12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті…

Бірнеше апта бұрын Айман әжей қайтқан еді. Балалары ақтық сапарға арулап шығарып салған-ды. Ауыл жанындағы зиратқа жерледі. Жарықтық, жан баласына қату келіп көрмеген кісі еді. Тірісінде тыныш ғұмыр кешті, алайда мәңгілік жайы жайлы болмаған сықылды. Әлдебіреулер мәйітті қабірден қазып алған екен. Оны баласы Жақып байқапты. Анығында, келім-кетім кісінің аяғы басылғаннан кейін, анасының басын қарайтуға қайта барғанда білген. Асай-мүсейін артынып, зиратқа барса, бірнеше апта бұрын жерленген шешесі жоқ. Анығында — мәйіті ұрланған. Ит-құс қазып, тартып кетті деуге келмейді, істің адамның қолынан келгенін анық байқауға болады. Күрек іздері көрініп тұр.

Міне, оның өзіне апта өтті. Жүзге жетер-жетпес үйі бар шағын ауылда әңгіме жатсын ба?! Бір жұма бедерінде бұл масқараны тұрғынлар түгел естіді. Құр құлақтанып қоймады, ауылда «Көрбақ» пайда болыпты, қазып, өлгендердің етін жеп жүр екен деген дақпырт желдей есті. Аузы жеңіл әйелдер қойсын ба, қосып айтқанда — өтірікті шындай, шындықты Құдай ұрғандай етіп бөседі. Оған себеп те бар еді. Анау жылдары мұндай іс болған. Жастар мінген көлік аударып, ішіндегілер қырылып қалған. Кейін солардың да қабірі ашылған болатын, бірақ мәйітке тиіспеген еді. Әруақтың наласынан қорықтыма, сол жолы іс жылы жабылды.

 Көп ұзатпай ақсақалдар ақылдасып, зират басына қарауыл қойған еді. Ауылдың азаматтары кезектесіп күзетке шықты. Бірақ бәле байқалмады. Моланың басына кім түнесін?! Кейін кезекшілік те көп ұзамай сиыр құйымшақтаныпкетті. Бұл кезде ауыл инспекторы Бек тергеп-тексеруді бастаған еді. Алайда айта қоятындай емес — оқуды кеше ғана бітірген жас бала. Академияда жүргенде аннан-мұннан естігені болмаса, іс жүзінде әлі төселмеген. Жалғыз тапқаны — жылқышы қарт Құсейіннің сөзі. Куәлік еткен болыпты. Ол ауыл маңынан мотоциклдің ізін байқаған. Малдың соңында жүрген ол адамның да, жануардың да ізін жазбай таниды. Мәшиненің де сырын жақсы біледі.

– Ауылда өзге із пайда болды. Ауданға баратын үлкен жолдан ауылға  қосылып, зиратқа қарай барып жүр. Бір бәле келсе – қос аяқты көліктің иесінен келеді, – дейді қарт.

– Ақсақал, сенімдісіз бе? Не көп, доңғалақтың ізі көп. Оның өзгеше екенін қайдан білдіңіз?

– Ай, балам, сен бұл ауылды өзің білесің бе? Бізде мотоцикл тек Сақыптың ұлында ғана бар. Қалғаны мұны кәсіп қылмайды. Оның өзі бұзылып, қаңтарылып тұрғанына қай заман болды.

– Сонда қылмыскер сырттан келді ме?
– Иә.

Қош, бұл да дәтке қуат — бір дерек болар деген үмітпен қоштасып, Бек әрі қарай аттанды. Кабинетіне барып, ұзақ отырды. Бұл — оның оқып жүрген шақтан қалған ескі әдеті еді. Сондағысы — ойланса, істің ізі шығады деген үміт. Мұндайда шылым тартқанды тәуір көреді. «Шал оттай береді, алыстан арқаланып кім келсін?» — дейді. Жаңа жерленген зиратты бір білсе, осы өңірдегілер біледі деп топшылады. Сонда күдікке әлгі қарт айтқан Сақыптың ұлы Тұрсын ілінді. Түлкінің қызылдығы өзіне сор дегендей, мотоциклді мінетіндігі бәле болған секілді.

Бек таң азанмен таласып, Тұрсынның үйіне қарай аяндады. Қос аяқты көлігі бұзылып тұрған екен. Әрі Тұрсын дегенің ащы судың ізіне түскен, аяқтан тұрмай ішіп жатқанына көп болған. Онысын әйелі де айтты:

— Құрғыр, әдеті — осы. Апталап арақ ішеді. Біздің мазамызды алады. Тіпті әлгі ащы суына өзі бармайды, шеттей бала-шағаны жұмсап жатқаны. Масыл болды, — деді жары Жұмагүл.

