Қазақстан 9 мемлекетпен (Қытай, Түркия, Иран, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Түрікменстан, Украина, Тәжікстан) тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы халықаралық келісім жасады. Мақсат – кедендік бақылауды ақпараттық қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Енді тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасуда сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасалады. Атап айтқанда, тауарларды кедендік рәсімге орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасауды жеделдету; кедендік операциялар мен кедендік рәсімдерді жасау үшін қажетті құжаттар санын қысқарту; тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тауарлар туралы ақпаратты талдау негізінде кедендік бақылау нысандары мен әдістерін қолдануды барынша азайту істері қолға алынады.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта Қытай және Өзбекстанның кеден органдарымен ақпараттық алмасу, сондай-ақ, Түркия, Түрікменстан, Иран, Украинамен ақпараттық алмасудың техникалық шарттарына келісулер жүргізілуде, ал Әзірбайжан және Грузиямен кеден жүйелері арасындағы байланыс арнасын реттеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, Қытай экспорты мен Қазақстан импорты арасындағы статистика алшақтығы 2017 жылдан бері 32,7 пайызға немесе 2 есеге дейін төмендеді. Ол 2017 жылы – 59,4%, 2018 жылы – 52,5%, 2019 жылы – 47%, 2020 жылы – 45,5%, 2021 жылы – 40,5%, 2022 жылы – 32,9%, 2023 жылдың 5 айында – 32,7 пайызды құрады.
ТӨЛЕМДЕР МЕН САЛЫҚТАРДЫҢ ТҮСІМІ 21 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Тауар айналымын ұлғайту және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде биыл алғашқы жартыжылдықта ЕАЭО елдері арасында бөлінгеннен кейін мемлекеттік бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардан 1,9 трлн теңге түсіп, өсім 21 пайызды құрады. Былтырғы сәйкес кезеңде ол 1,6 трлн теңгені құраған еді. Биыл кедендік төлемдер мен салықтардың 890 млрд теңгесін импортқа арналған ҚҚС құрап, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда (519 млрд теңге) өсім 71 пайыз болды. Кедендік әкімшілендіру нәтижелері бойынша кеден заңнамасын бұзушылықтар да 38 пайызға артқаны анықталды.
ТАУАРЛАРДЫ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ ТОЛЫҚТАЙ ЦИФРЛАНДЫ
Салық және кеден салаларында цифрлық технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Цифрландыру қолжетімді онлайн-сервистер есебінен бизнес қызметін жеңілдетіп, экономикалық құлдыраудың салдарын азайтуға мүмкіндік берді. Бұған дейін бизнес тарапынан кеденнің атына процестің ашық болмауына және қағаз түрінде декларациялау кезіндегі қиындықтарға қатысты сын айтылатын. Осыған байланысты электрондық декларациялау форматына көшу жүзеге асырылды.Сонымен, сауда рәсімдерін оңайлату мақсатында, бұрын «АСТАНА-1» кедендік және салықтық әкімшілендірудің ақпараттық автоматтандырылған жүйесі енгізіліп, бұл 100% электрондық кедендік декларациялауға көшу бойынша халықаралық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етті. 2022 жылғы қыркүйекте үшінші елдерге жүріп өтетін транзиттік тауарларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операциялардың хронометражы жүргізіліп, ұлттық теміржол тасымалдаушысы мен мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимыл схемасы әзірленді. Ол алдын ала ақпараттандыру негізінде транзитті декларациялауды, транзиттік декларацияларды автоматты тіркеуді және автоматты шығаруды көздейді. Соның нәтижесінде 1 контейнерлік поезды рәсімдеу уақыты 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады. Қазіргі уақытта Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Алтынкөл» және «Достық» өткізу пункттерінде мемлекеттік кірістер органдары мен ұлттық теміржол тасымалдаушысының ақпараттық жүйелерінің интеграциясына тестілеу жүргізілуде.
