12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҰШТАҒАНДАҒЫ ҰМЫТЫЛМАС МАУСЫМ

Сағындық қарияның отбасын түгел қырып кетіпті деген әңгіме Шаған деп аталатын шағын шаһарға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын дүр сілкіндірген. Тіпті қала, облысқа жетіп, халық әбіржіп қалды. Ұсақ-түйек қылмыс, тұрмыстық жанжал мен кездейсоқ өлім болмаса, бұрын-соңды бұндай жағдайға тап болмаған полиция бөлімшесі де дәрменсіз күйге түсті. Күдіктілердің кім екені анық болса да, ұшты-күйлі жоғалған қаніпезер жер жұтқандай жоқ. Дәл сол әулетте адам жанын түршіктіретін жағдай болады деп кім ойлаған? О баста учаскелік полиция бөлімінде тіркелген қылмыстың арты суып бара жатты. Теміржолдың бойында орналасқан шағандықтар күдікті пойызға мініп кетті дегенге сенімді болды. Оқиға болған күннің ертеңіне станция, вокзалдарға фоторобот жөнелтіліп, жоспарлы ұстау операциясы да жарияланған. Үш күн бойы күдіктінің ізіне түсу мүмкін болмай, әбден титықтады. Ол жалғыз еді. Бір күдікті оқиға орнында мерт болған. Облыстық полиция департаментінің басшылығы бұл істі Абылай Қайсеновке табыстауға бекінген. Өйткені ол қалалық тергеу басқармасының басшысы ғана емес, тісқаққан, сақа маман. Осы салада жұмыс істеген он жыл ішінде сабырлы қалпынан таймай, түрлі қылмыстың ақ-қарасын анықтап, күдіктілерді де қолға түсіргені мәлім. Алайда еңбек демалысында жүр екен. Абылай өзі қызмет атқаратын қала маңындағы жайттан бейхабар. Көптен күткен еңбек демалысында Астанада тұратын ата-анасына барып, полиция академиясында қатар оқыған жолдастарымен жолығып, көп уақытын отбасымен өткізуге тырысты. Шағандағы басшылығы өзін іздеген күні Нұра өзенінің жағасында балық аулап отырған. Полковниктің жақсы бір қасиеті сенбі, жексенбі, демалыс болсын, тіпті түнде бір оянып байланыс телефонының экранына үңілетін әдеті бар. Ешқашан өшірмей, қашықта жүрсе қуаттағыш пауэрбанкті өзімен ала жүреді. Облыстағы басшылықтан қоңырау түскенде сөзге келген жоқ. Дереу жететінін айтып, жолға қамданды. Балыққа үлкені Медғат пен студент ұлы Қасымды ерте барғаны дұрыс болыпты. – Сендерді мамаларың алып кетеді. Асай-мүсейді жиыстырып, дайын отырыңдар. Мен Шағанға дереу кетуім керек. – Жақсы әке, жолыңыз болсын! – деп, балалары өзен жағасында қалды. Өзен жағасынан бірден сапарға аттанды. Абылайдың көлігінде әрдайым формасы, спорттық киімдері тап-тұйнақтай қатталып тұратын. Жолда келіншегі Айшаға хабарласып мән-жайды түсіндірді. – Әттең, Еркеназымның каникулында да жанында бірге бола алмадым. Тоғыз бітіргеніңде демалысты бірге өткіземіз деп уәде беріп едім. Бірақ ауылда жантүршігерлік қылмыс жасалыпты. Қызыма түсіндіріп айтарсың. Ата-анамның жанында бол, ұлдар біз әрдайым баратын Нұраның Ақмол тұсындағы жағасында отыр. Кешікпей алып кет. Сау бол! – Байқап жүр, Абеке, бізге алаңдама, жолың болсын! Астанадан Шағанға дейін жол ұзақ. Абылай ой үстінде келе жатыр. Сағындық ақсақалды, ұлдарын да жақсы танитын еді. Не келсе де әлгі үйінде жүрген жалдамалыдан келді-ау. Олар қайда кетуі мүмкін? Тіпті миына сыймайды. Жолға телміріп, рөлді сығымдай ұстаған полиция полковнигі өткен күндерді ой елегінен өткізіп келеді.

