spot_img
spot_img

ҚАРА НОТАРИУС

Бараевтың тобы

30 мамыр, 2018 жыл. Ол өзін ақтамайтынын, айыптайтын үкім оқылатынын сезді. Сот кабинетте емес, жұмысқа жаңа тұрған жас полиция қызметкерлерін жинап, үлкен залда өтеді дегенде-ақ бәрін түсінді. 

Сот:

– …Алматы қаласы, Медеу ауданының №2 аудандық сотының 2018 жылғы 30 мамырдағы үкімімен ҚК-нің 24-бабының 3, 336-бөлігі, 1,2,3-тармақтары бойынша 8 жылға бас бостандығынан, «полиция майоры» атағынан және мемлекеттік қызмет ету құқынан өмір бойына айырып, жазасын орта қылмыстық-атқару мекемесінде өтесін.  

Дәл осы үкіммен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Оңтүстік өңірлік басқарманың (ЮРУБОП) полиция подполковнигі Мордвинов Алексей Сергеевич те бас бостандығынын айырылды. 

Бутканың есігі ашылып, кезекші қолына кісен салғанда көзімен қорғаушы ретінде жүгіріп жүрген інісін іздеді. Інісі Қуанышты шақырып алып:

– Үйдегілерге екі жыл, – деп айт. Үкімді естіген Қуаныш мең-зең күйде:

– Көке, сегіз жыл деді ғой…

– Екі жыл де, болды, басқа ештеңе айтпа…

…Камераның ауыр есігі жабылғанда артына қарады. Темір есікті сықырлатып құлыптап жатты. Камераның бұрыш-бұрышына қарап тұрып:

– Азамат Кидирсихов!!! Заң ғылымдарының кандидаты. ТМД елдерінің болашақ заңгерлері оқитын бес оқулықтың авторы, отыратын жерің осы ма еді! Басыңды тауға да, тасқа да соққандағы арманың қайда қалды?!!!…

«Антикорға керегі мен емес… Мен емес… Егер антикорға керек болсам баяғыда-ақ ұстар еді. Үстімнен жазылған арыз аз емес.

…Көз алдына Ерік Лизаның арызын оқыған сәті келді. Көзіне құжатты куәландырған нотариус Л. Димашеваның аты оттай басылды.

– Е-е-е-е, Димашева, сенің ісің екен ғо, – деді өз-өзіне. «Димашеваны ұстау оңай емес. Ол аяғын көрсетпейтін жылан». 

Арызда көрсетілген телефон нөмірге хабарласып Ерік Лиза мен Ерік Бұланды тергеуге шақырды. Олармен сөйлескенде Лиза:

– Бағанашылдағы үй мен жер немере әпкем Арқын Ұлжандікі. Ұлжан ҚХР-ға оқуға түсті де, кетерінде қарап тұрыңдар деп бізге тапсырып кетті. Біз 2016 жылдың 10 наурызында үйді көріп қайтайық деп барсақ біреу есік алдына үй сатылады деп телефонын көрсетіп, хабарлама жазып қойыпты. Дереу хабарластық. Телефонды ер адам көтерді. Бұл үйді кім сатып жатыр, бұл біздің үй деп едік, күте тұрыңдар, қазір барамын деп әлгі кісі жетіп келді. Өзін Қасымов Заңғар деп таныстырды. Заңғардан кейін іле-шала тағы бір әйел келді. Үй сол әйелдің атында екен. Қасында көлік жүргізушісі бар. Әйелдің аты Вешнякова Наталья Алексеевна. Үйді қалай алдыңыз, бұл үйдің иесі қазір Қытайда, оқуда деп едік, сатып алдым деді. Қалай сатып алдыңыз? Қай нотариус арқылы мәміле жасадыңыз деп едік, Димашева Лаура деген нотариус арқылы мәмле жасадым деді. Біз бірден сіздерге, яғни АІІБ-ға (РОВД) келіп арыз жаздық. Сіздерден шығып халыққа қызмет көрсету орталығына (ЦОН) бардық. Сол жерден Вешнякова Наталья Алексеевна Ұлжанның жері мен үйін кімнен сатып алғанын біле алмадық. Бірақ үйді Османов Тельман Байрамович деген адам бір адамға сатқан, сол адамнан Наталья Алексеевна 25 000 000 теңгеге сатып алған. Цондағылар Ұлжанның өзі Т. Байрамовичке үйді сатуға сенім хат берген деді. Ұлжанға хабарлассақ ол кезде ҚХР-да болдым. Тельман Байрамовичті танымаймын деді. Т. Байрамовичтің үйді кімге сатқаны белгісіз. Ал Вешнякова үйдің құжатын жоғалтып алып қайта жасатқан, – деген еді.

Ерік Бұланның да жауабы дәл осылай болды.

«Үйдің құжатын нотариус Л. Димашева куәландырыпты. Ол бұрын да бірнеше қылмыстық істе куәгер болған. Сонда Бостандық ауданының ІІБ-нің тергеушілері оның нотариалды ісінің заңды екеніне күмәнмен қараған. Бірақ ешқандай дәлел келтіре алмаған. Ол үнемі судан құрғақ шығып кетеді. Басқа аудандық бөлімшелердің тергеушілері де Л. Димашеваның қатысы бар істерді қараған. Тергеу-сот тәжірибесінде нотариустың қылмысқа қатысын дәлелдеу оңай емес. Олар азаматтық-құқықтық қатынастардың заңды элитасы. «Құқықтану ботаниктері». Нотариустарды «жанжалсыз істің соты» деп бекер айтпайды. Қазір тергеуге шақырғаннан ештеңе шықпайды. Сатушы мен сатып алушының құжатын куәландырып бердім дейді. Тельман Байрамович те Арқын Ұлжан сатуға сенім хат берді, сол сенім хат бойынша саттым дейді. Оған да еш айып таға алмайсың. Ал Вешнякова «пешкі». Қазір Димашеваны шошытуға болмайды. Осы қылмыстық істе ол басты тұлға. Тырп еткізбейтін айғақ табу керек. Әйтпесе қылмыскерден куәгерге айналып кетеді. Қазір ереже бұзсам да үйді арестке қоймайын. Сырттай бақылайын. Вешнякова бұл үйді алаяқтық жолмен алса, тез сатуға тырысады. Үйді арестке қойсам сата алмайды да, оның артында кім тұрғанын аша алмаймын», – деп ойлағаны есіне түсті.

Бірақ бұл ойы арыз беруші Е. Лиза мен Е. Бұланға да, ІІБ бастығына да, ҚР ІІМ-де ұнамады. Ал Вешнякова осы аралықта, яғни 2016 жылдың 2 наурызында үйді Гүлмира Құрабаева деген азаматшаға 70 000 АҚШ долларына сатып жіберді. Үйді сатып алу бойына «Бұл үйдің иесі Арқын Ұлжан» деп Лиза мен Бұлан деген азамат арызданып жүр дегенді естіп Құрабаева бірден сату, сатып-алу келісім шартын бұзып, келісім-шарт бұзылғаннан кейін Вешнякова үйді Тұяқбаев Ерболат деген азаматқа 76 000 АҚШ долларына сатады. Бір күнде нотариус Динара Изатова Вешнякова мен Құрабаева арасындағы келісім-шартты бұзып, келісім бойынша үйдің иесі қайта Вешнякова болады да, Вешнякова мен Тұяқбаев арасында сату, сатып алу келісім шартын жасайды. Осылайша үйді тез сатып жіберуге асыққан Вешнякова күдікке ілінеді. Енді Вешнякова арқылы бұл істің нағыз ұйымдастырушысын табу керек! Үй қолдан-қолға өтіп бара жатқан соң, амалсыз арестке қояды. Бұл 2016 жылдың 4 мамыры еді.

ЮРУБОПпен танысу

А.А. Әділбеков Азамат Кидирсиховқа қоңырау соғып:

– Азеке, кабинетке келіп кетші, – деді.

– Қазір.

А.А. Әділбековтің кабинетінде бір кісі отыр екен. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей А. Кидирсихов оның әріптесі екенін бірден білді.  

– Ассалаумағалейкүм, Азеке! – деп амандасты Әділбеков.

– Уағалайкүмассалам!

– Азеке, танысып қойыңыз, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Оңтүстік өңірлік басқарманың (ЮРУБОП) жедел қызметкері, подполковник Тарлан Исатаев деген А.А. Әділбеков: – Арқын Ұлжанның ісі сенің қолыңда ма? – деп сұрады.

– Иә.

Сол кезде сөзге Исатаев Тарлан араласып:

– Сол іске Бараев Аюб деген адамның қатысы бар. Бараев Аюб Князоглы ІІМ-нің арнайы жедел есебінде қылмыстық ортаның көшбасшысы ретінде тұр. Бізге Бараев Аюбты ұстау керек, – деді.

– Онда бізді Құдай өзі кездестірген шығар… Алтекеңнің жұмысына кедергі келтірмей, менің кабинетіме барып сөйлесерміз, – деді Азамат Кидирсихов.

– Жақсы, Азеке, өздерің сөйлесе беріңдер, – деді А.А. Әділбеков те.

– Жақсы, Алтеке. 

– Тарлан, бұл мықты тергеуші, – деп шығарып салды А.А. Әділбеков.

Екеуі бесінші қабаттағы кабинетіне келгеннен кейін А. Кидирсихов:

– Бұл іске ЮРУБОП-тың араласқанына қуаныштымын. Енді тергеу барысында анықтай алмаған мәселелер ашылатын болды. 

– Иә, Бараевтың тобы Алматы қаласындағы және қалаға іргелес элиталық аудандардағы шетелге кеткен адамдардың үйлерін, жер телімдерін сатып келген. Соның бірі қолыңдағы Арқын Ұлжанның ісі.

– Иә, бірі сатушы, бірі сатып алушы болып, қылмыстарын жасыру үшін нотариуске жылжымайтын мүлікті иеліктен шығартып, үйдің иесі болып шыға келеді. Мәміле жасау арқылы қылмыстық жолмен сатып алғанын «ақтап» алады. Содан кейін Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы мен техникалық түгендеу бюросы (БТИ) арқылы жылжымайтын мүлікке жаңа техпаспорт пен жер учаскесіне акт алып сатады.

– Бірақ Бараев өте сақ. Қылмыстың бәрін сыбайластарының қолымен істейді.

– Бараевты «құлаққа» қою керек. Нотариус Л. Димашевадан да күдіктенемін. Осы іске оның да қатысы бар.

– Қоямыз. Димашеваны да, Бараевты, Вишнякованы да тыңдаймыз. Бұл – жасырын тергеу іс-шарасы. Мәлімет тарап кетпеу үшін ешкімге айтпаймыз, тіпті басшылыққа да, – деді Тарлан Исатаев.

– Жақсы.

Тарлан Исатаевтан Бараев туралы ақпарат білгеннен кейін А. Кидирсихов Ерік Лиза мен Ерік Бұланды қайта шақырып, Бараевтың суретін көрсетіп:

– Мына кісіні білесіңдер ме? – деп сұрады. Лиза бірден:

– Бұл Вешнякованың көлік жүргізушісі. Екеуі бірге келген! – деді.

– Ым-ым…

Ерік Лиза мен Ерік Бұланды шығарып салғаннан кейін:

– Ұйымдастырушы табылды, – деді өз-өзіне. 

Л. Димашева, А. Бараев, Н. Вишнякованың телефонын тыңдап, қылмыстық іс-әрекетін құжат бойынша көрсету үшін соңынан бақылау қойды. Сол кезде тағы бір қылмыстық іс анықталады. Ол Грушиннің үйі туралы іс.

Грушиннің үйі

Алматы қаласы. Бостандық аудандық ІІБ, полиция майоры Азамат Кидирсиховтың бөлмесі.

– Тергеу барысын видеоға түсіретінін, сіздің жауап беруге де, жауап бермеуге де толық қақыңыз барын еске саламын. Аты-жөніңізді толық айтыңыз.

– Хасанов Хосрау.

– Бараев Аюбты танисыз ба?

– Танимын, 12 декабрьде тұрғанда інісі Серофанмен жақсы араластым.    

– Жетіген көшесі, 8/1 мекенжайындағы үйін сату үшін Грушин сізге сенім хат берді ме?

– Жоқ. Ол былай болды. 2016 жылы Lada Granta 346 KYA көлігіммен келе жатқанда радиаторым жарылып кетіп не істерімді білмей көшеде темекі тартып тұрғанмын. Қасыма 18 жастар шамасындағы бір жігіт келіп, көмек керек пе деп сұрады. Иә, радиаторым жарылып кетті дедім. Ол сол жерде радиаторды жөндеп берді. Риза болып, қайда тұрасың, апарып тастайын дедім. Майлин көшесінде тұрамын деді. Жолда екеуіміз жақын таныстық. Аты Коля екен. Үйінің нақты мекенжайы Жетіген көшесі, 8/1 үй. Көліктен түсіп мына үйде тұрамын деп тұратын үйін көрсетті де, өзі қарама-қарсы тұрған көршісінің үйіне қарай кетті. Мен оған көмек керек болса хабарлас дедім де кетіп қалдым.

Сол күні кешке ол маған қонаққа келді. Анасы қайтыс болған екен. Қарындасын балалар үйіне алып кетіпті, өзі көршісінің үйінде тұрып жүр екен. Мен Коляны аяп кеттім де, біздің үйде тұра бер дедім, анам да қарсы болмады. Ол көршісіне бізбен бірге тұратынын ескертіп келді. Содан бастап бірге тұра бастадық. Бірнеше күннен кейін Коля екеуіміз ақша табайық деп Серофанның көлік жуатын жеріне бардық. Серофанның ағасы Аюб та жүр екен. Аюб Колядан кімсің, қайда тұрасың, кіммен тұрасың деп сұрай бастады. Коля бәрін айтып берді. Аюб ол үйдің иесі кім, қазір қайда деп сұрады. Коля үйдің иесі 8 жыл бұрын із-түссіз жоғалып кеткенін айтты. Үй иесінің аты-жөнін білесің бе? – деп сұрады. Коля білетінін айтты. Екеуі бір-бірінің телефонын алды. Келген машиналарды жуып болып, Коля екеуіміз жұмысымызбен кеттік. Арада екі апта өткенде Аюб звондап, Колядан үйдің иесінің аты-жөнін қайта сұрады. Коля Грушин Виктор деп айтты.                          