— Жеңгей, Тұрсының аяққа тұра ала ма?

— Оны қайтейін деп едің, өзім зорға ұйықтаттым.

— Әлгі кемпірдің мәйіті ұрланды, естіген боларсыз? Соған қатысты сұрағым бар, жауап алуым керек.

Қысқа әңгімелесудің аяғы айқайға ұласты. Зариеленіп, Жұмагүл Бектің өзіне бас салды. «Мойнына ілесің бе?!» — деп жекіп, доқ көрсетті. Сонда да сүйреп, ауылдық бөлімшеге әкелді. Дегенмен, Тұрсын тілге келмеді. Көп ойланбай, қоя берді. Бұл бишара қабірді қазбақ түгілі, алдына қойған асын ішуге әлі жоқ күйде. Әрі Айман әжей — Тұрсынның апасының туған әпкесі. Басқа-басқа, туғанына шауып не көрініпті? Алқаш дегенмен, сау жүргенде адамгершілігі мол жігіт еді. Оған бара қоймас деп ой түйіпті.

Осы аралықта бұл оқиға журналшы жолдастардың құлағына тисе керек, аудандық газетте ауқымды мақала жарияланды. Атауының өзін айқайлатып қойған: «Қабірдегі құпия: Қызылбаста «Көрбақ» пайда болды ма?!» деген тақырыпты көргенде, ауыл әкімінің төбе шашы тік тұрғаны айтпаса да түсінікті. Тілші де тартынып қалмапты — әкім, инспектор, ауыл ақсақалдарына дейін шыпқыртқан. Кінәлі емес кісі жоқ. Қызметінен айырылып қаламын ба деп қорыққанда көлеңкесінен шошынатын ауыл әкімі Сағат — Бекке телефон соқты:

— Ай, боқмұрын, жаның барында әкімдікке жет! — деп әмір етті.

Іле-шала есік жақтауының саңылауынан Бектің сұлбасы байқалды. Кіргені сол еді, әкім сәлемін алмастан айқайға басты:

— Сендер не ойлайсыңдар?! Ана мақаланы көрдің бе? Аудандағы кісі оқыса, не болады?

— Кінәліміз, әкім аға. Кешірім сұраймын.

— Құрып кетші, сенің кешірімің маған қызмет бола ма? Не болғанын баянда!

Бек бүгеш-жігін бүкпестен баяндап берді. Сағат шынында оқиғадан бейхабар екен. Еңбек демалысында шетел асқан ол, келсе — қырғын басталып кеткен. Іс тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Алайда ауданнан ешкім келе қоймапты. Ондағылар да не істерін білмей отырған болар. Осыны ойлаған ауыл әкімі аудан орталығынан арнайы топты шақыртуды жөн көріп, телефон шалды. Бәке, Сәкені түгел жағалап, бүгіннен қалмай криминалист келетін болып келісті. Әйтпесе, Бектің әлеуеті белгілі — созбалақтап жүрер, деді.

Кеш ауа Қызылбас ауылына тергеу тобын бастап, Абылай атты жігіт ағасы келді. Толық есім-сойы – Қайсенов Абылай Әзімханұлы.

Биыл елуге толады.  Зейнет жасынан асқанымен, білім-білігін ескеріп, басшылық әлі қызметте ұстап отыр. Олар да: істің ізін Абылай ғана анықтай алады деген зор үмітпен аттандырған. Өзімен бірге екі жігіт, бір қыз бала ерте келіпті. Әріптестері көрінеді. Сол түні әкімнің үйіне түнеді.

Азанмен Абылай зиратты жағалады. Көзге көрінетін ештеңе жоқ. Жалғыз дәйек – күрек. Оқиғаның орын алғанына біраз уақыт болғандықтан, айтарлықтай ештеңе табылмады. Мән-жайдың жай-жапсарын анықтаған соң, жедел топ жиналыс өткізді.

– Кәрі кемпірдің мәйіті кімге керек? – деді Абылай.

Әңгімені әрі қарай Әйкерім жалғастырды:

– Тұрғындармен тілдестім, марқұм ұзақ уақыт сырқаттаныпты. Кәрілік те себеп болса керек, кейін дерт дендеген көрінеді.