* * *

Ұштаған тауының бөктерінен өрлеп бір отар қой жайылып барады. Бұл қой осы өлкеде қаншама жыл бойы жеке шаруашылықпен айналысып келе жатқан Сағындық ақсақалдікі еді. Шағаннан бір-екі шақырымда орналасқан бұл отбасын танымайтын ел жоқ. Бірақ ешкім ат басын тірей бермейтін, оған себеп те бар. Малы мол, жері мен шөбі жетерлік ауқат ты отбасын кейбіреулер жағымпазданып сыйласа, қайсы біреулері қорыққаннан да сыйласып жүрді. Қанша дегенмен Сағындық шал көп жылдар ұжым басқарған кісі, халқына сыйлы-ақ азамат болған. Бұл шаңырақтың шырқы неліктен бұзылып кетті деген сұраққа да жауап бар. Сағындықты сыйласа да, Сағындықтың үш ұлына бола замандастары көп келе бермейді. Еңселі үш азамат сотқарлау, тым қатыгез-тін. Үлкен ұлы қалада оқып жүргенде төбелес үшін отырып та келген. Ортаншысын ешқайда жібермей ауылда қалдырса да, мазасыздау, шатақтау болып өсті. Кенже ұлы облыстық дене шынықтыру институтын тәмамдап, оның өзі оқуының соңғы жылы жазықсыз біреудің басын жарып оқудан шығып кете жаздап, әйтеуір әкесінің малының арқасында әзер бітіріп, бұл да ауылға келіп алды. Үшеуі туралы айта берсең таусылмайтындай. Полицияда жұмыс істейтін Абылайдың бұл әулетті ежелден білетіні сондықтан. Тіпті Сәкеңнің кенже ұлымен жаттығу залында да жиі жолығып қалатын. Басқасы-басқа, тіпті үйлеріндегі малдарын жаятын жалшы, жалдамалы қойшыларды болар-болмас нәрседен сылтау тауып көк ала қойдай етіп сабайтын да жүретін. Ол қорлыққа шыдайтындары шыдап, шыдамағаны қолды бір сілтеп кете баратын. Сотқа берулеріне де мүмкіндік жетер, бірақ ел алдында Сағындықты қарабет қылғысы келмейді, көбі «қойшы» дей салады. Олар тек тергеу департаментінің бастығы болып тағайындалған Абылайдан ғана именеді. Ауылдас болса да, қылмысқа жаны қас Абылай оларды талай сабасына түсірген. Оны айтасыз заң аясында бас бостандықтарынан да айырған болатын. Бұл жағдайды әкелері байқап та жүрді. Абылайдың алдына талай барды. Бірақ оның өз ісіне берілген азамат екеніне көзі жеткен. Үш ұлын алдына шақырып алып айтқаны да бар. – Айналайындар-ау, жалшыларды бекер жәбірлей бергенше, ақырын түсіндіріп немесе ескертсеңдер қайтеді дегенде.

