Ұлдана шипажайдан көтеріңкі көңілмен оралды. Келген күні-ақ Саямен хабарласып, жолыққысы келетінін айтып, қиыла қолқа салды. Екеуі кешкісін дәмханада кездескенде өкіл әпкесін көре салысымен жас балаша жүгіріп кеп, құшақтай алды. Жұқалтаң өңінде қызыл шырай пайда болыпты. Кеш бойы Саяға шипажайдың қызықтарын айтумен болды.
— Ой, әпкетай, әлемде жақсы адамдар көп екен ғой. Солардың ықпалымен мен өзгердім. Өмірге өкпелі, қорқақ Ұлдана енді жоқ. Оның орнына батыл да батыр Дана-ару пайда болды. Енді мен бақытты болам, бай болам.
— Құдай қаласа, боларсың. Жаңа есімің құтты болсын, Дана-ару!- деді Сая жымиып. – Атыңа затың сай болсын! Ал денсаулығың ше? Дұрысталды ма?
— Денсаулығым зор. Ем алдым ғой. Білесіз бе? Денің сау болу үшін жаның сау болу керек. Ол үшін дұрыс энергия керек, мотивация керек, ақша керек,-деп Ұлдана қолдарын сермей, желпілдей жауап берді.
— Мақсат керек, жоспар керек, еңбектену керек.
— Ой, менде сондай керемет жоспар бар,- деді ол «керемет» деген сөзге ерекше екпін қоя, Саяның соңғы сөздерінің ішінде өзіне керектісін ғана естігендей сыңай танытып.
— Қандай жоспар?
— Интернет арқылы сауда жасаймын.
— Ол жайлы естуім бар. Бірақ айналысқан емеспін. Интернет деген дүдәмал нәрсе ғой. Нақты адамдармен нақты шаруа жасаған дұрыс емес пе?
— Ой, әпкетай, сіз тура кемпір сияқтысыз. Интернет деген- мықты мүмкіндік қой. Қолдан келіп тұрғанда қарманып қалу керек. Мұндай оңтайлы кезең ұзақ созылмайды.
* * * Ұлдана Саямен жолыққан сайын түрі бал-бұл жанып, не істеп жүргенін, енді не істемек ойы барын айтып, аузы- аузына жұқпайтын. Оның айтуынша саудасы қызып тұр. Ақша айналымы артқан сайын жеңілдік бонустары көбейеді екен. Киім, аяқ киім, алтын бұйымдар, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника сатып жүр.
— Сатылатынның бәрін сатам. Маған ақша керек. Өте көп ақша,- деді Ұлдана.
— Ақша қуып жүріп, абыройдан айырылып қалма.
— Мен абыройдан баяғыда-ақ айырылғанмын. Енді жоғалтарым жоқ. Табарым бар. Көп табарым бар. Көп тауарым бар,- деді Ұлдана сықылықтай күліп.
— Ұлдаш, айналайын сіңлім, асық айтпашы, асық ойламашы.
— Өзім білем! Ұлдаш деп атама мені! Біреулерге ұл керек болғаны үшін мен сонша жыл осыншалықты жексұрын атты жамылып жүрдім. Жетер! Мен Данамын. Дана-арумын.
Ол темекі алып шекті. Қою түтінді будақтата отырып, көз алдына үйірілген жасты алақанымен сілкіне сүртті. Бірнеше минуттан соң түк болмағандай тағы сықылықтай жөнелді.
— Әпкетайым менің, жақсы нәрселер жайлы айтайықшы. Ой, айтпақшы, мен сізге сыйлық әкелдім. Беруді ұмытып барады екенмін ғой.
Сөмкесінен қып-қызыл қорапша алды да, ішінен алтын сырғаларды жылтыратып әкеліп, Саяның құлағына тақты. Сая дәмхана қабырғасына жапсырылған айнаға бетін бұрып, ондағы өз бейнесіне сұқтана қарады. Сырғалар ерекше әдемі екен.
— Данаш, мұның артық болды. Өзің аяғыңа тік тұрмай жатып, басқаға ақша шашқаның не? Алған жеріңе қайта өткіз де, ақшаңды қайтып ал. Пәтер сатып алуды, оқуға түсуді ойласайшы.
Сая алтын көрді. Қызықты. Бірақ туабітті мінезіне сап, жылтырақтан бас тартты, жолдан таймайтындығын білдірді. Құлақтары ауырлап кеткендей. Сырғаларды шешпек болды.
— Жоқ, жоқ, жоқ! Шешпеңіз! Әдемі құлақтарға әдемі сырғалар керек. Сұлу әпкетайым менің, сіз маған көп көмектестіңіз. Сіз болмағанда мен қазір қайда жүрер едім? Енді үйіңізге үлкен, алтынмен көмкерілген айна сатып әперем. Адам құлағына ілінгенді басқаның көмегінсіз көре алмайды,- деді Ұлдана сиқырлана жымиып.
— Сен өзгеріпсің.
— Өзгеріппін бе? Бәлкім, өзгермеген шығармын. Ішімдегі бұрыннан бері бар қасиеттерім ашылып жатқан болар. Мәрт Құдай маған көп мүмкіндіктер беріп жатыр. Соларды пайдаланып қалайын. Шың басына қалықтап жететін қыран бола алмаспын. Жылан секілді жорғалап жетсем, оның несі айып?
— Әйтеуір, шошаңдап жүріп, шоқ баспасаң, болғаны. Мен сенің тілекшіңмін ғой.
— Әпкетайым менің, айналып кетейін сізден! Ал, енді сәттілік үшін алып қояйық! Біз өзіміздің кім екенімізді бәріне көрсетеміз! Біз өте бақытты боламыз! Біз өте бай боламыз!
Бокалдар сыңғыр етті. Қызыл шарап көпіршіктене шыр айналды.
* * * — Әпкетай, жұмысыңыз бітті ме? Дәмханада күтіп отырмын. Келіңіз. Тойлаймыз!- деді бір күні Ұлдана Саяға телефон соғып.
— Мен құрбыммен бірге театрға бармақпын. Қаласаң, сонда жолығайық.
— Ой, театр… Оның несі қызық? Іш пыстыратын түсініксіз бірдеңе.
— Театр- үлкен мәдениет ордасы. Бүгін онда премьера болады. Кел. Саған ұнайды.
— Бармаймын.
* * * Түнде Сая телефонның безілдей шырылдағанынан шошып оянды. Жалма-жан құрылғыны қолына алып, бетіне үңілді. Қоңырау шалған Ұлдана екен. Жас қыздың дауысы құмыға шықты.
