2027 жылы Қазақстандағы жастар қандай бағдарламамен үй ала алады?

Қазақстанда жастарға баспана алуына мүмкіндік беретін бірнеше ипотека бағдарламаcы бар. Олардың жылдық мөлшерлемесі 5%-дан басталады. Алайда әр бағдарламаның бастапқы жарнасы, қатысушыларға қоятын талабы мен несие беру шарты әртүрлі. Baribar.kz 2027 жылы жастар қандай бағдарламамен үй ала алатынын білді.

Жастарға арналған қандай бағдарламалар бар?

Krisha.kz дерегінше, 2027 жылы азаматтар үш негізгі жолмен баспаналы бола алады. Олар – өңірлік жастар ипотекасы, «Наурыз» бағдарламасы және «Жас отбасы» тұрғын үй несиесі. Бұл бағдарламалардың жылдық мөлшерлемесі 5–9% аралығында болғанымен, қатысу талабы мен бастапқы жарна көлемі әртүрлі.

Өңірлік ипотека: жас мамандарға қандай мүмкіндік бар?

Қазақстанның бірқатар өңірінде жергілікті әкімдік пен Отбасы банк ұйымдастырған жастарға арналған ипотека бағдарламалары бар. Олардың қатарында «Алматы жастары», «Елорда жастары», «Абай жастары», «Ақтөбе жастары» және басқа да жобалар бар.

Өңірлік ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 5–6%. Ал бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ынан басталады. Қатысушыларға 15–20 миллион теңгеге дейін несие берілуі мүмкін. Қарызды өтеу мерзімі 19 жылға дейін.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің жасы көбіне 35-тен аспауы керек. Отбасы мүшелерінің меншігінде кейінгі бес жылда тұрғын үй болмауы да талапта бар. Қатысушы кемінде алты ай жұмыс істеп, зейнетақы жинағы жүруге тиіс. Ал жеке кәсіпкерлердің бір жылдық қызмет өтілі болуы керек.

Дегенмен барлық талапқа сай келсе де ипотека алуға толық кепіл жоқ. Қатысушылар жұмыс өтілі, балаларының саны, әлеуметтік жағдайы және басқа да көрсеткіштер бойынша іріктеледі.

2027 жылы өңірлік ипотекаға өтініш қабылдау мерзімі әзірге белгісіз. Әр өңірде конкурс әртүрлі уақытта өтетіндіктен, үміткерлер жергілікті әкімдік пен Отбасы банктің ресми хабарламасын бақылап отыруы керек.

«Наурыз» ипотекасы: 2 миллион теңге жинаған жандар қатыса алады

«Наурыз» бағдарламасы тек жастарға ғана арналмаған. Оған талаптарға сәйкес келетін басқа жастағы азаматтар да қатыса алады. Алайда 35 жасқа дейінгі үміткерлерге іріктеу кезінде қосымша ұпай беріледі.

Бағдарламаға өтініш беру үшін Отбасы банктегі депозитте кемінде 2 миллион теңге болуы қажет. Үміткердің және оның отбасы мүшелерінің меншігінде кейінгі бес жылда баспана болмауы талапта көрсетілген.

Ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 7–9% аралығында. Әлеуметтік осал топқа жататын тұрғын үй кезегіндегі азаматтар үшін 7%, ал қалған қатысушылар үшін 9% мөлшерлеме қарастырылған. Кейін тиіс талаптар орындалса, мөлшерлеме 4%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Несие көлемі тұрғын үй орналасқан өңірге қарай өзгереді. Алматы мен Астанада 36 миллион теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін қарыз алуға болады. Несиені өтеу мерзімі 19 жылға дейін.

Бастапқы жарна сатып алатын үйдің жағдайына қарай өзгереді. Әрлеуі толық біткен пәтер үшін 10%, ал сылағы ғана бар тұрғын үйге кемінде 20% жарна қажет.

Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – баспана таңдау мүмкіндігі елді мекенге қарай шектеледі. Алматы, Астана, Шымкент және облыс орталықтарында тек жаңадан салынған тұрғын үй сатып алуға болады. Ал шағын қала мен ауылдарда қайталама нарықтағы баспанаға да несие қарастырылған.

«Наурыз» бағдарламасында қатысушылар ұпай жүйесімен іріктеледі. Депозиттегі әр 1000 теңгеге бір ұпай беріледі. Балалары бар азаматтарға 10 ұпай, әлеуметтік мәртебесі бар жандарға тағы 10 ұпай қарастырылған. Ал 35 жасқа дейінгі қатысушылар мен ресми некедегі азаматтарға қосымша бес ұпайдан беріледі.