– Ой, Батя, саспа! Қатырамыз, сен қартайдың, ендігі шаруаны бізге тапсыр, олармен сөйтіп сөйлеспесе сөз түсінбейді, – дегенді айтып әкелерін жақындатпай-ақ қойған. Әкесі де амалсыздан іштей тынып бақты. Осылар біреуді жазым қылып тағы да арандамаса болғаны. Жастайынан еркелетіп дұрыс тәрбие, түзу өнеге көрсетпеген өзіме де сол керек-ау деп күрсінді. Өзі жоқшылық пен аштықты, сұрапыл соғысты басынан кешкен Сағындық ақсақал, жастайынан адал терімен еңбек етті, жауапты қызметтер атқарды. Жеке шаруашылықпен айналысып мал жиып, басына бақ қонып, азын-аулақ дәулет пайда болды. Бірақ өзінің жоғын түгендеп жүріп, балаларының тәрбиесін ақсатып алғанын ақсақал кеш түсінді. Мұның абыройы мен беделін сыйлаған ауылдастары балалардың іс-әрекетіне кешіріммен қарағанмен, қашанғы шыдасын. Ара-тұра ақсақалдың өзіне де шағымданып, өкпе-реніштерін айтып жататын. Расында Сағындық қарт өзі көрген ит өмірді ұрпағым көрмесін деп, Аллаға шүкір үш ұлым үш жағымнан тіреп тұрады деп бетінен қақпай, перзенттерін шолжаңдау қып өсірген-тін. Жастайынан аудандық спорт үйірмелеріне қатыстырған. Бірақ әскерге жібермей неге алып қалды екен? Өкінеді, ол жақта тәртіп бар ғой. Бекер, бірақ не шара, іштен шыққан шұбар жылан аман болса болғаны. Осылардың содырқылықтарының арқасында ауыл-аймақ, ел-жұртпен араласудың өзіне бәйбішесі екеуінде бет қалмады. Әскерге бармасаңдар да, анау Абылай сияқты милиция мектебіне түсірейін деп те талпынды. Оған ұлдары көне ме? «Мент» бол деймісің деп өзіне әкіреңдеді. Сөйтіп жүргенде бұлардың шаруашылығына жалдануға ешкім жоламай да кеткен болатын. Үшеуінің тірлікке икемдері жоқ, икем болса зауықтары соқпайды. Ермектері қас-қарая жасыл «ниваны» мініп алып орталыққа кетеді, таң ата тәлтіректеп оралады. Сол әдетпен тағы да кеш бата шығып кеткен. Түннің бір уақытында улап-шулап жетіп келгенде, әке-шешелері абдырып сыртқа шыққан. Үлкен ұлдары удаймас, жанында құжынаған «жыншайтандары». Шешесі ұлдарының достарын өстіп атайтын. – Батя, мам… мен қыз әкелдім, түсіріп алыңдар, қатын ал деп қақсаушы едіңдер, міне, – деп ағыл-тегіл жылап тұрған қызды машинадан алып шықты. Бұндайды күтпеген ата-ана сасқалақтап-ақ қалды. Әбігер болып жүріп келін де түсіріп алды. Бұған әсіресе, анасы шексіз қуанышты еді. «Ертерек айтпадың ба, жақсылап күтіп алатын едім», – деп ұлына әлсіз зекіп қояды. Ербең-ербең еткен ұлы риза кейіппен ыржалақтап: «Нормально мать», – дейді шешесінің арқасын күректей алақанымен қағып-қағып жіберіп. Үйлену тойын ойдағыдай өткізіп, азан-қазан аяқталғаннан кейін Сағындық ақсақал үлкен ұлын шақырып алып әңгіме қозғаған: – Құлыным, Сырым тұңғышым, үшеуіңді тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсірдім, анаумынау боп кетсем екі бауырыңды қарайлайтын сен боларсың, есіңді жи. Тәуба, зиялы жерден келін түсіріп бердің. Енді саған атқарар міндет көп. Әке боларсың, қадірімді ұғарсың. Малдарың алдыңда. Сол мал үшеуіңе де жетеді. Өздерің баптап, төлдетіп, көбейтсеңдер де қолдарыңда тұр. Жалшыларға күн көрсетпей, қақсатқандарың анау. Жерге дұрыс қарамаса, қурап шөл басып қалады, малға көңіл аудармасаңдар, қырылып қалады. Өздеріңнің де күндерің мүшкіл болады ақылға келіңдер, бауырларыңды түзу жолға салатын өзіңсің, – деп сөзін аяқтады. Сырым өтірік ойланған боп, қабағын түйіп басын шұлғып отыр. Көкірегіне әкесінің айтқан өсиетін түйіп түсінгені де шамалы. Ішінен: – Мына шал алжиын деді ме? Бізді жұмысқа салып қоймақ екен, ә. Жоқ, болмайды. Өмірі ешқайда жұмсамаған әкесі қызық. Ойына жақсы бір идея сап ете қалды… Мал жетеді, жалшы табу қажет, бірақ басқа жақтан, бөлек ауылдан немесе қаладан әкелу керек жалшыны, миығынан жымиып қойды. – Батя, қорықпа! Өзіңіз айтқандай қатын алдым, енді ойланам, шаруа шыр айналады көресің, – деп әкесіне бас бармағын шошайтып көзін қысты. Көңіл-күйі жақсы кездегі үйреншікті қылығы бұл. Сырым ертеңіне апыл-ғұпыл жиналып қала жаққа аттанып кетті. Ол жақтан қаңғып жүрген бір-екі адам алып келмекші. Әкелді де, бауырларым да қуанып қалатын болды деп, өз-өзіне дән риза болып келе жатыр. Кеш бата Сырым ауылға қайтып келді. Қасында еңгезердей болғанымен, әбден тозған, жүздерін ішкілік мүжіп бітуге айналған, ұлттары да беймәлім екі жігіт бар. Есік алдында жүрген шешесі ол екеуін ұлының жолдастарына балап: – Балалар кіріңдер, төрлетіңдер, – деп жатыр. – Мама, бауырларым мен батяны шақырып көрімдік сұра, үйге «бич» алып келдім, – деді маңғаздана. Сол кезде әкесі мен бауырлары да ас үйден шығып келе жатқан. – Әй, әкесі, ана балаң орыстың бишілерін әкелдім дей ме, не дейді, – деді шешесі. – Жоқ, биші емес, ертең қашып кететін жалшы әкелген түрі, – деді әкесі риза емес кейіппен. – Батя, какая разница? – деп екі ұлы мәз-мейрам. Бұлар жұмысты жақсы істейді. Ақша, мал сұрамайды. Тұрақ пен тамақ болса болдыдесіп жатыр. Ата-тегінен малшы жалдаса да, діні де, нәсілі де бөлек адам жалдап көрмеген Сағындық ақсақалға баласының білгішсініп қайдағы біреулерді жетелеп келгені ұнамап еді. Аналары: – Мыналар тозып, жүдеп кетіпті ғой, үстілеріне бір сыпыра ескіқұсқы киімдеріңді бер. Мен тамақ жасап жіберейін, – деп бейшараларды шын мәнісінде мүсіркеп-ақ жүр. – Мама, қайтесің оларды, құдайы қонақ емес, қайдағы бір босқындар ғой бұлар. Енді шаруа оңалады. Бірер жапырақ нан мен қара су берсең болғаны, – деді баласы бір нәрсе бітіргендей шалқайып. Үш ағайынды оңай олжа тапқандарына мәз. Уақыт өстіп өтіп жатты. Жапандағы жалғыз үйде де тіршілік жалғаса берген. Айы-күні жетіп үйдегі жас келін де, дүниеге ай мен күндей қыз әкелді. Сағындық қария мен бәйбішесі немерелері болғандарына тәуба қылысып жадырап-ақ жүр.