— Мен ешкімге керек емеспін. Менің қуанышымды ешкім бөліскісі келмейді. Туған күніммен ешкім құттықтамайды.
— Сенің туған күнің қашан еді?
— Бүгін.
— Білмедім ғой. Білсем, тойлауға барар едім. Туған күнің құтты болсын! Бақытты…
Оның сөзін Ұлдана соңына дейін тыңдамады.
— Өтірік айтпа! Сен білсең де, келмес едің.
— Шын айтам. Соңғы кезде сенің тойың көбейіп кетті ғой. Сондайдың бірі болар деп ойладым мен.
-Ештеңе ойлаған жоқсың. Мен жайлы мүлдем ойланбайсың. «Нені тойлап жатырсың?» деп сұрамадың да.
— Ашуланбашы. Кешірші мені.
— Ашуланам. Кешіргенімді қаласаң, қазір кел!
— Қазір бара алмаймын. Ертең жұмыс. Басқа күні тойлайық. Мен саған керемет сыйлық әперем.
— Сыйлығың керек емес. Келгенің керек. Бүгін кел! Қазір кел! Мен жиырма беске күнде толып жатқам жоқ.
Арғы жағында біреудің шиқылдай күлгені естілді.
— Біреу күліп жатыр ғой. Жаныңда кім бар?- деп сұрады Сая.
— Ешкім жоқ. Басқа үстелде отырғандар күліп жатыр. Маған күліп жатыр. Мен күлкілімін. Мен сайқымазақпын.
Байланыс шорт үзілді.
* * * Ертесіне Сая жұмыс уақыты біткенше тағаты таусылардай болғасын ертерек сұранып шықты да, Ұлдананың үйіне қарай тартты. Жолшыбай гүл шоғын, торт, картина алды. Күндіз бірнеше рет қоңырау шалғанда оның телефоны сөндірулі еді. Пәтер есігінің қоңырауын ұзақ басты. Есік ашылғанда шашы қобырап, өңі боп-боз болған Ұлдананы көріп шошып кетті. Ол есік жақтауына сүйенген күйі төмен сырғып бара жатты. Сая қолындағыларын дәліз еденіне қоя сап, сіңлісін сүйемелдеп жатын бөлмесіне жеткізді де, төсегіне жатқызды.
— Іш. Ішіп ал, — деді әлден соң Сая оның ауызына қасықтап айран құйып жатып.
Ұлдана тыржия бас шайқады.
— Дана, неге сонша көп іштің?- деп сұрады Сая.
— Ішіп жатқанда көп емес сияқты еді. Көңілді сияқты еді.
— Сен кеше көңілді болмадың. Кеше жаныңда кім болды?
— Біреу болды. Кеше сонда таныстық. Көп қой ондайлар. Келеді, кетеді. Пайда болады, жоқ болады. Кездейсоқтар, кеудемсоқтар, уақытшалар, бөтендер,- деді Ұлдана ысылдай.
— Сөйтіп жүріп, бірдеңеге ұрынсаң, қайтесің?- деді Сая.
— Ұрынсам, тағы бір рет шекем көгерер. Бірінің артығы не, кемі не?
— Соңғысы болса ше?
— Әпкетай, мораль оқитын уақытты тапқан екенсің. Маған шынымен жаның ашыса, көп сөйлемеші.
Сая орнынан тұрып, әкелгендерін ішке алып кірді. Гүлді су құйылған ыдысқа салды, тортты тоңазытқышқа салды, картинаны жатын бөлмеге әкеліп, қабырғаға сүйеп қойды.
— Әдемі. Рақмет,- деді Ұлдана әппақ гүлдер бейнеленген картинаға мұңая қарап жатып.- Неге өмір картинадағыдай, театрдағыдай болмайды?
Жас қыз бетін жастыққа басып, солқылдап жылады. Сая жанына отырып, шашынан сипады.
— Неге жылайсың? Қой. Жылама. Сенде депрессия. Бұл күн де өтеді. Өтпей қалған не бар? Уайымдама.
— Оңайшылықпен өтпейді-ау,- деді Ұлдана өксігін әзер басып.
— Неге олай дейсің?
— Айтсам, көмектесесіз бе? Тағы бір рет көмектесіңізші,- деді көздері ерекше ұшқын шаша. -Сіздің қолыңыздан бәрі келеді ғой. Сіз мейірімдісіз ғой. Сіз ақылдысыз ғой. Көмектесіңізші. Мені бүгін кешегідей лақтырып кетпеңізші.
— Не болды? Түсіндіріп айтшы.
— Мені бір адамдар ақшаға қадап кетті,-деді Ұлдана төсегіне жүрелей отырып.
Ол бірнеше ай бұрын әлеуметтік желі арқылы Айман, Шолпан есімді апалы-сіңлілі қыздармен танысып, жан құрбыдай болып кетіпті. Ұлданаға жаны ашып, интернет сауданың барлық қыр-сырымен таныстырыпты, бірнеше бай клиенттер тауып беріпті. Интернет дүкенінің деңгейі жоғарылауы үшін өз саудасының біраз бөлігін бұның атынан жасап, көмектесіп жүріпті. Соның арқасында Ұлданаға көптеген дүкендер өз тауарларын арзан бағаға, тіпті кейде алдын ала төлемақысыз беретін болыпты. Мониторда миллиондаған теңгелерді көрген сайын жас қыздың делебесі қоза түсіпті. Алған үстіне ала бергісі, сатқан үстіне сата бергісі келетін болған. Үш қыздың бизнестері араласып кетіп, тауарлары мен ақшалары үш интернет дүкеннің арасында сапырылысып жүреді екен. Ұлдана құрбыларына бір ай бұрын он бес миллион теңге жібергеннен кейін Айман мен Шолпан хабар-ошарсыз кетіпті. Ақша да жоқ, тауар да жоқ, хабар да жоқ. Шақшадай басы шарадай болған Ұлдана жан-далбасаға түсіп жүр екен. Клиенттеріне жағдайды айтып түсіндірмек болыпты. Олар түсіну пиғылынан ада. Бұны алаяқ санап, қорқытып жүр. Ұлдана телефонына түскен хабарламаларды Саяға оқытты. Онда «Тауып алсам, аямаймын!», «Өз обалың- өзіңе!», «Желкеңнен шығарам!», «Ұрып өлтірем!» сықылды сөздер жазылған екен.
— Полицияға шағымдану керек,- деді Сая жұлып алғандай.
