Исмаилова Гульнар Айтахметовна, 1984 жылы Семей облысы Семей қаласында дүниеге келді. Екі жоғары оқу орнын тәмамдаған. 2006 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік Университетін «инженер-технолог» мамандығы бойынша және 2014 жылы Қазақ гуманитарлық — заң университетін «заңтану» мамандығы бойынша бітірген. Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінде өзіндік орны бар, өз кәсібіне адал, әрі қоғамға үлгі боларлық қызметкер.
Өзінің еңбек жолын 2006 жылы қыркүйек айында ШҚО Жарма ауданы Шуақ кентінде орналасқан қылмыстық-атқару жүйесі ОВ-156/18 мекемесінен бастаған. 2007 жылы Ішкі істер органдарының қызметкерлерін дайындайтын Павлодар қаласында орналасқан Заң колледжінде алғашқы әскери дайындық курсынан өткен. 2011 жылы ерікті жалдамалы маман-бақылаушы болып Семей қаласындағы ОВ-156/14 мекемесінде жұмыс жасаған. 2018 жылы Семей қаласында ОВ-156/16 мекемесінде Ішкі істер органдарына қатардағы және кіші басшы аттестатталған құрам қатарына «бақылаушы» мамандығына тағайындалды. 2020 жылы орта басшы құрам лауазымына офицерлік сатыға көтеріліп, Пробация инспекторы лауазымына тағайындалды. 2022 жылдың қазан айынан Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті № 21 мекемесі тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы болып қызмет атқаруда.
Қылмыстық — атқару жүйесінде 20 жылға жуық адал еңбек етіп келеді.
Қазіргі уақытта ол кадр жұмысы бөлімінде қызмет атқарып, кәсіби қызметімен қатар, көптеген қоғамдық істердің басында тұр. Мекеменің жеке құрамының арасында тәрбие жұмысын, олардың тәртіптік және қызметтік даярлығын ұйымдастырады.
Ол жас мамандарды жұмысына жауапкершілікпен қарауға, адал еңбек етуге және қоғамға жақсы көзқарас қалыптастыруға баулып келеді. Өзінің өмірі мен қызметінде жоғары моральдық құндылықтарды ұстанатын ол- жастардың болашағына ықпал етіп, мекеменің дамуына зор үлес қосып жүр.
Жеке құрамының рухани-адамгершілігін тәрбиелеу мақсатында жұмыстан тыс уақытта қызметкерлер мен олардың отбасыларымен мәдени-тарихи және қасиетті орындарына мақсатты түрде мезгіл-мезгілімен баруды ұйымдастырып тұрады.
Оның еңбек жолы мен қоғамдық қызметі жастарға үлгі болатын, қоғамға деген құрмет пен адалдықты танытатын болмысымен ерекшеленеді. Тек өзінің міндеттерін адал орындап қана қоймай, әрдайым мекеменің де қоғамдық өміріне белсене араласып, ішкі істер органдарының оң имиджін нығайту үшін көптеген шараларды ұйымдастырады. Қызмет туралы жағымды материалдарды республикалық, өңірлік және телеарналар бойынша БАҚ-та жариялануына ықпал етіп, еліміздегі ҚАЖ саласының жағымды бөлігін халыққа танытуға үлес қосуда.
Гульнар қоғамдық жұмыстармен шектеліп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырмайды. Өз тарапынан және мекеме қызмеркерлерімен бірге жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға, ҚАЖ ардагерлеріне үнемі көмек көрсетеді. Семей қаласының Қан орталығымен үнемі бірлесе, аса маңызды қайырымдылық акциясын ұйымдастырып тұрады. Жылына бірнеше мәрте донор болады. 4 жыл қатарынан қаламызда орналасқан «Аналар үйіне» өмірдің тәлкегіне түскен қыз-келіншектерге 8-наурыз мерекесіне барып арнайы мерекелік көңіл күй сыйлап, сый-сыйапат жасап тұрады. Әр адамның қиын жағдайында шамасы келгенше көмек көрсетесуге әрдайым даяр, жанашыр қызметкер.

Мұндай іс-шаралар арқылы ол қоғамның осал топтарына қолдау көрсету және олардың жағдайын жақсартуға тырысады. Өзінің еңбек жолында ол тек қана кәсіби біліктілігін арттырумен шектелмей, қоғам алдындағы азаматтық борышын да ұмытпайды.
Осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметте адал еңбегімен танылған Гульнар 3 баланың аяулы анасы, асыл жар, өзінің отбасында береке мен бақыттың негізін қалаушы тұлға деп те айтамыз. Жолдасы Ғабит мемлекеттік қызметте, екі жоғары білімі бар азамат. Екеуі де өздерінің жеке өмірлері мен қызметткерінде қоғамға үлгі болатын адамдар. Отбасында үнемі бірлік пен түсінік орын алып, әрбір отбасы мүшесінің жетістіктері бір-біріне қуаныш әкеледі. Үлкен ұлы Баят 2024 жылы мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ерекше жетістіктерге жеткен жас өрен. Ол қала әкімінің атынан және Семей мемлекеттік Шәкәрім Университетінің ректорының атынан ГРАНТтар ұтып алған. Мұның барлығы оның оқудағы үздік жетістіктері мен тұлғалық қасиеттерінің жемісі. Бірақ өзінің болашақ оқу орнын таңдауда Қазақ-Британдық университетін таңдап, мемелекеттік ГРАНты дәл осы университеттен ұтып алды. Ата-анасы сияқты қайырымдылық қорымен айналысатын бала. Екі қызы Айсана мен Айсулу мектеп оқушылары, оқу озаттары. Олар тек оқумен ғана емес, шахмат, гимнастика, каратэ сияқты спорт саласында да жетістіктерге жеткен. Балалары өз саласында ерекше таланты мен қабілетін көрсетіп, ата-аналарына мақаныш сыйлап келеді. Бұл отбасының білім мен өрлеуге деген ұмтылысын көрсететін айқын белгі. Исмаиловтар отбасы білім мен тәрбие, еңбекқорлық пен жетістіктің символы. Еңбекқор ана мен еңбекқор әкенің тәрбиелеген ұрпақтары қоғамның мақтанышы болады деп сенеміз.
Шынында, Гульнардың еңбек жолы тек кәсіби тұрғыда ғана емес әлеуметтік- қоғамдық және қызметте де айрықша орын алатын, әрі үлгі боларлық еңбекті талап ететін кәсіпкерлікпен ұштасқан қызметкер екенін көрсетіп келеді. Осындай адал жұмысы мен ұжымның әлеуметтік өмірінде белсенді қатысқаны үшін бірнеше мәрте алғыс жарияланып, мадақтау қағаздары табысталып, ақшалай сыйақы берілді. Ұжым басшыларымен және әріптестерімен қарым-қатынасы ықыласты, сыпайы. Мінезі жігерлі, ынталы, өте еңбекқор.

Президентіміз биылғы 2025 жылды «Еңбек адамы жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бастама — өз еңбегін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз, — деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқына арналған жолдауында.
Осыған орай, ҚР Ішкі істер министрлігімен жолданған өкімі негізінде, Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты № 21 мекемесі тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің бастығы әділет капитаны Гульнар Исмаилова, Республикалық патриоттық форумға қатысып, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты патриоттық республикалық форум аясында жоғары кәсіби біліктілігімен өз саласында адал еңбек еткені үшін жұмысшы мамандықтар жылына орай ол «Үздік еңбек адамы» атты төсбелгісімен марапатталып, үлкен құрметке ие болды.