– Сіздің атыңызға сенім хат қалай жасалғанын білесіз бе?

– Қалай жасалғанын білмеймін. Бірақ Бараев Аюб сенім хат жасаймын деп төлқұжатымды алды. Бірақ қандай сенім хат жасайтынын айтқан жоқ. Сенім хат жасату қылмыс емес, сондықтан Бараев Аюбқа сеніп төлқұжатымды бердім.

Хасанов Хосрау – Бараевты лидер санайды, соған еліктейді. Бараев сияқты «мықты» болғысы келеді, әрі Бараевтан қорқады. Сол себепті Хасанов Хосрау жауап бергеннен кейін телефонын өшіріп, із-түссіз жоғалып кетті. Азамат Кидирсихов жауап алғаннан кейін, баласының немен айналысатынын білсе де, балам жоғалып кетті деп анасы ІІД, Бас прокуратураға арыз жазды. Осылайша олар Азамат Кидирсиховты істен шеттеткісі келді. 

***

А. Кидирсихов Грушиннің із-түзсіз жоғалып кетпегенін, қаңғыбастарға еріп кеткенін естіді, бірақ таба алмады. Ол жедел уәкілге:

– Грушин қаңғыбастарға еріп кетіпті, қалайда табу керек, – деді. Жедел уәкіл:

– Азеке, іздеп жатырмыз. Бірақ әлі табылмады. 

Азамат Кидирсихов жедел уәкілдің Грушинді іздемейтінін біледі.

– Маған да мәліметтер түсіп жатыр. Түркісіб ауданындағы базар маңында қайыр сұрап жүр дегенді естіп отырмын, – деді.

Грушин табылмағаннан кейін қылмыстық іс кезінде із-түзсіз жоғалып кетті, ҚК-нің 99-бабы, 1-тармағы бойынша өлтіріп кетуі мүмкін деп қылмыстық іс қозғады. Адам өлімі болған жерде оны қалайда іздеу керек, әйтпесе ІІМ қылмыс қашан ашылады деп ізіңнен қалмайды. Бұндай кезде қылмысты ашасың немесе із-түзсіз жоғалып кеткен адамның мүрдесін табасың. Жедел уәкіл де Грушинді ешкім өлтіріп кетпегенін біледі. Сондықтан іздеуге кірісті.

– Азеке, Грушинді іздеп табамыз. Есептен алып тастаңыз, – деді.

Жедел уәкілдің де іздеу тәсілі бар. Ол Түркісіб ауданының учаскелік полициясына хабарласып:

– Сіздердің учаскелеріңізде Грушин деген кісіні өлтіріп кеткен деген мәлімет бар, тірі болса Грушиннің өзін, болмаса мүрдесін табу керек деді. Содан учаскелік полиция күні-түні іздеп Грушинді табады. Бір күні Азамат Кидирсиховқа жедел уәкіл қоңырау соғып:

– Азеке, Грушинді таптық. Қашан келесіз? – деді.

– Қазір барамын.

Учаскелік полиция Грушинді мас болып жатқан жерінен арқалап алып келіп, А. Кидирсиховтың кабинетінің есігінің алдына жатқызып қойып, өзі күтіп тұрады. 

Жедел уәкілдің артын ала бастығы Ибрашев звондап:

– Азеке, блиииннн, ананың көзін құрт. Иісі бүкіл ғимаратты алып кетті! Дәліз сасып жатыр! – деп айғайлады.

Келсе шынымен Грушин есігінің алдында шалжиып жатыр екен. Әрі-бері өткендер мұрнын басып:

– Азеке, саған келген бе? – деп сұрап жатты.

Грушин тәлтіректеп әрең тұрса да кабинетіне кіргізді. Ес жисын деп жібере салса, қайта таба алмасы анық. Иісі бүкіл ғимаратты алып кетсе де, ес жиғаннан кейін жауап алды.        

– 2016 жылдың 13 наурызында Ресей Федерациясында болдыңыз ба?

– Жоқ. Ол кезде Алматыда болдым.

– Алматы қаласы, Жетіген көшесі, 8/1 мекенжайындағы үйді сату үшін Хасанов Хосрауға сенім хат бердіңіз бе?

– Жоқ.

Бұл құжатты да нотариус Л. Димашева куәландырады. Л. Димашеваға үй иесі Грушиннің қазір Ресейдің, Екатеринбург қаласында жүруіне байланысты Алматы қаласы, Жетіген көшесі, 8/1 мекенжайындағы үйін иесі ретінде сату үшін Хасанов Хосрауға берген сенім хатын береді. Сенім хатты Екатеринбург қаласының нотариусы Королева Наталья Витальевна куәландырған. Бірақ А. Кидирсихов Екатеринбург қаласына сұрау жіберіп, Наталья Витальевна Грушиннің сенім хатын куәландырмағанын анықтады.  

Бірақ Бараев үйді сатып үлгермеді. Себебі 2016 жылдың 25 тамызында қамауға алынды.

 Бараев Аюб Князоглы

Бұрын бірнеше рет сотталған, ұлты күрд. Қылмыстық ортаның «беделді» азаматы ретінде ҚР ІІМ-нің ұйымдасқан қылмыстық тобының есебінде тұрған адам. Бірнеше рет күш көрсетіп, бопсалады деген айып тағылып қамалғанымен, ол айыбы заң тәртібін бұзуға ауысып шартты түрде жаза кесіліп құтылып кеткен. Лагерге бармаған, түрмеден түрмеге секіріп жүрген. Түркісіб ауданында тұрады. Князь деген лақап атпен танымал.  

Бараев Аюб Арқын Ұлжанның төлқұжатының көшірмесін, үйдің құжатын қайдан алғанын айтпады. А. Кидирсихов Бараевтың телефонынан Л. Димашеваның телефон нөмірін іздеп еді, таба алмады, бірақ Л. Димашеваның көмекшісі Хамза Ризаның телефонын тапты. Оны «Роза» деп сақтап қойыпты.   

Қамалуы

2016 жылдың 25 тамызында Азамат Кидирсиховтың басшылығымен Бараев Аюбты қамауға алды. Себебі, 22 тамызда Бараев Аюб Түркісіб аудандық ХҚКО-да төлқұжат жасатып, Түркияға кетпек болады. Оны ережеге сай Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жедел уәкілдер, яғни «Арлан» арнайы бөлімшесінің күшімен ұстады.

Бараев Аюб қылмыстық идеология қағидасына сүйене отырып, айғақ бермеді, қол қоймады. 

Азамат Кидирсихов істі сотқа жіберу үшін бар материалды санкция алуға Бостандық ауданының прокурорына жіберді.

***

Жұмыста отырған А. Кидирсиховтың кабинетіне бейтаныс бір адам рұқсат сұрап кірді де:

– Мен Седойдан келдім, – деді. А. Кидирсихов Седойдың кім екенін біледі. Ол – Көлбаев. ІІМ Тергеу департаменті басқармасының бастығы полиция полковнигі. Шашы аппақ қудай болғандықтан Седой аталып кеткен.

– Отырыңыз.

– Бараевты жаппа. Егер Бараевты жапсаң мұны Седой жеке басыма тиісті деп есептейді.

–…

Әлгі адам шығып кеткеннен кейін Бостандық ауданының ІІБ бастығының орынбасары Ержан Мыңжасарұлы Ибрашев кіріп:

– Седой өте кекшіл. Абай бол, – деп ескертті.

– …

***

Әлгі кісі кеткеннен кейін А. Кидирсихов Исатаев пен Кәрімжановты шақырып алып:

– Бараевты босатып жіберуі мүмкін. Жаңадан Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық іс жүргізу кодексі шықты. Қылмыскерлер ақшасы, мүлкі болса соттың депозитіне салады да, бостандыққа шығып кете береді. Жаңа заң шықса, осы заңды қолданыңдар деп қатты қадағалайтынын өздерің де білесіңдер. Жаңа ғана Көлбаевтан бір адам келді. Ертең таңертең аудандық прокуратурадан қалайда санкция алу керек. Олар аудандық прокуратураға да баруы мүмкін, – деді.

– Жақсы, Азеке. Сізді түсіндік, – деді екеуі.

Ертесіне аудандық прокуратураға барса, прокуратураның алдында кавказдықтар толып жүрді. Қалалық прокуратура мен аудандық прокуратура бір ғимаратта орналасқан. Кавказдықтар көлік қоятын жер таппай абыр-дабыр болып жатты. Азамат Кидирсихов прокурорға санкцияны апарып:

– Кеше Бараев Аюбты ұстадық. Қамауға алуға рұқсат беріңіз, – деді.

– Қамай бермей, неге кепілмен босатпайсың? Жаңа шыққан заңды орындамайсыңдар ма?

– Оны кепілмен босатуға болмайды. Қашып кетеді. Түркияға кетіп бара жатқан жерінен ұстадық.

Аудандық прокурор:

– Мыналар неге қаптап кетті? – деп сұрады терезе жақты иегімен нұсқап.

– Аюбты құтқару үшін біреуге ақша беріпті деп шулап жүр.

– Кімге ақша беріпті! – деген прокурордың басы қақшаң ете қалды.

– Білмеймін, тек естігенімді айтып тұрмын.

– Әкел санкцияңды, – деп шиыршықтап қолын қойып, Бараев Аюбты қамауға рұқсатын берді.

Аудандық прокурордан шыққан А. Кидирсихов енді бірден сотқа барды.

Соттың алдына да көліктер қаптап келіп жатты. Сотқа Азамат Кидирсихов пен Тарлан Исатаев бірге кірді. А. Кидирсихов:

– Тәке, қалайда санкция алу керек. Бәрін әдемі істе, – деді.

– Жақсы.

Екеуі кабинетке кіргенде Азамат Кидирсихов сотпен амандасып, Тарланды:

– Исатаев Тарлан, ЮРУБОП, – деп таныстырды.

Тарлан орындыққа отырып, терезе жаққа қарай берді. Сот та алаңдап Тарланның қараған жағына қарады. Ал Азамат Кидирсихов:

– Бараев Аюбты қамау керек, оны кепілмен босатуға болмайды, – деп жұмысын айтып жатты. Сол кезде сот та прокурордың сұрағын қойды:

– Мыналар неге қаптап кетті?

– Бараевты босатып аламыз деп жиналып жатыр деп естідім дей бергені сол еді А. Кидирсиховтың қалта телефоны безілдеп қоя берді. Қоңырау соққан жедел уәкіл екен. Ол бірден:

– Бараев қатты ауырып қалды, – деді.

– Ауырса жедел жәрдем шақырыңдар! 

Санкцияның соңы цирк болып кетті. Бараевтың жүрек талмасы ұстап, екі рет жедел-жәрдем шақырып, қан қысымын өлшеді. Болмаған соң қалалық кардиология орталығынан арнайы жедел жәрдем шақырып, олар Бараевты ауруханаға алып кетеді. Сот Тұрымбетов:

– Ауруханаға бармаймын, оны осында алып келіңдер, – деді.

– Ауруханаға түскен адамды қалай алып келеміз?…

…Ақыры Тұрымбетов мантиясын киіп ауруханаға баруға мәжбүр болды. 

Ауруханаға полициялар қаптап келген соң дәрігерлер де не істерін білмей әбігерге түсті. Бараев Аюб әлі ес жимай жатыр екен. Азамат Кидирсихов Бараев Аюбтың емдеуші дәрігеріне:

– Есін жиғызыңыз, – деді.

Дәрігер Аюбтың бетінен шапалақтап:

– Аюб, бізді естіп тұрсыз ба? Аюб:

– Ы-ы-ы, – деп ыңырсыды. Сот:

– Мен Бостандық ауданының соты Ж. Тұрымбетов Бараев Аюбты қамауға алуға санкция беремін, – деп сол жерде үкім оқыды.

Бараевқа қарауыл қойып, аурухана палатасы аяқ асты түрмеге айналып шыға келді. Емдеуші дәрігері мен аурухананың бас дәрігері Бараевты тез шығаруға тырысты. Ауруханадан шығару бойына Алматы қаласындағы №18 тергеу изоляторына апарды.

  Вешнякова Наталья

Бараев Аюб Князоглының 20 жылдан бері некесіз тұратын әйелі. Ұлты орыс. Алаяқтық істің бәрін Бараев Аюб Князоглының айтуымен істеген. 

Тельман Османов

– Оның ұялы телефоны жоқ, – деді Тельман Османовты білетін бұрынғы көршісі.

– Енді қалай табамыз?

– Бомж ғо ол.

– Қай жерде жүреді? Білмейсіздер ме?

– Кім білген? Бұрын заңсыз есірткі сақтады деп сотталған соң аулақ жүреміз.

– Көктем шықса бір стақан араққа сатылып әркімнің үйінің жұмысын істеп жүретін еді. Тағы біреу алып кетпесе, – деді бір көршісі. 

– Ешқашан сау жүрмейді. Өмірі ішіп жүреді. Өзі келмесе, оны сіздер таба алмайсыздар, – деді тағы бір көршісі.

– Оның 25 000 000 теңгеге үй сатқанын білесіздер ме?

– 25 000 000 теңгеге, ойбай, қай үйін сатып жүр? Үйі жоқ қо оның…

***

Азамат Кидирсихов жұмыс кабинетінде отыр. Үстел үстінде Арқын Ұлжанның сатылып кеткен үйінің Алматы қаласындағы Әділет департаментінен алған тіркеу ісі мен нотариус Л. Димашевадан алған құжаттары жатыр. Құжаттарды оқып отырғанда кезекші полиция есік қағып кіріп:

– Сізге хат келді. Сараптама қорытындысы, – деп қолына конверт ұстатты.

Ашып оқыса, Тельман Байрамовичке берген сенім хатты Арқын Ұлжан жазбаған деген қорытынды шығыпты.

– Ім-м-м, – деп ойланып кеткен Азамат Кидирсиховтың көзі Арқын Ұлжанның Л. Димашевадан алған құжаттарының арасынан шығып жатқан жеке куәлігінің көшірмесіне түсті. Жалма-жан Әділет департаментінен алған құжаттарды қарай бастады.

– Мәс-са-ған, ал керек болса! Мынау көшірмеден жасалған көшірме ме?

Екі мекемеден алған жеке куәліктің көшірмесі біп-бірдей. Екі көшірмені бірінің үстіне бірін қойып еді, бірінің үстіне бірі дәлме-дәл дөп түсті.