— Шағымданғанда не айтам? «Ешқашан түрін көрмеген адамдарға сонша ақшаны беріп жібердім» деймін бе? Ондай сөзге кім сенеді? Менің өзімді алаяқ санап, соттап жіберсе ше? Түрме жайлы видео көрдім. Қорқынышты.
— Енді қайтпексің?
— Айман, Шолпан хабарласатын шығар. Мүмкін оларда бір күтпеген жағдай болып, сол себепті менімен сөйлесе алмай жатқан шығар.
— Жоқ. Күдеріңді үз. Бір айдың ішінде сөйлесуге қанша мүмкіндік болды ғой.
— Күдерімді үзе алмаймын. Мен оларға ешқандай жамандық жасамадым. Олар да маған жасамайды.
— Солай болса, қанекей? Ұзаққа созбайық. Тұр орныңнан. Полицияға барамыз.
— Ертең барайықшы. Шала мас адамға кім сенеді?
Сая сүйрегендей болып сіңлісін ішкі істер бөлімшесіне алып келді. Арыз жазбақ болғанда Ұлдананың төлқұжаты жоқ екендігі анықталды. Оны қайда жоғалтып алғанын есіне түсіре алмады. Екі қыз салы суға кеткендей болып үйлеріне қайтты.
— Төлқұжатты табу керек. Табылмаса, жаңасын жасату керек,- деді Сая жолда келе жатып.
* * * Сая сіңлісіне күн сайын телефон соғатын болды. Ол кейде жауап бермейді, кейде жылап отырып бір-екі сөз айтады да, телефонын сөндіріп тастайды.
— Мен бәрін тез арада шешіп беретін бір адамды таптым,- деді Ұлдана бір кездескенінде жүзі бал-бұл жанып.
— Кім ол?
– Есімі Жанайдар. Полиция капитаны.
-Оны қайдан таптың?
-Ойда жоқта бір сыныптасыммен жолығып қалдым. Соның танысы екен.
— Төлқұжатыңды таптың ба? Полицияға арыз жазу керек. Сен қыз соны ойласайшы, кеше танысқан біреулермен ымдасып-жымдасуды емес.
— Төлқұжатымды таппадым. Жаңасын жасатуға құжат жинау керек. Ол үшін ауылға бару керек. Онда мені біреу күтіп тұр дейсіз бе? Менің туу туралы куәлігімді әкем «сендей қызым жоқ» деп, жыртып-жыртып бетіме лақтырып жіберген. Бізде бір ғана жол бар. Жанайдармен сөйлесу керек. Білесіз бе?.. Былай боп тұр… Ол «жеті миллион ақша берсең, мәселеңді шешіп берем» деді. Менде ондай ақша жоқ. Құжатым болмағандықтан банктен несие де ала алмаймын,- деді Ұлдана күмілжи.
— Жеті миллион? Не үшін бересің сен оған ондай ақшаны? Сен күдікті емес, жәбірленушісің. Бұралаң жолды емес, тура жолды таңдасайшы,- деді Сая ашуланып.
— Енді не істе дейсің маған?! Ақыл айту оңай, ә?! Саған күн сайын әркім телефон соғып, қорқытып, қарғап-сілеп жатқан жоқ. Мені өлтіріп кетсе ше?
— Телефон нөміріңді ауыстыр. Басқа жерге көшіп кет.
— Нөмірімді ауыстыра алмаймын. Ол көп нәрсеге байланып тұр. Клиенттерімді жоғалтып алам. Тұратын пәтерім маған ұнайды. Оны да ауыстырғым келмейді.
— Ақымақ қыз-ай, өлгің келмесе, ауыстырасың.
— Әпкетайым менің, көмектесіп жіберіңізші! Жеті миллион берсеңіз, бұдан құтыламыз. Ол ақшаны мен сізге бір-екі айдың ішінде тауып берем,- деп Ұлдана жыламсырап, Саяның аяғын құшақтай алды.
— Сен жынды болған шығарсың. Жеті миллионды қайдан тауып берем? Мен бар болғаны мейірбикемін. Алатын айлығым жүз елу мың теңге,- деді Сая оның қолдарын итермелей.
— Әпкетайым менің, алтын әпкетайым, банктен несиеге ақша алып беріңізші. Құтқарыңызшы мені!
* * * Бір күннен соң олар Жанайдармен сөйлесуге барды. Ол полиция басқармасы ғимараты жанында аула сыртында тұр екен.
— Мен әрдайым осындай істермен шұғылданам. Қаншасын шешіп бердім. Бірдеңе бола қалса, бәрі менімен хабарласып, көмек сұрайды,- деді ол.
— Кабинетіңізге кіріп сөйлесейік,- деді Сая дауысын қатайтып.
— Анау жерде жақсы дәмхана бар. Сонда барып сөйлесеміз. Кабинетімді жөндетіп жатырмын. Бастық өз кабинетін жөндетуге көмектесуімді сұранған еді. Бір бригаданы жалдап, бастық кабинетінің қабырғасын әрлеттім, есік- терезесін, ауыстырттым. Менің кабинетімді тегін жөндеп жатыр. Бай клиент тауып бергенім үшін бонус,- деді Жанайдар жымыңдап, басқармадан ұзап бара жатқанда.
— Сіз форма киіп жүрмейсіз бе?- деп сұрады Сая дәмханаға кіріп, үстел басына жайғасқасын.
— Мынадай аптапта формамен жүрсең, пісіп қаласың ғой. Оның үстіне бастықтың оң қолы болғасын мен еркін жүрем.
— Қызметтік куәлігіңізді көруге бола ма?
— Сен қыз кімді ертіп келгенсің?- деді Жанайдар Ұлданаға зілдене қарады. Сосын Саяға басын бұрды.- Менің куәлігімді тексеруге сіздің хақыңыз жоқ.
— Жәке, Жәкетай, кешіріңізші бізді. Ренжімеңізші. Әпкетайым артық кетті,- Ұлдана.
— Сіз мәселені қалай шешпексіз?- деп сұрады Сая.
— Алданған он бес адам. Соның ішінде біреуі үш жарым миллион теңгесінен, екіншісі бес миллион екі жүз мың теңгесінен айырылған. Полицияға арыз жазған сол екеуі. Мен олармен хабарласам да, «ол қыз екі миллион теңге береді. Оған келіспесең, арызың сотта қаралады. Сот қанша жылда төлеп береді деп шешім шығарса, қарызды қайтару сонша уақытқа созылады. Ай сайын он-жиырма мыңнан алып отырасың» деп айтам. Қалған он үш адамның ішінде белсенділер табылып жатса, оларға да аздап ақша беріп қою керек. Мұндай жағдайда көбі тек қарғап-сілеумен шектеледі. Ондайларға ақша бермесек те, болады.
