12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ – ТІЛІНДЕ

«2024 жылдан бастап заңдарды қазақ тілінде жазу міндетеледі» деген тақырып бұған дейін де қоғам назарында қызу талқыға түскен. Естеріңізде болса, сол тұста Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің мәлімдемесі де жарық көрген. Онда А. Көлгінов еліміз егемендігін алғалы бері Мәжіліс депутаттары 3,5 мың заң қабылдағанын және аталған нормативтік құқықтық құжаттар мағынасының өзара сәйкестігін тексеру 2023 жылдың екінші тоқсанында басталатынын жеткізген. Премьер-Министрдің орынбасары өз сөзінде: «Бұл ретте «артық регламенттеуді болдырмау» мәніне ревизия жүргізу көзделмеген НҚА (жекелеген заңдар мен заңға тәуелді актілер) олардың жобалары мемлекеттік органдардың норма шығару қызметі барысында лингвистикалық сараптамаға түскен кезде қаралады. Аталған шара мемлекеттік тілдегі НҚА мәтіндері мазмұнының сапасын арттыруға ықпал етеді», – делінген.

Рас, көптен күткен және көп айтылғанымен нәтижесіз болған бұл мәселенің де үкімет тарапынан қолға алынып, тамырына қан жүгіргені құптарлық болды деп қуанып қалдық. Себебі, «бұған дейін Мәжіліс депутаттары 32 жыл ішінде елімізде 3,5 мың заң қабылданғанын айтқан. Оның барлығы орыс тілінде жазылған (Egemen.kz)». «Өлген тірілді, өшкен жанды» деп бөркімізді аспанға атпасақ та, «Ештен кеш жақсы» ғой, сеңнің сөгілгені жақсы болды деп көңілге жылу ұялай бастады. Бірақ ҚР «Тіл туралы» заңының 5-бабын алып тастамайынша қазақ тілінің көші түбегейлі түзеледі дегенге сену қиын. Енді ше, оған себеп те жоқ емес. Осыған дейін тек «Тілдер туралы» және «Көші-қон туралы» екі заңның ғана қазақ тілінде дайындалғанын көзіқарақты мамандар мен көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың бәрі біледі. Оның өзінде орыс тілдің ана тілімізбен тең қолданылатыны тайға таңба басқандай жазылған. Халықтың барын түгендеп, жоғын жоқтаған әр қазақтың пікір білдіріп, БАҚ беттерінде үн қатқан бір тақырыбы болса онда ол – сөз жоқ, қазақ тілі екені ақиқат. ҚР «Тіл туралы» заңы қазақ тілінің бір тынысын ашқанын да айта кету абзал. Егемендік алған алғашқы жылдары алыс ауылдардан Алматыға студент болып жаңадан келген өз қатарластарымның адасып кетсе көше сұрауға, қажет болса кездескен жаннан сағат сұрауға керек болады деп орысша тіл сындырған кездері артта қалды. Тәуелсіз елде қазақ тілін тірек еткен еркін ұрпақ қалыптасты. Сәйкесінше ел іргесі бекіп, арқасы кеңіген тұстан бастап қазақ тілді аудиторияның мүмкіндігі кеңейді. Бұл ретте «Ана тілі» газетінде «Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң керек» (20 Қыркүйек, 2018 жыл. anatili.kazgazeta.kz) деген мақала жазған Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бектұр Төлеуғалиев пен Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Әділет Қабылов былай дейді: «Еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тұңғыш рет атап көрсетіліп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. ҚР Конституциясының 7-бабында да: «Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Сөйтіп қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталған болатын. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өмірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені рас. Ең бастысы – ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Ендігі жерде қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенмен, аз да болса оң өзгерістер болды». Ана тіліміз туралы мәселенің мінберден түспегеніне отыз жылдан асса да, мемлекетті құраушы ұлт тілінің күні бүгінге дейін тұғырына нық қона алмауының, мәселенің түбегейлі шешілмеуінің басты себебі жоғарыда аталған заңдағы жалғыз сөйлем екеніне көз жеткізу қиын емес. Қазақ тілдің мемлкеттік тіл екені Ата Заңда айтылғанына қарамастан, орыс тілінің құмалағын үштен қоятын топтардың қатары әлі де аз емес. Ендеше қазақ тілге қатысты ғалымдар мен қайраткерлердің, қазақ тілге қатысты көпшілік қауымның пікірін қолдай отырып, қазақ тіліне қатысты жаңа заң қажет деген пікірді түбегейлі қолдаймын. Қазақ тілінің аяғына тұсау, тіліне күрмеу болған бап өзгермейінше, мемлекеттік тіліміздің тұғыры тіктелетініне де сену қиын. Ұлтың ұлы мұраты тілінде және тәуелсіздіктің де тірегі – оның тілінің үстемдігі екенін ескерсек, «Тіл туралы» заңда көрсетілген «қисық» сөйлемді алып тастап, ҚР азаматтығы бар барлық адамға қазақ тілін білуді Конституциямен міндеттеп, іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізуге