1983 жылы Дэвид Чаумның «Бақыланбайтын төлемдер үшін соқыр қолтаңбалар» атты зерттеу жұмысы цифрлық валюта идеясын әлемге паш етті. Міне, 40 жылдан кейін бұл идеяны бүкіл адамзат іске асырып жатыр. Соңғы төрт жылда Орталық банктік цифрлық валютаға (ОБЦВ) деген көпшілік қызығушылығы күрт өсті. Егер 2020 жылы ОБЦВ-ны тек 37 мемлекет зерттеген болса, қазіргі уақытта әлемдік ЖІӨ-нің 98%-ын құрайтын 130 мемлекет ОБЦВ құру мүмкіндігін қарастыруда.
Қазақстан осы қатарға 2021 жылы келіп қосылды. Жол картасы бойынша енді 2025 жылға дейін өзіміздің цифрлық теңгемізді (ЦТ) енгізбекпіз. ЦТ елге игілікті бола ма әлде оның болашағы бұлыңғыр ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Жалпы, цифрлық теңге кәдімгі заңды төлем құралы ретінде қабылданады және классикалық ақшаның барлық функциясын атқарады. Цифрлық теңге іске қосылса да, қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалар Қазақстанда айналымда қала береді, ал цифрлық валюта олармен қатар жүреді. Төлем тұрғысынан алып қарағанда, бұнда үйреншікті алыс-берістен бөлек жаңашылдық та бар. Ол – офлайн төлем жүйесі. Яғни, интернетке қосылмаған мобильді телефонмен де төлем жасауға мүмкіндік бар. «Офлайн режимінде сатып алу» схемасының онлайн режимінде сатып алудан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Алайда сатушы мен сатып алушы арасындағы транзакция біткен соң, төлемді аяқтау үшін, желіге олардың ең болмағанда біреуін қосу талап етіледі. Осы сәтте синхрондау орындалады: токендерді тексеру және транзакцияны тізілімге жазу жүргізіледі. Яғни сізге офлайн түскен ақшаны жарату үшін, кемі бір рет интернетке қосылуыңыз керек. Осы тұста ЦТ қатысты бірінші мәселе интернетсіз төлемге байланысты туындайды. Өйткені Ұлттық банк биометриялық деректер (саусақ таңбасы, көз қарашығы) арқылы төлем жүргізу жоспарын дайындап, сынақтан өткізіп жатыр. Саусақ таңбасымен төлем жасау қауіпті емес пе? Ұлттық банк төлемдерді жүргізудің әртүрлі сценарийлерін тестілеуді пилоттық жоба шеңберінде жүргізіп жатыр. Қаралымда қарапайым ұялы телефон, төлем карточкалары немесе басқа да төлем құралдарын пайдалану мүмкіндігі қаралуда. Сондай-ақ қолма-қол ақшаға жатпайтын «арнайы ақша» арқылы ЦТ-ны пайдалануға болады деп болжанады. Тіпті ЦТ офлайн режимде де, яғни интернетке қол жеткізусіз: POS-терминалдар, QR-кодтар, биометриялық деректер (саусақ таңбасы, көз қарашығы) арқылы төлем жүргізудің өзге арналары зерттелуде. Уысыңдағы ақшаны бармағыңның басымен басқару тиімділігі де бар. Биометриялық деректермен төлем ыңғайлылығын бұған дейінгі шетел кейстері дәлелдеп жүр. Мысалы, Мәскеуде Face Pay (бет әлпетті тану жүйесі) арқылы метро билетін төлеу технологиясы 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Технологияны пайдалану үшін «Мәскеу метро» қосымшасын жүктеп, онда Face Pay бөлімінде бетіңізді суретке түсіріп, банк картасын байланыстыру керек. Осыдан кейін жолаушыға өзімен бірге карта немесе қолма-қол ақша алып жүру қажеттілігі тумайды. Тек турникеттегі арнайы камераға жақындаса болғаны, жол ақысы бірден төленіп, діттеген жерге жете алады. Биометриялық деректерді қолдану Қазақстанда жаңашылдық емес. Дегенмен бұл технология тек құжаттар үшін, жұмысшыларды басқару менеджменті үшін ғана қолданылып келеді, әзірге төлем операциясын орындауға қатысты жобалар жоқ. ЦТ соған мүмкіндік ашпақ. Дегенмен таяқтың екінші ұшында тұрған қауіпсіздік мәселесін де ұмытпау керек. Биометриялық деректер қорының бұзылуы, орын алуы мүмкін ең нашар нәрсе. Егер адам өзінің биометриялық деректерін жүйеге сеніп тапсырса және бұл жүйе оның сенімін ақтамаса, онда адамның цифрлық болашақтағы өмірі толық бұзылады. Өйткені сіздің биометрияға иелік еткен үшінші тұлға банк картаңыздағы PIN кодтан бастап, төлқұжат, тіпті фамилияға дейін өзгерте алады. Ұлттық банк цифрлық теңгені айналымға енгізу барысында G7 (Ең дамыған жеті ел саммиті) әзірлеген халықаралық қағидаттарды ескеретінін және осы жауапкершілікті мойнына алатынын жеткізіп отыр. G7 қағидаттары ішінде деректерді қорғау, операциялық орнықтылық және киберқауіпсіздік бар. Яғни қауіпсіздіктің кепілі банктің өзі болмақ. Дегенмен толыққанды реттеуші заңдық жоба құру пилоттық жоба шеңберінде кейін қаралатын соңғы мәселелердің бірі болып табылады екен. Осы тұста IT-маман Абай Серғазиев биометриялық деректерді ұрлау және теріс мақсатта пайдалану қаупі басты мәселе болғандықтан, қазірден бастап кейінге қалдырмай қолға алу керектігін жеткізіп отыр. «Деректердің қауіпсіздігі маңызды аспект болып қала береді. Егер олар