16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №20 мекемесі қызметкерлері қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі – тұсау кесу рәсімін өткізді.
Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуді мақсат еткен шарада Секеновтер әулетінің ұлдарының тұсауы кесіліп, ақ батасын алды. Салт бойынша сәбидің тұсауын Қылмыстық-атқару жүйесінің ардагері, отбасының үлкені – атасы Бейбіт Секенович кесті.
Секеновтер әулеті – қызмет жолын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан отбасы. Отбасының әкесі – Қылмыстық-атқару жүйесінің ардагері болса, бүгінде оның ұлы мен келіні де осы жүйеде, жедел бөлімінде қызмет атқарады.
Бейбіт Секенович Қылмыстық-атқару жүйесіндегі еңбек жолын 1994 жылдан бастаған. Қызмет барысында жасақ бастығы болып еңбек етіп, кейін жедел бөліміне ауысты. Өз ісіне адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында жедел бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтеріліп, осы қызметтен құрметті зейнетке шықты.
Немересінің тұсауын кескен ардагер оған ақ батасын беріп, өмір жолы ашық, қадамы нық болып, Отанға адал қызмет ететін азамат болып өсуін тіледі. Сонымен қатар әкеден балаға мұра болып келе жатқан бұл жолды болашақта немересі де жалғастырады деген ізгі тілегін білдірді.
Ақ батамен басталған тұсау кесу рәсімінен кейін кішкентай бөбек алғашқы қадамын жасап, жиналғандардың қуанышына бөленді.
Осындай тағылымды шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ сабақтастығы мен отбасы бірлігінің маңызын айқындай түседі.


