12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАТЫГЕЗ КЕЛІНШЕК

Адамның жаны жұмбаққа толы. Əркімнің жаратылысы өзінше бір күрделі əлем. Оның сырын тап басып тану қиын. Содан болар мына пəни жалғанда жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен қатар, жаныңды түршіктіретін қорқынышты қылмыстар да болып жатады. Жəне соның бəрінің себепшісі – адам. 2012 жылы жергілікті жəне республикалық газеттер мен телеарналардан «Ауған соғысының ардагерін пышақтап, қорлап өлтірген кім?» деген тақырыпта шыққан мақалалар мен телесюжеттер елді елең еткізді. Бұл оқыс оқиға Шымқалада болған еді. Жібек жолы көшесінің бо йында орналасқан «Атлант» сауда орталығының маңында 2012 жылы 17 сəуір күні кешкі 21:00 сағат шамасында ауған соғысының ардагері, кəсіпкерді жұмыстан қайтып келе жатқанда бір бұзақы бірнеше рет пышақтап, бауыры мен өкпесін қатты зақымдап, өлтірген. Содан соң қылмыскер артында ешқандай із қалдырмай, оқиға орнынан қашып кеткен. Қайтыс болған 40 жастағы кəсіпкер Дарханның артында əйелі жесір, ал екі қызы жетім болып аңырап қала берді… Қалалық ішкі істер департаментінің жедел іздестіру тобы қылмыс болған орынға тез жетіп, шұғыл іздеу ісіне кірісіп кетті. «Атлант» сауда орталығының айналасындағы көпқабатты үйлердің тұрғыны көп, əрі ол маңда ерсілі-қарсылы жүретін жүргінші де аз емес. Соның салдарынан қылмыскердің ізін шұғыл анықтау мүмкін болмады. Осылайша, ауған соғысының ардагерін өлтірген қылмыскер ізім-қайым жоқ болған. Бүкіл қаланы шулатқан оқыс оқиғадан кейін тергеуші Дарханның үйіне барып, əйелі Тахминадан жəне қызынан түсініктемелер алды. Одан əрі бұл қылмыстың қалай болғанын, қылмыскердің қайдан келгенін жəне кім екендігін аша алмай тұйыққа тірелді де қалды. Алғашқы кездері кəсіпкердің ағайындары «бауырымызды өлтірген қылмыскер табыла ма?» деп сұрағанда, тергеуші нық сеніммен «қалай да қылмыскерді табамыз» деп көңілдерін демдеп шығарып салатын. Ал күндер жылжыған сайын қылмыскердің табылатынына өзі де күмəндана бастады. Тіпті іздеуде еш ілік болмаған соң, ауған соғысы ардагерінің туыс-бауырлары да, журналистер де бұл оқиғаны біртіндеп ұмыта бастаған-ды. Астанада өткен бір жиында ауған соғысының ардагері, бизнесменді өлтірген қылмыскердің əлі күнге дейін табылмағаны туралы биік мінберден өткір сын айтылып қалды. Осыдан кейін Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен бұл қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын қайта жүргізіп, қалайда қылмыскерді табу үшін Астана қаласының ішкі істер департаменті тергеу басқармасының басшысы, тəжірибелі полковник Абылай Қайсеновты арнайы Шымкентке іссапарға жіберді. Полковник А.Қайсенов Шымкентке келе салып, ауған соғысының ардагері, бизнесменнің өліміне қатысты қылмыстық істі алдыртып, онымен танысты. Содан кейін марқұм Дарханның үйіне барып, оның əйелі Тахминаға көңіл айтып əрі одан кейбір күмəнді мəселелерді сұрап, анықтау мақсатында «Күншығыс» ықшамауданындағы үйіне келді. Полковник пəтердің қоңырауын басып тұрғанда, көршісінің жоқ екенін айтқан Дəмеш апай қонақжайлылық танытып өз үйіне шақырды. Іздегенге – сұраған дегендей, Дəмеш апай ашық əрі əңгімешіл екен. Оның «Жайша келдіңіз бе?» деген сұрағына А.