* * *

Шөп науқаны басталып, қора-қопсыны жөндеп, қысқа дайындалып жатқан кезең. Андрей мен Миша да бұл үйге бой үйретіп қалғандай. Күнімен бел бүкпей жұмыс істейді де жатады.

Ол екеуіне үш ағайынды маза көрсетпейді. Қысып-қинап, мазақ етіп əйтеуір əбігер етеді. Əсіресе, əскердің шет жағасына қанығып, өзінше орысша үйреніп келген үлкен ұл. Қоқан-лоқы жасаудан жалыққанда білетін орысшасын айтып, сөзбен қағытып: Мишка жəне Андрейге «держи хвост бодрей», – деп соған өзі жырқылдап мəз болатын. Екі інісі түсінсін-түсінбесін ағаларын қостап ыржалақтайды да қалады. Екеуі шыдап бақты. Бұлар анда-санда тамақ немесе темекі бермей зығырларын шығарғанда, көздері қызарақтап, кек алғылары кеп-ақ тұрады. Бірақ, байқатпауға тырысатын. Өйтсе үш ағайынды өлтіруден тайынбайтындай. Қайта бұлардың кəрі шешелері ұлдары ұйықтап жатқанда тығып тамақ, жуынып-шайынып алыңдар деп сабын беріп тұратын-ды. Ал əкелері көңіл де аудармайды, томаға-тұйық қалпынан айныған емес. Ол үшін бұлардың бар жоғы тіптен маңызды емес. Андрей мен Мишаның түйгендері осы. Түннің бір уағында екеуі темекілерін орап отырып əңгімеге көшкен. Қайсыбір күндері шаруадан шаршағандары соншалық, əңгімелесуге шамалары келмей құлайтын. – Осы біз өле-өлгенше өстіп жүрмекшіміз бе? Бұл үшеуі бізді құртып тынады, – деп сөз бастады Миша. – Дұрыс айтасың. «Өзіңді өлтірмей тұрғанда, оны сен өлтір», – деген зонада нақыл бар еді ғой. Есіңде ме? Қырып тастау керек, шетінен. Екеуі темекіні будақтата сорып ойға батты. – Бəрінде нең бар, басың істей ма? Шешесінің жақсылығы өтпеп пе еді бізге. Ал əкелерінің мүлде шаруасы жоқ. Келіндері бала қарап үйден де шықпайды. Үшеуін қайқайтайық та, қарамызды батырайық. – Мишка, неткен осал едің? Əкесіне ұнап жүргеніміз шамалы, ұлдары істемеген шаруаны біз тындырып жатсақ та, түтіп жеп қояйын деп жүр. Келіндерін анада көрдің емес пе, əсем келіншек қой, иə? Ол енді өз есебімізде. Шешелерін өлтірмесек те болады. Бірақ ол бейбақ күйіктен-ақ «о жаққа» аттанып кетеді ғой. Сондықтан оны да қинамай көзін жойған дұрыс сияқты. Екеуі құдды бір қызықты тақырыпта ертегі айтып отырғандай елес береді. – Қашан бастаймыз? – Ертең, кеш батып бəрі ұйқыға кеткенде. Əлгі осында, біздің құжаттарды тексеруге келген болып, жағдайды аңдап жүрген Абылай деген мент те демалысқа кетіпті. Содан өлердей зəресі ұшады үшеуінің. – Келістік. Ертеңгілік күндегі күйбең тірлік қайта басталған. Ағаш жарып жатқан екі орыс жігіттің көңіл-күйлері кешегіндей емес, көтеріңкі. Бір-біріне əзіл айтысып, жұмысты ширақ атқарып жатқан. Андрейдің қолына жаңқа кіріп, ортаңғы қолы ісіп кетті. Өздеріне бей-жай қарамайтын кемпірге келіп, ымдап жүріп түйрегішін сұрап алды. – Алда бейшара-ай, тікенек кіріп кетіпті ғой, – деп түйрегішін ұсынған. – Қайта қайтарып алып кел, маған керек, – дейді қазақшалап. Жұмысқа айналып жүріп, Андрей түйрегішті қайтып беруді ұмытып та кетті. Түйрегіші қажет болған əжей ұлдарына сұратып алайын десе, бостан-босқа ұрып-соғатынын білді. Өзі сұрайын десе, бір ауыз орысша білмейді. Содан шалына келіп: – Əй, Сағындық, орысша осы түйрегішті не деуші еді?​​​​​​​

