Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істей бастаған кезең ішінде «көмекшілер» атты тұтас институт қалыптасты. Бұл адамдар бейресми, арнайы бекітілген құзыретсіз құжаттарды рәсімдеуге, қызмет алуға көмегін ұсынады.
Егер аталған қызметтердің ақысы орынды болып, білікті көмек көрсетілсе, онда тек қолдау қажеттігі сөзсіз. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсетіп отырғандай, көмекшілердің алаяқтығы, сыбайластық пен қылмыс жасайтындығының сыртында, басқа азаматтардың жеке мәліметін ұрлау қаупі бар. Нарықта белгілі деңгейде сұранысқа ие болып отырған «көмекшілердің» азаматтардың асығыстығын, заңнан хабарсыздығын, сауатсыздығын пайдаланып, тақырға отырғызып кетіп жатқан жағдайлар аз емес. Бұл жөніндегі бұқаралық ақпарат құралдарында да айтылып жатыр. Енді осы көмекшілер ресми мәртебе алмақ. Бұл олардың өздеріне жүктелген қызметті кәсіби тұрғыда атқаруды жолға қойып, жауапкершілігін арттырумен қатар, төлемақыларының ашықтығын қамтамасыз етеді деген үміт бар. Мұндай жаңашылдықтар Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын талқылау кезінде белгілі болды. Жаңа құжат депутаттардың бастамасымен дайындалып, аталмыш талапты депутаттар қосқан екен. Баяндама жасаған депутат Данабек Исабековтың айтуынша, заң жобасының мақсаты мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын жетілдіру. Сол үшін мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін және дербес деректерге қолжетімділігі бар мемлекеттік корпорация қызметкерлерін мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестіру көзделді. Баяндамашының айтуынша, бұл түзетулер мемлекеттік корпорация қызметкерлері тарапынан дербес деректерді теріс пайдалану мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Қолданыстағы заңнамада көзделген құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда, мемлекеттік корпорацияның осы қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілгендерге теңестірілген тұлға ретінде жауапты болады. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұғымы бұл ұйымнан қызмет бағыттарына нұсқауларды алып тастау жолымен оңтайландырылмақ. Бұл бірыңғай провайдер арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін ұлғайту арқылы үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал, заң жобасындағы тағы бір норма мемлекеттік корпорацияға ақпараттық жүйе шеңберінде өтініштерді қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру арқылы азаматтарға әкімшілік органдарға жүгінуге, жауап алуға, сондай-ақ өтініштерді қарау сапасын бақылауға мүмкіндік беретін пилоттық режимде тексерілген жүйені («Е-өтініш») пайдалануды заңнамалық тұрғыдан бекітеді. Депутаттардың сауалына орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Сүйеніш Әбілдиннің айтуынша, көмекшілер институтына қатысты берілген ұсыныс негізді. Қаралып отырған заң аясында ол ақылы сервистік қызмет ретінде айқындалып, оның ашықтығы, сапалы жүзеге асуы, төлемақысының негізділігі қамтамасыз етіледі. Түскен қаржы корпорацияның материалдық-техникалық базасын нығайтып, қызметкерлердің жалақысын көбейтуге жұмсалатын болады. Депутаттар осы заң жобасы аясында мемлекеттік корпорация функцияларының бәсекелестік ортаға ауысу мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылық білдірген еді. Олардың айтуынша, заң жобасындағы нормалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктерде қолданылмайды. Бұл жағдай қызмет сапасына көлеңке түсіруі мүмкін. Әбілдин мырза бұл орайда мемлекеттік копорация бірыңғай провайдер болғанымен, мемлекеттік қызметті азаматтар EGOV порталы, банктердің қосымшасы арқылы да алуға мүмкіндігі барлығын айтты. Қазіргі таңда Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алатын қызметтер 20 пайыздан артық емес. Сондықтан корпорация қазірдің өзінде арнайы құқық нысаны емес. Екіншіден, мемлекеттік қызмет жеке субъектілерге көшуі үшін олардың техникалық құралдары дұрыс болуы керек. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызметтердің сапасы, қолжетімділігі артады. Қазіргі уақытта серпінді жоба ретінде «Казпошта» арқылы ауылдық жерлерде мемлекеттік қызмет көрсетілуде. Осының бәрі халқымызға мемлекеттік қызметтердің көрсетілуін жеделдетеді. Депутаттарды алаңдатқан тағы бір мәселе – жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты болды. Корпорация басшысы енді тек биометриялық идентификациядан өткендер ғана қызмет алу мүмкіндігін иеленетінін жеткізді. Бұл жеке секторға да қатысты. Мұның бәрі дербес мәліметтердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ететін тетік болады деген үміт бар. Жиында арнайы сөз алған депутат Мұрат Әбенов бұл пікірді жоққа шығарды. Ол тіпті қаралып отырған құжаттың мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға емес, керісінше онда байқалып отырған сыбайлас жемқорлықты арттыра түсетінін айтып дабыл қақты. Әсіресе, азаматтардың жеке деректерінің теріс ойлы адамдарға қолжетімді болуы алаңдатарлық жағдай. Расында бүгінде арнайы шетелдік боттар арқылы кез келген азаматтың толық ақпаратын табуға болатыны жаңалық емес. Бұл орайда депутаттың сөзінің шындығына ешкім де еш шүба келтіре алмайды. – Сіздер әлеуметтік желіде отырып, барлық деректеріңізді жариялаған шығарсыздар деп кінәлайсыздар. Бірақ бұл ұшқары пікір. Өзімізді өзіміз алдауға болмайды. Қазір ғаламторда кім қай кезде, қандай пәтер алды, туысқандары қайда тұрады, қандай көлік алды, тіпті, уақытша қай жерден пәтер жалдады, қысқасы, барлық ақпарат тұр. Кеше бір таныс «электронды үкіметпен телефонды өзгерте қойып едім, бір аптадан кейін жаңа телефоныма алаяқтар хабарласып жатыр» деді. Заң осындайларға тосқауыл қою керек. Бірақ, менің ойымша, бұл құжат біржақты болып кеткен. Осы салада қызмет атқаратын азаматтардың әлеуметтік жағдайы, олардың статусы, тіпті оларға қарсы әрекет жасауды мемлекеттік қарсы әрекет жасауға теңестірейік деп, бөлек шығарып, Еңбек кодексінде мемлекеттік корпорацияда қызмет ететіндерге ерекше мәртебе әперіп жатырсыздар. Мұндай дәреже мұғалімдерде, дәрігерлерде жоқ. Негізінде олардың жауапкершілігін арттыру керек еді. Өйткені, қызмет сапасы өте төмен. Берілген өтініш бір-біріне жолданып, айлап орындалмайды. Құзырлы орын басшылары мұны қателік ретінде мойындап, жоюға құлық танытпайды, сотқа беріңдер дейді. Сондықтан бұл заң арқылы олардың мәртебесімен қатар, жауапкершілігін де күшейту керек, – деген еді. Сонымен қатар, Әбенов мырза көмекшілерге қатысты ұстанымын да ортаға салды. Депутаттың айтуынша, бұл норма қабылданса, құжаттарды дайындау ісін әдейі қиындатып, солардың көмегіне жүгінуге мәжбүрлеу артады. Олардың қызметін заңдастыру арқылы корпорация тек пайда табудың соңына түседі. Жалпы, жауапкершілігі көп, пайдасы аз жұмыстарды бизнес ортаға беруге ұмтылыс бар. Осының бәрін ашына жеткізген Әбенов заң жобасын бұл күйінде қолдамайтынын мәлімдеді. Құжат екінші оқылымда жан-жақты пысықталып, толыққанды заңға айналуы керек. Өйткені, оған қайта соғу қиын болады да, мұның зардабын қарапайым халық тартады. Депутаттың бұл ойымен келіспеске шара жоқ. Жалпы заң жобаларының асығыс дайындалуы, халық мүддесінің толыққанды ескерілмеуі жиі байқалады. Мұндайда депутаттық корпустың тегеурінділігі қажет-ақ.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