Қайсенов бірден сыр ашпай, «жай, Тахминаға жолығып, хал-жағдайын білейін дегем» дей салды. Оған қарайтын Дəмеш апай ма? Самбырлап өзі сөйлей жөнелді. – Марқұм Дархан ақкөңіл, көрген жерде хал-жағдай сұрайтын, мал тап қыш жақсы жігіт еді! Бірақ, «Ақша таппайтын ер адам жоқ құрарын айт» деген сөз тегін емес қой. Тахмина күйеуінің тапқанын ұрлап-жырлап, оңды-солды шашып, берекесін кетіруші еді. Сонда да болса мəрт жігіттің дауыс көтеріп ұрысқанын көрмеппіз. Осындай жақсы жігіттің қаныпезерлер қолынан қаза тапқанын естігенде есеңгіреп қалдық қой… – деді мұңайып. Көрші əйелдің көкейінде талай дүние жатқанын аңғарған Абылай сөзін бөлмей үнсіз тыңдай берген. – Дарханның көз жұмғанын есту бізге ауыр тиді. Ал Тахминаның қайғыдан қан жұтып, қайғырғанын байқамадым. Керісінше, күйеуінің 40 күндік асы өтер-өтпестен сыланып шыға келді ғой бұл келіншек, – деген Дəмеш апай Тахминаға деген ренішін де жасырмады. – Айтпақшы, өткенде бір жігітке Тахминаның «Сендерге мұрагерлікке қалған жерден басқа бере салатын миллиондарым жоқ!» деп ұрсысып тұрғанын естіп қалдым, – дегенде ғана Абылай əңгімеге араласатын сəт келгенін түсінген. – Ол жігіт бұрын да Тахминаның үйіне келіп тұрушы ма еді? – деп сұрады бірден. – Бұл жігіттің ертеректе осы үйге бірнеше рет келгенін көрген едім, ал бірақ кейінгі кездері байқамадым, – деді Дəмеш апай. Мына сөзге күдіктеніп қалған полковник: «Апай, сізге рақмет, мен асығыстау едім. Менің келгенімді Тахминаға айтпай-ақ қойыңыз. Сосын көршіңізге келген жігіттің фотобейнесін жасауға көмектесе аласыз ба?» – деп сұрады. Дəмеш апаның жауабы дайын екен. «Айналайын-ау, осы көшенің бойында тұратын үйлердің бəрінде бейнекамера бар. Біздің үйде де бар. Кешкісін немерем келгенде саған сол күні келген жігіттің суретін түсірткізіп қояйын», – деп бір қуантып қойды. Шынымен де кəсіпкердің өліміне əйелі кінəлі болғаны ма? Əрине, табысы мол күйеуінен тезірек құтылу үшін адам жалдайтын, тапсырыс беретін əйелдердің бар екені рас. Ондайлар соңғы жылдары қазақы отбасылардан да шығып жатқаны жасырын емес. Ал бірақ, бірінші күдікті ретінде танылған əйелін жедел іздестіру тобы неге індетіп тексермеген? Неге көршісінің өзі күдіктеніп отырған əйелден із кесушілер күдіктенбеген? Шешімі қолда тұрған істі осы жергілікті із кесушілердің көмегімен-ақ аша салмай, Астанадан маман шақыртудың қандай қажеттілігі болды? Осы жағы жұмбақ болып тұр. Сол күні Абылай Əзімханұлы қылмыстық іске қатысты жəбірленушінің өкілі Маханды шақырып, түсінік алды. «Дархан – менің туған ағам, ал Тахмина – жеңгем. Ағамды белгісіз біреулердің пышақтап кеткенін жеңгемнен естідім. Осы оқиға орын алардан біраз бұрын ағамның үйінен қомақты ақша жоғалды. Бұл ақшаны кім алғанын білмеймін, бірақ ағам жеңгемнен күдіктенді. Ол аздай, қайтыс болардан біраз уақыт бұрын ағам Шымкенттегі екі қабатты жер үйін сатып, ақшаны «Күншығыс» ықшамауданындағы пəтеріндегі сейфке салып қойғанын естігем. Кейін сейфтен осы ақшаның қомақты бөлігі жоғалғанда, ағам кімнен күдіктенерін білмей, мүмкін үйдегілердің біреуі алған шығар деп полицияға арызданбаған» деді. Мұның да пікіріне сенсең, қылмыс тың ұшы Тахминаға барып тіреледі. Əлде бізді шатастыру үшін