пәрмен берілсе, мемлекеттік тіл аясының тарлығына қатысты өзге мәселелер өздігінен шешілері кәдік. Шетелге шығу үшін міндетті түрде ағылшынша тіл сындыратын саяхатшылар да «орысша білсең болды, өлмейсің» деген кереғар пікірден арылып, қасиетті қазақ даласына келу үшін ең алдымен қазақша үйренсе біз алаңдап, отыз жылдан аса орнын толтыра алмай, ырық бермей жүрген ана тілдің көші де түзелер шағына келер еді. Өкінішке қарай, бұл қадамның жасалмай отырғаны тілдегі түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік бермей келеді. Жоғарыда аталған мақала авторы тіл жанашырларының мынадай да пікірін алға тартады: «Ана тілі» газетінің 2018 жылдың 15 маусымдағы санында белгілі ғалымдар, ұлт пен тіл жанашырлары Амангелді Айталы мен Әбдіжәлел Бәкірдің «Мемлекеттік тіл заңмен қорғалуы керек» атты мақаласында қазақ тілінің мәселелеріне терең талдау жасалып, өзекті мәселе ретінде мемлекеттік тілдің арнайы заңмен қорғалу қажеттігі айтылған. Себебі, тіл жанашырлары «… ана тіліміз орыс тілінің шылауынан шыға алмай, екінші қатарда қалып отырғанда, енді бастауыш сыныптан бастап жаппай ағылшын тілін үйретуді міндеттеу – жығылғанның үстіне жұдырық болғалы тұр. Ал жоғары сыныптарда ғылыми пәндерді ағылшын тілінде оқыту – қазақ тілінің ғылымнан ығыстырылуына бастайтын жол. Мынаны түсінуіміз керек: көп тіл білу, соның ішінде әлемдік қауымдастықтағы ең ықпалды тіл – ағылшын тілін үйрену аса қажет. Оған ешкімнің де күмәні болмаса керек. Ықылас болса, қай тілді де үйренуге болады, оған қазір мүмкіндіктер жеткілікті. Себебі, оларға деген қажеттілік бар. Әлі қазақ тілінде оқып-жаза білмейтін, ойын дұрыс жеткізе алмайтын балаға орыс және ағылшын тілдерін қатар үйрету – қазақтың тіліне, ұлттық мүддеге жасалған қиянат болып көрінетінін жасыра алмаймыз. Ал «үштұғырлы тіл» деген тілдік саясат онсыз да қолданыс аясы тарылып тұрған қазақ тілін енді үшінші орынға ығыстыра ма деген қауіп қоғамда сейілмей отыр». Біз мұны жаны бар және ұлттық маңызы бар пікір деп білеміз. Осы орайда Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген аталы сөзі ойға оралады. «Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын. Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген Жүсіпбек Аймауытұлының («Ұлтты сүю» мақаласынан. «Абай» журналы. 2 қазан 1918 жыл.) ой салар пікірінің құндылығы артпаса азайған жоқ. Алаш ардақтыларынан асып не дейік, тек астында тағы, қолында билігі бар атқамінерлер мен қазіргі зиялы қауым мына алмағайып уақытта қазақ елінің болашағына бейжай қарамаса деген үміттің отын үрлеп келеміз. Бұл орайда ұлттық код – ана тілімізбен қатар ұлттық салт-дәстүр, балаға берілетін баба тәрбиесі өзара сабақтасып, ұрпақ арасындағы тарихи сабақтастықтың үзілмеуі ләзім. «Тіл – ұлттың жаны» ғана емес, мемлекеттің де басты тірегі екенін біле тұра, оған атүсті қарау немесе қандай да бір сылтау айтып кежегесінен кейін тартатындардың құрбанына айналдыруына жол бермеу керек екені аз айтылған жоқ. Қазақ халқының ұлттық мүддесі мен болашақ ұрпақтың тірегі, қорғаушы күші, тіпті жарқын болашағының кілті де – қазақ тілі екенін айтудан біз де жалықпаймыз.

Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ

Электросамокаттар көлікке теңестіріледі: Жаңа ереже не береді, не шектейді?

Қазақстан қалаларында электросамокатқа міну күнделікті көрініске айналды. Бірі оны кептелістен құтқаратын ыңғайлы көлік деп санаса, енді бірі жаяу жүргінші үшін қауіпті құралға айналды деп есептейді. Соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының артуы, тәртіпсіздік пен жауапсыздық қоғамда қызу талқыланып келеді.

2026 жылы табысты қалай дұрыс декларациялау керек?

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табысты декларациялау тәртібі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Мемлекет қаржылық ашықтықты арттыру мақсатында азаматтардан табыс көздерін заңды түрде көрсетуін талап етіп отыр.

Олимпиада-2026: Жеңімпаз спортшыға қанша сыйақы беріледі

7 ақпанда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары басталды. Жарыстардың басталуымен бірге қазақстандық спортшылардың сәтті өнері үшін мемлекет тарапынан қарастырылған сыйақы мөлшері де белгілі болды.

Алматыда ақылды көлік жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде

Алматыда цифрландыруды дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2026 жыл елімізде ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.