– Оны қайтпексің, əлде орысша үйренейін деп жүрсің бе? Булавка деп аталады ғой ол құрғыр. Андрейдің қасына жылдам жүріп жетіп келген əжей. – Балам, отдай мой плавка, – демесі бар ма. Аң-таң қалған екі жігіт біріне-бірі қарап меңіреу кейіпке түсті. – Апа, не брал я ваши плавки, – деп екі қолын кеуде тұсына қойып ақталған. Жейдесінің жеңіне түйрелген түйрегішін əжей байқап қап, Андрейдің жеңінен түйрегішін ағытып алып: – Ə, міне мой плавка, – деді. Мəн-жайға енді қаныққан екеуі ал кеп күлсін. Өмірлерінде өстіп күлгендері алғаш рет шығар. Оны көздері шалып қалған үш ағайынды, шешемізді мазақ қылды деп, əлгі екеуін қамшымен борбайлатып сабап жатыр. Шешелері араларына түсіп əлек. Кеш те батты, малды жайғастырып, астарын ішіп алған екеу қора артында темекі тұтатып жоспар құрып отыр. – Жатып ұйықтады-ау деген мезетте біртіндеп жүріп құртайық. Сарай ішінде балта мен балға бар, соларды дайында. – Əлгі жас келіннен абай бол, артынан қызығын көре жатармыз. – Дұрыс айтасың. Кекесін күлкі қою қараңғылыққа сіңіп кетті. Жапандағы жалғыз үй түн тыныштығына оранып, маужыраған кейіпке енген сəт. Қора жақтан сиырдың күйсегені мен шөп сыбдыры ғана естіледі. Иттер де үнсіз. Бұл үйдің есігі жабылмайтын. Күнде ашық тұрады. Екі жалшыдан күдіктенбеген де, қазақи аңғалдық та шығар.

