Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасы тоқтайды 

Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасы тоқтайды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тұрғын үй мәселесі – жас отбасылар мен мамандар үшін ең маңызды мәселенің бірі. Сондықтан бүгін мен жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы туралы айтып өткім келеді. Бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзімге жас мамандарға қолжетімді баспана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауына ықпал ету. Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді – 5000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болды. Бағдарлама 10 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтыды. Бағдарлама шарттары бастапқыда келісімшарт арқылы бекітіліп, кезеңдер бойынша параметрлер нақтыланды. Соның ішінде тұрғын үй беру мерзімі өзгерді. Бұл ретте негізгі қағидат өзгеріссіз қалды: яғни, тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді, — деп атап өтті вице-премьер.

Сондай-ақ ол кейбір азаматтардың пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенін жақсы түсінетінін алға тартты.

Алайда мемлекеттік шешімдер Заңға және барлығына бірдей ережелерге негізделуі керек. Егер келісімшартта, ережелерде сатып алу қарастырылмаған болса, онда оны өзгерту – басқа азаматтар мен қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді. Ең маңыздысы, мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қосымша жаңа, тұрақты бағдарламалар ұсынылды. Мәселен, «Отбасы банкімен» бірлесіп 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Соның аясында 12 мыңға жуық жас маман жаңа пәтерге ие болды. Оның 1,6 мыңнан астамы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары, — деді Аида Балаева.

Айтуынша, жас азаматтар «Отау» және «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер» республикалық бағдарламалары арқылы баспаналы болды. Бүгінгі таңда барлық мақұлданған өтінімдердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі.

2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне қол қойылды. Оған қоса заңнамаға, соның ішінде жастар саясаты бойынша жекелеген тетіктерді реттеуге байланысты нормаларға өзгерістер енгізілді.

Соған сәйкес, 2026 жылғы 27 наурыздағы № 136-НҚ бұйрық негізінде «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бірқатар бұйрықтардың күші жойылып, жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады. Босатылатын тұрғын үй қорын одан әрі пайдалану мәселесі тұрғын үй заңнамасына және белгіленген кезекке сәйкес шешілетін болады, бұл жергілікті атқарушы құрылымдардың құзыретінде, — деп түсіндінді Премьер-министрдің орынбасары.

Қазіргі жалға алушыларға келетін болсақ:

  • жалдау мерзімі аяқталғандар шарт талаптары мен бекітілген тәртіп шеңберінде әрекет етуі керек.
  • Жалдау мерзімі кейін аяқталатындар келісімшарт аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады.
  • Барлық сұрақтар бойынша әкімдіктер мен «Отбасы банктен» кеңес алуға болады. Мәселені кейінге қалдырмай, ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін алдын ала бағалау маңызды.

Вице-премьердің мәлімдеуінше, тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жұмыс жалғасын табады.

Қазақстан әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі деп танылды 

Қазақстан Республикасы терроризм деңгейі бойынша әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттердің қатарына енді. Бұл туралы 2026 жылға арналған Терроризмнің жаһандық индексі (GTI) деректері көрсетіп отыр.

Президент тапсырмасымен ІІМ Алматыдағы жол апаты ісі бойынша жұмысты күшейтті 

Ішкі істер министрі Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ведомство Алматыдағы резонансты жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу үшін кешенді шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Алматыда азық-түлік инфляциясы үш айда 3,1% болды

Бұл көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейге (2,9%) жақын. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы салыстырмалы түрде төмен қарқынмен өсіп жатыр.

Самокат жүргізушілеріне бақылау күшейтілді

Күннің жылынуына байланысты электр самокаттарын пайдалану белсенділігі артты. Осыған орай патрульдеуге мобильді самокаттық экипаж шығарылды. Олардың құрамына учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналдық полиция қызметкерлері кірді.

Күннің күрт жылынуына байланысты Солтүстік Қазақстандағы өзендер тасуы мүмкін – Қазгидромет 

Солтүстік Қазақстан облысында Ақмола облысының жоғарғы ағысынан келетін қатты толқындарға байланысты 3-5 сәуір аралығында Солтүстік Қазақстан облысының Ғ. Мүсірепов және Шал ақын аудандарында су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтілуде. Бұл су тасып кетуіне және жолдарды су басуға әкелуі мүмкін.