– Димашева, Димашева, енді бұған не дер екенсіз.

Ол дереу Алматы қаласының Жер қатынастар басқармасы мен Техникалық түгендеу бюросына хат жазып, Арқын Ұлжанның құжатын сұрады. Келген құжаттарды салыстырғанда бәрінде де Арқын Ұлжанның жеке куәлігінен емес, көшірмеден көшірме жасағаны көрініп тұрды. Себебі барлық жерге жіберген куәліктің көшірмесінде де куәліктің екінші беті біп-бірдей қисық түскен.

Осы құжаттарды Сот сараптама институтына жіберді. Олар барлық жеке куәліктің көшірмесі түпнұсқадан емес, көшірмеден алынған көшірме деп жауап берді.

Кидирсихов пен Көлбаев

Офицер – жәй ғана мемлекеттік қызметкер емес. Офицер – азаматтық борышын өтейтін адам. Офицер үшін басшының бұйрығы – заң. Бұйрықты орындамайтын офицер – офицер емес. Полиция бөлімшесінде кездейсоқ жүрген адам. Бұйрыққа бағынатын офицер ғана бұйрық беріп, бұйрықтың орындалғанын бақылай алады.  

Ұзақ уақыт тергеуші болып жұмыс істеген адамның бойында белгілі бір қасиеттер қалыптасады. Бастапқы кезеңде тергеуді жасырын жүргізгендіктен А. Кидирсихов мәліметтің бәрін құпия сақтады. Әрі қарай зерттеу де тергеудің нәтижесіне байланысты еді. Ал Көлбаев қылмыстық істі толық білгісі келді. А. Кидирсиховты шақырған сайын толық істі талап етті. Ал А. Кидирсихов айтуға болады деген мәліметтерді ғана беріп отырды. Бірақ тәжірибелі маман, бұрын өзі де тергеуші болған Көлбаев оған қанағаттанбады, бұл мәліметтің тек шеті екенін сезді. А. Кидирсиховтың терең қазып жатқанын білді. Сондықтан барынша аяққа оралғы болды. Оның себебін алда айтамыз.          

Асанов пен Көлбаев

2016 жылдың қыркүйек айының басында Алматыға ІІМ-нен Асанов келді. Асанов қалай келді, солай жұмыс тоқтады. Асанов Алматыға келгенде жалғыз Азамат Кидирсиховты тыңдауға келмейді. Алматы қаласында неше аудан бар, сол аудандағы барлық ІІД басшылығын, сол аудандағы Полиция басшысын, тергеушілер мен анықтаушылардан есеп алады. Бәрі Асановқа есеп беру үшін кезекке тұрып, күтіп жүрді. Ол жерде тек Алматы қаласы емес, Алматы облысы, оның ішінде Алматыға жақын Өтеген батыр, Қаскелең, Талғар қаласынан келгендер де бар.

Осы жолы Көлбаев Асановтың келгенін пайдаланып қалуға тырысты. Сол кезде Азамат Кидирсиховтың қолында Бараев, Димашеваның ісінен басқа да бірнеше іс болды. Көлбаев Азамат Кидирсиховты жұмыстан шығаруға барын салып, оның қолындағы істерге қатысты анықтама жинап:

– Осы істерге қатысты Азамат Кидирсиховтың үстінен арыз бар, – деді.

Азамат Кидирсихов есеп беруге кіргенде кабинетта Көлбаев пен Асанов отыр еді. Көлбаев бірден:

– Мына адамды заңсыз қамадың. Іс толық емес, – деді.

– Заңсыз дегеніңізді қалай түсінеміз?

– Қолыңда жедел қызметкерлердің бергенінен басқа ештеңе жоқ!

– Тергеу шаралары жүрді. Бәрі бар.

– Бәрі бар! Не бар сонда?!

Азамат Кидирсиховқа бәрін басынан бастап айтуға туралы келді. Айта бастағанда Асанов сөзді бөліп:

– Неге кеше тергедің? Неге уақытысында тергемедің? – деді.

– Мен 22 тамыз күні демалыстан келдім. 25 күні қамауға алдық. Тінтуге рұқсатты әрең алдық, бұның бәрі бізге оңай емес.

– Қалай әрең алдың, кім саған кедергі келтірді?! – деп дауыс көтерді Көлбаев.

– Бір ай болды әлі есеп беріп жүрмін. Жұмыс тоқтап қалды.

– Маған баяндама жазып, бәрін түсіндіріп бер.

– Баяндама жазуға уақытым жоқ. Жұмыс істеу керек. Сол кезде Асанов:

– Көлбаев, мынадан істі алыңдар. Осы уақытқа дейін не істегенін көріңдер. Ал сен мына жерге қызметтік куәлігіңді қой.  

– Егер сіздердің бар армандарыңыз менің қолымдағы істі алу болса, онда істі аяғына дейін жеткізетін тәжірибелі тергеушіге беріңіздер, – деп үстел үстіне куәлігін қойды.

– Болды, бара бер!

Көлбаев:

– Азамат Кидирсихов, тоқтай тұр. Сол арада кабинетке Нұртаев кірді.

Көлбаев:

– Біз сонда осы істі алу үшін саған кедергі болып отырмыз ба?!

– Бараевты қамаған күні сіздің атыңыздан бір адам келіп, оны босат деді.

– Сонда не, Көлбаевтан келдім деген адамның бәріне сене бересің бе?

– Мен де кез келгенге сене беруге болмайды деп ойлаймын. Бірақ алдыңғы күнгі жиналыста заңсыз қамадың деп айтқаныңызға қарап ол адамды сіз жібермеді дегенге сену қиын.

– Мен сенің Бараевты заңсыз қамағаныңды қазір де айта аламын! – деп айғайлаған Көлбаев Нұртаевқа қарап:

– Мынаның қолындағы істі алыңдар! – деді.

Азамат Кидирсихов сыртқа шыққанда барынша қатты адымдап ЮРУБОП-тың басшысы Қасым Қалыбидің келе жатқанын көрді. Ол Азамат Кидирсиховқа бақырайып қарап, иегін көтере «не болды» деген белгі берді де кабинетке кіріп кетті. Қайта шыққанда Азамат Кидирсиховтың қызметтік куәлігін беріп:

– ЮРУБОПпен бірге жұмыс істейтініңді айтуға тура келді, – деді.   

 В. Тихонов

Прокурор В. Тихоновтың кабинеті. В. Тихоновтың қабағы түйіліп кеткен:

– Аудандық тергеушілер нотариусты не үшін тыңдайды? Жеке өмірін білгілерің келе ме? Қайда барғаны, кіммен сөйлескені, не істегені қызық па сендерге? Әрі-беріден соң азаматтардың конституциялық құқын да ойлау керек! – деді.

– Алдын-ала тергеу үшін біздің қолымызда дәлел жинайтын мүмкіндік жоқ, құралдар да шектеулі, – деп енді барын салып түсіндіре бастады. 

Азамат Кидирсиховтың сөзінің астарында шындық барын сезген В. Тихонов ұзақ дауласып барып Л. Димашеваны тыңдауға санкция салуға рұқсат берді. 

 Лаура Димашева

Лаура Димашева бұрын сот болған. Сотта, қалалық прокуратурада таныстары көп. Оның үстіне дәл осы уақытта сот істі болған нотариус Айбаровты ақтап шығып, қалалық прокуратурада үлкен шу шыққан. Айбаровтың ісін ІІД Тергеу басқармасы тергеп, айыптау актісін бекітіп, Бостандық ауданының прокуроры сотқа жіберген.

Дәл осы кезде Азамат Кидирсихов нотариус Лаура Димашеваны тұтқындауға санкция алуға рұқсат сұрады. Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Шүкіров Самат:

– Азеке, сіз қызықсыз! Жақындаға ғана сот бір нотариусты ақтап шықты емес пе, енді келіп тағы бір нотариусты тұтқындауға санкция сұрап тұрсыз!

– Қалайда Л. Димашеваны тұтқындау керек! – деп дәлелдерін келтіріп тұрып алған соң Самат Шүкіров оны қалалық прокуратураның тергеуді қадағалау басқармасының бастығы Тұсайынов Жантастың кабинетіне ертіп барды.  

– Сен осында тұра тұр, мен өзім кіріп шығамын, – деп Самат Шүкіров ішке өзі кіріп кетті. Оның Жантас Тұсайыновқа нотариус Л. Димашеваның ұсталғаны туралы айтқаны естіліп тұрды. Ж. Тұсайынов:

– Сендерге бір нотариусты ақтап жібергені аз болып тұр ма?! – деп айғайлады да: – Шақыр тергеушіні! – деді.

Ішке Азамат Кидирсихов кіргенде Жантас Тұсайынов таңғала қарады. Шамасы ол жап-жас тергеуші кіріп келеді деп күткен секілді. Айғайлап, ит-терісін басына қаптап, қылмыстық іс туралы материалын бетіне лақтырып, қуып шығамын деп ойласа керек.

2012 жылы да осыған ұқсас оқиға болған. Сол жылы полиция қызметкерлері президенттік тест тапсырды. Ол кезде Азамат Кидирсиховтың ІІМ академиясында жұмыс істейтін кезі. Академияның бастығы генерал Жанат Құлтаев. Тест тапсырып болғаннан кейін генерал қызметкерлермен сөйлесті. Орынбасарлары комиссия мүшелері болды. Сол күні генералмен сөйлесіп шыққандардың кейбірі біразға дейін өз-өзіне келе алмай жүрді. Азамат Кидирсиховтың да кезегі келгенде кабинетке кірді. Жерге кілем төсеп тастаған. Сапта тұрғандай адымдап, жұмсақ кілем үстімен төралқада отырған генералдың қақ алдына барып тұрды. Тәртіп бойынша есеп берді. Ал генерал Азамат Кидирсихов туралы алдында жатқан мәліметке қарап, таңқалғаны көрініп тұрды. Бір айта кетері, ол ІІМ академиясындағы ғалым-офицерлерге тәкаппарлана төбеден қарайтын да, тәжірибелі мамандарды жоғары бағалайтын. Ал алдында тәжірибесі бар ғалым тұр.

– Бас прокуратурадан неге кеттің? – деп сұрады.

– Кандидаттық диссертациямды жазу үшін. Ол құрметпен басын изеді.

Құлтаев заң ғылымдарының докторы. Ол орынбасарларына бұрылып:

– Сұрақтарың бар ма? – деді. Сол кезде орынбасары Талап Байжанов бірдеңе сұрау керек дегендей:

– Атыс қаруын қолдану негіздерін айтып бер, – деді.

Азамат Кидирсихов жауап бергенше Жанат Құлтаев сөзді бөліп:

– Әй, сен, тыңда, ол тәжірибелі адам, атыс қаруын қолдану негіздерін сенен жақсы біледі, – деді. Содан кейін ешкім сұрақ қоймаған соң Ж. Құлтаев:

– Жарайсың! Боссың! – деген еді…

Азамат Кидирсихов Тұсайыновтың кабинетіне кіріп келе жатқанда Тұсайынов қолындағы қағазын лақтыруға дайын тұр еді. Бірақ кіріп келе жатқан тергеушіні көріп кілт тоқтады. Иә, Азамат Кидирсихов тергеуші, ал Тұсайынов басшы. Бірақ Азамат Кидирсихов да бір кездері ауданның прокуроры, облыстық прокуратураның бастығы болған, Бас прокуратурада да жұмыс істеген. Ол Тұсайыновтың қазір істеп отырған жұмысын баяғыда істеп тастаған…

…Тұсайынов артық ештеңе айтпастан, қамауға алу туралы өтінішін қабылдады.

***

– Азамат Кидирсихов, Димашева, Бараев, Даровскаялардың телефон нөмірлерін егжей-тегжейлі тексерген талдау келді. 

– О-о-о, соны күтіп жүр едім. Рақмет!

Ең бірінші Димашеваға қоңырау соққан нөмірлерді қарап шықты. Бір нөмір қайта-қайта қоңырау соққан екен. Күніне бір-екі рет. Енді Димашеваның қоңырау соққан нөмірлерін қарады. Ол да әлгі нөмірге күніне бірнеше рет қоңырау соғады екен. «Бұл кім болды екен?» деп ойлады. – Тұра тұр, мынау таныс нөмір ғо. Кімдікі? Кімдікі? Кімдікі?

Жалма-жан өзінің телефонындағы нөмірлерді қарай бастады. Көлбаев деп сақтап қойыпты.

– Көлбаев! – деп шошып кетті. Өз көзіне өзі сене алар емес. – Көлбаев пен Димашева! – деп орнынан тұрып кетті. – Олар сонда бір-біріне өте жақын болғаны ма?.. Сонда қалай?.. Бұлай күнде әйелің де қоңырау соқпайды…

Дереу телефонын алып жедел уәкілге қоңырау соқты:

– Көлбаев туралы толық мәлімет керек. Бұрын қайда жұмыс істеді? Қайда тұрды? Кімдермен жақсы араласты? Жалпы бәрі керек.

– ІІМ Тергеу департаменті басқармасының бастығы Көлбаев туралы ма?

– Иә, сол туралы.

Л. Димашеваның көмекшісі Хамза Риза мен Бараев Аюб та жиі-жиі сөйлесіп тұрған екен. 

Кешке жақын жедел уәкіл келіп:

– Көлбаев бойынша, – деп бір папка әкеліп берді.

Папканы ашып қарап, ішіндегі он шақты парақты көріп:

– Осы ғана ма? – деп сұрады.

– Әзірге осы.

– Жақсы, – деген Азамат Кидирсихов параққа үңілді. – Көлбаев, Түркісіб аудандық полиция бөлімінің бастығы…

Өрт

2015 жылдың 20 қарашасында Л. Димашеваның офисі өртенген деген ақпарат түсті. Азамат Кидирсихов өрттің неден шыққанын анықтайтын анықтаушыны (дознаватель) кабинетіне шақырып:

– Хаттама толтырмаймыз. Тек өрт неден шыққанын анықтадыңыздар ма?

– Біреу әдейі өртеген. Бірақ біз оны дәлелдей алмаймыз.

– Барлық құжат өртеніп кеткен бе?

– Жоқ. Дәл уақытында сөндіріп үлгердік. Біраз құжаттарды шығардық. Оның бәрі қылмыстық құқық бұзу фактісі жоқ деп қылмыстық іс қозғауды тоқтатқан құжаттар.