– Ауылда аурухана бар ма? Ондағылар не дейді?

– Шағын медициналық мекеме бар екен. Главврачпен сөйлестік, секем алатындай ештеңе байқалмады.

Үшінші болып, екеуінің серігі Ержан сөз алды:

– Дәрігерді тергеуге тарту керек. Мүмкін, сол кінәлі шығар?

– Қайдан?

– Енді, емдеймін деп жүріп өлтіріп алған шығар. Айыбы әшкере болар деп мәйітті басқа жерге жерлеген…

– Сказка! Кәрілік қой, – деп Әйкерім дүрсе қойды.

Жиналыс аяқталды. Абылай ақылдасудан кейін Бекпен бөлек тілдесті. Айтуынша, аурухананың бас дәрігері – Самал есімді келіншек екен. Негізі көрші ауылдың тумасы. Оқу бітірген соң қазіргі күйеуіне тұрмысқа шығып, осы ауылға тұрақтаған. Алғашында мейірбике болып бастаған ол қазір білдей қызмет атқарады. Дегенмен, барлық жұмыс өз мойнында. Аудан орталығынан қатынап, қабылдау жүргізетіндерді қоспағанда, қарамағында тек екі мейірбике бар. Қысқасы, өзі – қожа, өзі – би. Не керек, Абылай Бекке Самалды тергеуге алдыруды тапсырды.

Ауданнан кәсіби криминалист келді десе, кім-кімнің де зәресі қалмайды. Самал сол сәтте-ақ айтылған жерге алып-ұшып жетті. Тергеу үстеліне отырғаны сол еді, Абылай әңгімесін бастады.

– Кемпірдің мәйітін қайда жерледің? – деді Абылай төтесінен. Даусында зіл жоқ. Түрінен ештеңе білінбесе де, бұл – тәжірибелі тергеушінің ескі тәсілі. Мұндай сәтте кінәлі адамның бойынан еріксіз алаң мен үрей көрініс беріп қояды.

Самал абдырап қалды.

– Ағатай, айып етпеңіз, сұрағыңызды түсінбедім, – деді дауысы дірілдеп.

Абылай әлдебір папканы ашып, ішінен құжат алып, көз жүгіртті де, қайта сөйледі:

– Сейітқызы Айман. Бір ай бұрын қайтыс болған. Ресми тіркелген. Бірақ қазір қабірі бос. Мәйіт қайда? – деді үнін баяулатып, бірақ нық сеніммен.

– Мен қайдан білемін?.. – деп күмілжіді Самал. Көзі бірде терезеге, бірде үстелге ауып, мазасыздана бастады.

Абылай кілт тоқтады да, бірден тура қарады:

– Самал, сіз айтпағанмен, біз білеміз. Бұл ауылда науқастарға ем жүргізетін маман – өзіңіз. Айманның диагнозын дұрыс қоймағансыз. Дерт асқынып, салдары өлімге әкелді. Жауапкершіліктен жалтару үшін өлім актісін қолдан толтырып, «табиғи себептен көз жұмды» деп жаздыңыз.

Абылай сөз арасында үзіліс жасап, Самалдың жан күйзелісін бақылап отырды. Сосын сөзін жалғады:

– Алайда артынан мәйітке эксгумация (қайта қазып зерттеу) жасалуы мүмкін деген күдік пайда болды. Өз біліксіздігіңіз ашылып қалмасын деп, мәйітті түн жамылып қабірден қазып алып, оны белгісіз бағытқа алып кеткенсіз. Мақсат – дәлелді жою.

Бұл сөздер – нақты айыптау емес, алайда «ықтимал нұсқаны» шеберлікпен тұспалдаған сұрақтар еді. Тергеуші тілінде – тактикалық психологиялық қысым деп аталады. Күдіктіні өз айыбын мойындату үшін істі алдын ала біліп тұрғандай сөйлеп, жалған констатация тәсілін қолдану.

Самалдың бет-жүзіне үңілген Абылай күтіп отыр – кез келген ұсақ мимика, кідіріс немесе демігіп жұтқан тыныс – бәрі маңызды. Бұл – шешуші сәт. Дегенмен, дәрігер сыр алдырмады. Демін ішке тартып, бір сәтке үнсіз қалды. Жанарыннан үміт пен күдік һәм қорқыныш байқалады, бірақ сабырмен бекінген сенімділік бар. Қолдарын үстелге жайлап қойып, тыныш қана тіл қатты:

– Ағай, сізге түсінікті болу үшін бірден айтып өтейін. Сейітқызы Айман – 1952 жылы туған, 73 жаста еді. Бізде тіркелген. Соңғы алты ай ішінде кемі үш рет амбулаториялық бақылауда болды. Диагнозы – созылмалы жүрек жетіспеушілігі, ІІ–ІІІ дәрежелі, қосымша гипертониялық ауру, II сатысы, дисциркуляторлық энцефалопатия, және жасқа байланысты синильді деменция.

