Туысыңызға немесе досыңызға несие рәсімдеуге көмектесіп, кепіл болуға келістіңіз делік. Қарыз алушы төлемін тоқтатса, бұл шешім өз жалақыңыз бен мүлкіңізге әсер етуі мүмкін. Кепіл болған адам қандай жауапкершілік алады және шартқа қол қоймас бұрын нені ескеруі керек? Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Айдар Советбеков түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кейде жақын адамның көңілін қимай, несие құжаттарына қол қоя саламыз. Алайда адвокаттың айтуынша, мұндай шешімді жай ғана көмек немесе формалдылық деп қабылдау қате. Кепіл болу — басқа адамның қарызын қайтаруға байланысты қаржылық және заңдық міндеттемені өз мойнына алу.
«Адамдар кепілдік шартын “жай ғана формалдылық” немесе “жақсылық жасау” деп қабылдайды, бірақ шын мәнінде бұл — бөтеннің қаржылық тәуекелін өз отбасының бюджетіне жүктеу», — дейді Айдар Советбеков.
Ақшаны алмайсыз, бірақ жауап бересіз
Адвокат қоса қарыз алушы мен кепіл болған адамның айырмашылығын түсіндірді. Қоса қарыз алушы – несие шартындағы тең құқықты тұлға. Оның табысы несие рәсімдеу кезінде есепке алынады және ол қаражатты негізгі борышкермен бірге пайдалануға құқылы. Мұндай жағдайға ерлі-зайыптылардың бірге ипотека алуын мысал етуге болады.
Ал кепіл болған адам несие қаражатын алмайды әрі пайдаланбайды. Соған қарамастан, негізгі борышкер төлем қабілетінен айырылған жағдайда қарызды өтеу міндеті оған жүктелуі мүмкін.
Сондықтан кепіл болуға келіскен адам ең алдымен қандай жауапкершілікті қабылдап отырғанын білуі қажет.
Банк қарызды кімнен талап етеді?
Айдар Советбековтің айтуынша, бұл қол қойылған шарттың түріне байланысты. Кепілдік пен кепілгерліктің жауапкершілік тәртібі бірдей емес.
Кепілдік шартында ынтымақты жауапкершілік көзделеді. Яғни қарыз алушы төлемін орындамаса, банк берешекті кепілдік берген адамнан да талап ете алады.
Ал кепілгерлік кезінде жауапкершілік қосалқы сипатта болады. Адвокаттың түсіндіруінше, мұндай жағдайда банк алдымен негізгі борышкерден қарызды өндіріп алу шараларын жүргізіп, одан нәтиже болмаған соң кепілгерге талап қояды.
Осы себепті шарттағы атауға ғана емес, жауапкершілік туралы тармақтарға да назар аудару маңызды.
Негізгі қарызбен шектелмейді
Кепіл болған адамға жүктелетін шығын несие сомасынан да көп болуы мүмкін.
Адвокат Азаматтық кодекстің 332-бабына сүйеніп, кепілдік беруші негізгі борышкермен бірдей көлемде жауап беретінін жеткізді. Оның түсіндіруінше, төленуге тиіс сомаға негізгі қарыздан бөлек банктің сыйақысы, төлемді кешіктіргені үшін өсімпұл мен айыппұл, сот шығындары және жеке сот орындаушысының қызмет ақысы да кіруі мүмкін.
Демек, «ол төлемесе, қалған несиесін ғана жабамын» деген есеп жеткіліксіз. Берешекке қосылатын шығындар отбасы бюджетіне қосымша салмақ түсіреді.
Жалақы мен ортақ мүлікке қандай қауіп бар?
Қарызды өндіріп алу кепіл болған адамның күнделікті қаржылық жағдайына да әсер етуі мүмкін.
Атқарушылық іс жүргізу барысында банк шоттарына шектеу қойылып, ресми жалақының 50 пайызына дейін ұстап қалу және шетелге шығуға тыйым салу шаралары қолданылуы мүмкін, — деді адвокат.
Адвокат ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қатысты тәуекелге де тоқталды. Оның түсіндіруінше, кепіл болған адамның некеде тұрған кезде алған пәтері немесе көлігі болса, кредитор сот арқылы ортақ мүліктегі оған тиесілі үлесті бөліп, өндіріп алуды талап ете алады.
Осылайша, өзгенің несиесіне кепіл болу бір адамның табысына ғана емес, отбасының мүлкіне де ықпал етуі ықтимал.
Қол қоймас бұрын нені тексеру керек?
Адвокат шарттың үш талабын мұқият қарауды ұсынады.
Біріншісі — жауапкершілік түрі. Шартта ынтымақты жауапкершілік пе, әлде қосалқы жауапкершілік пе, соны анықтау қажет.
Екіншісі — жауапкершілік шегі. Айдар Советбековтің айтуынша, адам шартта тек негізгі қарызға жауап беретінін немесе жауапкершілігі белгілі бір сомадан аспайтынын көрсетуге құқылы. Алайда банктер стандартты шарт талаптарын өзгертуге келісе бермейді.
Үшіншісі – кепілдіктің мерзімі. Құжатта міндеттеменің нақты аяқталу уақыты көрсетілгеніне назар аударған жөн, — деді ол.
Кейін бас тартуға бола ма?
Кепіл болуға келісіп, шартқа қол қойғаннан кейін одан біржақты бас тарту мүмкін емес дейді адвокат.
Азаматтық кодекстің 336-бабына сәйкес, кепілдік негізгі қарыз толық өтелгенде тоқтатылады. Сондай-ақ банк кепіл болған адамның келісімінсіз оның жағдайын нашарлататын өзгерістер енгізсе, мысалы, қарыз сомасын немесе пайызын көбейтсе, кепілдікті тоқтатуға негіз туындайды.
Қарыз басқа адамға ауысқан кезде де кепіл болған тұлғаның жаңа борышкер үшін жауап беруге келісімі ескеріледі, — дейді адвокат.
Сондықтан кепілдік міндеттемесін қабылдар алдында оның көлемімен бірге тоқтатылу талаптарын да түсініп алған дұрыс.
Қарызды төлесеңіз, ақшаңызды қалай қайтарасыз?
Өзгенің несиесін өтеген адамның негізгі борышкерден төлеген ақшасын қайтаруды талап етуге құқығы бар.
Айдар Советбековтің түсіндіруінше, Азаматтық кодекстің 334-бабына сәйкес, міндеттемені орындаған кепілдік берушіге кредитордың құқықтары ауысады. Ол борышкерге қатысты сотқа кері талап қоя алады.
Бұл үшін несие және кепілдік шарттары, қарыздың өтелгенін растайтын түбіртектер мен банк үзінділері қажет. Сондай-ақ банктен берешектің кепіл болған адам тарапынан жабылғанын растайтын анықтама алған жөн, — дейді ол.
Адвокаттың негізгі кеңесі — жақын адамның өтінішіне келісер алдында өз мүмкіндігіңізді шынайы бағалау.
Егер сіз досыңызға немесе туысыңызға сұралып отырған соманы дәл қазір өз қалтаңыздан шығарып, қайтарымсыз сыйға тартуға дайын болмасаңыз, ешқашан кепілгер болмаңыз. Заң алдында “мен ақшаны алған жоқпын” деген уәж қабылданбайды — қол қойдыңыз ба, демек төлейсіз, — дейді Айдар Советбеков.


