Ел дамуының берік негізі заңдардың сапасымен айқындалады. Бұл орайда қоғамдық қатынастарды реттеп, қоғамда туындаған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді дер кезінде тиімді шешіп, болашаққа тұғыр болар құжаттарды дер кезінде талапқа сай сараптамадан өткізудің маңызы зор. Бүгінде осы шараның белгілі деңгейде жүріп жатқаны байқалады.
Мәселен, биыл Әділет министрлігі жүргізетін заң сараптамасына мемлекеттік органдар әзірлеген 55 (2022 ж. — 46) заң жобасы келіп түсіп, олардың жартысы қайта пысықтауға қайтарылыпты. Мұндай шаралар Үкіметтің әртүрлі жағдайларға жедел әрекет етуіне ықпал етіп, қабылданған шешімдер үшін нақты бір мемлекеттік органның жауапкершілігін арттыруды қамтамасыз ететіні сөзсіз. Бұл жөнінде Әділет қызметкерлерінің төл мерекесіне орай өткізілген брифингте белгілі болды. Онда баяндама жасаған Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, әділет органдарының жұмысында оң нәтиже көп. Олардың дені Үкіметтің заңнамалық бастамаларына сәйкес мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмысын үйлестіруден көрініс табуда. Биылғы жылы 28 заң жобасын әзірлеу көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артық. Қазіргі таңда 17 заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда, тағы екеуі айдың соңына дейін енгізіледі. Одан бөлек 3 заң жобасы мемлекеттік органдарда және 6 заң жобасы Президент Әкімшілігі мен Үкімет қарауында жатыр. Әділет министрлігі Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру, Әкімшілік әділет саласын жетілдіру мен кеңейту мәселелері және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 3 заң жобасын әзірлепті. Депутаттық корпус статистика, байланыс, цифрландыру, орман шаруашылығы, селекциялық жетістіктер және тұқым шаруашылығы, ұлттық қордан балаларға төлем төлеу, онлайн жарнама, кәсіподақтар, заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару, білім, күзет қызметі, ғылым және технологиялық саясат, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы және салықтық төлемдер сияқты 33 заң жобасына бастамашылық жасады. Бұл былтырғыдан 20 заңға артық. Бүгінгі таңда аталған заң жобаларының 8-іне қол қойылды. Министр осы орайда ҚР Президентінің «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында биыл қабылданған «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы» заң және оған сәйкес ілеспе заңдарда қамтылған мәселелерге айрықша тоқталды.
Есқараев мырзаның айтуынша, бұл құжаттың негізгі мақсаты – ел ішінде және шетелдегі заңсыз алынған активтерді қайтару параметрлерін анықтау. Заңның нормалары да заңсыз активтерді иемденуге және оны шетке шығаруға мүмкіндік беретін тетіктерді жоюға бағытталған. Активтерді қайтару жөніндегі шаралар тізбесі заңда белгіленетін жоғарыда аталған субъектілермен үлестес тұлғаларға да (мысалы, жақын туыстары, осы тұлғалардың мүлкін номиналды иеленетін тұлғалар және басқалар) қолданылады. Осылайша, заң ірі сыбайлас жемқорлыққа, республикалық және жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билік ресурстары субъектілермен біріктірілген олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шараларды қамтиды. Заңда активтерді қайтарудың ерікті де, мәжбүрлі де тәртібі көзделген. Бұл ретте қылмыстық процесс шеңберінде және соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде заңсыз иемденген активтерді тәркілеу мүмкіндіктері сақталады. Сонымен қатар әдістердің бірін таңдау істің сипаты мен жағдайларына байланысты жүзеге асырылмақ. Құзырлы орын нормативтік-құқықтық актілерге, Мемлекет басшысы мен Үкімет актілерінің жобаларына, сондай-ақ халықаралық актілердің жобаларына да жүйелі түрде сараптама жасап келеді. Бүгінгі таңда 3500 нормативтік құқықтық акт тіркелді. Заң сараптамасы Президент Жарлықтарының 142 жобасына, Үкімет қаулыларының 1106 жобасына, Премьер-Министр өкімдерінің 120 жобасына, Еуразиялық экономикалық одақ органдары актілерінің 785 жобасына, сондай-ақ өзге де халықаралық келісімшарттардың 339 жобасы жан-жақты зерделеніпті. Сондай-ақ, Әділет министрлігі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша ел азаматтарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және осы салаларға инновацияларды енгізу шарасына басымдық беріп отыр. Соның арқасында көптеген процедуралар жеңілдетіліп, қазақстандықтар оларды қарапайым смартфон арқылы алуда. Мәселен, жыл басынан бері 10,1 млн мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 9 455 миллионы немесе 93,1 пайызы электронды форматта жүзеге асты. Осы орайда «Жылжымайтын мүлік тізілімі» мемлекеттік дерекқорын және Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін біріктіру жолымен Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесін енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл халықтың уақытын және қаржылық шығынын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Сол секілді биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 1,3 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 1,2 млн немесе 97 пайызы электрондық форматта беріліпті. Осы уақыт ішінде апостиль қойылған 60542 құжаттың 6426-сы да «Электрондық үкімет» порталы арқылы өткен. Ал, заң қызметін ұйымдастыру және лицензиялау бойынша елдегі 4705 нотариустың 248-іне лицензия беріліп, түрлі себептермен 16 лицензияның қолданысы мүлде, 76-сының лицензиясы уақытша тоқтатылса,16-сы лицензиясынан айырылды. 132 нотариус тәртіптік жауапкершілікке және 62 нотариус әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 5997 адвокаттың 288-іне лицензия беріліп, 25 адвокаттың заңға қайшы әрекеті арнайы қаралды. Жалпы, 2023 жылға арналған қаржыландыру жоспары бойынша тегін заң көмегін көрсетуге республикалық бюджеттен 2 млрд 719 млн 506 мың теңге бөлінді. Соның арқасында 116 427 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген. Құзырлы орын қызметінің бір бағыты сот актілерін орындау болса, бұл тұрғыдағы көрскеткіштің айтары көп. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша республикада 263 мемлекеттік және 2111 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Олар жалпы сомасы 20 трлн теңгеге жуық сомаға 7,2 миллион атқарушылық өндіру ісін жүргізіпті. Бүгінгі күні шамамен 2 трлн 807 млрд теңге сомаға атқарушылық өндірудің 40 пайызы орындалды. Аталмыш соманың қомақты бөлігін алимент өндіруге арналған құжаттар құрайды. – Бұл процесс бала кәмелетке толғанға дейін созылатынын естен шығармау керек. Орындалып жатқан өндірудің үлесінен 13 316 құжат проблемалық өндіру болса, 6072 құжат бойынша қарыз мүлде өтелмеген. Мәселен, 2023 жылдың 6 айында алимент төлеу бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 2861 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 7219 борышкерге елден шығуға уақытша тыйым салынды. Алимент өндіру бойынша барлық проблемалық атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушылар мәжбүрлеу шараларын қолданады. Кейбір жағдайда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіру қиынға соғады. Осыған орай, облыстық әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесе отырып, борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп тұрады. Оның айтуынша, 2023 жылдың 8 айында республика бойынша 2101 борышкер жұмысқа орналастырылыпты, – деді министр. Құзырлы орын үшін өзекті мәселе сот сараптамалары орталығының аумақтық бөлімшелерінде туындап отыр екен. Бұл жұмыстың ауқымы 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2,4 пайызға кем. Сол секілді сот-медициналық сараптамасы да 2022 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға аз. Министр бұған орталық филиалдар ғимаратының 90 пайызы сот-медициналық сараптама талабына сәйкес келмейтінін алға тартты. Олар түгел дерлік апатты жағдайда тұр десе де болады. Мысалы, Алматыдағы филиал ғимараты 1915 жылы, Шымкентте – 1962 жылы, Шығыс Қазақстан облысында – 1953 жылы, Қарағандыда – 1952 жылы, Қызылордада 1967 жылы салыныпты. Министрдің айтуынша құзырлы орын бұл мәселені шешудің барлық мүмкіндігін жасауда. Қазіргі таңда 20 филиалдың талапқа сай болуы үшін жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл тетігі жасалыпты. Бірақ бұл тым аз.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