Сол жылы Л. Димашеваны Бостандық аудандық сотына шақырады. Сот Шырын Ержанова құжаттарға талау жасай отырып, әрі Л. Димашеваның жауабы арқылы қылмысқа қатысы барын біліп оған:

– Барлық құжатты алып келіңіз, – дейді. Сол күннен бастап Л. Димашева сотқа баруды қояды. Телефонға жауап бермейді, шақыртуға бармайды. Л. Димашева басына қара бұлт үйірілгенін біледі де, 20  қарашада офисін өзі өртеп жібереді. 

Сот 25 қарашада жеке қаулы шығарып, Л. Димашеваны тексеру керек дейді. Бірақ жеке қаулының аты, жеке қаулы. Заң бойынша жауап беру керек, бірақ бірден іс қозғап, тергеу деген сөз емес. Жеке қаулыны прокуратураға жіберсе де, көбіне прокуратура жауап бермейді, қарамайды, сол күйі қалады. Прокуратура жеке қаулыны аудандық ІІБ жібереді. Жоғары соттағылар аудандық соттарға жеке қаулы шығардыңдар ма, неге оның орындалған-орындалмағанын қадағаламайсыңдар дейді. Бұл жеке қаулы да Бостандық ауданының ІІБ жатып қалады.

5 июнь күні Азамат Кидирсиховқа осы жеке қаулы туралы Мамыров айтады. 

– Өткен жылы соттың жеке қаулысы келген. Ол істі Қайсар тексерген. Қайсарды білесің, шала-пұла тергеп жібере салған. Қаулыны Қайсарға бергем, егер Қайсар қаулыны туалетке апарып тастамаса немесе тоқаш орап жемесе тауып алшы, – дейді.

Азамат Кидирсихов Қайсарға барып:

– Л. Имашеваға қатысты Вичкуткиннің ісін тергедің бе? Сот жеке қаулы шығарған екен, сол қаулы қайда?

– А-а-а, Азеке, ол міне, – деп тауып берді.

Жеке қаулыға қарап отырып, сот Ш. Ержанова тергеушінің де жұмысын істегенін көреді. Сол қаулы бойынша мұрағаттағы құжаттарды көтереді.         

Димашеваның үйін тінту

Ж. Тұсайыновтан Димашеваны қамауға санкция алғаннан кейін үйіне 2 рет барды. Екеуінде де үйде адам болмады. Үшіншісінде барғанда сол үйден бір ер адам шығып келе жатты.

– Осы Димашева Лаураның үйі ма?

– Жоқ. Оның үйі емес.

– Енді кімнің үйі?

– Кімнің үйі екенін айта алмаймын.

– Біздің қолымыздағы құжат бойынша Димашева осы, Юбилейная 6 үйде тұрады. Үйге тінту жүргіземіз.

– Тінтуге рұқсат бермеймін.

– Бүгін үшінші рет келіп тұрмыз. Қолымызда есікті бұзып кіруге рұқсат бар. Сіз рұқсат бермесеңіз де бүгін үйге кіреміз.

Әлгі үйден шығып бара жатқан жігіт кетіп қалғысы келіп:

– Мен больницаға бара жатырмын, – деп қарсыласып еді, Азамат Кидирсихов:

– Тінту шаралары басталып кетті, енді кете алмайсыз, – деп жібермеді. Ол әрі қашты, бері қашты, бірақ кете алмады. Үйдің алдында тағы бір әйел жүрді. Аты-жөнін айтпаса да, полиция қызметкерлерін үйге кіргізбей қарсыласып біраз жүрді де кетіп қалды. Енді үйді ашып кірейін десе кілт жоқ. Үйден шыққан жігіттен:

– Үйдің кілті қайда? – деп сұрап еді:

– Менде кілт жоқ, – деп жауап берді. Күшпен қалтасын қарайтын болған соң амалсыздан:

– Кілтті жаңағы әйел алып кетті, – деді. Азамат Кидирсихов сол сәт жедел уәкілдерге:

– Жүгір, ана кісіден кілтті алып келіңдер, – деп тапсырма беріп, өзі мына кісінің қашып кетпеуін қадағалап тұрды.

Жедел уәкіл қайтып келіп:

– Кілт мына кісінің қалтасында екен, – деді.

Сол кезде қарсыласып тұрған кісі қалтасынан кілтті алып берді.

Үйге кіріп бірінші қабаттан бастап тінту жұмысын жүргізді. Сонда әр бөлмедегі шкаф сөрелерінен Л. Димашеваның куәландырған құжаттарының бір беті, екі беті табылып жатты.

– Егер Л. Димашева бұл үйде тұрмайтын болса, неге Л. Димашева куәландырған құжаттар сіздің үйдің шкафында жатыр?

– ?..

Балалар бөлмесіндегі шкафтан бір бума құжатты алып жатқанда әлгі жігіт Азамат Кидирсиховтың қолына жармасып:

– Бұл менің құжаттарым, – деді.

Құжаттарды ашып қарап:

– Шыңбаев Айдос деген сіз бе? – деп сұрады.

– Иә, мен.

– Неге онда аты-жөніңізді айтпадыңыз?

–?..

Тағы бір тартпадан визиткалар шықты. Визиткада Лаура Шыңбаева деп жазылған екен.

– Лаура Димашева бұрын Шыңбаева болған ба? Лаура сенің анаң ба? – деп сұрады.

– Иә, – деп жауап берді.

Бірінші қабаттағы бөлмелерді түгел қарап шықты. Табылған құжаттарды тәркілеп алып, асүйге кіргенде асүйде бағанағы көршісімін деп есік алдында айғай шығарған әйел отыр екен. Аяқ жағында қол сөмкесі тұрды. Азамат Кидирсихов қол сөмкеге қол соза бергенде:

– Бұл менің сөмкем! – деп баж ете түсті. 

– Сіздің сөмкеңіз болса, қазір мына камераның, куәгерлердің көзінше қараймын да қайтарып беремін, – деп сөмкені ашып қалғанда ішінен 5 жер телімінің құжаты шықты.

– Мыналар кімнің жер телімінің құжаты?

– Бұлар менікі, сотқа қатысып жүрмін! – деп айғайлап Азамат Кидирсиховтың қолындағы жер телімінің құжатып жұлып алғысы келіп ұмтылды.

– Бұл құжаттарды да тәркілеймін. Тексеріп болған соң өзіңізге қайтарамыз, – деді.

– Азамат, бұл үйде саған ешкім пара бермейді, қайтар құжаттарымды! – деп бақырды.

Әрі қарай екінші қабатқа көтерілгенде бір бөлменің есігінде құлып тұрды.

– Айдос, мына бөлмені өзің ашып бересің бе, әлде бұзып кірейік пе? – деді А. Кидирсихов.

– Оның кілті жоқ менде, бұрыннан жабық тұр, – деп бет бақтырмады.

Есіктің арасына лом салып тарта бастаған жұмысшы:

– Мынаның ішінде біреу бар, – деді. – Дыбысы шығып жатыр, бұза берейін бе?

Сол кезде Айдос бөлменің есігін ашты.

Ашса, есік алдында қолында екі пакеті бар Лаура Димашева тұр. Бөлме дегеніміз әжетхана екен.

Азамат Кидирсихов:

– Лаура Димашева, неше күннен бері сізді іздеп жүрміз, – деп қолындағы екі пакетін алды.

Пакеттің ішінен офиспен бірге өртеніп кетті деген барлық құжат шықты.

Іздеген құжаттың бәрі табылғаннан кейін Лаура Димашеваны қамап, істі прокуратураға жіберді.

 Лаура Димашеваның бұрынырақтағы тағы бір ісі

2008 жыл. СИ-1. Түрменің ұзын дәлізімен қолын артына қарата ұстаған Бақыт Бекотаев келе жатты. Артында түрме күзетшісі. Олардың қасынан бір әйел өтіп бара жатты. Көзінің қиығымен танып қалған Бақыт Бекотаев:

– Лаура! – деп айғайлап жіберді. Лаура Димашева жалт қарады. Жағдайды бірден түсінген Лаура күзетшіге:

– Мен адвокатпын. Бір-екі минут ғана сөйлесемін, – деді.

«Не болды? Қалай?» – деп сұрамады. Бірден:

– Шартты мерзім алу үшін аппеляцияға көмектесе аламын. 50 000 АҚШ доллары. Менің еңбегім 2 000 АҚШ доллары.

– Бүгін кешке үйден аласың.

– Жақсы, – деп кете барды.

«Димашева бұрын сот болған. Жан-жақта байланысы бар» деп ойлаған Б. Бекотаев шешесіне қоңырау соғып қысқа амандасты да:

– Бүгін үйге Димашева Лаура деген адвокат барады. Сұрағанын берерсіздер, маған көмектеседі, – деді.

Кешке Б. Бекотаевтың әке-шешесі қызына үй алып береміз деп жинап жүрген ақшадан 52 000 АҚШ долларын Л. Димашеваға санап беріп тұрып, ыңғайсызданса да:

– Бізге қолхат бермейсіз бе? – деп сұрады.

– Мұндай істе қолхат болмайды, – деді. Күні түсіп, кіріптар болып отырған ата-ана «сенімсіздікпен қарағанымыз дұрыс болмас деп» үндемеді.

Бірақ Б. Бекотаевқа Л. Димашеваның көмегі тимеді, сотталып кетті. Баласы сотталып кеткеннен кейін ата-анасы қайта-қайта телефон соғып, ақшаны қайтаруын талап етті. Сондай күннің бірінде Л. Димашева Б. Бекотаевқа өзі телефон соғып:

– Мен ол ақшаны сотқа жеткізетін бір адамға берем деп, алданып қалдым. Түрмеден шыққаныңда ақшаңды дайындап қоямын. Оған дейін ата-анаң мазамды алмасын, – деді.

Ереже бойынша клиенттен ақша алған адвокат ол ақшаны Алматы қаласындағы адвокаттар алқасының кассасына өткізіп, клиентке түбіртек беруі керек. Адвокаттар алқасы салық пен зейнетақы жарнасын шегеріп, қалған ақшаны адвокатқа береді.  Л. Димашева адвокаттар алқасының мүшесі болса да Б. Бекотаевтан алған ақшаны адвокаттар алқасына өткізбейді. Себебі А. Кидирсихов Алматы қаласындағы адвокаттар алқасына сауал жолдап, Л. Димашеваның Б. Бекотаевтан алған ақшаны адвокаттар алқасының кассасына өткізбегенін біледі.

Б. Бекотаевтың арызымен танысып шыққан А. Кидирсихов оған Бараев Аюбтың фотосуретін көрсетіп танитын-танымайтынын сұрады. «Бұл адам Түркісіб ауданында тұрады. Түркісіб ауданында оны танымайтын адам жоқ. Мен де Түркісіб ауданында тұрамын. Бірде Л. Димашевамен кездесуге кафеге барғанымда екеуі бірге отырды. Мен оның «бандит» екенін білемін. Сол кезде Л. Димашеваның бұған қандай қатысы бар деп ойлағам».    

2012 жылы желтоқсан айында Б. Бекотаев түрмеден шығып Л. Димашеваны іздейді. Бұл кезде ол адвокат емес, нотариус болып жүр екен. Есіктен кіріп келе жатқан Б. Бекотаевты көріп орнынан атып тұрып, жағдайын, қашан босағанын сұрап, шәй ұсынып бәйек болды да қалды. Беті әлемтапырық. Б. Бекотаев бірден қысқа қайырды:

– Ақшамды әкел, – деді.

– Тауып беремін, ол ақшаны алған адамдар әлі берген жоқ. Қалай аламын, солай беремін, – деді.

– Мен ақшаны саған бердім. Басқа артық әңгіменің керегі жоқ.

– Иә, иә, келесі айда қалайда тауып беремін, – деп шығарып салды.

Содан әні-міне деп жүргенде арада екі жыл өтті. Б. Бекотаевтың ізінен қалмайтынын білген Л. Димашева бір күні оған қоңырау соғып:

– Бақыт, 10 000 доллар қарызға бере тұр. 10 000 АҚШ долларын банкке «шапка» ретінде беріп, үлкен сомада кредит аламын да, бұрынғы ақшаңа қосып бірден қайтарамын, – деді.

Л. Димашеваға сенбеген Б. Бекотаев:

– Тек қолхат арқылы беремін, – деді.

– Жақсы, – деп оған да келісті Л. Димашева.

– Тек бұл 10 000 АҚШ долларына емес, алдыңғы алған 52 000 АҚШ долларына да қолхат жазып бересің.

– Жақсы, оған да жазып берейін, сол ақшаны беру үшін кредит алайын деп тұрмын, – деді Л. Димашева.

Л. Димашеваның сөзіне сеніп қалған Б. Бекотаев сыныптасы Ольга Холмецкаядан 10 000 АҚШ долларын қарызға алып:

– Жүр, бірге барайық. Осы ақшаны Л. Димашеваға бергенімді өзің де көр, – деді.

2014 жылдың 24 сәуірінде Б. Бекотаев пен О. Холмецкая 10 000 АҚШ долларын Л. Димашеваның офисіне апарып беріп, қолхат алады. Бірақ со күйі Л. Димашева 52 000 АҚШ долларын да, 10 000 АҚШ долларын да бермей кетеді. Осылайша Л. Димашева әріптесі, заңгер Б. Бекотаевты тағы да алдап соғады.

    Жазира Мұстафина

Әуезов ауданының жедел уәкілдеріне Лилизор Рахима деген риэлтор хабарласып:  

– Нотариус арқылы жалған құжатпен үй сатайын деп жатыр, – деп хабар берді. 

Р. Лилизор мен Ж. Мұстафина жалған құжатпен сатылатын үйге таласып, Рахима Жазираны жедел уәкілдерге ұстап береді.

2017 жыл. Жазираны Әуезов аудандық ІІБ алып келеді. Ол жедел уәкілдерге:

– Одерді шақырыңыздаршы, – деп жалынады.

– Одерді қайдан танисың? – дейді жедел уәкілдер.

– Шақырыңыздаршы!!!

Біраз уақыттан кейін Одер кіріп келеді де Жазираны шапалақпен салып жібереді. Жазира:

– Одер, құтқар. Тағы да отырғым келмейді. Үйде ақша бар, ақшаны менттерге бер де мені алып шықшы, – деп жалынады. Одер:

– Қақпанға өзің түстің, өзің шық, – деп шығып кетеді. Одер жедел уәкілдерден жаңа ғана Жазирадан тәркілеп алған құжаттарды сатып алады.