кəсіпкердің туыстары мен бəсекелестері бар күдікті Тахминаның айналасына шоғырландырып жатыр ма? Ертесі күні Дəмеш апаның немересі мұны іздеп бөлімге арнайы келген еді. Қолында кішкентай флешкасы бар. Қал-жағдай сұрасқаннан кейін жас жігіт: – Мына флешкаға сізге қажет болар деген жазбаларды жинақтап сақтадым. Апам айтқан жігіттің суретін айқындап бөлек сақтап қойдым, – деді бір қажетке жарағанына риза кейіппен. Жігітке алғысын айтқан Абылай жедел іздестіру тобының жетекшісі Болат Ысқаққа көрсеткенше асықты. – Тахминаға жиі келіп жүрген мына жігіт жиені, аты – Елдос. Ал мына бөлек сақталған суреттегі жігітті бір жерден көрген сияқтымын. Бірақ есіме түспей тұр, – деген Болат Ысқақ алғашында өздерінің де Тахминадан күдктенгендерін, бірақ əйелге қатысты ешқандай айғақ табылмағанын айтты. Осыдан кейін Қайсенов Тахмина мен Елдостың телефондарын тыңдауға тергеу сотынан санкция алған. Егер іс жабылды деп қуанып отырған Тахминаға бүгін барып қылмыстық оқиғаны қайта қопсытса, ол бірден сыбайластарына хабарласары анық. Ал мұның келгеніне алаңдамаса, онда қылмыскерді басқа жақтан іздеген жөн. Тахминаның үйіне барып келіп, құжаттарды қарап шыққанша кеш болды. Кешке екі ұялы телефонның жазбаларын таспаға түсіріп отырған жігіттерге барған. Олар ұсынған аудиотаспаларды қолына алғанда бірінші Тахмина мен Елдостың, одан кейін Елдос пен белгісіз адамның қоңырауы деген жазба көзіне шалынды. Бөлмесіне келе салып таспаларды тыңдауға кіріскен. Тахмина мен Елдостың əңгімесі қысқа болыпты. Тахмина тек полиция келіп кетті деумен шектелген. Ал Елдос Өмірзақов ұялы телефоны арқылы белгісіз біреуге қоңырау соғып, жаны қатты қиналып, ұйықтай алмай жүргенін, сондықтан жасаған қылмысы туралы полицияға мойындап барғысы келетінін айтқан. Мəссаған, міне, қызық! Іле-шала белгісіз нөмірден Ел дос қа қоңырау түскен. Онда белгісіз жан Елдосты полицияға бармауға үгіттеп, барған жағдайда да қылмысты тек өзінің мойнына алуды, егер қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды айтқан жағдайда бəріне қиын болатынын ескерткен. Осыдан кейін Қайсенов дискілерді айғақ зат ретінде тіркеп қойды. Мына жазбалардың өзі қылмысты бірнеше адамның алдын ала келісіп жасағанын көрсетеді. Темірді қызған кезде соққысы келген полковник Елдосты бірден бөлімге алдырған. Оған да керегі осы екен. Келген бойда жасаған қылмысын өз еркімен толық мойындап, Полиция департаментіне жазып əкелген арызын А.Қайсеновтың қолына тапсырды. – Мен сол қылмыс орын алғалы бері сергелдеңге түсіп жүрмін, жаным қатты қиналып кетті, түнде ұйықтай алмаймын, – деген Елдос Өмірзақов ағынан жарылды. …Тахминаның арнайы шақыртуымен кафеде кездескенімде, көзінің көгергенін байқадым. Ол күйеуінің ұрғанын, күнде тыныштық бермейтінін айтты. Сондықтан Дарханды өлтіртпесем, маған тыныштық жоқ деді. Маған жалданып кісі өлтіретін адам тауып берші деп өтініш жасады. Нағашы əпкемнің түрін көрген соң аяп кеттім. Содан ауылға келген соң, көршім Зейін Тілеубергеновке нағашы əпкеммен болған əңгімені айттым. Ол сонда «Егер маған 1 млн теңге берсе, мен оны жоқ қылып жіберемін», – деді. Оның сөзін Тахминаға жеткізгенімде: «Жоқ қылудың қажеті жоқ, маған күйеуімнің өлі денесі табылуы