«Наурыз» бағдарламасын 2031 жылға дейін созу жоспарланған.

Жас отбасыға арналған бағдарлама қайсы?

Отбасы банктің «Жас отбасы» бағдарламасы тұрғын үй сатып алуға алдын ала қаражат жинауға дайын ерлі-зайыптыларға арналған.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – қатысушылардың жасына шектеу жоқ. Ерлі-зайыптылардың бұрыннан жылжымайтын мүлкі болса да, несие алуына болады.

Негізгі талап бойынша, неке тіркелген күннен бастап бес жыл ішінде арнайы депозит ашылуға тиіс. Ерлі-зайыптылар кемінде бір жыл ақша жинап, сатып алатын баспананың 50%-ы болуы керек.

Ипотеканың жылдық мөлшерлемесі алғашында 6% болады. Кейін тиіс талаптар орындалса,  5%-ға дейін төмендейді. Несиені өтеу мерзімі алты жылдан тоғыз жылға дейін.

Бұл бағдарламамен жаңадан салынған пәтерді де, қайталама нарықтағы тұрғын үйді де сатып алуға болады. Бұдан бөлек, жеке үй салуға мүмкіндік бар.

Қай ипотека бағдарламасы тиімді?

Үш бағдарламаның әрқайсы түрлі санаттағы азаматтарға арналған.

Мәселен, өңірлік жастар ипотекасының басым тұсы – пайыз мөлшерлемесінің төмен болып, бастапқы жарнаның да салыстырмалы түрде аз болуы. Жылдық мөлшерлемесі 5–6%-дан, ал алғашқы жарнасы 10%-дан басталғандықтан, бұл енді жұмыс істей бастаған мамандарға ыңғайлы болуы мүмкін.

Ал «Наурыз» бағдарламасы тұрғын үй құнының жартысын жинауға мүмкіндігі жоқ, бірақ Отбасы банкте жинағы бар азаматтарға тиімді. Бастапқы жарна — 10–20%. Алайда байқау кезінде депозиттегі қаражат көлемі ескеріледі.

«Жас отбасы» бағдарламасында бастапқы жинақ көлемі көп. Ерлі-зайыпты тұрғын үй құнының кемінде жартысын жинауы керек. Есесіне қатысушылардың жасына және меншігінде басқа баспана бар-жоқ екеніне шектеу жоқ.

Сондықтан ипотека таңдағанда тек пайыз мөлшерлемесін емес, бастапқы жарнаны, несие мерзімін және ай сайын төлейтін соманы да ескерген жөн.

Естеріңізге салайық, Қазақстанда жаңа салынған тұрғын үйдің бағасы бір жылда орта есеппен 10,4% өскен. Жаңа тұрғын үйден пәтер алу үшін қанша ақшаңыз болуы керек, мына жерден оқыңыз.

Жаңа тарихи кезең – жаңа міндеттер: Тоқаев стратегиялық даму жөніндегі сараптама тобын құрды 

Президент жанындағы жаңа сараптама тобы елдің ұзақмерзімді даму басымдықтарын айқындап, стратегиялық бастамаларды талқылауға қатысады. Оның құрамына кімдер енді?

Алматыда әрбір үшінші жолаушы автобуста жолақысын төлемейді 

Алматыда автобустардың лық толуы қала тұрғындары жиі көтеретін мәселелердің бірі. Әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық көліктегі жолаушылардың бір бөлігі жолақысын төлемейтіндіктен, олардың нақты саны есепке алынбай қалуы мүмкін екенін айтып жүр. Тіпті бұл жағдай қала билігінің автобусқа деген сұранысты бағалауына әсер етуі ықтимал.

Қытай 2030 жылға қарай Айдан су мен оттегі өндіруді жоспарлап отыр 

Қытайдың Айды зерттеу бағдарламасының бас конструкторы У Вэйжэнь бастаған мамандар тобы осы бағыттағы ғылыми-техникалық жоспар әзірлеген.

Қазақстандықтар банктерге 26,7 трлн теңге қарыз: Кім кредит ала алмайды? 

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының банктер алдындағы кредиттік берешегі 26,7 трлн теңгені құрады.

Оқушылардың қысқы каникул уақыты өзгерді 

Бекітілген кестеге сәйкес, оқушылар 28 желтоқсаннан бастап демалады. Ал сабақ 2027 жылғы 11 қаңтарда қайта басталады.