— Төрт миллион арыз жазған екеуіне, қалғандарына тағы екі миллион кетсін делік. Қалған бір миллион кімге бұйырмақ?- деп сұрады Сая.
— Ол екеуі саудаласады. Екі миллионға көнбеуі мүмкін. Бұл біріншіден. Екіншіден, басқа да шығындар болады. Үшіншіден, менің еңбегім де бағалануы керек шығар,- деді Жанайдар.
— Өзіңе қанша алмақсың?
— Уайымдамаңыз. Көп емес. Мен Алдар көсе де, Қожа Насыр да, Робин Гуд та емеспін. Жанайдармын. Сіздерге мен өзім жабысқан жоқпын. Қаламасаңыздар, өз еріктеріңіз. Сіңліңіз сотталады, түрмеде отырады. Үш жыл мен бес жыл арасындағы мерзімге,-деді Жанайдар жайбарақат.
— Біз келісеміз. Жәкетай, көмектесіңізші бізге! Жеті миллионды ертең тауып әкеп береміз,- деді Ұлдана жанұшыра.
Жанайдар сыңарезуленіп жымиып, орнынан тұрды да, алшаңдай басып дәмханадан шығып кетті.
* * * Сая ертесіне банкке барып, несие рәсімдеп, аталған соманы сөмкесіне салды да, кешегі жерге Ұлданамен бірге қайта келді. Жанайдар күтіп отыр екен. Ақшаны көрген бойда лып еткізіп, сөмкесіне сала қойды.
— Жанайдар, біз сізге сеніп отырмыз. Істі тез арада бітіріңіз. Ақшаны алғаныңыз жайлы қолхат жазып беріңіз,- деді Сая түсін суытып.
— Әпке, сеніңіз маған. Сөзімде тұрам. Іс бітеді. Қолхат жазып бере алмаймын,- деді Жанайдар.
— Не себепті жаза алмайсыз?
— Ұмытпаңыз. Мен полиция қызметкерімін.
— Бүгіннен бастаңызшы. Қиналып кеттік,- деп Ұлдана әңгімеге араласты.
— Әрине. Қазір шыға салысымен ана екеуіне телефон соғам. Ақша беріп, арыздарын қайтып алдырып, «Ұлданаға қояр кінәм жоқ» деп қолхат жаздыртамын. Арғы жағын көре жатармыз. Не боп жатқанын айтып тұрам ғой. Уайымдама. Бәрі дұрыс болады.
Жанайдар шығып кеткесін Ұлдана:
— Әпкетайым менің, айналып кетейін сізден! Мен сізге өмір бойы қарыздармын. Енді бәрі жақсы болады,- деп, жүзі ерекше алаулап, Саяны құшақтай алды.
* * * Бір күннен соң Сая Ұлданаға телефон соғып, істің мән-жайын сұрап білмек болды.
— Кейін өзім хабарласам,-деп ол телефонын сөндіріп тастады.
Одан кейін бірнеше рет қоңырау шалғанында да сөйлесуге мүмкіндік болмады. Бір-екі сөз айтады да, байланысты үзіп тастайды. Сая сары уайымға салынды. Бір күні кешқұрым оған сіңлісі телефон соқты.
— Әпкетай, мені екі адам бір жерге әкетіп барады. «Ақша таппасаң, өлесің» деді. Қорқам,- дегенді ғана айтып үлгерді.
Сая жалма-жан қайта хабарласқанында телефоны сөндірулі болып шықты. Жас әйел жанұшырып, полицияға хабарласты. Олар басқармаға келіп арыз жазуы керектігін айтты. Сая құстай ұшып жетті. Бірақ оның арызын қабылдамайтынын білгенде есеңгіреп тұрып қалды. Заң бойынша жапа шеккен адамның өзі немесе оның жақын туысы ғана арыз жазуына рұқсат етіледі екен. Сұраушысы жоқ адам жоғалып кете беруі керек пе? Оған заң да араша болмай ма? Мұндайға көнетін Сая емес. Ол полиция басшысымен жолыққысы келетінін айтты. Саяны сержант бір кабинетке ертіп келді. Үстел басында жасы ортадан асқан ер кісі отыр екен.
— Полковник Қайсенов,- деді ол өзін таныстырып. – Қандай шаруамен келдіңіз?
— Сіңлімдей болған бір қыз бар еді. Біраз уақыттан бері оны біреулер қорқытып жүрген. Ал енді бүгін оны ұрлап кетті. Тауып беріңіздерші.
— Аты-жөні кім? Не болды? Қысқаша айтып беріңіз,- деді полковник.
Сая тапырақтап отырып, есіне түскен жайларды айта бастады.
— Бізде Жанайдар деген капитан жұмыс істемейді,- деді Қайсенов тыңдап болғасын.
— Қалайша? Біз онымен осы жерде жолықтық қой.
— Осы ғимарат ішінде ме? Форма киіп жүрді ме? Түрі қандай?- деді Қайсенов қабағын түйіп.
Саяның жауабын есіткен соң орынбасарын шақырып, қара-сұр папканы алып келуін тапсырды. Папканың ішінде оншақты адамның фотосы мен олар жайлы жазылған мәліметтер бар екен. Сая Жанайдарды бірден таныды. Оның шын аты-жөні Сарқұлов Нәзір болып шықты. Бірнеше рет алаяқтық бойынша істі болған. Соңғы рет қамақтан бір жыл бұрын босаған екен.
— Бірнеше күн бұрын сіздер онымен осы басқарма жанында жолықтыңыздар ма? Өзін полиция капитаны деп таныстырды ма? Қызық екен. Тым батыл болып кетіпті. Біздің қызметкерлер оны қалайша байқамаған?- деді Қайсенов таңданысын жасырмай.- Бізде ол жайлы мәліметтер бар. Ұстаймыз. Арыз жазып қалдырыңыз. Есіңізге тағы әлденелер түссе, маған тікелей телефон соғыңыз.
— Ұлдананы құтқарыңызшы. Ол бейшара қыздың менен басқа іздеушісі жоқ. Оның өміріне қауіп төніп тұр,- деді Сая жалыныншты үнмен.
— Ол жайлы сіз не білесіз? Қай жерде туған? Қанша жаста?
— Аты- Ұлдана. Фамилиясын білмеймін. Таукен ауылында туған. Төрт күн бұрын жиырма беске толды.
