«Қоғамдағы көптеген келеңсіз құбылыстың себепшісі – блогерлер. Сондықтан тез арада олардың жауапкершілігін көтермесе болмайды». Парламент Мәжілісінен осындай аттандатқан айқай естілді. Оның иесі – төменгі палатадағы «Ауыл» партиясының өкілі Анас Баққожаев.
Анас Ахатұлының Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жасаған депутаттық сауалында блогерлер қауымына тақпаған айыбы жоқ десе де болғандай. Оның айтуынша, қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар… Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырады. Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болды. Осы алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншама адам денсаулығынан айырылды, тағы қаншама адам үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан да осы блогерлер. Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар. Өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?! Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс екен. Қысқасы, депутаттың сөзіне сенсек, бар пәленің көзі осы блогерлер болып отыр. Алайда, ол бұған нақты дәлел келтіруді депутаттық сауалында да, жиын соңынан сұраған журналистерге берген сұхбатында да қажет деп санамады. Айтуынша, мысал өте көп. Қазір оны жариялайтын болса, сөз көбейіп кетеді. Депутаттың пайымдауынша заң жүзінде блогерлер мәртебесі айқындалуы керек. Бұл кімдердің блогер екенін ажыратып, нақты жауапкершілік белгілеуге мүмкіндік береді. Осы ретте мерзімдік басылымдардың тиражы секілді олардың жазылушылар санында нақты өлшем болу керек. Мәселен, жазылушыларының саны мыңнан асатын әлеуметтік желі пайдаланушыларын блогер деген дұрыс. Қысқасы, депутатқа салсақ бәрі оңай секілді. Шын мәнінде қоғамға зиянды жазылушысы көп блогер келтіре ме, әлде жазылушысы азы ма? Өз атымен жазатындар қауіпті ме әлде бүркеншік атпен көсілетіндерден келетін зардап көп пе? Соңғыларына қандай амал керек? Өйткені, олардың да жазылушысы аз емес және көп жағдайда қоғамдық пікірге от қоятындар да осы қой терісін жамылған қасқырлар екені байқалып жүр. Сауалы көп, жауабы беймәлім бұл мәселенің шешімі тек мәртебені айқындаумен шешіле қалса, әрине, қуанар едік. Иә, Анас Ахатұлы айтқандай, блогерлер бар пәленің көзі болмаса да бірқатар келеңсіз оқиғаларға себеп болып жатқаны шындық. Басқаны айтпағанда, олардың тарапынан жасалатын кибербуллингтің елімізде құрбандары бар. Аңдамай сөйлеп, жазалы болып жатқаны да аз емес. Алысқа ұзамай, жуырда ғана депутаттық мандатын тапсыруға мәжбүр болған алматылық Елена Башинская ханымның түбіне әлеуметтік желідегі жазбаға қалдырған бір ауыз сөзі жетті. Десе де, блогерлер тек мұндай келеңсіздіктің ғана емес, қоғамды алаңдатқан бірқатар өзекті мәселелердің шешілуінің де себебі болып жатқанын ескеруге тиіспіз. Кезінде жерге қатысты дау нүктесінің қойылуына осы әлеуметтік желі мүмкіндік бергені есте.
Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Мәселен, қиянат көрген, заңсыздыққа тап болған азаматтарға көбіне фейсбуктегі қауым арашашы болып жатады. Қайырымдылық шарасын ұйымдастыруда да бұл алаңның пәрмені айтарлықтай. Белгілі деңгейде фейсбук алаңы халықтың көңіл-күйін, әлеуметтік жағдайын айқындайтын орынға айналып отыр. Мұны түсінген құзырлы орындар, депутаттар өз жұмыстарын осында насихаттап, оны қалың бұқарамен байланыстың бір мүмкіндігі ретінде көруде. Онлайн платформалар көптеген замандастың табыс көзіне айналды. Қысқасы, қазақ қоғамында бар болғаны оншақты жыл ішінде әлеуметтік желілер блогерлер арқасында осындай күшке ие болды. Мұның өзі олардың іс-әрекетін реттеу қажеттігін көрсетсе керек. Бірақ жүйелеу оңайға түспейтінін Ресейдің тәжірибесі көрсетіп отыр. Бұл ел осыдан үш жыл бұрын арнайы қабылдаған заңнамасының күшін жойып үлгеріпті. Германияда артық кеткен блогерлер қолданыстағы заңнама аясында жазасын алып жатады. Демек, мәселе блогерлік мәртебенің айқындалуында да емес сияқты. Осы ретте кейбір сарапшылардың оларды арнайы жіктеп, сол арқылы