керек. Себебі оның есепшотында ақша бар, ол өлген соң сол ақшаны мен алуым қажет. Сен Дарханның фотосуретін жəне оның тұратын мекенжайы жазылған мына қағазды Тілеубергеновке апарып бер!» – деп, менің қолыма бір жапырақ қағазды ұстатқан болатын. Тахминаның айтқанын орындап, оның берген фотосуреті мен бүктелген қағазын Тілеубергеновке тапсырғам. Содан кейін жездемді біреулердің пышақтап өлтіріп кеткенін естідім. Ал екі күн өткенде Тілеубергенов ауылға келіп, маған жездемді өлтіргенін айтып, қызмет ақымды бер деп талап етті. Арада 2 ай өткен соң Тахминадан 7 мың АҚШ долларын алып, Шымкенттегі «Колос» аумағында Тілеубергеновке жолығып, қызмет ақысын қолына бердім. Бірақ, ол ақшадан өзіме бір тиын да алғам жоқ. Араға біраз уақыт салып З.Тілеубергенов телефон соғып, жем сату бизнесімен айналысайық, соған 2,5 млн теңге тауып бер деп сұрады. «Менде ондай ақша жоқ» дедім. Ол болса «əпкеңнен сұра немесе З.Тілеубергенов қылмысты ашамын деп жатыр де» деп қорқыт деді. Амалымның жоқтығынан Тахминаға барып, осы əңгімені жеткізгенімде, ол ақшам жоқ деді. Бірақ, бопсадан қорыққан Тахмина қаладағы жерін З.Тілеубергеновтың жездесі А.Яхяевтың атына нотариус арқылы рəсімдеп берді. Осы мойындаудан кейін Елдостың жеңілдеп қалғаны байқалды. Иығынан бір ауыр жүк түскендей болған Абылай Қайсенов те жедел уəкілдерге Зейін Тілеубергеновті ұстап əкелуді тапсырған. Артынша ол да қылмысын мойындап қамауға алынды. Ал адвокатымен бірге келген Тахмина біраз бұлтаққа салып көрмек болған. Абылай Əзімханұлы əйел қылмысын өз еркімен мойындаса, жазаны жеңілдетуге тырысатынын айтып түсіндірген. Алайда оған көнер Тахмина жоқ. Керісінше, ол күйеуін өлтіруге тапсырыс бермегенін, Е.Өмірзақов пен Дарханның арасында жеке бас араздықтың болғанын тілге тиек етіп, ақталуға тырысты. Ақыры Қайсенов Тахминаны Е.Өмірзақовтың, З.Тілеу бергеновтің қылмысты өз еркімен мойындап, жазған арыздарымен таныстырды. Бұдан бөлек Е.Өмірзақов пен өзінің арасында болған жəне Е.Өмірзақовтың ұялы телефон арқылы З.Тілеубергеновке қоңырау соғып, екеуара болған əңгімелері жазылған дискілерді тыңдатқанда ғана Тахмина өксіп жылап, күйеуін өлтіруге тапсырыс бергенін мойындады. А.Қайсенов заңда белгіленген тəртіппен əрекет етіп, айыпталушы Т.Далиеваны сол күннен бастап қамауға алды. «Асқан өзімшілдік пен дүниеқұмарлықтан бұзақылық туады» деген сөз бекер айтылмаған. Ал жауыздар қоғам таразысына қарамайтын, қарақан басының ғана қамын күйттейтін өзімшілдерден шықса керек», – деп ой қорытты полковник. Қолға алған істен нəтиже шығармай тынбайтын Абылай осы қылмыстық істі де қысқа мерзім ішінде аяқтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тəмамдап, істі бүге-шігесіне дейін зерттеп, айыпталушылардың қылмыстық құқық бұзушылық əрекетін объективті əрі нақты деректер жиынтығымен дəлелдеп, сотқа жіберді. Нəтижесінде сот З.Тілеубергеновті он алты, Т.Далиеваны он төрт, ал Е.Өмірзақовты жеті жылға соттады. «Қылмыстың түбі – құрдым» деген осы.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

Қазақстан Жазушылар жəне Журналистер одағының мүшесі

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң...

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...