— Сізде оның фотосы бар ма?
— Жоқ.
— Мәлімет аздау екен. Іздестіріп көреміз. Фоторобот жасайтын бөлмеге барып, фотосын барынша ұқсастырып жасаңыздар.
Сая басшы орынбасары Қайсармен бірге кабинеттен шығып бара жатып, есікке көңіл бөлді. Көптен бері жөндеу көрмесе де, қалың темірден жасалған есік мықты екен.
* * * Фотороботпен жасалған суретке қарап отырып, Қайсар:
-Мен оны танимын. Ол жайлы біздің базада мәлімет бар,- деді де, компьютер жадындағы файлдарды ашты.
Капитан Құрбанов ұзақ іздесе де, керегін таппады. «Қызық екен» деп күбірледі де, анықтағаны, нақтырақ айтқанда анықтай алмағаны жайлы басшысына телефон арқылы мәлімдеді.
Қайсенов мән-жайға қаныққасын:
— Соңғы кезде неше түрлі адамдар біздегі мәліметтердің көбін тым жылдам біліп жүр. Енді базадағы мәлімет жойылып кетті дейсің. Басқармамыз Алдар көсенің шапанындай шұрық тесік боп кеткен бе? Арамызда атжалман пайда болыпты. Тап оны! — деп бұйрық берді.
-Құп болады, жодас полковник,- деп жауап берді капитан.
* * * Қайсар фотороботтан шыққан суреттен Нышанқұлова Назираны таныды. Ол адам өлтіру фактісі бойынша он жылға сотталып, жеті жыл түрмеде отырғасын жақсы мінез көрсеткені үшін бір жыл бұрын бостандыққа шартты түрде шыққан екен. Қазір пробациялық бақылау инспекторының қадағалауында жүр.
-Ол кімнің бақылауында?- деп сұрады Қайсенов орынбасарынан.
— Пазылбековтың.
Қайсенов Пазылбековке телефон соғып, Нышанқұлова жайлы сұрады. Инспектор оның тексеруге уақтылы келіп жүргенін, күдікті іс-әрекет жасамағанын айтты.
— Нышанқұлованы шұғыл түрде басқармаға алып кел,- деп полковник оған бұйрық беріп, телефонын сөндірді де, орынбасарына бетін бұрып. — Олар келгесін, Нышанқұлованы сұрақ алу бөлмесіне кіргіз де, мені шақыр. Сая жиналыс залында күтсін. Сол жердегі жұмсақ орындықта отырып күткен ыңғайлы,- деді.
Қайсар Саяны жиналыс залына кіргізіп, бөлмеден шығып кетті. Жас жігіт шаршаса да, қимылы ширақ. Мұндай мазасыз түндерде жұмысын тоқтатпай істеуге әбден дағдыланған. Атжалман іздеуге кетсе керек. Қабырғаға жапсарлас қойылған жұмсақ орындықтың біріне отырып, Сая ұйықтап кеткенін байқамай қалды.
Әлден соң оны Қайсар иығынан түртіп оятып:
— Тұрыңыз. Үйіңізге жеткізіп салайын,- деді.
— Ұлдана келді ме?
— Жоқ. Келмеді. Үйінде емес екен.
— Табыңыздаршы. Ол қателескен болар. Бірақ адам баласы ғой. Көмек керек.
— Іздейміз. Табамыз. Көмектесеміз,- деді Қайсар.
Үйіне келе жатқанында жас әйел көкжиектің ағара бастағанын байқады. «Жаңа күн… Жақсы жаңалықтар әкелсе екен» деп ойлады.
* * *
Сая үйіне келгесін жуынып, шайынып, киімін ауыстырды да, таңғы кофесін жүре ішіп, мең-зең күйде жұмысына кетті. Мұндай жағдайда жұмыс істей алмасын түсініп, бір аптаға ақысыз демалысқа шығуға өтініш жазды да, үйіне қайтты.
Бірнеше сағаттан соң оған Қайсар телефон соғып, Назирамен беттесуі үшін басқармаға келуі керек екендігін айтты. Сая құстай ұшты. Таксиде келе жатып «Шын есімі Назира болса, ол неге менімен Ұлдана деп танысты екен? Өзіне ұнамайтын есімді жамылып жүргенін айтып еді. Өтірік айтқаны ма? Жап-жас қыз қалайша мұншалықты қиюластырып өтірік айта алады? Мен оған шүбәсіз сендім ғой. Адам танымастай ақымақ емес едім. Неге сонша алдандым? Қайсар «ол адам өлтіргені үшін сотталған» деді ме? Сондай қыз адам өлтіруі мүмкін бе? Не үшін өлтірді екен?» Терең ой шырмауына түскен Сая такси жүргізушісінің «түсіңіз» деген сөзінен селк ете қалды. Бірнеше күннен бері сіңлісін іздеп шарқ ұрған бейшара әйел көліктен сүйретілгендей болып түсіп, басқарма ішіне кірді. «Ұлдананы көремін» деген үміті болмаса, жүре алмайтындай екен. «Ұрма мені!» деген ащы дауысты есіткен Сая есігі ашық тұрған сұрақ бөлмесіне жүгіре кірді. Шашы жалбыраған жас әйел қолдарымен басын қорғаштап еденде отыр. Жанында форма киген еңгезердей жас жігіт оған төне қарап тұр екен.
— Тиіспе оған!
Саяның дауысы ашына шықты. Оның артын ала кабинетке кірген Қайсар сержантқа иек қақты. Ол кілт бұрылып, бөлмеден шығып кетті. Сол жақ бетінде тырнақ іздері қансырап тұр екен. Сая еденде отырған әйелді құшақтай алды. Ол ышқына жұлқынғанда қобыраған шаш арасынан көкшіл көздері жарқ етті. Бөтен көздер… Саяның қолдары босап кетті.
Көк көздінің бетіне үңіле қарады да:
-Сен кімсің?- деп сұрады абдырай.
Анау үндемеді. Тістене отырып, бұған қарап, ыржиып күлгендей болды. Қайсар еденде шалқалай құлап жатқан орындықты тарс еткізіп орнына қойды да, жас әйелді иығынан жұлқып тұрғызып, соған отырғызды.
— Танымадыңыз ба? Бұл Нышанқұлова Назира,- деді капитан.
Нышанқұлова дір-дір еткен қолдарымен басын сипалады. Сипаған сайын шашы уыс-уыс боп, үстел үстіне түсе берді, түсе берді. Сол кезде кабинетке бейтаныс лейтенант кірді. Ол иснпектор Пазылбеков Абзал еді.
