Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді:
“Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да қан тамшылары шашырап, сіңіп қалған екен.
Бұл тосын жағдайды естіген кітапхана ұжымы түгел шошынды. Одан оқырмандарға жетіп, гөй-гөй әңгіме қалаға тарап кетті.
Өлген ешкім жоқ, өлтірілген ешкім жоқ. Қан да, жазу да жұмбақ. Жедел іздестіру бөлімі істі кәнігі детектив – Арсен Рахымовқа жүктеді. Оны қаладағы жұрт «қазақтың Шерлок Холмысы» деп атап жүргеніне көп болмаған.
Арсен дәптерді қолына алып, әуелі сиясына назар аударды.
– Бұл жазудың жазылғанына айдан асқан, – деді жіті зерттей.
– Бірақ, қан…
Арсен қағазға сіңіп кеткен қанды иіскеп басын шайқады. – Мұның қан екеніне күмәнім бар…
Ол дәптердің соңғы беттерін жарыққа тосып, әр жеріне жазылған сандарға үңілді. Бұл жазу еріккен баланың шимайы болуы да мүмкін. Қылмысты ашатын құпия код болуы да ғажап емес.
– Бұл сандар емес, әріптер, – деді Арсен Қасенұлы күліп. – Әліпбидегі орындарына қарасақ, “Құпия” деген сөз шығады.
Кітапхананың жертөлесінде орналасқан қойманың шаң басқан сөрелерінде негізінен аса құпия құжаттар мен құнды кітаптар сақталады. Мұнда кез келген адамға кіруге рұқсат жоқ. Тіпті, кітапханашылардың өзі де беталды кіре бермейді. Министрліктің арнайы рұқсат қағазы болмаса темірмен қоршалған есіктің босағасынан ешкімнің де аттай алмайтынтынын білетін детективке мұндай «әзілді» кімнің жасағанын білу өте қызық болды. Қолындағы қалың линзалы лупасымен сыртына дақ жұққан кітаптарды, шаң басқан сөрелердің бәрін көріп шықты. Жуық арада түскен саусақ ізін байқамады. Кіріп-шыққан аяқ ізі де жоқ. Қан тиген дәптер дереу-ақ экспертизаға тапсырылған соң кітапханашылардың бәрінен сұрақ-жауап алынды. Ұжым мүшелерінен мардымды жауап болмады. Үрейленген олар тіпті аузын ашпады.
Күдік тудыратыны кешкі ауысым кезінде жеті минутқа жарық сөніп қалғаны. Анықталғанындай қалада да, көшеде де бұл уақытта жарық болған. Бағдаршам жұмыс істеп тұрған. Істің ізіне түсу үшін Арсенге осының өзі жеткілікті еді.
Алдымен сол күнгі келушілер мен оқырмандарды мұқият бақылады. Бейнебақылауға жазылған бейнелерден күдікті ештеңе байқалмады. Студенттер мен ерікті оқырмандар, папкасын көтерген ғалымдардан басқа бөгде адам көрінбейді. Кітапхана директоры түгелінің дерлік түрін танып, жиі бас сұғатынын айтып отыр.
Арсеннің сезгеніндей дәптер бетіндегі дақ қан болмай шықты. Экспертиза бөліміне барып айғақты қайта зерделей қарады. Жарыққа тосқанда бетіндегі қоңырлау дақ ерекше көрінді. Алғашында ол қарапайым кофе не сия деп ойлаған. Бірақ, тәжірибелі детектив дақты арнайы ерітіндімен тексеріп, зерттеу нәтижесіне тағы таң қалды. Бұл қарапайым қан емес, ескі кітап парақтарының көгерген дағының әлдебір қышқылмен реакцияға түскендегі көрінісі еді. Кітапхана қоймасындағы белгілі бір кітап қоры көгеріп кеткен болуы мүмкін деп ойлаған детектив дереу жиналып кітапханаға бет алды. «Ешқандай қылмыстық құрамның белгілері жоқ» деп істі қысқартуға мүдделі болып жүрген директор еріксіз қоймаға түсуге мәжбүр болды.
– Арсен мырза, осы істі қысқартсақ қалай болады? Өлген де, жарақаттанған да адам жоқ. Шағым да түспеді. Иә, алғашқыда шошып кеткеніміз рас. Бірақ, дақтың өзі қан болмай шықты. Енді неге әуре боламыз? Тіпті, бар ғой, жұмысымыз тоқтап, ұжым қожырап кетті.
– Сонда сізге, министрліктің рұқсатынсыз кіре алмайтын құпия бөлімге біреудің еркін кіргені, кіріп қана қоймай баланың ойыны сияқты әлдебір құпия код жазып, әлдебір дақты қалдырып кеткені де қызық емес пе? Тым құрығанда осындай бассыздыққа кімнің барғанын да білгіңіз келмей ме?
– Жо-о-оқ, қылмыскер анықталса кәнеки. Бірақ, мені қинап отырғаны осы істің кітапхана абыройына нұқсан келітіріп жатқаны. Ел ішінде тылсыми әңгіме тарап, соңғы күндері оқырмандарымыз да азайып кетті. Іс-шараларымызды өткізе алмай отырмыз. Жоспар орындалмаған жағдайда біздің хәлімізді өзіңіз де түсінесіз ғой.
Күзетші құпия бөлменің есігін сықырлатып жатқанда детектив директордың соңғы сөздерін естімеді де.