* * *

Екеуі ептеп басып ішке енді. Төмендеу бөлмеде екі ағайынды көрпені бүркеніп алып ұйықтап жатқан. Бас жақтарын болжап тұрып Андрей балтаны серпіп жіберді, Миша да жылдамдатып балғалап жатыр. Əппақ көрпелер қызыл-ала қанға көмілді де кетті. Төргі бөлмеге көзі түскен Миша қасындағы серігін түртіп, нұсқап көрсетті, бөлме сəнін келтіру үшін ілінген кілем, түлкі, қасқыр терілері жəне қос ауыз мылтық пен көнеден қалған қанжар ілініп тұр, қара көлеңке ауызғы үйдегі жанып тұрған шаммен араласып кетіп жатыр. Жайлап басып алға жылжыған қос қанішер ендігі бөлмеге енгенде үлкен ұл, келіншегі, нəрестесі үшеуі бейжай қалыпта ұйықтап жатты. Қанжарды ұстап тұрған Миша, əлсіз ғана қорылдап жатқан Сырымды қанжармен осып жіберді, сол сəтте Андрей жас періштенің бетін жас тықпен жаба салған. Іс бітті дегендей екі əріптес бір-біріне қарап көз қысты. Келінге тиіспеген. Тек айқайлап жанталасқан жас əйелді шандып байлап тастады.

Енді шал, кемпірді бірдеңе қылу керек. Дəретке шығып келе жатқан Сағындық сасып қалды. Жайлап басқан қос жалшы бұған қарама-қарсы келе жатыр. – Өй, əкеңнің осылардан күдіктеніп едім, – деп төргі үйдегі мылтығына жүгірді. Мылтықтың жоқ екенін сезген Сағындық, қарудың əлгі екеуінің қолында екенін қара көлеңкеден байқамаса керек. Анадайда жатқан балтаны көзі шалып қалды. – Шал, ешқайда қашамын деп ойлама, жасың келді ғой, бері шық, қинамай жібереміз кететін жағыңа, – деді өздеріне əбден сеніп алған екі қорқау. Еңгезердей үш жігітті жайратқан енді кімнен қорықсын! Тетігін тауып, шамды да жағып алды. Төргі үйге қарай жақындаған Андрейді аңдып тұрып Сағындық, кəрі де болса соғыстағы қырағылық, еңбек қылып жиналған қайраттылығымен балтаны жіберіп қалды. Көкіректен тиген балта қойсын ба, Андрей сол жерде сұлап түсті. Миша өткір жүзбен өзіне қарап тұрған шалды сол жерде осып жіберді де, қолына қосауызды алды. Сұлап жатқан серігіне жақындап еді, ол аттанып кеткен екен. Көзі қызарақтап келін жатқан бөлменің есігін теуіп ашты. Бұл кезде жанталасып қолындағы жіпті шешкен келін ашық тұрған терезеден сүріне-қабынып секіріп, шыңғыр ған қалпы қаша жөнелді. Ондайды күтпеген Миша шүріппені​​​​​​​ басып қалған. Қашып бара жатқан жас келіншектің оқ арқасына тиіп үнсіз қалды. Аласапыранды құлағы шалған əжей есіктен шыға бере, серейіп жатқан шалы мен өліп жатқан Андрейді көріп, қан кысымы көтеріліп, босағаға сүйенген қалпы жүрегі тоқтаған. Жағдайдың осындай боларын күтпеген Миша, асықпай жүріп үйді аралады. Төргі бөлмедегі шкафтарды ақтарып жүріп, ақша да тауып алды. Мұндай ақша ұстамағалы қашан. Ұлдардың бөлмесінен жақсы деген киімдерді алып киіп, айнаға қарап өзіне масаттанып жүр. Үйдегі өліктер, жапан түздегі қорқыныш бұған əсер етпеген де. Тоңазытқышты ашып тоя тамақ жеді. Арақ-шарапты алдына үйіп қойып​​​​​​​ таң атқанша отырды. Енді жолға шығу керек. Іргедегі разьездердің бірінен пойызға мініп, басы ауған жаққа қашуды да ойлған. Қолға түсіп қалуы мүмкін. Төрт-бес шақырым үйдегі Нивамен қашып, оны айдалаға тастап, жаяулап шығысқа қарай жүрді. Үлкен жолға шығып, Жезқазған жаққа қатынайтын жүк көліктерінің біріне мініп кетті. Оқиға болған таңда қарындасын іздеп, құдаларына келген Ержан есік алдында қанға боялып жатқан бауырын көріп есінен танып қалған. Бұны естіген ел адамдары у-шу болды. Кейбіреулер: «сауап, сол керек» десіп жатты.

