Тергеу изоляторына түскен Заңғар Хасенов 2025 жылдың 25 желтоқсанында Қарағанды қаласындағы №61 мекемесіне (СИЗО) ауысады. Жұбайы Айжан Сүлейменованың айтуынша, ол бұған дейін Павлодар, Астана қаласындағы тергеу изоляторында да жатқан. Алайда, үш жылда дәл Қарағанды қаласындағыдай қорлау, намысына тию, азаптау жағдайы туралы ескерту болмаған.
Мәселенің мән-жайына келсек, Заңғар Хасенов 26-27 желтоқсан күні қан қысымы көтеріліп, денсаулығы күрт нашарлаған соң дәрігер шақыруды сұраған. Алайда, ондағы қызметкерлер өтінішті қанағаттандырмай, тіпті елемеген де. Содан соң ашынған Хасенов 31 желтоқсаннан бастап аштық жариялауға бел буады. Бұл шешім Қарағанды қаласындағы №61 мекеме қызметкерлерінің, әсіресе мекеме басшысы Мұрат Оралбаевтың азаптау, қорлау, намысына тию әрекетіне наразылық ретінде жасалыпты. Ол аузын қысқышпен бекітіп «тігіп», сол қолын кесіп, өзіне зиян келтірсе де, ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. Сондай-ақ, бірнеше рет адвокаты мен жұбайы арқылы өзіне жасалған қорлаулар, тиісті санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталмауы (тұтқын алғашқы күндері тіпті, хлоркамен тарақандарды өлтірген) және оған бағытталған провакациялық әрекет туралы хабарлаған. Алайда, Хасенов және оның адвокаты бірнеше рет тиісті инстанцияларға шағым түсіргенмен, ешқайсысы әрекет етпепті.
Қамаудағы Заңғар Хасеновтің жұбайының айтуынша, намыстан өртенген ол 9-10 қаңтарда оң қолын жаралаған. Себебі, оның ауыр жағдайда екенін біле тұра мәжбүрлі түрде далаға серуендеуге шығарады да, үстінен жалған рапорт жазады.
«Заңғар Хасенов аштықты моралдық-психологиялық қысым көргеннен кейін жариялады. Аштық жариялағанына – 15-ші күн. Аузын темірмен тігіп тастаған. Сол кезде қолын кесті. Жедел тергеу тобы келіп, өзін-өзі өлтіруге оқталу, яғни 105-бап бойынша іс қозғаған. Оның соңы не болғаны да белгісіз. Қазір денсаулығы өте нашар. Неше күн нәр татпаған, су ғана ішкен. Бірақ ауруханаға жатқызбайды. Бүгін ғана кіріп шықтым. Әбден әлсіреп қалған. Екі аптада 13 келі салмақ тастаған. Кеше жуынған соң қан қысымы түсіп кетіп, құлап қала жаздапты. Аузындағы темірі іріңдеп жатыр. Ауруханаға жатқызса, жарасын емдеп, дәрі-дәрмек егер еді. Кез келген уақытта бір ағза мүшесі жұмыс істемей қалуы да мүмкін. Тым болмаса, Қарағанды тергеу изоляторындағылар адами тұрғыдан жедел жәрдем шақыруға болмай ма? Ал біз шақырсақ, кіргізбейді. Тергеу изоляторындағы дәрігер бойы мен салмағын ғана өлшеп, басқа түк істемейді. Бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, айтып жатырмыз. Ешқандай өзгеріс, нәтиже жоқ. Қазіргі таңда оның денсаулығы шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етеді, себебі оның өміріне қауіп төніп тұр. Тіпті, тергеу изоляторының басшысы Мұрат Оралбаев Заңғар Хасеновтің қал-жағдайын білуге келген әпкесін далаға итеріп шығаруға тырысқан. Бұл не деген бассыздық?», – дейді Айжан Сүлейменова.
Қамаудағы Заңғар Хасеновтің жағдайының күрт төмендегені туралы туыстары дабыл қағып, тиісті органдарға үндеу жариялауға мәжбүр. «Қазір оның денсаулығы сағат сайын нашарлап барады. Ол өзіне ерекше жағдай жасалуын немесе жеке камера беруін сұрап отырған жоқ. Бар болғаны заңға сәйкес, негізгі құқықтарының сақталуын, соның ішінде қорлауды тоқтату, камерадағы температураны қалыпқа келтіру, психикалық ауытқуы бар тұтқындардан оқшаулауды ғана сұраған. Ал Қарағанды СИЗО-ның жетекшілігі осы қарапайым заңды талаптардың өзін орындамай отыр», – дейді Хасеновтің жұбайы.