Қоймадағы шаң иісі сіңіп қалған ескі парақтар арасынан ол тағы дәлел іздеді. Бірақ, бұл жолы сан жылдық газет тігінділерінің бір шетіндегі 34 деген таңбаны байқады.
– Бұл жай сан емес, — деді Арсен. – Мүмкін кітаптың нөмірі..
Кітапхана қызметкерлерінің тізімінен “34” деген белгісі бар томды тауып алды. Ол “Қазақ әдебиетінің алтын қоры” атты қалың жинақ болып шықты. Арсен қайта қоймаға жүгірді.
– Ең құнды, құпия деген кітаптарыңыз қайсы? – деп сұрады арнайы бөлім меңгерушісінен.
– Жоғарғы қатарға тізілгендер. Оны алу үшін саты керек.
– Оларды неге шыныға салып, келушілердің назарында ұстамайсыздар?
– Ол мүмкін емес. Жылына бір рет қана Орталық музейдің көрмесіне апарамыз.
– Оларды түгел деп ойлайсыз ба?
Арсен Қасенұлы сырты арнайы қапталған ең көне кітаптың бірін қолына алды. Салмағы зіл батпан кітаптың ішінен қырқылған ақ қағаз ғана шықты. Келесісін ақтарғанда да мұқабаның ішінен суылдап ақ парақтар түсіп жатты. Саты үстінде тұрып директорға назар салған еді, екі көзі шарасынан шыққан ол қорқудан қалш-қалш етіп тұр екен. «Бұл не? Бұл қалай?» дегеннен басқа аузына түк түсер емес.
– Кітапханаңыздағы ең көне, құпия кітаптардың түпнұсқасы кімге керек болды деп ойлайсыз, директор ханым? – деді детектив сатыдан түсіп.
– Білмеймін ғой… қалайша? – деп далбасалаған директор сұраулы жанарын бөлім меңгерушісіне төңкерді. Күзетші өзіне төнген қауіпті енді бағамдап, тілі күрмелді.
– Ештеңе білмеймін мен. Камераны көрейік… камераны…
– Камерада ештеңе де жоқ, – деді детектив даусын қатайтып. Сіздер құнды кітаптарды ұрланды деп ойлап отырсыздар ма? Егер солай болғанда өте жақсы болар еді. Өкінішке орай олай емес.
Бөлінген қаржыны жымқырып, бөлмені талапқа сай температурада ұстамай құнды кітаптарды көгертіп алғансыздар. Содан көгерген кітаптарды жойып, бөлменің иісін кетіру үшін түрлі химиялық сұйықтық қолданғансыздар. Соның салдарынан мұқабалардағы көгерген дақтар реакцияланып, қою қызыл түске еніп, қатқан қанның ізіндей болып мұқабаға сіңіп қалған. Яғни, көптен бері бұл бөлмеге еден жуушыдан басқаңыз кірмегенсіздер. Енді, көгерген кітаптарды сейфіңізден шығара берсеңіз болады, – деді детектив кетуге жиналып.
– Тоқтаңыз, сізге жалынамын, өзіміз келісейік. Мұны ешкім білмей-ақ қойсыншы. Бізде ол кітаптардың көшірмесі бар. Түпнұсқасындай етіп жасатып қоямын. Тіпті, өз қаржыма жасатамын. Тек ешкім, ештеңе білмей-ақ қойсыншы. Арсен Қасенұлы, жалынамын.
– Жарайды делік, бірақ, қағаз бетіндегі «Ақиқат мен өлген кезде ғана ашылады» деген жазуды неге жаздыңыз?
– Білмеймін. Есім шығып кетті. Ия, қыс суық болды, жылу дұрыс болмады. Желдеткіштер ескі, бірінен соң бірі істен шықты. Өзім де мән бермедім. Көктемде қарасақ құнды дүниелеріміздің бәрі көгеріп кетіпті. Менен алдыңғы директордың пысықтық қылып, бәрінің көшірмесін жасатып қойғаны жақсы болар ма, биыл көрмеге соларды қолдандық. Түпнұсқа кітаптарға ешкімнің қол тигізуге рұқсаты жоқ, сол үшін де білінбесін деп ішін ақ параққа толтырып қойдық. Мұқабаларының сыртындағы көгерген мүкті жаңағы столдың үстінде тазалағанымыз бар. Парақта қалған дақ расымен де сол көгергеннен қалған дақтың реакцияланған түрі шығар. Басым ауырып кетті ғой. Енді не істеймін, айтыңызшы?
– Сізге ең жақсы жолды көрсетейін бе? Шындықты мойындаңыз, немқұрайдылығыңыз үшін жауап беріңіз. Дұрысы осы. Ал, енді, сейфіңізді ашуға рұқсат етіңіз. Кодын өзіңіз-ақ жазып қойыпсыз.
– Есім кіріп-шығып жүріп, ұмытып қалмайын деп осы параққа түсіріп қойдым. Бірақ, әр санды парақтың әр шетіне жазып едім ғой…
– Менің детектив екенімді ұмытпаңыз. Тіпті, 3-4 айдан кейін жұмыс ауыстыруға әрекет етіп жүргеніңізді білемін. Бірақ, енді ол бола қоймас. Мемлекеттің мүлкін бүлдіргеніңіз үшін жауап беретін боласыз.
Бақтыгүл АУДАНОВА,
Шымкент қаласы.