Абылай үндемеді. Самал ары қарай сөзін жалғады:

– Науқас өмірінің соңғы кезеңінде тәуліктік қысымы тұрақсыз болып, систолалық көрсеткіш кейде 180-ге дейін жеткен. Аппетит төмендеген, есте сақтау нашарлаған, жалпы әлсіздік байқалды. Бұның бәрі – қартаюға тән физиологиялық үдерістердің салдары.

– Қайтыс болған күні қандай жағдай тіркелді? – деді Абылай, нақты сұрақ қойып.

– Ол күні түнгі сағат 2 шамасында шақырту түсті. Барғанымызда науқастың пульсі әлсіз еді. Тынысы үстірт, үзік-үзік.  Бұл – терминальді жағдай. Жасанды желдету құралымыз болмаған соң, тек симптоматикалық көмек көрсетілді. Арада 15 минут өткен соң, биологиялық өлім тіркелді.

Осы сәтте Самал сөмкесінен папка алып, ішінен патологоанатомиялық қорытынды, өлім туралы медициналық куәлік, және мәйіт тасымалдауға рұқсат беретін әкімдік қаулысының көшірмесін ұсынды. Тергеу бөлмесінде үнсіздік орнады. Абылай орнынан тұрып, терезеге қарап біраз тұрды. Сосын құжаттарды үстелге қойып, жымиғандай болды:

– Жарайды, Самал ханым. Біліктілігіңіз көрініп тұр. Әзірге сұрақтарым осы. Сіз боссыз, бірақ ауылдан алыстамаңыз.

Мұның бәрін көрген Бек таңғалды.

– Вот, вот это профессионализм! Браво, Абеке! – деді ол алақанын шапалақтап.

Ауылдың ортаңқол инспекторы үшін бұл көрініс тым әсерлі еді. Абылай әңгімені әрі қарай жалғады:

– Дәрігер дұрыс айтып отыр. Білімді-ақ! Қате ем жасаған күннің өзінде өзін оңай ақтап шыға алады. Так что, оған мәйітті жасырудың да, жоюдың да қажеті жоқ. Кез келген тексерістен іліксіз өтіп кете алады.

– Абеке, көрші ауылда бір көріпкел бар. Соған барып көрсек қайтеді? Бұрындары бірлі-екілі мал жоғалғанда, тап басып тауып берген, – деді Бек.

Ойланбай сөйлегенін өзі де бірден түсінді. Сөзін әзілмен аяқтап, жайсыздықты жуып-шаймақ болды:

– Бірақ сен бұл жайлы ешкімге айтпа. Ауылдағылар мен таптым деп жүр. Сүйіншісін де алғанмын. Так что, тәуіпті ешкім білмесін.

Бектің сандырағы кәсіби криминалист үшін күлкілі естілді. Бірақ басқа амал да қалмағандай көрінді.

– Неге көрмеске? Кеттік, – деді Абылай.

Екеуі 50 шақырым жердегі көрші ауылға аттанды. Оларды алдынан бір кәрі шал қарсы алды. Келбетіне қарап, көріпкел деу қиын еді — кәдімгі қарапайым ақсақал.

Ол ақырды, шақырды, бірлі-екі тасын лақтырып, қысқа қайырды:

– Мәйіт жоқ.

Абылай ашуланып кетті:

– Ей! Сен ойнап отырмысың? Мәйіттің жоқтығын мен де білем! Қайда кеткенін айт, соны сұрап отырмыз ғой!

– Балам, мәйіт жоқ. Жердің астында да, үстінде де жоқ.

– Енді не, ғайыптан тайып көкке ұшып кетті дейсің бе?

– Мүмкін…

Қош, бұлардың келгенінен кеткені тез болды.

Жол бойы Абылай Бекке ашу шақырып келді:

– Саған сенген мен де ақымақпын. Мынау тәуіп емес, нағыз алаяқ қой! Қайда әкелгенсің мені?!