* * *

Көп ұзамай Абылай да оқиға орнына жеткен. Криминалистика бөліміндегі əріптестері үйден табылған айғақтарды көрсетіп, сараптама қорытындысын қолына ұстатты. – Абылай Қасымұлы, күдікті керзі етігін тастап, жеңіл аяқ киіммен кетуі мүмкін. Жалаң аяқ кетпеген шығар? Осы үйдегі Ниваны мініп кеткен. Полковник бірден іске кірісті. Қол астындағы қызметкерлерінің бірін Алматы бағытына, тағы бірін Жамбыл облысы жаққа жіберіп, көлік дөңгелегінің ізін бағамдады. Көп ұзамай, айдалада тұрған Ниваны да тапты. Айналаны толық тінтіп, кинолог ит алдыртты. Рекстің көмегі​​​​​​​ тиген. Өйткені «саламандер» деп аталатын ерлер туфлиінің ұлтарағы табылған. Демек, аяқ киімі қысқан ғой. Абылай жанына бір лейтенант пен сержантты ертті де, жол бойына шықты.

* * *

Өткенде құжат тексере келгенінде Михаил Ефремовтың Ресейдің Омбы жағында дүниеге келгенін білген. Демек, ол туған жағына кетуі мүмкін. Ақшасы бар, құжаты өзінде. Абылай дереу Ақтөбе облысындағы курстас досы, қазір Ырғыз аудандық полиция бөлімін басқарып отырған Ержанға хабарласты. – Ереке, қал жақсы ма? Уақыт тығыз. Көмегің керек. Омбы бағытына жүретін күдікті жолаушы, сезікті адам болса уақытша ұстай тұруың керек. Бір күдіктінің ізіне түсіп едік. – Абеке, шүкір. Əрине. Фото робот жібер. Абылай бірден облыстағы басшыларына хабарласып, Ақтөбе облысында жедел ұстау операциясын ұйымдастыру керектігін ескертті. Омбы бағытындағы пойыздар, ұшақтар, автобустар мен жеңіл көліктерді тексеру қажет! Абылайдың ойы бойынша күдікті қылмыс жасаған өңірде қалмауға тырысады. Көрші аймаққа жетіп, сол жақтан Омбыға өтіп кетуге талпынады. Ойы алдамаған екен. Дабыл қағылып, көрші облыстың вокзал, аэропорттары, көлік өткізу бекеттері жоғары қырағылықпен тексеріліп жатты. Абылай жеткен бойда вокзалға барған. Құжынаған жұрт. Тергеу бөліміндегілер əдетте арнайы форма кимейді. Көзіне қара көзілдірік пен басына кепкасын баса киген полковниктің полицей екенін ешкім де біле қоймайды. Шағын базар мен кафелерді аралап шығып, жұпыны сыраханалардың бірінен Мишаны аңғарып қалды. Ол да көп адамның ортасына сіңісіп, танымаса да біреулермен əңгімелесіп отыр екен. Арасында айналасына жалтақтап қарап қояды.​​​​​​​ Абылай да бір бокал квас алып, көзге көрінбейтін елеусіздеу жерден бақылауға көшті. Ең бастысы күдіктіні үркітіп, қашырып алмау керек. Қоғамдық орында оқ ату да қауіпті. Əйтпесе күштік құрылымдар арасында тапаншадан оқ ату жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы екені анық. Бір сағаттан кейін күдікті Миша да асықпай басып сыртқа шықты. Абылай асықпай, артынан ілесті. Ақтөбеден Омбыға жүргелі тұрған автобусқа билет алып қойыпты. Қолындағы сөмкесінде суық қару да болуы мүмкін. Сол себепті сақ болуы керек. Тұтқиылдан жəймен барып, сыраға тойып, қызара-бөртіп тұрған Мишаның қолын қайырып, жерге атып ұрды. Жұрт дүрлігіп, полиция қызметкерлері де қаптап кеткен. Тура кеткелі тұрған жерінен қолға түскен күдікті кіжініп, аузына келгенді айтып, боқтап жатты. Үсті-басын қағынып орнынан тұрған Абылай басшыларына хабарласып, күдіктінің ұсталғанын баяндады. Əріптестері келіп, арқасынан қағып жатыр. Абылай Қасымұлы жылы жымиды да қойды. Ол үшін бұл күнделікті жұмыс болатын. Əрі өзіне өте ұнайтын қызмет еді. Ал Сағындық шалдың оты өшті. Жапандағы жалғыз үйге ешкім жақындамайды, сескенетін шығар, кім білсін?

Мирас МҰҚАШ​​​​​​​

                              Тергеуші

         Оқиға тоқсаныншы жылдары шағын шаһарда орын алып, саябақтан кесілген...

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...