Айдауыл Жаңбыр себелеп тұр. Қисық Алдымда балшық кешіп, аяғын əзер алып жүріп келеді. Қолында кісен, аяғында аттың шідеріндей сүйретілген ауыр шынжыр. Денесі ірі, иықты. Бұрын тұлғасы жұртты сескендіріп, жолына ешкім тұрмайтын. Қазір үкімі кесілген, үміті үзілген тұтқын. Көйлегі кірлеп, жағасы сөгіліп кеткен. Басын төмен салып, үш қабатты сот ғимаратының ауласында тұрған бес адамдық, ескі, сұр түсті əскери көлікке жеткенше жаны шығып кетердей қиналып келеді. Сот жаңа ғана үкімді оқыды. Қасақана кісі өлтіріп, қарақшылық жасағаны үшін оны ату жазасына кесті. Мұның апелляциялық шағым беруге құқы бар. Сот үкімі оқылғанда залда отырған, басына ақ шыт тартқан ақ сақалды кісі еңкілдеп жылап жіберді. Əкесі күншілік жердегі ауылдан атпен келген еді. Сыртта, талға бай лаулы тұрған жануар ара-тұра кісінеп қоя ды. Басын жерден алмай, сүйретіліп көлікке əзер жеткен қылмыскердің көзі бір ноқатқа қадалып, тоқтап қалған секілді. Кірпігін қақпайды. Қан-сөлсіз қуаң жүзі балшықтан құйған мүсінге ұқсайды. Жүргізуші екеуіміз оны демеп, көлікке мінгіздік. Көлік ақ көбіктеніп шапшып аққан өзенді жағалап, автовокзал жақты бетке алды. Алтай қаласы аңғар ішінде. Екі жағы тау, ортасын қақ жарып Қыран өзені ағады. Қала өзеннің екі жағын ала орналасқан. Шаһардың ені тар болса да, бас-аяғы ұзын. Автовокзал қаланың төмен жағында, одан əрі шынтақша иілген сай тағанында түрме бар. Көлік зулап келеді. Ол қырылдаған дауысымен үн қатты: – Айдауыл жолдас… – Иə? – Мен… мен біреудің, біреу болғанда үлкен кəсіпкердің пəтеріне басып кіріп, адам өлтіретіндей… – Сот үкімін естідің ғой. – Естідім, бірақ мен емес. Құдай ақы, ешкімнің қанын төккем жоқ. Оның өлеусіреген жүзіне қарап, басымды шайқадым. Мені бұл танымаса да, мұны мен əбден білемін. Атын естісе, жылаған бала уанатын, Қисық деген лақап атымен алыс-жақынға аты мəлім – Қуан, Қисық Қуан. Бұл араққа бөгіп алып, көшеге шыққанда халық жарылып жол беріп, жан-жаққа қашатын. Бір ай бұрын Үрімжі қаласына барып қылмыс жасап, Алтайға келгенде ұсталды. Ұрлаған адамының ақшасын, қымбат заттарын алып кеткенімен қоймай, оны өлтірген. Бірақ ол қылмысын мойындамады, жазықсыз екенін дəлелдейтін де айғағы жоқ. Бұрын да талай қылмыстық іске шатылып, сотталған. Соның ешбірінен сабақ алып, тəубеге келген кезі жоқты. Енді жарық дүниедегі соңғы он күні қалғанда жынын алған бақсыдай күйге түскен түрі мынау. Неше рет сотқа апарып-əкеліп, күзет болсам да Қисық бүгінгідей аянышты халге түспеген еді. Саған аяулы өмірдің өзгеге де тəтті, аяулы екенін білмеуден артық азғындық бар ма екен. Бүгін Қисықтың жазасы орындалады, атылатын күні. Неше күн бойы ол ояу жатқаны қайсы, ұйық тап жатқаны қайсы белгісіз, шалқасынан не қырынан жататын да қоятын. Мен абақтыға кіргенде ол аяғын салбыратып, төсегінде отырды. Маған селқос қарап, назар