жауапкершілік жүктейтін болсақ, фейк аккаунттардың көбейіп кету қаупін де ойлау керек секілді. Онда, тіпті, қазіргі жағдайымызға жылап көрісуіміз әбден мүмкін. Қысқасы, бұл мәселеде жеті өлшеп, бір кесу қажет-ақ. 1997 жылы желілік журнал немесе оқиғалар күнделігі ретінде қолданысқа енген блог басында қарым-қатынас, жаңа таныстар табу, пікір алмасу, шығармашылық қабілетін көрсетудің мүмкіндігіне айналған екен. Пайдаланудағы шектің, тыйымның жоқтығы пайдаланушылар қатарының тез көбеюіне ықпал етсе керек. Расында бүгінде қолына смартфон ұстағанның бәрі блогер секілді көрінеді. Әртіс, шопыр, биші, тіпті, үй шаруасындағы әйелдердің өзі де блогер ретінде танылып жатыр. Ежелден сөз қадірін түсінген, өлең-жырға құмар, араластықты жаны сүйетін қазақ қауымы үшін бұл алаң іздегенге сұраған болғаны анық. Әлеуметтік желілер бүгінде халқымыздың нағашы, қайын, өз жұртынан кейінгі төртінші жұртына айналып кетті десек болғандай. Осы үрдісті қадағалап отырған ұйымдардың мәліметінше Қазақстанда қазіргі таңда 550 мыңнан астам блогер бар екен. Жалпы, әлемдік өлшем бойынша мың адамнан астам оқырманы бар әлеуметтік желі қолданушысы блогер болып есептеледі. Ал елімізде 400 мыңнан астам азаматтың осындай жүйелерде он мыңнан астам оқырманы бар. Қалай десек те заманның озық технологиясы қазақтың оң жамбасына келіп тұр. Аталған келеңсіздіктерді айтпағанда, жалпы ақпараттық технологияның бұл жетістігінен ұтып жатқанымыз аз емес. Сондықтан бұл үрдіске үрке қарамай, яғни, блогерлікті келеңсіздікті жоюдың мүмкіндігі ретінде қарай білсек, ұтарымыз көп болар еді. Қазіргі таңда блогерлікті журналистикамен бірдей деңгейге қоятындар бар. Шын мәнінде екеуі бөлек әлем. Журналист арнайы кәсіби білімі бар, соған сай құзыреті, міндеті, жауапкершілігі айқындалған маман болса, блогер ешбір салаға қатысты болмауы мүмкін. Белгілі журналист, Сенатор депутаты Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалып, Үкіметтің қарауына өткен «Масс-медиа туралы» заң жобасында журналист мәртебесінің нақтылы айқындалуы осы мамандық пен блогерліктің ара-жігін ашуға мүмкіндік береді. Жалпы, блогер белгілі саланың маманы болмаса да, ел азаматы. Сондықтан оның әрекеті еліміздегі тиісті заңнамалар негізінде тәпсірленіп, жауапкершілігі талап етілуі тиіс. Бұл әлемдік тәжірибе. Десе де, құзырлы орын блогерлерге қатысты нақты шара қарастыру үстінде. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетовтің айтуынша, бүгінде дайындалып жатқан онлайн платформа және интернет жарнамаға қатысты заң жобасында блогерлер тарапынан қоғамда туындап отырған барлық мәселе қамтылады. Яғни, онда онлайн платформаны қолданушының да, табыс табушының да мәртебесі айқындалып, іс-әрекеті реттеледі. Онда интернет жарнама айрықша мәнге ие. Өйткені, онлайн платформалар арқылы құқыққа қайшы контенттер көп жарнамаланып жатыр. Яғни, смартфон ұстаған екінің бірі салдарын ескермей жалған ақпарат таратуда. Оның артында әртүрлі теріс пиғылды күштердің мүддесі болуы мүмкін. Бұл мәселені құзырлы орын әлемдік тәжірибеге сәйкес онлайн платформаны қолданушы немесе ол арқылы табыс табушыларды таңбалау жолымен реттемек. Сонымен қатар уәкілетті орган Гугл, Мета секілді үлкен онлайн платформалармен келісім жүргізіп, олардың өкілдігін Қазақстанда ашпақ ниетте. Бірақ бұл үшін заңнамалық негіз керек. Егер осыған қол жетсе, онда құқыққа қайшы әрекеттерді әлеуметтік желілердің өздері тоқтатуға алып келетін тетіктер іске қосылады екен. Тоқетерін айтқанда, блогерлік бүгінде қоғамның бас ауруына айналды. Әрине, оны жазу үшін әртүрлі технологиялық, заңнамалық тетіктердің іске қосылғаны керек. Бірақ байқауымызша олардың өзіне толыққанды шектеу қоя алмайды. Бұл ретте тілдің тас жаратынын, тас жармаса бас жаратынын, жалпы сөздің құдіретін, киесін ұғатын мәдени түсінік бәрінен маңызды-ау. Тағы да бәрі иманға, тәрбиеге тіреледі. Енді арзандап кеткен сөз қадірі артуы керек.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