жеткілікті түрде қауіпсіз болмаса, пайдаланушылар үшін елеулі проблемалар тудыруы мүмкін. Биометриялық деректерді жинау және сақтау құпиялылық пен бақылауға қатысты өте сақ болу керек. Анық келісімнің болмауы немесе биометриялық төлем пайдалануды дұрыс реттелмеуі, ықтимал кейбір кибер қылмыстарға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл іске айрықша назар аудару керек», – дейді маман. Цифрлық теңге халықты қадағалайтын құрал ма? Цифрлық валюта (ЦВ) пайдаланушыларының қадағалануы АҚШ-та басталатын президенттік сайлау науқанындағы негізгі мәселелердің біріне айналған. Рональд Дион Десантис АҚШ Президенттігіне өзінің кандидатурасын жариялады және осы жағдайда бүкіл Америкада ЦВ-ға тыйым салуға шақырып, бұл «американдықтарды қадағалау және олардың мінез-құлқын бақылау» құралы екенін айтып жүр. АҚШ президенттігіне тағы бір үміткер – кіші Роберт Кеннеди ЦВ «қаржылық құлдық пен саяси тиранияның тайғақ беткейін майлауы мүмкін» дейді. Осы тұста цифрлық теңге де бағдарламаланатын токен екенін еске сала кетейік. Мұндай функциялар қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Мысалы, әлеуметтік төлем ЦТ-сына дүкеннен нан сатып алғаныңызбен, киноға бара алмауыңыз мүмкін. Өйткені ЦТ бағдарламаланған және оған ештеңе жасай алмайсыз. Десе де, Ұлттық банк ЦТ-ны пайдалану бірінші кезекте заң шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз ететінін, ЦТ инфрақұрылымында төлемдердің «анонимділігін» қамтамасыз ету мақсатында тиісті шешімдер көзделетінін жеткізді. Дегенмен реттеуші орган алаяқтыққа, ақша қаражатының заңсыз айналымына және заңсыз қызметті қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау үшін азаматтардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін тәсілдер пайдаланатынын ескертті. Ал конфиденциалдылықты қорғау жөніндегі жан-жақты технологиялық шешімдер пилоттық жоба кезінде пысықталмақ. Бірақ Ұлттық банк ЦТ арқылы транзакцияларды қадағалау сыбайлас жемқорлықты, көлеңкелі экономиканы азайту және т.б идеясын іске асыру бойынша ұсыныста бар екен жеткізді. Бұл турасында қаржы, биржа, макроэкономика сарапшысы Айбар Олжай келесідей пікір білдірді. «Цифрлық теңге – бағдарламаланатын токен. ЦТ-ның банктен шыққаннан бастап, осыған дейін кімнің әмиянында болғаны жайлы ақпарат сақталады. Әрине, егер «жаппай» ЦТ-ге өтетін болсақ, көлеңкелі экономиканы да, жемқорлықты да ауыздықтауға мүмкіндік ашылады.
Мысалы, бар болғаны үш айда жемқорлықты құртуға болады. Сондықтан ЦТ-ға үміт көп», – дейді сарапшы. Әрине, ҰБ мәлімдесі мен сарапшы пікірі техникалық тұрғыдан мүмкін нәрсе болғанымен, аталған мәселе әлі де пысықталмақ. Өйткені жоғарыда айтылған пайдаланушы анонимділігі мен бұл ұсыныс әзірге бір-біріне кереғар. Сондықтан өгіз де өлмейтіндей, арба да сынбайтындай шешім керек. Пилоттық жобаның бюджетке түсірер ауыртпалығы қандай? Еске сала кетсек, ҰБ қамқорлығымен бөлшек саудаға арналған бірде-бір жоба сәтті аяқталған емес. Мысалы, НПЦ-2003 (шығындар 1,6 млрд теңге) ақша аяқталғаннан кейін тоқтап қалды, Е-теңге (2011) – әрең жұмыс істеді және өз-өзінен жоқ болды. Бұл жолғы ҰБ шығаратын ЦТ жобасы сәтті болуы жайлы сауалдың туындауы орынды. Дегенмен ҰБ қатысуымен цифрлық теңге инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша көптеген бастамашыл жобалар жұмыс істеуде. Оның үстіне барлық тараптардың мүдделері ескеріліп отыр.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, жобаны іске асыру барысында түпкілікті тұтынушыларды, финтех-компанияларды, екінші деңгейлі банктерді экономиканың басқа салаларындағы компанияларды қоса алғанда, түрлі салаларға қатысушылардың барынша көп саны тартылып отыр. Сондықтан жоба аяқсыз қалуы екіталай. Десе де, пилоттық жобаның шығыстары айқындалып жатқан көрінеді. Оның себебін пилоттық жоба ақша-кредит саясатына және қаржылық тұрақтылыққа әсер ететін әдіснамалық зерттеулер, операциялық және технологиялық тәуекелдерді бағалауға арналған технологиялық эксперименттер, сондай-ақ қажетті реттеуші тәсілдерді бағалаудан тұратын бірнеше жұмыс блоктарын әлі де болса «екшеу керекке» тақалады екен. Сондықтан да пилоттық жобаға жұмсалатын бюджетті нақты бағалау мүмкін емес көрінеді… Цифрлық теңге жайын әлі де біраз уақыт қаузауға болады. Дегенмен не асып, не жасып кетерімізді құзырлы органдардың жұмыс нәтижесі көрсетпек. Әсіресе, қауіпсіздік жайы күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала бермек. Түйткілге қатысты тұщымды шешім ЦТ болашағын айқындайтыны анық.
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


