12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қақпа алдында ағасы қарсы алды: Семейде туыстар он жылдық үзілістен кейін қайта қауышты

Абай облысы бойынша ҚАЖД-нің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталған азамат босатылды. Бұл оқиға ерекше мәнге ие болды, себебі мекеме қақпасының алдында оны он жылдан астам уақыт байланысы үзілген туған ағасы қарсы алды.

Семей қаласының 55 жастағы тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін он жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жазасын өтеу үшін ол қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесіне жіберілді. Қамауда болған кезеңде ер адам мекеме аумағындағы тігін цехында жұмыс істеп, өндірістік қызметке белсенді қатысты.

Мекеме қызметкерлерімен болған әңгімелердің бірінде сотталған азамат өз өмір жолы туралы айтып берді. Ол қарапайым отбасында өскенін жеткізді: әкесі жүк көлігінің жүргізушісі болған, анасы екі ұлын тәрбиелеуге бар уақытын арнаған. Ағасы мектепте озат оқып, спортпен шұғылданып, кейін кәсіпкер атанған. Ал өзі, мойындауынша, басқа жолды таңдаған.

— Маған үнемі «ағаңнан үлгі ал» деп айтатын. Бірақ менің өмірім басқаша өрбіді. Соның нәтижесінде ол табысты адам болды, ал мен — ұры әрі алаяқ атандым, — деді сотталған азамат.

Ата-аналары қайтыс болғаннан кейін ағайындылар арасындағы қарым-қатынас мүлде үзілген. Ағасы оның өмір салтынан ұялып, байланысын тоқтатқан. Бас бостандығынан айыру орындарына түскен соң, ол мүлде жалғыз қалды — оның әйелі де, балалары да болмаған.

— Туыстары келіп, хат-хабар алып жатқан адамдарға қызыға қарайтынмын. Менің жалғыз арманым — бір күні туған ағамның мені қақпа алдында қарсы алуы еді, — деп бөлісті ол.

Бостандыққа шығар алдындағы күні ер адам мекеме қызметкерлерінен ағасының оны қарсы алуға дайын екенін естіді.

— Он жыл бұрын мен оны колония қақпасынан үмітпен қарсы алған едім, бірақ көп ұзамай ол қайтадан түрмеге түсті. Ұзақ ойландым. Бірақ біз енді жас емеспіз, бір-бірімізден басқа ешкіміміз жоқ екенін түсіндім. Оның жаңа өмір бастап, отбасы құрып, қайтадан жақын болуымызды қалаймын. Аяғынан тік тұруына көмектесуге дайынмын, — деді босатылған азаматтың ағасы.

Бостандыққа шыққан күні ағайындылар мекеме қақпасының алдында үнсіз құшақтасты — артық сөзсіз, бірақ болашаққа деген үлкен үмітпен.

— Біз сотталғандардың босатылуына жиі куә боламыз, әр оқиғаның өз толқынысы бар. Алайда бүгінгі кездесу ерекше әсер қалдырды. Жылдар өткен соң туыстардың бір-бірін кешіріп, жоғалған байланысты қайта жаңғырта алғанына куә болғанымызға қуаныштымыз, — деді мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.

Брат встретил у ворот: в Семее родственники восстановили связь спустя десять лет разлуки

В учреждении максимальной безопасности УИС по области Абай состоялось...

Для осужденных женщин проводились курсы профессиональной подготовки

В целях исполнения пункта 3.7 протокола, проведённого Руководителем Администрации...

Сотталған азаматшаларға кәсіби курстар өткізілді

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының А.А. Дадебай төрағалығымен өткен...

Жетісу облысында пробация қызметі профилактикалық шара өткізуде

Жетісу облысы Ескелді аудандық пробация қызметі жергілікті полиция қызметкерлерімен...