Жедел уәкілдер Рахиманың хабарламасы бойынша істі тіркемей бара салған екен. Жазирадан құжаттарды тергеуші тәркілеп алу керек еді, бірақ құжаттарды жедел уәкілдер тәркілеп алып, Одерге сатып жібереді.  Одер кеткеннен кейін Ауезов аудандық ІІБ-нің жедел уәкілдері:

– Одер сені не үшін ұрды? Оның қатысы бар ма?

– …

– Бұны ІІД апарайық, Одер ІІД істейді. Бастықтарына айтайық, – дейді.

Жазираны қайда апарарларын білмей тұрғанда бір уәкіл:

– Жазира Алмалы ауданында ұсталды. Алмалы аудандық ІІБ алып барайық, – деп, сонда алып барады.

Бұлар Жазираны Алмалы ауданының ІІБ апара жатқанда көлікпен Одер соңдарынан ереді. Жедел уәкіл:

– Одерге не керек? Араларыңда не бар, айтып бер! – дейді.

–…

Кезінде Жазираның бірінші ісімен айналысқан Алмалы аудандық ІІБ бастығының орынбасары Жазираны танып қалады. Ол кезде жас тергеуші еді. 

Жазира содан көмек сұрайды. Не болғанын түгел айтып береді. Бұған дейін де қандай қылмыстық істер болғанын айтып беремін дейді. Алмалы ауданының ІІБ-нің Жазираны қамауға қақысы жоқ, бірақ жібере салуға да болмайды. 

Тергеу бөлімі бастығының орынбасары пәтер жалдап Жазираны сол үйге апарып, жедел уәкілдерге күзеттіріп қояды да:

– Бұл істі таңертең шешеміз, – дейді.

Таңертең Жазираны прокурорға алып кіреді. Прокурорға да болған жағдайды айтады. Сол күннен бастап қаулы шығарып Жазираны куәгер ретінде қорғауға алады. Жазира куәгер ретінде жауап беріп жүргенде Одер жұмыстан шығып кетеді. ІІД-не жұмысқа тұру қалай қиын болса, жұмыстан шығу да солай қиын. Бірақ Одер оп-оңай жұмыстан шығып кетеді.

Мамыр айында Одердің кабинетіне тінту жүргізуге барған Азамат Кидирсихов қағаздарына, заттарына қарап, оның қашып кеткенін бірден аңғарады.     

Тоқашбаев

Бостандық аудандық ІІБ бөлімінің майоры Азамат Кидирсиховты қала прокурорының орынбасары Тоқашбаев Л. Димашеваға қатысты іспен танысып шыққаннан кейін кабинетіне шақырады. Кидирсиховтың қолында схемасы бар. Схеманы қабырғаға іліп қойып, айта бастады. Сол кезде Тоқашбаев:

– Азеке, олар құжатты қайдан алады? – деп сұрады. 

– Ең әуелі үйді табады. Үйді тапқан соң риэлторлар үйдің құжатының көшірмесін БТИ-да жұмыс істейтін қызметкерлер арқылы алады. Көшірмеге қарап отырып Л. Димашева секілді нотариустар үйді меншіктен шығарады да, сату, сатып алу келісім шартын жасап береді. Бар схема осы.

Алмалы ауданында Жазира Мұстафина ұсталып Л. Димашеваға қарсы жауап бергеннен кейін, Тоқашбаев Азамат Кидирсиховтың Л. Димашеваны қамауға алу үшін жинаған құжаттарын қайта қарап шығып, өзін шақырады да:

– Мына істі тағы да тексеру керек, – дейді. Сонда Азамат Кидирсихов:

– Полковник мырза, Л. Димашеваның қолтаңбасын анық көру үшін аудандардағы Л. Димашеваға қатысты барлық істі көтеру керек, – дейді.

Аудандағы Л. Димашеваға қатысты барлық іс қайта қаралып, қылмыстық топтың жұмыс істеу схемасы толық ашылғаннан кейін Тоқашбаев:

– Бұл істі әрі қарай қалалық прокуратура қарайды. Бізге ІІМ көмектеседі, – деді.

Сөйтіп 2017 жылдың қаңтар айында Алматы қалалық прокурорының орынбасары Тоқашбаевтың нұсқауы бойынша Л. Димашеваға қатысты қылмыстық істі ІІД-не тапсырады. Себебін Тоқашбаев:

– Ұйымдасқан қылмысқа қатысты істі ІІД тергеу керек, – деп түсіндіреді. 

Азамат Кидирсихов ІІД-не 13 том қылмыстық істі тапсырады, ІІД 13 том істі қабылдағысы келмейді, ІІД бастығының орынбасары полковник Нұртаев Ғалым Алашұлы 13 томды көріп:

– Мұның бәрін кім тексереді? – деп сұрады.

– ?..

Сонымен 2017 жылдың қаңтар айында ІІД-не тапсырылған іс сәуір айының соңына дейін қозғалмай жатты. Қалалық прокуратураға істің тұрып қалғаны ұнамады. Қалалық прокуратураның өтініші бойынша сәуір айының соңында Л. Димашеваға қатысты істі ІІМ Тергеу департаментіне тапсырды. ІІМ Тергеу департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Теміровтың 2017 жылғы 21 сәуірдегі қаулысы бойынша істі жүргізетін басшы тағайындалды. Басшы болып ІІМ-нен С. Құдабаев келді. Қалалық прокуратура процессуалдық прокурор ретінде Арслан Томарбаевты тағайындады. Жедел тергеу тобының құрамына ІІБ полиция майоры Азамат Кидирсиховты да алды. ЮРУБОП та осы топтың құрамына кірді. ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Теміровтың 2017 жылғы 21 сәуірдегі қаулысы бойынша тергеу барысын бақылау ІІМ Тергеу басқармасының бастығы полковник Б. Көлбаевқа жүктелді. Көлбаев тергеу барысын бақылап отырумен шектелгісі келмей, тергеу процесіне әсер еткісі келді. С. Құдабаев Астанадан келген адам. Әрине, сырттан келген адамға бәрі түсініксіз болатыны анық. Ал Көлбаев Жедел тергеу тобының барлық қызметкерінен жауап алып отырды. Ол С. Құдабаевқа да нұсқаулар бере бастады. Бір күні Көлбаевқа кезекті есебін беріп шыққан С. Құдабаев алдынан жолығып қалған Азамат Кидирсиховқа:

– Азеке, Көлбаев сізді есеп беруге шақырмайды. Ал менен есеп алған сайын Азамат Кидирсиховтан сақ бол деп ескертеді, – деп айтып салды. – Онымен қандай қарым-қатынастасыз? 

Сол күні Азамат Кидирсихов С. Құдабаевқа бәрін басынан бастап айтып берді. Себебі жұмысты әрі қарай жүргізу үшін С. Құдабаев кедергі болмауы керек. Сонда С. Құдабаев:

– Бұл істен Көлбаевті аулақтату керек. Әйтпесе жұмыс жүрмейді, – деді.

Сөйтіп ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Теміровтың 2017 жылғы 1 маусымдағы «Жедел тергеу тобының құрамын өзгерту туралы» қаулысына сай тергеу барысын бақылау ІІМ бастығының орынбасары Алдабергеновке жүктелді. Сөйтіп қамыттан құтылды.

 «Қатардағы» осы бір істі ашу барысында бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекеті ашылды. Ашылуына Жазира Мұстафина сеп болады. Себебі Жазира Л. Димашеваның бірге оқыған группаласы, бұрын алаяқтық жолмен үй сатып, сотталған әйел. Екінші рет ұсталып, сотталмас үшін барлық қылмыстың бетін ашып берді. Олар: «қара риэлторлар», «қара нотариустар», Әділет департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ «погон таққан қасқырлардың» айналысқан істері, оның ішінде прокурорлар да бар. Олардың бәрі қаншама жыл бойы Алматыда қылмыстық іспен айналысса да ұсталып, жазасын алмай келген. Әр топтың өзіндік «әдіс-тәсілі» бар. Енді соларға тоқталайық.

Керовская тобы

Есік алдындағы скамейкада отырған жас жігіт Андрей Андревичті көргенде:

– Аға! – деп алдынан жүгіріп шықты. Екі қолында екі пакет. А. Андревичтің екі көзі пакетте.

– Сен кімсің? – деді.

– Аға, мені танымай қалдыңыз ба? Мен жиеніңіз Сергеймін ғо.

«Қандай Сергей?» – деп ойланып үлгермеді, Сергей:

– Жүріңіз, – деп қолындағы пакетін көрсетті. Шөлмектің қылтиған ұшын көрген Андрей басқа сұрақ қоймады, бірден:

– Жүр, – деп үйіне қарай бастады.

Үйдің іші әбден ескірген екен. Терезесін ашпапты. Асүйге өтіп қолындағы пакетін үстелдің үстіне қойып, ішіндегі азық-түлікті шығара бастады. Ең алдымен мойны ұзын шөлмекті үстел үстіне қойып, артына бұрылып қарап еді маймаңдап Андрей ағасы келе жатыр екен.

– Аға, келіңіз, кездескенімізді атап өтейік, – деді де шкафта тұрған 200 грамдық қырлы стаканды алып, екеуіне шөлпілдетіп құйды.

– Ал, алып қояйық, – деген ағасы стақанды басына бір-ақ төңкерді де, жұдырығын иіскеп біраз отырған соң:

– Кіммін дедің сен жаңа? – деп сұрады.

Ағасының сұрағын естімегендей кейіп танытып:

– Балаларыңыз қайда? – деп сұрады.

– Надя кетті, оның соңынан бала да кетті. Ағаң жалғыз, – деп алдындағы қырлы стаканды тағы бір төңкерді.

– Енді жалғыз болмайсыз, аға, – деді Сергей.

Сол сәт сыртқы есік сықыр етіп ашылды.

– Есікті жаппағансыз ба? – деді Сергей көзі бақырайып. Сол-ақ екен Андрейге ұқсайтын бір шал маймаңдап келе жатты.

– О-о, кел, давай, жиен келді, – деп Андрей қонағына төр жақты нұсқады. Шал Сергейдің артынан айналып өтіп келгенше Сергей:

– Алдырып жіберіңіз, – деп ағасына тағы бір стақан құйып берді. Стақанды үстелге қойған Андрей маңдайымен стақанды тіреп отырып қалды. Сергей жалма-жан Андрейді қолтықтап ана бөлмеге апарып жатқызды да, тез қайтып келді. Келсе қонағы қырлы стақанды толтырып алып, аузына апара жатыр екен. Сергей:

– Тоқта! Тоқта! – деп айқайлап жібергенде қонақ селт етіп, стақанды қысқан күйі қатты да қалды.

Қонақтың қолындағы стақанның ернеуінен ұстап, үстелге қойды да, еңкіш иығынан қолын батыра қысып ұстап, орнынан тұрғызды. Қонақ жиен балаға аңқиып қараған күйі орнынан тұрды.

– Жүріңіз, жүріңіз, – деп иығынан жібермеген күйі сыртқы есікке дейін итергендей етіп ап келді де:

– Аяқ киіміңді ки де, жоғал. Енді қайтып келуші болма! – деді. Қонақ не айтып тұрсың сен бала дегендей көзінің астымен сүзе қарап, арғы бөлмеде жатқан жолдасын іздей мойнын созып қарап еді:

– Шық, шық! – деп аяқ киімін кигізбей итеріп подъезге шығарып жіберді де, әбден тозығы жеткен аяқ киімін аяғымен теуіп-теуіп бір атып, есікті жауып алды. Қонақ:

– А-а-а-а, – деп аңырап подъезде қала берді.

Есікті құлыптап алған Сергей глазактон қарап еді, қонақ төңкеріліп түскен аяқ киімін киіп алып, баспалдақпен төмен түсіп кетті. Ішкі бөлмеге келіп ағасының ұйықтап жатқан, жатпағанын тексерді. Ағасы қорылға басыпты. Ол асықпай шкафтарды ақтара бастады. Кеңес одағы кезінен қалған ескі кітаптардың арасын ашып қарады. Шкафтың суырмасын тартып қарады. Киімнің арасын ақтарды. Іздегені табылар емес.  Келесі бөлмеде суырмасы бар ескі үстел тұрды. Суырмасын ашып қарады. Ішінде атам заманнан бергі газеттер сіресіп тұр. Суырманы солайымен суырып алып үстел үстіне төңкерді де, газеттің арасын қарап, іздегенін таппады. Бұл бөлмеде үстелден басқа жиһаз жоқ. Бір бұрышта струнасы қарайып кеткен гитара тұр. Үшінші бөлмеге кірді. Бұл бөлмедегі шкафтың іші толған ыдыс-аяқ. Шкафтың астыңғы жабық полкаларын ашты, тәрелкелерден басқа ештеңе жоқ. Бір қапталындағы жабық полкаларды қарады. Онда да ыдыстар. Айналасына қарап, қарайтын басқа ештеңе болмағасын жерге төселген ескі, ауыр кілемді екі қолымен қағатын адам сияқты көтеріп қалып еді, анау басынан бір ақ қағаз көзге шалынды. Кілемді тастай салып, терезе жақ басын ашып жіберді. Кілемнің астында целофанға оралған қағаз жатты. Жалма-жан қағазды ашып:

– Тыққан жерін қарашы, – деп күлді де қағазды шиыршықтап орап, есік аузындағы киім ілгіште тұрған ескі костюмнің қалтасын ақтарып, ағасының төлқұжатын тауып алып, үйден шығып кетті.

Сергей таңертең тағы келді. Келсе ағасы асүйде кешегіден қалған бір стақан арақпен бас жазып отыр екен. Есікті ілмепті. Жиенін көріп:

– Ә-ә, кел, жиен, – деді даусы қарлығып. Екі көзі жиенінің қолындағы ақ пакетте. Соны сезген жиені де:

– Қалайсыз, аға, – деп пакетінен ұзын мойын шөлмекті мөлдіретіп әкеп ағасының алдына қойды да:

– Алматыдан пәтер табу оңай емес екен, – деді. – Мен системчикпін. Жұмыс табылды, пәтер табылмай тұр. Бір үйдің бір бөлмесін жалға алайын деп барсам, көрші бөлмедегі отбасылы жастардың жаңа туған бөпесі түнімен жылады, – деді.