аудармады. – Əкеңе айтар, тапсырарың бар ма? – дедім. Ол тесіле қарап, басын шайқады. Ұзақ үнсіздіктен кейін барып: – Мен он күн бойы ұйықтаған жоқпын. Көзім жұмылса да, миым ұйықтаған жоқ. Уақыт өтпейді, əр минут азапқа салады. Күндіз бе, түн бе? Айырғысыз. Азап, азап теңізі, шет-шегі жоқ. Ішімнен талай адамнан кешірім сұрадым, кешіруін өтіндім. Бірақ ана өлген кісіден емес, оны мен өлтірмедім. Сол күні сол районда болғаным рас, бірақ қылмысқа қатысым жоқ. Мені кім ақтайды енді? Заң ба, Құдай ма? Маңдайыма басылған қарғыс таңбасы мəңгіге кетеді, – деп күрсінді ол дауысы тарғылданып. – Талай адамды қан-қақсаттым. Олардың көз жасын, обалын енді сезіндім. Кеш, енді кеш. Марқұм шешемді көп ойладым, ақ сүтін ақтамадым. Мен үшін бүгін соңғы рет күн шықты, ендігісі мəңгілік қара құрдым. Бір күнгі жарықтың құнын ештеңе алмастыра алмайды. Қанша айтсам да сен оны сезіне де алмайсың. Əкем, əкемнің де белі бүгілді… Қисықтың көз жасы бұршақша домалады. Бірақ өксіп, булықпады. Мелшиген қалпы сарнап отыр. Мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрған соң, əрі қарай оның сөзін тыңдап тұра беруге жүрегім дауаламады. Сыртқа шықтым. Жаза орындалатын уақыт та болды. Екі полиция Қисықтың қолын артына қайырып, тырыстырып байлады. Желкесіне басы жалпақ, соңы сүйірлеу келген тақтайша іліп, жетектей жөнелді. Түрме ауласында полиция көлігі қиқулап, шырағы жарқ-жұрқ етеді. Қисықты үсті ашық көлікке қарай алып жүрді. Көлікке таяған сайын ол аяғын тіреп баса алмай, бүкіл буыны босап, тұтас денесі салбырап қалғандай болды. Арты суланып кетті, кіші дəреті кетіп қалса керек. Полицейлер Қисықты дырылдатып сүйреп, үсті ашық көлікке шығарды. Дауыс зорайтқышпен жаза орындалатын уақыт жеткенін ескертіп, тау етегіндегі жаза алаңына тартты. – Соңынан еріңдер! – деді түрме бастығы. Əскери көлікке келіп отырдым. Көлік ішінде басқа кім барына назар аудармадым, шерудің соңынан ердік. Жаза алаңына бірден жеттік. Төңіректі əскер мен полиция қоршаған. Қарапайым халық та жиналыпты. Полицейлер Қисықты машинадан түсіріп, алаңның ортасындағы қазылған шұңқырдың жанына алып барды. Соттың адамдары үкімді қайтара дауыстап оқыды. Ысқырық шалынды. Жаза орындаушы жендеттер мылтықтарын серт ұстап, найзаларын шығарды. Жалау көтерілді. Дəл сол сəтте тағы бір қиқулаған полиция көлігі жаза алаңына келіп тоқтады. Көлік тоқтар-тоқтамастан іштен атып шыққан тергеуші жаза алаңына қарай жүгірді. – Тоқта, тоқтаңдар! Міне, айғақ, міне, сурет! Тергеуші прокуратура өкілінің алдына барып, қалтасынан ескі пленка суретті шығарды. Фотоаппаратпен түсірілген ескі пленка кадрлары. Онда қара түсті плащ киген, бетіне мата байлап алған екі адамның пəтерге кіріп бара жатқаны байқалады. Қылмыс болған кештің нақты сəті тіркелген. – Мұны кім түсірген? – Қарама-қарсы үйдегі жалғызбасты