Елімізде балалар өмірінің қауіпсіздігін сақтау жайы сын көтермейді. Басқаны айтпағанда, бұл маңызды да жауапты іспен кездейсоқ адамдар айналысып жүр. Алыс ауыл былай тұрсын, ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарының өзінде лицензияланған күзет қызметі жоқ. Барларының өзі тиісті даярлығы бар адамдарды тартуға құлықсыз.
Кемшілік мұнымен шектелмейді. Білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камералары техникалық сипаттамасына сәйкеспейді. Бақылау камерасындағы жазбаларды 30 күннен кем емес уақытқа сақтау талабы сақталмайды. Дабыл түймелері мен бейнекамераларды ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосуға мүмкіндік жоқ. Ғаламтор желісінің сапасыздығынан төтенше оқиға жайында тиісті орындарға хабар дер кезінде жетпейді. Мұның салдарын ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл жайлы білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі жайлы Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде белгілі болды. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, бұл олқылықтар жыл басында білім беру объектілерінің кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етудің жай-күйіне мониторинг жасау барысында анықталды. Құрамына жергілікті атқарушы органдардың, білім саласында сапаны қамтамасыз ету, полиция, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірген 162 мониторингтік топ 10 мыңнан аса білім беру нысанын тексеріпті. Оның 2 654-і балабақша, 6 935-ы мектеп және 472-і колледж. Жалпы, құзырлы орындар мемлекет басшысының тапсырмасына орай білім беру ұйымдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесін орнатып, оларды жедел басқару орталықтарына қосу, лицензияланған күзетпен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етуге күш салып жатқанға ұқсайды. Бұл үшін білім беру саласындағы террористік әрекеттерден осал объектілерді қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық, білім беру ұйымдарына енгізуге тыйым салынған заттардың тізбесі, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру стандарттарын бекіту секілді қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданыпты. Бүгінде тоқсан сайын министрлік білім ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде білім беру ұйымдары 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Бүгінде бейнебақылау жүйесін нұсқаулықтың жаңа талабына сәйкестендіру бойынша жұмыс жалғасуда. Білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығына не ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне шығару 5,5 мыңнан аса білім беру ұйымдарында қамтамасыз етілген. Лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген ұйымдар барлық осындай мекемелердің 75 пайызын құрайды. Ал күзет фирмаларына қосылған дабыл түймесін орнату білім ошағының 92 пайызында аяқталды. Өңірлік әкімдіктерге жаңа оқу жылының басталуына дейін қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты аяқтау тапсырылған. Осы мақсатта, жергілікті атқарушы органдар білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаржы бөліп, қажетті жұмыстарды атқаруда. Бұл жұмыс министрлік бақылауында. Қазіргі таңда жергілікті бюджетте білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен одан әрі қамтамасыз етуге 12 млрд 777 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Жалпы, балалар қауіпсіздігі жүйесін одан әрі жетілдіру үшін білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін күшейту, ішкі істер органдары тарапынан білім ордаларына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді жалғастыру қажет. Құзырлы орын бұл тұрғыда да белгілі шараларды жүзеге асырып жатыр екен. Соның бірі педагог мамандарды даярлау және қайта даярлау бағдарламасына балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа модуль енгізу. Тоқетерін айтқанда, білім беру мекемелеріне қатысты біраз шаруа атқарылған. Алайда, балалар уақытын тек мектепте өткізбейді. Олардың былайғы өмірдегі қауіпсіздігі қаншалықты сақталған? Жиында сөз алғандардың айтуына қарағанда бұл тұрғыда назар аударып, нақты шара қабылдауды қажет ететін мәселе бар. Мәселен, Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Баян Ахатайдың мына жанайқайы «балам болашағым» дейтін елдің әрір саналы азаматын бей-жай қалдырмауы керек. Ахатай ханым буы арқылы 30-ға жуық зиянды заттар бөлініп, аллергия тудырып, бауыр мен бүйректі зақымдайтын электронды темекі-вейп индустриясы маркетингінің толығымен балаларға арналғанын айтқан еді. Олар жеткіншектердің көз жауын алардай әрленген, түрлі дәмді хош иістендіргіштермен тартымды жасалған және әдетте дүкендерде көрнекі жерге орналастырылады. Бұған мән беріліп отырған жоқ. Мұның сыртында вейптің мүддесін қорғаушы мәртебелі адамдар бар, лоббиі өте мықты. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, ғалым және практик-пульмонологтардың вейп зияны туралы жантүршігерлік дәлелдері, мектеп оқушыларының «ойыншығына» айналған «никотин+химия» тауарды жанын сала қорғайтындар бар. Себебі, контрабанда және заңды айналымдағы бұл есепсіз көп түсімі бар, жолға қойылған, тұтынушысы сағат санап өсіп келе жатқан табысты бизнес. Ең қорқыныштысы, дүниежүзілік вейп индустрия оны елімізге жеткізіп отыр. Олардың көздегені басқа. Бұл бизнесті қолдаушылар мен қорғаушылардың ішінде кәсіпкер құқығын қорғаған болып «Атамекен» Ұлттық палатасы жүр. Айтары «қара нарық көбейеді, темекіге тәуелділерде таңдау болуы керек, бұл адал кәсіпкерлердің құқығын бұзады» деген сылтау. Біз талқылап, таласып жүргенде талай бала вейп құрбаны болып жатқанын билік өкілдері мен вейп индустрия мүддесін қорғаушылардың есіне салсақ. Баян Ахатай сонымен қатар балабақшадағы қауіпсіздікке қатысты да өз пікірін ортаға салды. Мектеп жасына дейінгі балалар қауіпсіздігінің негізгі кепілі – тәрбиешілер. Ешқандай камера, турникет балалармен тікелей физиологиялық және менталдық байланысқа түсетін тәрбиешідей қамтамасыз ете алмайды. Қауіпсіздікті техникалық жағынан қамтамасыз еткен дұрыс, әрине. Бірақ бұл мәселені ішкі жағынан қарамаса болмайды. Яғни, тәрбиешілердің әлеуметтік, материалдық жағдайына да көңіл бөлу маңызды. Иә, балалар қауіпсіздігі бүгінде көп қырлы мәселе. Баланы ғаламтор тәрбиелеп жатқан уақытта кибербуллинг мәселесі де өзекті болып тұр. Жеткіншектердің не көріп, не оқып жатқаны да алаңдатпай қоймайды. Көптеген балалар өз жақындарынан, тіпті, туған әке-шешесінен қиянат көруде. Қысқасы, балалар қауіпсіздігі бір ғана білім мекемелерінің қауіпсіздігімен шешілмейді. Бұл ретте отбасындағы тәрбие, сана биіктігінің маңызы ерекше тұрғанын тағы да айтуға мәжбүрміз.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