— Бұл Ұлдана емес. Ұқсайды. Бірақ ол емес,- деді Сая өзіне айтып тұрғандай сыбырлап.
— Анықтап қараңыз,- деп капитан Назираның иегінен ұстап басын көтеріп, бетін Сая жаққа бұрды. Сосын жас әйелге қарап, — Назира, Сая әпкеңді неге алдадың?- деді.
— Сая дегенді танымаймын.
— Олай болса, бізден не себепті қашып жүрсің? Сержантқа неге қарсылық білдірдің? Шыныңды айт. Басқаны алдасаң да, мені алдай алмайсың,- деді лейтенант бұйыра сөйлеп.
«Басқаны» дегенін естігенде Пазылбеков көздерімен жер шұқығандай болды.
— Мен ешкімнен қашпадым. Сержантты танымай қалдым. Форма кигендерге де сенуден қалдық, Ол… Ол маған күш көрсетті, шашымнан ұстап, жұлқылады.
— Қарсыласпағаныңда ештеңе болмас еді.
Капитан жекіп, ұсталғанның сөзін тыйып тастады.
— Қашпақ болдың. Демек, жасырғаның бар. Шыныңды айтпасаң, мойныңа көп нәрсе артылып кетуі мүмкін. Сен тұратын ауданда бір жылдың ішінде бес үйге ұры түсті. Мектепте он жасар қыз жоғалды. Мектеп жанында жүрісі суық жас әйелді көргендер бар. Куәгерлер сені «жазбай таныса» қайтесің?
— Капитан, мен тазамын. Оншақты күнге Ыстықкөлге демалуға бардым. Үйге кіріп келе жатқанымда сержант маған тап берді. Ережені бұзғанымды біліп қоя ма деп, қорықтым. Сол үшін қаштым.
— «Оншақты күнге» дейсің бе? Қалайша? Сен аптасына бір рет Пазылбековке тексеруге келіп, көрініп тұруың керек қой.
— Капитан, түсінші. Бір танысым «демалысқа барып келейік» дегесін… «ақшасын төлейм» дегесін… бас тарта алмадым. Мен де адаммын ғой. Демалғым келді… Қайсеновке айтпашы.
— Сен жезөкшелікпен де айналысып жүр екенсің ғой. Ол да өз алдына бір бап. Темір тордың арғы жағына бір минутта зыр етесің,- деді Қайсар.
— Жоқ. Мен жезөкше емеспін.
— Назира, сен мені білесің. Бекер сөйлемеймін. Күн сайын неше түрлі еркектермен құшақтасып жүреді екенсің. Олар кімдер?
— Олар менің достарым ғой.
— Достарың емес, клиенттерің.
— Достарым. Енді… шынын айтсам… «көңілдестерім» десем де, болады.
— Тым көп емес пе? Көңілің кең екен.
— Енді… басы бос әйелмін ғой… Тұрмысқа шыққым келеді. Сол үшін еркектермен танысып көрем, сөйлесіп көрем. Олар маған аздап ақша береді. Еш жерге жұмысқа алмай жатыр ғой мені. Нан сатып алуға да ақша керек. Капитан, сөзіме сенші.
Сая бұдан арыға шыдай алмай, бөлмеден кетті. Шығып бара жатып Назираға қарады, үстел үстінде шашылып жатқан шашына қарады. Дәлізге шыққан соң басы айналғандай болып, қабырғаға жапсарлас қойылған үстелдің біріне отыра кетті. Әлден соң сержант ұсталғанды кабинеттен алып шығып кетті. Жас әйел қатты шаршаса да, кабинет ішіндегілердің сөзін анық естіді.
— Назирамен бірге кеткің кеп жүр ме? – деді капитан ысылдай.
— Ол ештеңе бүлдіріп жүрген жоқ қой.
— Сенімдісің бе?
— Иә.
— Онда күтейік. Бүлдіргесін басқаша сайрайсың. Ыстықкөлге баратынын білдің бе?
— Иә. Білдім. Ол менен рұқсат сұрады.
— Рұқсат бергіш, мейірімді екенсің. Күн сайын нан сатып әперіп тұрсайшы.
— Ол да адам ғой. Түсіністікпен қарайықшы. Шын сөзін айтып тұр.
— Ол адам өлтірген қылмыскер.
— Байқаусызда өлтірген. Жазасын өтеді. Қашанға дейін оған қылмыскер деп қараймыз? Ол да өмірін жөндегісі келеді. Түзу жолға түсуге тырысып жүр.
— Жазасын толық өтеген жоқ. Сен қылмыскердің заңсыз іс-әрекетін бүркемелеп жүрсің.
— Тым қатал болмашы.
— Сен сияқтылардың кесірінен қанша қылмыскер бостандықта тайраңдап жүр. Жігіттер сенің артыңды жабудан шаршады. Өзіңді ойламасаң да, мені ойламасаң да, Қайсеновті ойласайшы. Біз үшін шашы ағарып бітті. Жүрегі ауырады. Елуге толмай шал болды.
Сая осыған дейін өзі өмір сүрген ақ аймақтан алыстап, қара- сұр аймаққа кіріп кеткендей болды. Одан шығар жол жоқтай. Әлем екі аймаққа бөлінген бе? Әлде минут сайын мың құбылып, түрі өзгеріп тұра ма? Қара мен ақ. Арасында нақты шекара жоқ. Сақшылар бар. Олар Қайсенов Абылай, Құрбанов Қайсар және Пазылбеков Абзал. Ақты қарадан тек қана қаталдық емес, жұмсақтық та қорғайды.
Жас әйел таксиге әрең отырып, әрең түсті. Үшінші қабаттағы пәтеріне ентігіп, қиналып жетті. Төсегіне жата салысымен ауыр, беймаза ұйқы қара түндей үстінен баса қалды.
* * * Таң алдында Саяға бейтаныс телефон соқты.
— Сен қатын қаза бастапсың ғой. Біз ойнап жүрген жоқпыз. Бір күнде Ұлдана сияқты жоқ боп кетесің. Арызыңды қайтып ал, — деді бейтаныс зілді дауыспен.
Сая бірден Қайсеновке қоңырау шалды. Мән-жайға қаныққасын полковник оған жедел түрде қала шетіндегі «Қараңғы» атты түнгі клубқа келуі керек екендігін айтты.
— Олар іс-әрекетке көшті. Демек біздің беталысымыз дұрыс,- деді полковник клубтың тасалау бөлмесінде жолыққанда.