– Ау, жиенжан, ағаңның үйі ше?

– Ыңғайсыз емес пе? – деді.

– Түк те ыңғайсыз емес. Қанша тұрсаң да, тұра бер! – деді ағасы қатуланып. – Үй тұрып, қарындасымның баласын тентіретіп жібере алмаймын, – деп шөлмектің аузын аша бастады.

«Жиені» ағасынан көз алмай қарап тұр. Ағасы алдындағы қырлы стақандарды шөлпілдетіп құя бастады. Сол кезде жиені:

– Аға, қазір көлік келеді. Қапшағайға барып бір демалыс орнына компьютер орналастыруым керек. Менімен бірге жүріңіз, – деді.

– Қайда?

– Қапшағайға, жұмысты бітірген соң суға түсеміз, қыздар шақырамыз. Әй-да, бір демалайық, – деп алақанын ысқылап қойды. 

Ағасы қолын бір сілтеді.

– Қолды сілтеме. Маған көмектессең, мен де саған көмектесемін. Әппақ қудай болып, мынау не отырыс. Суға түсіп, күнге қыздырыну керек. Ертең қарындасың «ағам қалай» десе не айтамын, – деді.

– Әй, – деп тағы қолын бір сілтеді де, араққа қарады.

– Қазір, – деп қырлы стақанға мөлдіретіп құйып берді. Пакетінде бөлке, шұжық пен ірімшік бар екен. Бутерброд жасап қойды.

– Жиен, неге өзің алмайсың, – деді.

– Алам, алам, – деп екі стақанға тағы құйды да: – Жақсылап демалу үшін алып қояйық, – деп, стақан арақты тамағына тастап, бутербродты солайымен аузына тығып жіберді. Ағасы бутербродтың бетіндегі шұжықты алып иіскеді де, тәрелкеге тастай салды.

Сол кезде сыртқы есік ашылып:

– Сергей, дайынсыңдар ма? – деген дауыс шықты.

– Дайынбыз, дайынбыз, – деген Сергей ағасының екі иығынан қапсыра ұстап алып, орнынан тұрғызды да:

– Киімдеріңіз қайда? Әдемі плавки керек. Сақал-мұртыңды ал, – деп жуынатын бөлмеге кіргізіп жіберді де, өзі ортаңғы бөлмедегі шкафтан киімдерін жинастыра бастады. Ескі-құсқы киімдерінің бәрін шығарып, салатын пакет таппады да, асүйге жүгіріп келіп жаңаға нан, шұжық салып алып келген ақ пакетті ала сап, жуынатын бөлменің есігін қағып:

– Дайынбыз ба? Көлік күтіп қалды, тездетіңіз, – деп, ішкі бөлмеге кіріп кетті де пакетті толтырып алып шықты.

Сақал-мұртын алып шыққан ағасын танымай қалғандай біраз қарап тұрды да:

– О, міне, нағыз жігіт болып шыға келдіңіз, – деп асықтырып үйден шығып кетті.

Сол күні кешке бір үйді жалға алып, жақсылап тойлады, ішті, қыздар шақырды. Ағасы көптен бұлай демалмап еді, жиеніне қатты риза болды. Ертесіне жиені: 

– Аға, мен Алматыға барып келемін. Шұғыл шаруалар шығып қалды. Көп кешікпеймін, мына үйді бір аптаға жалға алдым, рақаттанып жата бер. Тоңазытқыш толып тұр, – деді.

– Бара бер, жиен, бара бер. Келгеннен кейін түндегі қонақтарды тағы бір шақырарсың, – деді. Жиені күліп:

– Шақырамыз, аға, шақырамыз. Тойдың бәрі алда, – деп шығып кетті.

Жиені сол кеткеннен бір аптадан кейін бір-ақ келді. Өңі қарауытып, басы салбырап кеткен. Жиенінің мына түрін көріп:

– Ау, жиенжан, не болды? Өңің сынық қо, – деп сұрады.

– Аға, өткен түндегі қонақтарымыздың бірі сіздің үстіңізден арыз жазыпты. Кеше үйге полиция іздеп келді. Мен сізді Москвадағы қарындасына қыдырып кетті деп айттым. Біразға дейін үйге келмеңіз. Бәрі ұмытылсын, – деді.

– Ойбай, қайда барам мен, – деді ағасы көзі алақтап.

– Мына үйді үш айға жалға аламын. Алаңдама. Мен ана қызды іздеп тауып, арызын қайтып алуға көндіремін. Сіз осы үйден шықпаңыз, – деді.

– Жарайды, жиенжан, өзің реттерсің, – деп ағасы сол үйде қалды.

Жиені кету бойына араққа бас салды. Суға да түспеді, есік алдына да шықпады. Тек жатып ішті. Бір аптадан кейін үйдің иесі келіп:

– Жалға алған уақытыңыз бітті. Үйді босат. Мына үйді мал-қора етіп жіберіпсің! – деп ұрысты.

– Үш айға жалға алып едік қой, – деді ағасы түк түсінбей.

– Қайдағы үш ай. Бір аптаға ғана төледі. Давай, шық, – деп еңгезердей жуан әйел киімдерін өзі жинап, пакетіне салып берді.

– Тоқтай тұр деген аға мұздатқышта қалған шөлмектері мен азын-аулақ оны-мұнысын салып алып, шығып кетті.

Жиенім келіп қалса мені таба алмай қалар деп, сол үйден алыстап кетпеді. Түнде жаздық сәкінің үстіне киімдерін төсеп жіберіп ұйықтап шықты. Осылай тағы бір апта өтті. Пакетіндегі тамағы мен арағы да таусылды. Жиені сол кеткеннен мол кетті. Ақыры болмаған соң не де болса көрейін деп Алматыға келді. Үйіне келсе есікті үй жөндейтін жұмысшылар ашты.

– Сендер кімсіңдер? – деді аға ештеңе түсінбей.

– Үйге ремонт жасап жатырмыз, – деді жұмысшы.

– Сергей қайда? – деді аға.

– Қандай Сергей?

– Менің жиенім.

– Бұл үйдің иесі Айжамал деген әйел. Сергей дегенді көрген жоқпыз, – деген жұмысшы: – А, әне, өзі де келе жатыр, – деп Айжамалды көрсетті. Айжамал Андрейге көз тастап қарамастан үйге кіре берді. Сол кезде Андрей:

– Сен кімсің? – деп сұрады үйіне кіріп бара жатқан әйелден.

– Кім екенім саған не керек? – деді Айжамал түсінбей.

– Мынау менің үйім, – деді Андрей.

– Қайдағы сенің үйің. Бір апта бұрын сатып алдым, – деді Айжамал көзі бақырайып.

– Қалай сатып алдың? Бұл менің үйім. Атам-заманнан осы үйде тұрамын. Қазір көршілерімнен сұра, – деп көрші үйдің есігін қақты. Көрші үйден шыққан жігіт:

– Сәлеметсіздер ме! – деп амандасып еді. Андрей бірден:

– Қайрат, айтшы мына үйде мен тұрам ғой, – деді.

– Иә, бірақ сізді үйін сатып Москвадағы қарындасына кетті деді жиеніңіз, – деді.

– Сергей ме? Ол оңбаған алаяқ екен. Бәсе, қайдан шыққан жиен десем деп айғайлады Андрей. Айжамал жалма-жан біреуге звондап:

– Мына жақта бір кісі келіп, үй менікі деп айғай шығарып жатыр. Бұл не сұмдық! Үйдің құжаттарын алып тез кел, мына кісі көрсін! – деп ол біреуге айғайлады.

Арада жарты сағат өткенде бір жігіт үйдің құжаттарын, сату, сатып алу құжатын алып келді. Құжатта Андрей Андревич үйін сатқан деп жазылып тұрды.

Андрей «жиенінің» сазға отырғызып кеткенін түсінді. Дереу аудандық ІІБ жүгірді…

Одердің тобы

Үйдің қоңырауы қағылды. Жасы сексенге келіп қалған Людмила Александровна үстіндегі екі қабат одеялоның біріншісін ашты, артынан екіншісін ашып бір қырына қарай құлап кететіндей қисайып барып орнынан тұрды. Қоңырау үзік-үзік болып тағы соғылды.

– Не деген мазасыз адам, – деп белін жазып біраз тұрды да, қалың жүн шұлық киген аяғын санап басып есікке қарай жүрді.

Тағы қоңырау соқты. Людмила Александровна глазокқа үңілді. Ар жақтан да біреу глазокқа үңіліп тұр екен.

– Бұл кім? – деген даусы бояу шықты.

– Людмила Александровна, мен учаскелік полиция Мәди Молдаұлымын.

– Әрі қарай тұр, көрейін.

Учаскелік полиция екенін көргенде есікті ашты.

– Есікті өзіңіз ашып тұрсыз ба? Немерелеріңізді жұмсамайсыз ба? – деді учаскелік полиция.

– Қайдағы немере? Немере түгілі баланы көрмегелі қай заман.

– А-а-а, неге, бала қайда кетті?

– Өз қолы өз аузына жетті. Енді оған шешенің не керегі бар? 

Людмила Александровнаның есік алдында тұрғанына қарамай учаскелік полиция үйге кірді. Сол кезде Людмила Александровна қалт-құлт етіп кейін шегінді. Полицияның артынан бір әйел кірді. Әйелді көрген Л. Александровна бірдеңе дейін деп еді, учаскелік полиция:

– Людмила Александровна, мынау әлеуметтік көмекші. Аты – Сәуле. Дәрі-дәрмек, азық-түлік әкелу керек болса хабарлассаңыз болады.

– Ә-ә-ә, – деп Л. Александровна Сәулені зерттегендей ұзақ қарады. Сәуле де:

– Танысқаныма қуаныштымын, Людмила Александровна, денсаулығыңыз қалай? – деп сұрады.

– Денсаулықтың несін сұрайсың? – деп тәлтіректеп барып бағана тұрған диванына отырды. Сәуле асүйді қарап шықты да:

– Людмила Александровна, шәйнек сұп-суық, азаннан бері шәй ішпегенсіз бе? Қазан да бос тұр. Бұлай болмайды, күтіну керек, – деп жанашырлық танытып, қасына келіп отырды.

– Жалғыз өзің болған соң ештеңе батпайды, – деп ескі диванның қасындағы тумбаның үстіндегі дәрілерін көрсетті.

– Тек дәрі ішіп жата беруге болмайды. Аулаға шығып, табиғаттан Д дәруменін алу керек. Былай істейміз Людмила Александровна, мен ертең шәйға тәтті-мәтті алып келемін, бірге шәй ішеміз.

Көптен мұндай жылы сөз естімеген Людмила Александровна кәдімгідей кемсеңдеп, көңілі босап кетті.

Сәуле мен Людмила Александровна сөйлесіп отырғанда учаскелік полиция есігі жабық тұрған екі бөлменің есігін ашып, көз жүгіртіп қарап шықты да:

– Мына есіктерді ашып қоймайсыз ба? – деп сұрады.

– Жауып қой. Сол жақтан азынап жел соғады да тұрады. Аяғым ауырады.

– Терезелерін жел соқпайтындай бекіту керек, Сәуле, – деді учаскелік полиция тапсырма беріп.

– Жақсы, жақсы, көмекке қыздар шақырып, бекітіп береміз.

Людмила Александровна кәдімгідей риза болып қалды.

– Жарайды, жақсылап танысып алсаңыздар, осы кісімен әрі қарай жұмыс істейсіз, Сәуле. Келесі үйге барайық, – деді.

– Людмила Александровна, жақсы, сау болыңыз, ауырмаңыз, мен ертең келемін, – деді Сәуле. – Орныңыздан тұрмай-ақ қойыңыз, мен қазір есік аузындағы кілтті алып, сізді сыртыңыздан жауып кетем де, өзіме бір кілт жасап аламын, – деді.

Людмила Александровна «неге кілт жасайсың» деп сұрағысы келіп аузын аша беріп еді, оны сөйлетпей:

– Жақсы, онда кеттік, – деді учаскелік полиция.

– Кеттік, кеттік, – деп Сәуле де орнынан атып тұрды.

Людмила Александровна сол күйі сұрағысы келген сұрағын сұрай алмады. Тек кілттың сықырлаған дыбысын естіп, біртүрлі уайымдап қалды.

Ертесіне Людмила Александровна ерте оянды. Жүрегі қатты тарсылдап жатыр екен. Орнынан тұрмай ұзақ жатты. «Сәуле қашан келер екен» деп ойлады. Жүрегі басылмаған соң орнынан тұрып асүйдегі аптечканың ішінен валидол іздеді. Анда-санда баласын ойлағанда ішетін валидолы бар еді. Соны тауып алып тілінің астына салып біраз отырды. Сәуле келсе тәттімен ыстық шәй ішкісі келді. Сәуле келгенше жата тұрайын деп еді көзі ілініп кетіпті. Тұрса түс болып қалыпты, Сәуле әлі жоқ. Жүрегі тағы да тарсылдап жатыр екен.

– Маған не болды өзі? Біреуді күтсем, баламды ойласам жүрегім атқақтап кететіні несі? – деп күбірлеп жүріп бағанағы асүйде қалған валидолын ішейін деп барса Сәуле жүр екен. Қатты қуанып кетті. 

– Сәуле! – деп туған қызын көргендей қуанды. Сәуле де мәз болып:

– Қалайсыз, Людмила Александровна, деп келіп құшақтай алды.

– Біреуді күтсем жүрегім тарсылдап кетеді, – деп Людмила Александровна да Сәулені құшақтап күлді. – Таңертең мына жерде валидол қалып еді деп үстел үстін қарады. Валидол жоқ. Бірақ бір батонды турап қойыпты. Қасында «Қазақстан» шоколады тұр.

– Шәй дайындап оятайын деп едім, – деді Сәуле.

– Валидолды көрмедің бе?

– Жоқ, көрмедім. Байқамай қоқысқа тастап жібермесем. Бірақ мен мына жерді жинап, қоқысты төгіп келдім. Қазір шәй ішіп алайық, сосын жүгіріп барып сатып әкелем, – деп Людмила Александровнаны итергендей етіп әкеп орындыққа отырғызды да шәй құйды.

– Міне, мына батонмен, шоколадпен шәй ішіп алайық, – деп кесеге қызыл шәй құйып, шоколадты аша бастады.