Осылай жүргенде тағы бір апта өтіп кетті. Абылай да, оның жедел тобы да әлі осында – дым таппады. Әкім күн сайын кеңес өткізеді. Бір сценарий, бір әңгіме – күнде қайталанатын жағдай. Ал бүгінгі таң мүлде басқаша атты. Ауылда тағы бір мәйіт қабірінен қазылыпты. Бұл жолы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған Шегебай шалдың қабірі ашылған. Сүйегі қурап кеткен марқұм кімге керек болды екен? Абылай бастаған бір топ зиратқа жетті. Қатарларында Бек те бар. Бұл жолы мәйіт ұрланбапты – жердің бетіне шығарып алып, суретке түсіріп, дәйектер жинап бақты. Алайда көзге ілінерлік ештеңе жоқ. Кейін ішке келіп, түсірілген фотоларды үлкейтіп шығарып қойды. Қанша үңілсе де, ештеңе байқалмады. Әңгімені Бек бастады:

– Шегебай шал кетік болған екен ғой, – деп әзілдеді. Шынында, екі күрек тісі жоқ екен.

– Иә, рас, – деді Абылай. Сәл кідіріп, сөзін жалғады:
– Қараңдар, тістер күштеп алынған секілді. Жақ сүйегі сәл үгітіліпті. Марқұмның тірісінде түскен фотосы бар ма? Күлімдеген кезі керек.

– Сұраттыруға болады. Немересі менімен бірге оқыған. Қазір хабарласамын, – деді Бек.

Абылайдың күдігі рас екен. Марқұмның суреті келгенде, істің ілігі шыққандай болды. Шегебайдың алдыңғы екі тісі алтын екен. Яғни, ұры күрек тістерін қағып алған болса керек. Сағымдай көрінген жағдай анықтала түсті.

– Ұры осы ауылдікі болуы мүмкін. Ауылдағыларды тұтас танитын секілді. Себебі, бірнеше жыл бұрын қайтқан адамның аузындағы тісі алтын екенін біліп тұр.

– Рас-ау, Айман әжейдің де алдыңғы тістері алтын еді, – деді Бек.

Іс ушыға түсті. Екі ұрлықтың да бір-біріне ұқсастығы бар. Ал көлік апатынан қайтыс болған әлгі жастардың жағдайы ше? Үшеуінде де бір қылмыскер болуы мүмкін бе? Осындай сұрақтың жетегімен жедел топ біраз үнсіз отырды. Кейін Абылайдың бұйрығымен бұлар да зиратты күзететін болып келісті.

– Дәніккеннен құныққан жаман, – деп, – тіс қаққыш қайта келеді, әліптің артын бағайық, – деді Абылай.

Не керек, бұлар апта бойы моланың басын торыды. Ара-тұра ас-су үшін ауылға барғаны болмаса, күні-түні сонда. Ақыры, күдікті көзге түсті. Сол кеште кезекші күзетшілікте Абылай мен Бектің өзі еді.

Жетінші түн. Таңның атуына тақау кез еді. Қалың тұман басқан. Аспан – ауыр, бейіт – меңіреу.

Бір мезет… алыстан тақырға тиген тұяқтың үні естілді. Абылай мен Бек тынып қалды. Қарауытқан тұстан жалғыз салт атты көрінді. Атын жәй ғана жетекке алып келеді. Иығында мылтық. Қимылы — сыралғы. Бейтаныс емес бұл мекен оған. Салт атты қорымға еніп, үшінші көшенің тұсында тоқтады. Атын жыңғыл арасына байлап, мылтығын сүйеп қойды. Артынан аттың тоқым астынан күрек суырды. Сабы қысқа, бірақ сабалақ істің құралы. Күмән жоқ — ниеті белгілі.

– Мылтық жерде. Жабыла кетейік, – деді Бек ақырын.

– Жоқ. Қазір емес, – деді Абылай сыбырмен. – Ұстасақ, дәл істің үстінде ұстау керек. Әйтпесе бұл да жолаушы кейпіне еніп, сытылып кетеді.

Иә, ол белгілі еді. Мұсылманшылықта бар. Түн жорытқан жолаушы зиратқа қонатыны бар ғой. Абылай осыны айтқысы келіп, алайда, күдікті естіп қояр деп іштен тынды. Сол сетте салт атты қазуға кіріскен еді.  Шыңылтыр күрек бір рет, екі рет — қара жерге кірш етті. Бек тістеніп, әр шапқан сайын тыжырынып отырды. Кенет көзі атыздай ашылып кетті:

– Әкеңнің… Анау – біздің батяның моласы ғой! Оның да тісі алтын еді…

Абылай басын изеді. Бірақ сабырынан айрылмады. Қылмыскер тізеден қазып тастаған кезде ғана Абылай оң қолын зиратқа қарай сілтеді.