Абылай Қайсенов түрін адам танымастай етіп өзгертіп үлгеріпті. Қара сұр түсті спорттық киім мен баса киген қара кепка оның шын болмысын тосын көзден жасырып тұр.
— Сіздер түнде де жұмыс істейсіздер ме? Үйлеріңізге қайтпайсыздар ма?- деп сұрады Сая оның шаршаңқы түріне қарап.
— Қайтамыз ғой… істер біткесін,- деп жауап берді полковник қарлыққан дауыспен. – Сіздің телефоныңызды «тыңдау»-ға қоямыз. Телефоныңыз үнемі қосулы тұрсын. Бізбен тығыз байланысыңыз барын ешкімге сездірмеңіз. Бұл әңгіме жайлы ешкімге айтпаңыз. Мына пакетте киім бар. Соларды киіңіз. Өз киімдеріңізді маған беріңіз. Сізді қала сыртындағы үйге апарамын. Біраз уақыт сонда боласыз. Онда біздің бұрынғы қызметкеріміз Мәке деген кісі бар. Сізге барлық жағынан көмектеседі, керегіңіздің бәрін тауып береді. Менің рұқсатымсыз ол үйден шықпаңыз. Керек болғанда маған мына телефонмен хабарласасыз,- деді полковник Саяға пакет пен телефонды қолына ұстатып жатып.
Сая киімін ауыстырып, кішірек көлікке отырып, қала сыртындағы үйге келді. Мәке алпысты алқымдаған, орта бойлы, қыран көзді, ширақ қозғалатын адам екен. Амандық-саулықтан соң Саяны үйдің жертөлесіндегі ұядай бөлмеге ертіп келді. Онда кереует пен шкаф тұр екен.
— Шкафтың ішінде керек заттың бәрі бар. Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз. Бірдеңе керек болса, айтарсыз,- деді де бөлмеден шығып кетті.
* * * Сая таңғы шәйін ішіп отырғанда телефоны шыр ете қалды.
— Дауысын шығарып қойыңыз. Шынайы дауыспен сөйлеңіз,- деді Мәке.
— Алло,- деді Сая жайбарақат сөйлеуге барынша тырысып.
— Жақсылап тыңдап ал,- деді бейтаныс әй-шайға қарамай.- Біз сенің қайда жүргеніңді, не істеп жүргеніңді білеміз. Полиция ештеңе шешпейді. Жарымайтын айлық алатындар қашан мардымды іс қылып еді? Ұлдана сияқты алаяқтар үшін ешкім тер төкпейді, жанын бермейді. Сен қазірдің өзінде есеңгіреп жүрсің. Бұл іске араласуыңды қоймасаң, не жоқ болып кетесің, не жынданып кетесің. Ойлан. Тағы да айтам, арызыңды қайтып ал.
Мәке қағазға «Кім екен? Талаптары қандай? Ұлдана қайда. Сөйлестірсін. Уақыт соз» деп жазып, Саяға көрсетті.
— Сіз кімсіз? Ұлдана қайда? Оны көрсем деп едім. Тым болмаса, сөйлестіріңіздерші. Ол қарыздарын қайтаруға тырысып жатыр ғой. Босатыңыздаршы оны,- деді Сая тапырақтай.
— Ұлдананы көргің келсе, жарты сағаттан соң орталық әмбебап дүкен алдына кел.
Сая Мәкеге қарады. Ол бас изеді.
— Келем. Сізді қалай танимын? Нақты қай жерде кездесеміз?
— Біз сені өзіміз тауып аламыз. Бір өзің кел.
Әңгіме біткесін Мәке:
— Кездесуге барғанда өзіңізді шынайы ұстаңыз. Жан-жағыңызға жіті қараңыз. Кез-келген ұсақ-түйек ең маңызды болуы мүмкін. Егер олармен сөйлесе қалсаңыз, сіздің қайда тұрып жатқаныңызды сұраса, мен жайлы білетін болса, мені нағашым деп айтсаңыз болады. Өміріңізге қауіп төнсе, өзіңізді аман алып шығу үшін кез-келген амалды қолданыңыз. Сіздің қайбір әрекетіңіз қылмыстың ашылуына кедергі жасаған болса, сол үшін сот алдында да ақталып шығатыныңызға мен кепіл. Біздің жігіттер сыртыңыздан бақылап тұрады. Қажет болса, көмекке ұмтылады. «Қараңғы» клубы арқылы қайтасыз,- деді.
* * * Кездесуге Сая үркектей аттанды. Дүкен алдында адам көп екен. Ұлдана бір бұрыштан шыға келердей жүрегі өрекпіп тұр. Жанында бөтен адамдар болса, қайтпек? Сая жан-жағына жалтақтай қарап, үлкен есік жанында тұр. Кіріп – шығып жатқандардың әрқайсысының бетіне үңіле қарайды. Адамның бәрі күдікті, қауіпті тәрізді. «О баста бұған бекер араластым. Біреулер жетіп келіп, бір бұрышқа сүйрей жөнелсе қайтем? Нем бар еді сау басыма сақина тілеп?» деп ойлады. Осынша үлкен қалада оған тығылуға бір қуыс табылмайтындай, бұған шынымен жаны ашитын бір де бір адам жоқтай. Тырс еткеннің бәріне селк ете қалады. Қашып кеткісі келеді. Бейшара әйел осындай халде бірнеше сағат тұрып қалды. Оған ешкім жақындамады. Кеш батқанда Саяның құр сүлдері түнгі клубқа барды да, әлден соң арнайы машинамен Мәкеңнің үйіне жетті. Уақытша қорығына айналған бөлмеге кіре салысымен кереуетке сұлай құлады да, еңіреп жылады. Бастан кешкен барлық қиындығы есіне түсті. Маскүнем анасына лағнет айтып жылады, тым ерте қайтыс болған әкесіне ренжіп жылады, алдап кеткен, тісін батырғандардың бәрін жек көріп жылады. Әлемнен, өмірден шошынып, қорланып жылады. Телефоны бірнеше рет шырылдаса да, көтермеді.
* * * — Сабаңызға түсіңіз. Қылмыскерді ұстау кинодағыдай романтика емес. Көрші бөлмеде сізді Әбекең тосып отыр. Әңгімелесу керек. Шығыңыз,- деді Мәке.
— Телефон соғушы ол жерге аяқ баспаған тәрізді. Бұл сізге жасалған психикалық шабуыл. Қарсыласын сабырынан айыру айласы. Мойымаңыз,- деді полковник Сая жатын бөлмеден шығып, үстел басына отырғасын.