Людмила Александровна осы шәйді қатты күтіп еді. Рақаттанып ыстық шәйді үрлеп ішті де:

– Көп болды шәй ішпегеніме, – деді.

– Енді күнде-күнде ішесіз, – деді Сәуле күлімсіреп.

– Батоннан жеңізші. Жұп-жұмсақ. Ертең қаймақ ала келемін.

Людмила Александровна батонның бір шетінен үзіп алып аузына салды да:

– Батонның дәмі өзгеріп кеткен бе? – деді.

– Сіз үнемі дәрі ішіп дәм айыра алмай қалғансыз. Жаңа сіздің алдыңызда батонның екі кесегін жеп алдым, – деп жымиды Сәуле.

– А-а-а, іш-іш, жассың ғо, біз жас кезімізде тамақты көп ішетін едік, – деген Л. Александровна батонның біртүрлі дәмін шәймен кетіргісі келгендей бір малып алды. 

– Иә, иә, шәйға батырып ішіңіз. Менің әжем де шәйға батырып жегенді жақсы көреді. Сізге қарап әжем есіме түсіп кетті, – деп мәз болды Сәуле.

– Азанда оянып кетсем жүрегім қатты тарсылдап жатыр екен, – деді Людмила Александровна.

– Қуанасыз. Мүмкін балаңыз іздеп келетін шығар, – деді Сәуле.

– Бала іздеп келмейді, – деп көңілі түсіп қалды Людмила Александровнаның.

– Жақсы, жақсы, мен сіздің көңіл-күйіңізді түсіріп жібердім-ау деймін. Келіңізші, батонмен тағы бір кесе шәй ішіңіз, сосын далаға шығып таза ауа жұтып демалып келеміз, – деді.

– Мына жерім біртүрлі болып барады, – деді Людмила Александровна.

– Енді сіз көптен бері ыстық шәй, дұрыс тамақ ішпедіңіз. Тек дәрі іштіңіз. Содан ғо, – деп қыстап отырып, тағы жарты кесек батонмен бір кесе шәй ішкізді. – Шәйдің дәмі біртүрлі ме, әлде батонның дәмі біртүрлі ме? – деді Людмила Александровна. – Сен неге өзің ішпей отырсың?

– А-а-а, мен жаңа ғана ішіп алғам. Сізбен бірге де ішейін деп, – Сәуле өзіне де шәй құя бастады.

– Сәуле, мына жерім қатты ауырып барады, жедел-жәрдем шақыршы, – деп Людмила Александровна бүктетіле берді. Сәуле орнынан тұрып:

– Қазір, қазір, жәдел-жәрдем шақырамын, жүріңіз, диваныңызға жатыңыз, – деп қолтықтап, ортаңғы бөлмеге қарай жетектей жөнелді.

– Бүріп барады, – деді Людмила Александровна.

– Қазір жедел-жәрдем келеді де екпе егеді, бірден жазылып кетесіз. Түк ішпеген соң асқазаныңыз көтере алмай қалған ғо, – деп Людмила Александровнаны орнына жатқызды. Ол бір қапталына қарай бүріліп қалды. Ыңырсып:

– Телефон әне тұр, – деді.

Бірақ Сәуле телефонның тұтқасын көтеруге асықпады. Асүйге кетіп қалды. Людмила Александровна «бұнысы несі» деп күдіктене бастады. Сәуленің асүйде сартылдатып ыдыс жуғанын естіді. Бір кезде қайтып келді де:

– Қоймады ма? – деп сұрады. Бұл басын шайқады. Сонда ғана:

– Жедел-жәрдем шақыру керек, – деп трубканы алып, ары қарап тұрып:

– Алло, алло, жедел-жәрдем бөлімшесі ме? Мен әлеуметтік көмекші Сәуле Сұраншинмын. Жароков көшесі 20 үй, 12 пәтердегі Людмила Александровна қатты ауырып қалды. Аяқ асты шәй ішіп отырды да, бірден бүктетіліп ауыра бастады. Тез келмесеңіздер болмайды. Жасы 85-тегі кісі көтере алмай қалуы мүмкін, – деп телефон трубкасын қойды да: – Қазір жедел-жәрдем келеді, – деп жұбатты. Людмила Александровнаның да көңілі орныққандай болды. Жаңа ғана күдіктенгенінен ұялып Сәуленің қолын қысты.

– Жедел-жәрдем келгенше үйді жинастырып ала берейін, – деп Сәуле шығып кетті. Людмила Александровнаға Сәуле сыртқа шығып кеткендей болды. Аурумен алысып жатып сыртқы есіктің кілті тырсылдап жабылғандай бір дыбысты естіді.

– Сәу-ле, – деді бөліп-бөліп. Ешкім жауап бермеді. Көкірек тұсы барған сайын дуылдап, ішінен бірдеңе күйдіріп барады. Людмила Александровна жерге аунап түсті. Жүрегі тарсылдап, бағанағыдан да жаман алқынып барады. Біраз демалып алып телефонға қарай еңбектеді. Орындықтың үстіндегі телефон трубкасына қолы жетпеді. Қолын көтерейін десе кеудесіндегі оттай қарыған ауру асқынып, қарын көтере алмады. Болмаған соң шнурынан тартып құлатты. Ескі телефон шашылып түсті. Трубкасын көтеріп еді, дыңылдап тұр. Бірақ кнопкасы ішіне кіріп кетіп басылмады. Әрі басып, бері басып, ала алмаған соң тастай салды. Трубка дыңылдап қала берді.

– Сәуле аптекаға кетті-ау деймін, – деді…

…Арада он шақты күн өткенде Бостандық аудандық ІІБ-не біреу телефон соқты:

– Мен сізге Жароков көшесі 20 үйден телефон соғып тұрмын. Көрші үйден жаман иіс шығып жатыр. Подъезді алып кетті. Людмила Александровна деген жасы үлкен орыс апа тұратын еді, сол кісі қайтыс болып кетті-ау. Соңғы уақытта ауырып жүрмін деп үйінен шықпай қалған. Келесіздер ме? – деді.

– Қазір төтенше жағдай және жедел-тергеу тобы барады. Күтіңіздер.

…Людмила Александровнаның үйінің есігі аңқайып жатыр. Іште Бостандық аудандық ІІБ тергеушілері жүр. Көршілер аузын басып, есік алдында мойын созып қарап тұр. Бір-біріне:

– Баласы қайда екен? – деп сұрап қояды.

– Ішіп кетті деп айтатын. Бір жерде бомж болып жүрген шығар.

– Е-е-е, орыстар осы ғой, – деді бір қазақ келіншек. – Қартайған әке-шешесін тастап кете береді.

Бір кезде ұзын бойлы, қара торы кісі келді де есік алдында тұрған кезекші сержантқа куәлігін көрсетіп ішке кіріп кетті. Бұл ІІД-дан келген Жабинов еді.

Сол уақытта жедел-жәрдем қызметкерлері де Людмила Александровнаның денесін алып шықты. Бостандық аудандық тергеуші Азамат Кидирсиховтан ІІД келген аға опер Жабинов:

– Не болған? Қылмыстың ізі бар ма? – деп сұрады.

– Телефонмен звондағысы келген. Шамасы жедел-жәрдем шақырғысы келген шығар. Өзі жерде жатыр. Қасында телефон сынып жатты. Үстелдің үстіндегі телефонды тартып құлатқан секілді. Ана жерде ішкен дәрілері тұр. Денесін моркқа жібердік. Еті бұзылып кеткен, – деді тергеуші. 

– Қылмыс ізі бар ма қараймыз, – деді Жабинов жалғыз қалғысы келіп.

– Жақсы, онда бір жаңалық болса хабарласасыз, – деп шығып кетті аудандық ІІБ келген тергеуші.

Жалғыз қалған Жабинов шкафтарды ашып қарай бастады. Ұзақ іздемеді. Тартпаның түпкі жағынан көк пакетті бірден тауып алды. Тапқан пакетін папкасына салды да сыртқы есікке сүргі соғып кетіп қалды.

Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл полиция подполковнигі Жабинов Одер қасақана кісі өлтіруді тергеу басқармасында жұмыс істейді. Кезінде өзі соттап жіберген адамдардан қылмыстық топ құрған. 

Бұл топты – «менттер» немесе «Одердің» тобы деп атайды. Жабинов Одер – полиция қызметкері, жедел уәкіл болғандықтан Қазақстан Республикасының кез келген азаматының жеке деректері сақталған жабық деректер базасын қарай алады. Одер туған-туыстары, бала-шағасы жоқ адамдардың үйінің құжатын қайта жасап, сатқан. Қайтыс болған (көзі тірі кезінде жалғызбасты болған) меншік иелерінің пәтерлерін арсыздықпен қолға түсіріп, құқық белгілейтін құжаттарды қолдан жасаған. Кейінірек анықталғандай, жалғызбасты адамдарды өздері өлтірген, олардың бәрі белгісіз заттан уланып өлген. Олардың тамағына труба тазалайтын «Крот» қосып берген. Адам ағзасындағы кротты анықтау мүмкін емес. Алты айдан кейін крот өз-өзінен денеден шығып кетеді.

Осы ақпаратты білгеннен кейін Азамат Кидирсихов 2017 жылдың мамырында 2016 жылдың ортасында қайтыс болған үш адамның мәйітін эксгумациялап, сараптамаға жібереді. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша адамның неден қайтыс болғаны, қашан қайтыс болғаны анықталмаса да, адам ағзасында кездеспейтін химиялық элементтер табылған. 

Жамболаттықтар

Ол тұншығып оянды. Көзін ашайын десе аша алмады, қолын қимылдатайын десе қимылдата алмады. Үстін ауыр тас басып жатқандай. Есіне еміс-еміс бірдеңе түскендей болып, жанталасып, бар күшін жинап қолымен жұмсақ топырақты қаза бастады. Құдайға шүкір, тереңге көмбепті. Екі қолын сопаң еткізіп шығарып алды да, бетін аршыды. Мұрнын ашып, ауа жұтып біраз жатты. Сол жақ кеуде тұсы тыз-з-з еті түсті. Көз алдына өзбек беттің пышақ сұққаны келе қалды. Тез-тез бетін, кеудесін аршып, сол жақ кеудесін басып, бір қырына қисайып отырды. Дала қап-қараңғы. Қаланың шеті екені анық. Жалма-жан орнынан тұрды. Орға итеріп жіберіп, үстін құммен бастырып кеткен екен. Ордан еңбектеп шықты. Қаланың жарығы көрінген жаққа қарай еңбектей берді. Бір кезде жолға жетті. Аяғына тұра алмады. Жол шетіне дейін еңбектеп барып өткен-кеткен көлікке бір қолын көтеріп еді ешқайсысы тоқтамады. Ешкімнің тоқтамайтынын білгеннен кейін алыстан көлік жарығы көрінгенде бар күшін жиып, орнынан тұрды да, тәлтіректеп жол ортасына шықты. Көлік жақындап келіп тоқтады. Одан арғысы есінде жоқ. Көзін ашса ауруханада жатыр екен. Ес жиғанын көрген дәрігер:

– Қалай жағдайыңыз? – деп сұрады.

– Жақсы сияқты.

– Бұл жерге қалай келгеніңізді білесіз бе?

– Білемін.

– Аты-жөніңіз кім?

– Аты-жөнімді де, не болғанын да, бәрін білемін. Тезірек полиция шақырыңыз.

– Қазір шақырамыз, – деді.

***

– Менің атым Вячеслав. Журналистпін. 9 сәуірде Виталиймен бірге Zi-zi кафесіне бардым. Әйелі Бибігүл шкафымды жөндеп бер деген екен. Барсақ күштілеп дастарқан жайып қойыпты. Отырдық. Мен ішпеймін, бірақ Виталий ішті. Бибігүл де ішті. Бибігүл сол кафеде әкімші болып жұмыс істейді. Виталий мас болып қалған соң шкафты жөндемей-ақ қайтайық деп жиналдық. Көрші үстелде үш жігіт отырған. Біз шығып бара жатқанда сол үш жігіт атып тұрып, қасымызға жетіп келді. Виталийдің оларға не дегенін естімей қалдым, тек Виталийді ұрып құлатқанын көрдім. Бибігүлдің қайда кетіп қалғанын білмеймін. Әй, бұларың не дей бергенім сол еді, сол жақ кеудем тыз-з-з-з ете түсті. Қарасам қан ағып жатыр. Пышақ сұғып алыпты. Содан кафенің артқы есігіне қарай сүйрей жөнелді. Жолдың бәрі қан. Виталий екеуімізді екі шетелдің көлігіне салып алып, бір жаққа алып кетті. Жолда есімнен адасып қалдым. Бірақ екі адамның екі қолымнан сүйреп көліктен түсіргені есімде. Сол кезде сол жақ кеуде тұсымдағы пышақты көрдім. Шодырайып тұрды. Одан әрі есімде жоқ, тек тұншығып оянғанда ес жидым.

– Бибігүлмен жақын араласып па едіңіз?

– Жоқ. Танысқаным сол еді. 

– Виталиймен жиі кездесіп тұрмайсыз ба?

– Жиі кездесіп тұрамыз. Тек Бибігүлмен тұра бастағанына көп болған жоқ.

– Олар қалай танысқан? Білесіз бе?

– Виталий аула сыпырып жүріп танысыпты.

– Содан бірге тұрған ба?

– Иә, өмірі үйленбеген адам. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін біраз жыл жалғыз тұрды. Сол күні үйіне барғанымда Виталий Бибігүлмен бірге тұрып жатқанын айтты. Бибігүл жап-жас келіншек екен. Виталийді шын ұнататынына күдіктеніп, қалай таныстыңдар деп сұрадым. Журналистік куәлігімді көрсетіп, досымды ренжітуші болма деп ескерттім. Сонда Бибігүл Zi-zi кафесінде жұмыс істеймін, бір күні жақын танысармыз деді. Ертесіне Виталий Бибігүлдің шкафын жөндеп берейік деп шақырды.

– Түсінікті, – деді тергеуші.

– Әлгі үш жігітті бұрын-соңды еш жерден көрген жоқсыз ба?

– Көрген жоқпын.

– Түрлері есіңізде жоқ па?

– Жоқ. Түріне қарап үлгермедім. Бәрі аяқ асты болып кетті.

– Көлік нөмірін де көрген жоқсыз.

– Оны да көрген жоқпын. 