– Камераны қос, – деді Бекке. – Бәрін тірке.

Өзі жер бауырлай жылжи берді. Сол сәт…

– Қазір! – деді Абылай.

Екеуі бірдей ұмтылды. Қылмыскер жалт қарағанымен, үлгермеді. Абылай үстінен қона кетті. Құлаған күйі қазып жатқан қабіріне қарай домалап түсті. Бек жүгіріп барып, қолын қайырып байлады.

– Тыныш! Қозғалма! – деді Абылай.

Күдікті бұлқынып көрді. Болмады. Қол байлаулы. Қазған орға өзі сұлап жатыр. Бұл – Сәт еді.

***

Алты ай өтті. Аудан орталығында Айман Сейітқызының мәйітін ұрлаған күдіктіге сот үкімі оқылып жатыр.

  • 1984 жылы туған, Қызылбас ауылының тұрғыны Сәт Үкібайұлына Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 314-бабы бойынша, яғни өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау айыбы тағылып отыр. Күдікті өз қылмысын толық мойындады. Тергеу барысында бар шындықты айтып, жедел тергеу тобына жәрдемдескені, бұрын сотты болмағаны, жетім өсіп, бауырларының жалғыз қамқоршысы екені ескеріле отырып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеу белгіленсін. Үкім осы сәттен бастап заңды күшіне енсін және орындалуға жатады, — деді судья.

***

Қош, Сәт сотталды. Бұрын тіс дәрігері болған ол мәйіттердің алтын тісін қағып алып, соны саудалауды кәсіп етіп келіпті. Кімге қандай тіс қойғанын білетін болғандықтан осыған басқан көрінеді. Ол бәрін мойындады. Айман әжейдің де, Шегебай қарияның да қабірін қазған — сол. Тіпті, жол апатынан опат болған жас жігіттерге де ұмтылғаны рас екен. Бірақ онысы бос әуре болғанын айтыпты.

– Шалалығым болды. Өңшең жастарда алтын тіс қайдан болсын?.. – деп түсіндіріп, кейін білетін, көзі жеткен зираттарды ғана қазып келіпті.

Алайда бір жұмбақ — сол күйі ашылмады. Сәт Айман әжейдің мүрдесін қайтадан орнына қойғанын айтты, бірақ… кейін қабір қаңырап қалған. Жер жастанып жатуы тиіс жан — жоқ. Із де, белгі де жоқ.

Көпшілік сене алмады.  Көңілге қонымдысы ауыл молдасының айтқаны еді.

– Ертеде, жақсы адамның денесі қараңғы көрде қалмайды, – деген еді ол бірде..

Бұл сөз ауыл ішіне әп-сәтте тарап, әпсанаға айналды. Қарапайым ғана Айман апа — енді ел аузында әулие.

–  «Жарықтық , жақсы адам еді. Сүйегі де жайында жатпай, періштеге

айналып, жарыққа оралған болар…» – деді жұрт… Тіпті, әлгі тәуіп айтқандай, көкке көтеріліп кетті ме екен..? Кім білсін?! Ұлы Жақып та, жұрт та имамның айтқанына иланды. Кейін қабірдің басына құрбан шалып, құран оқытып, қайта көмді. Жамағат жиналды. Жанарлары жәудіреп, оқтын-оқтын көрге қарайды. Бірақ қабір бос. Қалың көлеңке, салқын сыз бір құпияны бауырына бүгетіндей… Оның өзі қара құмның ішінде қала берді.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Хакердің қолтаңбасы

Қала жұрты шырт ұйқыға кеткенде әлдебіреу ақпарат жүйесіне ұрлана...

ҚИСЫҚ

Айдауыл Жаңбыр себелеп тұр. Алдымда балшық кешіп, аяғын әзер алып...

КӨМБЕСІ КӨП ЖЫЛДАР

(Детектив әңгіме) «Шуақты сити» мөлтек ауданы, 7-үй, 7-қабат, 77-пәтердегі Бұланның...

Детектив – күрмеуі қиын, күрделі жанр

Жазушы пікірі Одақтың оң қадамы         Бұрындар, заман ағымының құйынды желіне...

Шамиль шалдың құпиясы

           «Висяк» болып жатқан қылмыстық істерді ашуға көмек көрсету...