— Сіздердің бар ойлағандарыңыз- қылмыскерді ұстау. Ал мені кім ойлайды? Өлтіріп кетсе ше? Ұлдананы өлтіріп, бір жерге көміп тастаған шығар,- деген Саяның дауысы жарықшақтана шықты.
— Сізді біз ойлап жүрміз. Ол жерде бірнеше тәжірибелі жігіттерміз болды,- деді Қайсенов.
— Жүйкеңіз тозыпты. Қажет болса, психологпен сөйлестірейік,- деді Мәке
— Маған психолог емес, қорған керек. Ұлдананы табу керек.
— Шегірткеден қорыққан егін екпейді. Бұл іске араласуға сізді ешкім мәжбүрлеп көндірген жоқ. Соңына дейін жеткізу керек. Өйтпесек, бәрі зая болады, қылмыскерлер құтылып кетеді. Ұлдана тірі. Менің түйсігім сезеді,- деді Мәке шай қамдап жүріп.
— Дастархан жаймай-ақ қойыңыз. Онсыз да сізді жиі әурелейтін болып кеттік. Сөйлесем де, кетем. Басқа да шаруалар бар,- деді полковник зейнеткер досына.
— Ешқандай әуре емес. Сендей жігіттерге көмектеспегенде кімге көмектесем?
— «Жігіт» дейсіз бе? Рақмет. Мені сыртымнан шал деп атайды,- деді Қайсенов жымиып.
— Шал болу да- бір құрмет. Шалмен шай ішу де- бір құрмет,- деді Мәке.
Полковник баптап дайындалған қою күрең шайды құмарта ішті. Маңдайы жіпсігендей болды.
— Сая, сіз бізге барлық мән-жайды толық айтып беріңізші. Ілік болмауы мүмкін емес. Соны табу керек,- деді Қайсенов әлден соң.
Сая асықпай отырып, оларға бар білерін айтып берді.
— Ұлдана сізге өте сауатты түрде психологиялық ықпал жасаған. Бастапқыда жанашырлық сезімін тудырған, сеніміңізге кірген, сыйлық сыйлаған, мақтаған. Соңында болмашыны сылтау қылып, кінә артқан. Сонымен сізді еркіңізден айырып, өз айтқанын істеткен.
— Ұлдана жайлы олай айтпаңыз. Ол бейшара қыз алаяқтарға алданып қалды.
— О баста Ұлданамен қайда таныстыңыз?- деп сұрады полковник оның сөзін елемегендей.
— «Жаңа өмір» деп аталатын ЭКҰ орталығында. Ол аналық торша доноры болған.
— Ол орталық бір шулы іске байланысты жабылып қалды емес пе?
— Иә. Бірнеше ай бұрын жабылды. Ол бойынша қылмыстық іс қозғалып, үш адам сотталып кетті.
— Ұлдана жайлы мәліметті сот архивінен аламыз. Бұл жақсы ілік,- деді полковник. – Ал, Мәке, мен қайтайын. Сая, сіз дем алыңыз. Хабарласып тұрамыз.
* * * Қайсенов кабинетінде орынбасарымен сөйлесіп отырды.
— Саяға телефон соққан адамды анықтау үстіндеміз. Арнайы қондырғыны пайдаланған екен. Нөмірді анықтау қиын болып жатыр, — деді Қайсар.
— Компьютер мамандарына айт, ілік болмауы мүмкін емес. Тапсын. ЭКҰ орталығының құжаттарын алып келді ме?
— Иә. Алып келді. Донорлардың ішінде Ұлдана есімді бір ғана қыз бар екен. Ол бойынша мәліметтер мінекей,- деп үстел үстіне бірнеше қағаз қойды.
Ол Санжарова Ұлдана екен. Фотосын Қайсенов телефондағы желі арқылы Саяға жолдады. Ол фотодағы қыз Ұлдана екендігін растады.
— Санжарова жайлы бар ақпаратты табыңдар. Оның атына жылжымалы, жылжымайтын мүлік рәсімделген бе? Ұшақ немесе пойыз билеттері сатып алынған ба? Анықтаңдар.
Қайсар кабинеттен шығып кетті де, бір сағаттан соң бастығына мәлімет берді.
— Санжарова екі күн бұрын ұшақпен Түркияға ұшып кеткен. Сарқұлов төрт күн бұрын Өзбекстанға кеткен де, бір күннен соң Түркияға жеткен. Олардың қазіргі мекен-жайларын анықтауға тырысып жатырмыз,- деді.
— Жарайсыңдар! Сарқұлов пен Санжарованың соңғы бір ай көлемінде телефон арқылы кімдермен сөйлескенін анықтаңдар. Олардың ішінде бұған дейін алаяқтық бойынша немесе басқа да себептермен істі болғандары бар ма, жоқ па, соны анықтаңдар.
— Құп болады, жолдас полковник.
* * * Тексеру қорытындысы бойынша Санжарованың ешқандай Айман, Шолпан есімді қыздармен хабарда болмағаны анықталды. Оның интернет дүкені арқылы азды-көпті сауда жасалған. Бірақ айтарлықтай үлкен тауар айналымы болмаған. Сарқұлов бес жыл бұрын бас жарақатын алғаннан кейін «мидың жарақаттық ауруы» деген диагнозбен бірнеше рет ем алғаны анықталды. Бір ай бұрын ол шипажайда емделген екен. Содан кейін Санжаровамен күн сайын сөйлесіп отырған. Компьютер мамандары Саяға телефон қоңыраулары Өзбекстан мен Түркиядан түскендігін анықтады.
Қайсенов Мәкенің үйіне барды да, Саяға анықталған жайларды айтып берді.
— Ұлдана Сарқұловқа алданып қалды. Оны шетелде мәжбүрлеп ұстап отыр,- деді Сая.
— Санжарованың жасы жиырма тоғызда. Жиырма бесте емес. Туған күні оныншы наурызда. Алты күн бұрын емес,- деді полковник.
Саяның көз алдына жас үйірілді.
— Арыз жазыңыз,- деп Мәке.
* * * Қайсеновтің жоғары басшылыққа мәлімдеуінен кейін бұл іске шетелдік әріптестері араласып, Санжарова мен Сарқұлов ұсталып, елге әкелінді. Саяның өтініші бойынша Қайсенов екі қыздың жолығуына рұқсат берді.
— Неге мен? – деп сұрады Сая.
Ұлдана мырс етті де:
— Қармақты қапқан сен болдың,- деп жауап берді.
Болай Тұрғынбекқызы