– Жақсы. Демалыңыз. Сауығып кетіңіз, – деді Бостандық аудандық ІІБ келген тергеуші Азамат Кидирсихов.

– Қылмыскерлер табыла ма екен? – деді Вячеслав.

– Табамыз, – деді Азамат Кидирсихов.

– Виталий аман ба?

– Ол қайтыс болып кетті.

–…

***

Вячеслав куәлік бергеннен кейін Zi-zi кафесіне және Бибігүлдің соңына аңду қойды. Әсіресе Бибігүлмен жиі-жиі араласатын адамдарды аңдыды. Оңтүстік Қазақстан облысының азаматы А. Саидазим, Өзбекстан азаматы К. Юнус, алматылық Ж. Саламат пен Г. Сраждиннің үнемі бас қосып, бір істі талқылайтынын анықтады. Бесеуін де бір күнде ұстады. Бесеуін бір-бірімен кездестірмей бөлек-бөлек қамап тергеуге алды.

Ж. Саламат:

– Zi-zi кафесін Г. Сраждин жалға алған. Бәріміз бірге жұмыс істедік. Г. Сраждин екеуміздің жасымыз отызға келіп қалды. Ай сайын тапқан табысымыз ештеңеге жетпеді. Жақсы өмір сүргіміз келді. Ол үшін ақшаны қайдан аламыз деп ойладық. Ұзақ ойластырып, соңында үйі бар жалғызбасты қарт кісілерді тауып, өлтіріп, үйін сатып ақша жасайық деп шештік. Бірақ ондай кісілерді қайдан табамыз деген сұрақ туды. Осы кафеге тұрақты түрде келіп тұратын бір адам бар еді. Өзімен жақсы сөйлесіп кеттік. ІІБ жұмыс істейтінін де білеміз. Аты Жамболат. Бір күні Жамболатқа ойымызды айттық. Ол да келісті. Ол бізге жалғызбасты адамдардың адресін беріп отырды, қалған шаруаны біз бітірдік. Жалғызбасты адамның сеніміне кіріп, достасамыз да, өзін өлтіріп, үйін сатып жібереміз, – деді.

Қалғандары да осы секілді жауап берді.

Суржикованың ісі

– Қалаға келіп, жалға тұратын пәтер іздеп жүрмін.

– Пәтер іздеме, біздің Маратқа алып қойған екі бөлмелі пәтеріміз бар. Соған тұра тұр. Жылу, су, жарықтың ақысын төлеп тұрсаң болды.

– Маратикке пәтер алып қойған екенсің ғо. Мықтысың, әй. Дұрыс, баланың болашағын ойлау керек. Ой, сен құтқардың мені.

– Қазір машинамен зу-у-у етіп барып кілтін алайық та, үйді көрсетейін.

– Жолдас ештеңе демей ме?

– Ештеңе демейді, оған кейін айтамын.

– Жақсы, әйтеуір мен үшін ұрысысып қалмасаңдар болды.

– Ой, жоқ, ол үшін ұрыспаймыз. Онсызда үй бос тұр.

Екеуі үйден барып кілтті алды. Натальяға Жанардың үйі қатты ұнады.

– Тамаша үйде тұрады екенсің.

– А, иә.

Үйге кіріп келе жатып Жанар:

– Не істейміз, шай ішіп аламыз ба?

– Жаңа ғана іштік емес пе?

– Онда кілтті алып кете берейік.

– Иә, Жолдастан ұялып тұрмын. Көзіне түспей кетіп қалайық.

– Ұялатын түгі жоқ. Ұялма.

***

– Ал, піссіміллә, міне, енді осы үйде тұрасың, – деп аттады Жанар баласына алып қойған үйдің табалдырығын.

Артынан Наталья кірді. Үйді айнала шолып шықты. Әп-әдемі, жап-жаңа үй. Көптен ешкім тұрмағаны көрініп тұр. Жанар бірден терезелерді ашып тастады. Үйге таза ауа кіріп, тымырсық ауадан түк қалмады.

– Көрпе-төсек жоқ енді. Алған күні бір рет келдік, содан бері жабық тұр. Суы, жылуы, жарығы бәрі подъезден қосылады. Жүр, қосып келейік, – деп екеуі подъезге шығып қаптап тұрған есіктерді ашып шетінен қосып шықты. Сол сәт Жанардың телефоны шырылдады да:

– Жолдас звондап жатыр, – деп телефонын көтерді. – Иә-иә, ұмытқан жоқпын. Группаласым Суржикова Наталья келіп, кездесіп, шай ішіп келе жатыр едім. Қазір барамын, – деп трубканы қойды.

– Кешке қонаққа баратын едік.

– Е-е-е, онда жолыңнан қалма, жүгір. Мен өзім орналасып аламын.

Көптен кездеспеген студенттік кездегі достар бір-бірін құшақтай қимай қоштасты. Жанар басқышпен төмен қарай аяқ киімі сартылдап, жүгіре түсіп бара жатқанда Наталья артынан қарап қалды…

***

Натальяның көптен араласатын бір-екі досы бар еді. Оның қалада тұрып жатқанын естіп, сол достары қонаққа келді. Үйге кіргеннен-ақ бір досы:

– О, қандай тамаша үй! – деп қызықты. Екі бөлмені де қарап шықты. – Кімнің үйі дедің, – деп қайта сұрады.

– Группалас қыздың баласына алып қойған үйі. Уақытша тұра тұр деп берді.

– Үйін беріп жүрген группаласың мықты екен. Шамасы өте жақын дос болғансыңдар-ау. 

– Иә, студенттік кезде бірге жүрдік.

– Бай әйел сияқты.

– Бай.

– Маған бір ой келді. Шай қой, шай ішіп отырып айтамын.

– Шай дайын тұр.

Екеуі асүйге кіреді. Наталья дастарқан жайып қойған. Досы:

– Өз үйіңнің болғанын қалайсың ба? – деп сұрады.

– Кім өз үйі болғанын қаламайды дейсің?

– Онда тыңда. Мына үйді сатып жіберейік.

– Мына үйді?! Қой, жындысың ба? Біреудің үйін сатқаны несі?!

– Досың түк білмей қалады. Бұл үйді біреуге сатамыз да, одан қайта сатып аламыз.

– Түк түсінсем бұйырмасын.

– Досың түкті де білмей қалады.

Натальяға мына ой ұнап кетті. «Ең бастысы ол ештеңе білмесі болды» деп ойлады.

– Бұл үйдің құжаты кімде?

– Өздерінде. Оны маған бермейді ғо.

– Көшірмесі жоқ па?

– Жоқ. 

– Жарайды, үйдің адресімен-ақ анықтап аламыз. Жеке куәлігі де жоқ шығар. 

– Жоқ қой, менде қайдан болады?

– Жарайды. Құжатын қай нотариуске жасатсақ екен. Л. Димашеваны соттап жіберді. Тоғасбаеваны тергеп жатыр. Әнебір нотариусті де жауып тастады.

…Ақыры олар бір нотариусты тапты…

Қылмыскер деген кім?

Адам жайдан-жай қылмысқа бармайды. Егер ұры «қарным ашқаннан» ұрлық істедім десе, оны аяудың қажеті жоқ. Себебі ол – өзіндік ұстанымы жоқ адам. Оған маңдай терін төгіп жұмыс істегеннен, біреудің затын ұрлап алған оңай. Бараев, Вешняковалар осы санатқа жатады. Ешкімді аямайды, біреу еңбек етіп тапты ма, онда шаруасы жоқ. Олар үшін ұрлық та еңбек. 

Адам жайдан-жай қылмыстың құрбаны болмайды. «Ұрлық істеуге мүмкіндік бар жерде ұры пайда болады». Осы оқиғада кімдер құрбан болды? Негізінен араққа салынған адамдар. Әрине, жалғысбасты қариялар да бар. Олар да дұрыс өмір сүрмеді, балаға дұрыс тәрбие бермеді. Өздері араққа салынбаса да балалары араққа салынды.

Қылмыскерлердің бәрі көп балалы қазақ отбасыларына жолай алмады. Себебі іздеушісі бар деп қорықты.     

…14 шілде, жұма күні Азамат Кидирсихов еңбек демалысын аламын деп, рапортқа қол қойдырып жүрді. Дәл сол күні Бостандық аудандық ІІБ-не Суржикова мен оның жолдасы Ковалевті алып келді.

Егер Суржикованы жас тергеуші, аға лейтенант Асылбек Ержанов емес Азамат Кидирсихов тергесе, сол күні-ақ істің мән-жайы ашылар еді. Бірақ тергеуді Азамат Кидирсиховқа емес, Асылбек Ержановқа берді.

Азамат Кидирсихов ЮРУБОП-қа 17 шілде, яғни дүйсенбі күні барды. Сол күні Суржиковамен танысты, бірақ оны тергеуге шақырмады. Тек тергеуші екенін айтты. Суржикова антикорға «Азамат Кидирсихов менен ақша бопсалады» деп арыз жазып, арызды тергеп-тексермей-ақ еңбек демалысында жүрген Азамат Кидирсиховты қамады. 

Сотқа дейінгі тергеу барысында Азамат Кидирсихов айғақ беруден бас тартты. Себебі оны тергейтіндей ешқандай дәлел жоқ. Ақша алып тұрған жерінен ұстап алған жоқ. Үйін тінтігенде де ақша тапқан жоқ.  

…Әлде Суржикованы арыз жазуға біреу итермеледі ме?

Сол кезде Алматыда құрылған Жедел тергеу тобы мен ЮРУБОП жұрттың назарында болды. Антикор мен комитет мүшелері де көз тікті. Антикор Жедел тергеу тобымен жақсылап айналысу үшін нақты біреу арыз жазуы керек. Бірақ Антикорға Азамат Кидирсихов керек емес… Антикорға Суржиковаға тергеу процессуалды келісім жасауға уәде берген адам керек. Өйткені Кидирсиховты ұстағанда:

– Жедел тергеу тобының басшысы С. Құдабаевқа, жедел уәкіл Мордвиновқа, процессуалды іс жүргізетін прокурор Арслан Томарбаевқа қарсы куәлік ет, – деп айтты. Азамат Кидирсихов:

– Куәлік ете алмаймын, – деді…

***

– Азамат Кидирсихов, сізбен кездесуге бір адам келіп тұр.

Ол орнынан асықпай тұрды. Түрменің ұзын залымен жүріп келе жатыр. Артында түрме күзетшісі. «Кім келіп тұр екен?» деп ойлады.

Кездесу бөлмесіне кіргенде бір адам отырды. Кешкі уақыт болса да бөлменің жарығы жағылмапты. Басында үстел басында отырған адамды танымаса да, отырғаннан кейін таныды.

– Ассалаумағалейкүм, Азеке!

– Уағалейкүмассалам!

– Қысқаша айтайын.

Ол басын изеді.

– Антикорға керегі сен емес екен.

– …

– Антикорға Құдабаев Сұлтан керек болыпты. ЮРУБОПтың басшысын да ұстағысы келіпті.

– …

– Біліп отырсыз процессуалдық келісім жасаймыз деп ақша бопсалады деген айыппен.

–…

– Себебі, кезінде ДНБПК-ның Алматы қаласы бойынша жедел басқармасының бастығы Қуандықов Мақсат бір кездері ЮРУБОП бастығы Қалыби Қасымның орынбасары болған, алайда бір әрекеті үшін Қалыби Қасым оған жұмыс іздей бер деп ескерткен. Қуандықов Мақсат Алматыдағы Антикордың жедел басқармасының бастығы болғаннан кейін қолайлы сәтті «күткен», дәлірек айтсақ, күтіп отырмаған іздеген. Суржикованы арыз жазуға итермелеген сол болуы мүмкін: мұны тек Суржикова біледі.

– Суржикова сотта мені ақша бопсаламады деп ашық айтты, бірақ оны ешкім тыңдамады. Ал Мордвинов оны тексеру үшін Алматыдағы ДКНБ-ға (ҰҚП Ұлттық қауіпсіздік департаментіне) өтініш жазды. Алайда жауап әлі жоқ.

– Осы арыздан кейін Қуандықов жұмысын ауыстырып кетті. Ал С. Құдабаев жедел тергеу тобын басқарғанға дейін де республиканың басқа аймақтарындағы тергеу топтарын басқарған. Сол жерде Антикордың көзіне түскен. Бірақ оны қалай сүйрелесе де айыптайтын айғақ таба алмаған.

– Бірақ бізді белімізден басып соттап жіберді. Суржикова кім ақша бопсалағанын айтып берді, арасында менің аты-жөнім жоқ.

– С. Құдабаев осы іс бойынша куәгер. Тергеу оған ешқандай айып таға алмады. Алайда ол сотқа келмеді. Айғақ бермеді. Ал сот қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларын бұза отырып, оның алдын-ала тергеу кезінде берген айғақтарын оқыды. Дегенмен заң бойынша адамның сотқа келмеу себебі болады. Сол кезде ғана оның алдын-ала берген айғағын жариялайды. Ал ол себепсізден себепсіз сотқа келмеді.

– Куәгер В. Ковалев те келмеді. Неге келмеді?

– Егер екеуі сотқа келсе іс жоспарланбаған сценарий бойынша кетеді. Өйткені куәгер В. Ковалевтің сөзіне сенсек ол Жедел тергеу тобының басшысы С. Құдабаев пен жедел уәкіл Мордвиновпен ақша туралы тікелей сөйлескен. Содан кейін жедел уәкіл Мордвинов Суржиковадан ақша талап еткен…

– Антикор істің құйрығын шолтаң еткізіп кесе салды. Істі шикі күйінде сотқа жіберді. Оның артында тұрған адам тағдырына қарамады. Қалалық прокуратура да қолын сілтей салды.

– Антикордағылар да солай деп отыр…

– Осыны ашық айта аласың ба?

– Оны да айтатын кез келеді…

– Сол кезде мені заңсыз ұстағандары, тексеріп-тергемей айыптағандары үшін жауап бере ме?!!!

– Біздің құқық қорғау жүйесінің бір ерекшелігі – олар ешқашан өздерінің қатесін мойындамайды…

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ІСІ

Айжанның өлімінен кейін Саяның өмірі тоқтап қалғандай. Сұрықсыз күндер,...

ПАХАННЫҢ АЖАЛЫ

1 Еңбек демалысы бітіп, кабинетке енгені сол көп дүниені басынан...