«Біз өз тарихымызды білмейді екенбіз». Бұл Алматы облысы Қарасай ауданындағы Nomad этноорталығында өткен «Көшпенділер әлемі» фестивалі кезінде көрермендер арасында ең көп айтылған сөз болды.
Қонақтарды ыстық бауырсақпен қарсы алып, қазіргі қазақ жерінде сақ дәуірінен қазақ хандығына дейінгі тарихи кезеңдерде өмір сүрген көшпенділердің сауыт-сайманын таныстырған орталық қызметкерлерінің дайындаған көрсетілімі көрермен үшін тарихи қойылым іспетті болды. Мәселен, Еуразия кеңістігіндегі сақ акинағынан қазақ қылышына дейінгі қылыштардың барлық түрі мен олардың ерекшеліктері соғыс жағдайында көрсетіліп, түсіндірілді. – Біз Қарағандыда тұрамыз. Алматыдағы балаларымызға демалып қайтайық деп келгенбіз. Nomad этноорталығында өткен «Көшпенділер әлемі» фестивалі өтетінін естіп келдік.

Ата-бабаларымыздың қару-жарақтарын сақ, үйсін, қаңлы, түркі, хазар, қыпшақ, қазақ деген сияқты кезең-кезеңімен таныстырғаны өте керемет болды. Көп мағлұмат алдық. Сол сияқты мен көкпардың мәнісін білмейді екенмін. Соғыста жарақат алған және қайтыс болған адамдарды ата-бабаларымыздың майдан даласында қалдырмай алып кетуінде көкпардың әсері бар екен. Өйткені олар жау қолында қалатын болса, бұл өзгелердің жауынгерлік рухын түсіреді. Көкпарда шыныққан адам шегінген жағдайда қарулас достарын ат үстінен оңай іліп алып, мінгестеріп алып кететіні анық, – деді Жеңіс Жарықов деген ақсақал. Өзін Вера деп таныстарған мейман фествальден алған әсері туралы «мен бұрын тарихи фильмдерде қылышын ойнатып, ары-бері сермеп жүргендер жай ермек үшін жасайды деп ойлайтынмын. Бүгін оның қате екенін түсіндім. Садақ, қылыш, шоқпар, айбалта, найзаның әрқайсысының қолданатын орны бар екеніне көзім жетті. Мен енді балаларымды Станислав Потаповтың шеберлік дәрісінен кейін қару-жарақты шебер меңгеруді үйрететін мектебіне жібергім келіп отыр» деп бөлісті. Ал оның қыздарына ат үстінде жамбы атып, көкпар тартып, аударыспақта күш сынасқан жігіттердің ептілігі, шетерлігі де қатты ұнаған. Сондай-ақ қылыш, найза, айбалтаны тек ересектер ғана емес, балалар мен қыздардың үйренуіне болатыны да ерекше әсер еткен. Сондықтан олардың қаруларын қолымен ұстап, балалар мен қыздармен сұхбаттасқаннан кейін мектептегі тарих пәнін дәл осылай оқытса ғой деген армандарын да жасырмады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»