ЭЛЕКТРОНДЫҚ КЕЗЕК ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛДІ
Шекарадағы кептелістер мен күтулер тасымалдаушылардың шекарадағы жағдай туралы, оның ішінде өткізу пункттерінің кептелісі туралы ақпараттың болмауына байланысты орын алады. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елдерінде болады және бұл оны болдырмау үшін жекелеген елдер өз шекараларында электрондық кезекті енгізді. Өйткені, электрондық кезек жүйесі тауарлар мен көліктердің қозғалысын реттеуге және ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мәселен, біздің елімізде үшінші елдермен мемлекеттік шекарадағы 10 автомобиль өткізу пунктінде барлық тасымалдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін электрондық кезек жүйесі енгізілді. Кезекпен барлық ықтимал манипуляциялар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алынып тасталды. Нақты кезекте тұрып, күту де алынып тасталды. Ал 1 шілдеден бастап электрондық кезек жүйесін пайдалана отырып, автокөлік құралдарын өткізуді регламенттейтін бірқатар НҚА қолданысқа енді. Бұрын қолданылған уақытша схемалар өз күшін жойды. Бүгінгі таңда 27 мыңнан астам пайдаланушы электрондық кезекті пайдаланды, 89 мыңға жуық автокөлік құралдары жүрді. Техникалық және әдіснамалық мәселелерді жедел түсіндіру үшін ашылған жеделхат-чатта 7,5 мыңнан астам қатысушылар тіркелген. Пайдаланушылар сұрақтар туындаған жағдайда осы чат арқылы техқолдау қызметінің иесіздендірілген әкімшілеріне жүгінеді, бұл «адам факторын» және лауазымды тұлғалармен тікелей байланысты болдырмайды.
ШЕТЕЛДІК РҰҚСАТ БЛАНКІЛЕРІ БЕРІЛУДЕ
Қытаймен шекарадағы «CargoAlem» электрондық кезек жүйесінің модулі негізінде Қытай рұқсаттарының шетелдік бланкілерін беру автоматтандырылды. Бұл адами факторды алып тастауға және тікелей өткізу пункттерінде шетелдік рұқсат бланкілерін алуға мүмкіндік берді. Ол жоба «пилот» режимінде 2024 жылдың наурызына дейін және тек Қытайға тасымалдауға қатысты басталды. Шетелдік рұқсат бланкісі немесе халық айтқандай «рұқсат», бұл тасымалдаушыларға жүктерді шет мемлекеттердің аумақтары арқылы тасымалдауға мүмкіндік беретін құжат. Бұрын компанияға осындай бланкаларды алу үшін уәкілетті органға тікелей баруға және жүгінуге тура келетін еді, қазір рұқсаттарды тікелей шекараны кесіп өткен кезде алуға болады. Бұл тасымалдаушыларға уақытты және қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда шетелдік рұқсат бланкілерін беру өткізу пункттерінде 1 АЕК мөлшеріндегі алымды төлеу арқылы жүзеге асырылады. Бұрын көтерілген бағамен заңсыз қайта сату фактілері болған, яғни, бір бланкінің құны 2 мың АҚШ долларына дейін жеткен. Пилоттық жоба іске қосылған сәттен бастап биылғы 26 сәуірде 21 мыңнан астам шетелдік рұқсат бланкілері берілді.
«Е-SALYQ AZAMAT» ҚОСЫМШАСЫ ДЕКЛАРАЦИЯ ҚАБЫЛДАЙДЫ
3 жылдық үзілістен кейін биыл 24 сәуірден бастап бизнес-процесті оңтайландырумен «Қорғас» ШХЫО қызметі қайта жанданды. Пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда жеке тұлғалардың өту процедурасы айтарлықтай реттелген. Жеке тұлғалар үшін жолаушылар кедендік декларациясын мобильді қосымша арқылы беру мүмкіндігі іске асырылды. Бұған дейін жеке тұлғаға жолаушылар кедендік декларациясын өз бетінше тапсыру үшін мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну қажет болатын. Енді, 20 наурыздан бастап жеке тұлға өзінің орналасқан жеріне қарамастан, «е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында жолаушылар кедендік декларациясын тапсыра алады. Жолаушылар кедендік декларациясы халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы жіберілетін және тасымалдаушылар жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларға, сондай-ақ, жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, ақшалай қаражатқа/құралдарға рәсімделеді. Соның нәтижесінде тасымалдаушылар жеткізетін, халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау рәсімін едәуір жеделдетуге және жеңілдетуге, сондай-ақ, ақша қаражаттары мен ақша құралдарын декларациялауға қол жеткізілді.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