суретші. Сол түні көшедегі шуды естіп, терезеден қарап, суретке түсіріпті. Қолға енді тиді. * * * Дым сезбей бір сөтке ұйықтаған Қисықты түрттім. Өліктей сұлап, ештеңе естімейді. Жұлқылап жүріп ояттым. – О дүние деген осы ма? – деді ол басын көтеріп. – Жоқ, сен атылмайтын болдың. – Айдауыл жолдас, мені атқан жоқ па сонда? – Үлкен қылмыстық топтың ісі мойныңа жүктеліп, көз жұма жаздадың. Су ішерің бар екен қайта, сəл кешіккенде атылып кетер едің. Ол терең демалды да, қайта ұйықтап кетті. Тергеуші Көне файлдардың арасынан қолмен жазылған ескі анықтаманы таптым. «С. Жақауұлы. Құпия бақылау. 1988 ж. Алтай – Бұлғын. Мақсат: заңсыз тасымал, қасқыр терісі, бұғы мүйізі жəне бензин. Байланыста – Тұрдыбек (Алтай), Манап (Бұлғын). Ақсаңдап басады, оң аяғы қысқа». Архивтен табылған бұл дерекке іштей қатты қуандым. Тұрдыбек Қисықтың сыралғы досы екенін бұрыннан білетінмін. Кеш кіріп, жаңбыр төпелеп тұрса да түрмені бетке алдым. Қисықтың ұйқысы қанып, өңі кіріпті. – Таңертең бізбен бірге жүресің, дайын отыр, – дедім оған. – Қайда? – деді ол таң-тамаша болып. – Сенің көне көздеріңнің ізіне түсеміз! * * * Таң атып келеді. Тау басын бозамық тұман тұмшалапты, ауада салқын леп бар. Қисық пен сақшы Сағат үшеуіміз шағын əскери көлікке мініп, автовокзал жақты бетке алдық. Қисық терезеден сыртқа көз тастап, ой үстінде келеді. – Тұрдыбек қайда? Ол жүзіме аңтарыла қарап, иығын қиқаң еткізді. – Соңғы рет Бұлғын жақтан келгенде сөйлестік. Шекарадан жүк өткізіп жүрміз деген. Бірақ мен олардың көлеңкелі іспен айналысып жүргенін білгем жоқ. Сол кезде-ақ кетуім керек еді… – Неге кетпедің енді? – Олардың контрабандамен айналысатынын кеш білдім, мен жай олардың кейбір шаруаларына көмектесемін. – Нақты қандай шаруаларға? – деп оған күлімсірей қарадым. – Бұл тергеу емес, екеуара əңгіме. – Шаруа болғанда алып кел, барып келге шапқылау менікі. Мұның Үрімжіде болған қылмысқа қатысы бар ма сонда? – Қатысы болуы да мүмкін. Жалғызбасты суретшінің сипаттауына қарағанда қылмыскердің бірі ақсақ Манапқа ұқсайды. Жəне олардың кəсіпкермен жолдары жиі тоғысады. – Тұрдыбектің жай бандит емес екенін кеш білдім, бір кірген соң олардан іргеңді аулақ салу да қиын екен. – Əңгіме алда əлі, енді ештеңені бүгіп, жасырып қалушы болма, – дедім. Ол келіскендей үнсіз басын изеді. Көлік автовокзал жақтағы ығыжығы жатаған үйлердің арасынан өтіп, шеткі көшедегі қос қабатты ескі үйдің алдына келіп тоқтады. Бұл – Тұрдыбектің анда-санда бас сұғатын үйі. Қақпаны тарсылдатып ұрдым, осы сəтте екінші қабаттағы үлкен терезенің пердесі қозғалғандай болды. – Іште біреу бар! – деді де, Сағат аласа қақпадан асып түсіп, есікті ашты. Қолына тапаншасын алып, үйге беттеді. Соңынан ердік. Үйдің кіреберісі тар əрі күңгірт. – Сен осында күт! – дедім Қисыққа. Келесі бөлмеге өтуге Сағатқа ишара қылдым. Сыз