115 мыңнан астам қоңырау түссе, 2020 жылғы пандемия кезінде 180 мыңға жуық қазақстандық ұқсас фактілер бойынша жүгінген екен. Бірақ бұл цифрлардың өзі елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың толық көрінісін көрсетпейді. Бұған әрине заңның солқылдақ талаптары ықпал етіп отырғаны анық. Мұны заң шығару ұйымдарының өкілдері де жоққа шығармайды. Олар Бишімбаев оқиғасынан кейін заң талаптарына қатысты ойларын батыл айтып, нақты ұсыныстарын беруде. Солардың бірі мәжілісмен Асхат Аймағамбетов жуырда өткен заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында әйелдерді жүйелі түрде ұрып-соғуды қылмыстандыруды, ал бір реттік ұрып-соғуды Әкімшілік кодекс аясында жауапкершілікке тартуды ұсыныпты. Оның әріптесі Динара Шүкіжанова да тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты «заңдарды батыл қатайту қажеттігін» мәлімдеуде. Мәжілісмен бұл орайда зорлық-зомбылық оқиғалары жол бермейтіндей жиілеп бара жатқанын, мұның Бишімбаевтың отбасына да қатысы барын айтып отыр. Өкінішке қарай, Ішкі істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты өз ұстанымын білдіріп, тиісті мәлімдемесін жасамады. Біздіңше бұл оқиға тек заң талаптарын күшейтіп қана қоймай, тәрбие мәселесіне де айрықша маңыз беру кажеттігін көрсетті. Өйткені, зорлық-зомбылық білімді азаматтар тарапынан да орын алуда. Қуандық Бишімбаевтың «Болашақ» стипендиясы түлегі екенін, білімді, білікті, іскер маман мансап баспалдақтарымен оңай өскенін ескерсек, адамның қабілет-қарымы оның адамгершілік, ақыл-парасат деңгейінің өлшемі бола алмайтынын көрсетеді. Қоғамда мұның мысалдары жеткілікті. Біздегі жемқорлық бойынша жасалып жатқан қылмыстар да ізгіліктің кемшіндігінен орын алып жатқан әрекеттер. Осының бәрі білім беру ісінде тәрбиенің ұмыт қалып, немесе екінші орынға ысырылып қалуының зардабын көрсетсе керек. Әл-Фарабидің айтқан тәрбиесіз берілген білімнің қауіпті екенін айғақтап, оқу-білім ісінде Ахмет Байтұрсынов өсиет еткен Ар білімінің бірінші орында тұруының өзектілігін ұқтырса керек.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