иісі мүңкіп, ыбырсыған кең бөлменің цемент еденінде шала күйген құжаттар, қытай иероглифімен жазылған белгісіз контейнер нөмірлері, бұрышта тот басқан тапанша жатыр. Шашылған жəшіктерді ақтара бастадым. – Сатқын! Бізді сатып кеттің! Кіреберіс айқай-ұйқай болып кетті. Іле-шала тарс еткен дауыс естілді. Сағат тапаншасын кезеп, есік жаққа ұмтылды. Соңынан жүгірдім. Қисық өкпе тұсын алақанымен басып, жер сүзе құлапты. Саусақтарының арасынан қан сорғалап, еденге тамады. Қақпа тарс етіп жабылды. Сағат елбеңдеп қашып бара жатқан əлдекімнің соңынан қуып кетті. ылмыскер Құмды далада адасып жүрген секілдімін. Көзім бұлдырап, ештеңені анық көре алмаймын. Аңқам кеуіп, бір жұтым суды аңсаймын. Таңдайым жабысып, тілім аузыма сыймай жатыр. Осынау құмды өлкені таспадай тілген асфальт жолды бір-екі рет жүріп өткенім болмаса, өмірі басқан, келген жерім емес-ті. Басып өткенде де мал басқан ЗИЛ машинамен жүйткіп өте шыққанбыз. Жол шетіндегі бұйрат-бұйрат құм төбешік, қадау-қадау қарайған сексеуілден басқа ештеңе де көрмедік. Əйтсе де Алтайдан осы құмды алқапқа жеткенде машинадағы өркеші шабылған боз інгеннің зарлы үні төбе құйқамды шымырлатып еді. Қатты боздады. Күңіренген дауыс ертеде қарындасым қайтыс болғанда ешкімнің жұбату сөзін елең қылмай, көз жасы етегін жуған марқұм анамның сол бір зарлы жоқтауы секілді естіліп еді. Одан əрі тыңдауға дəтім жетпей, алақаныммен құлағымды тас қып жаптым. Рөлдегі Тұрдыбектің ағасы менің бұл қылығымды жақтырмағандай алая бір қарап, күжірейген мойнын қозғап-қозғап қойған-ды. Ұрланған малды Үрімжідегі базарға жеткізуге көмектесетін болдым сол жолы. Иендегі тас қорадан түнделетіп неше машина сиыр, түйе малын жолға салдық. Төбесі айқыш-ұйқыш сом темірмен жабылып, қаңылтырмен қапталған соңғы машинаға шудасы желкілдеген інгенді қанша əуреленсек те сыйдыра алмадық. Баладай екі дəу өркеші көлденең темірге тіреліп қала берді. Тұрдыбек айқайлап, боқтанып жүр. Кенет ол қолындағы қылпып тұрған дəу қанжарын шөгіп жатқан інгеннің өркешіне сілтеп қалды. Өркештің сүйір ұшы алмадай домалап түсті. Көз ілеспес жылдамдықпен екінші өркешке де қанжар сілтеді. Жануар бақ етіп, атып тұрды. Үстін қан жауып кетті. Жігіттердің бірі тулақтай құрым киізді шала күйдіріп, өркешке жапты. Байқұстың түні бойы жағы семген жоқ, осы құмды алқапқа келгенде аңырады-ай келіп. – Су, –дедім ернімді жалап. Біреу дің түрі бұлдыр-салдыр көріне бастады. Тергеуші секілді. – Əй, Қисық, есіңді жи! Өлме! Біз таң атпай Тұрдыбектің үйіне келген секілді едік қой, неге жаза майданында тұрмын? Төңіректі əскер мен полиция қоршаған, қазылған шұңқырдың жанында тұрмын. Құлағыма боздаған бір үн жетті. Жалау көтерілді. Бар пəрменімен: – Өлгім келмейді! – деп айқайладым. – Есіңді жи, Қисық! Тергеушінің дауысы үңгір түбінен жеткендей құмығып естілді.
Ырысбек ДƏБЕЙ