Сол күні əжемнің жанына жаттым. Əжемнің таңертең ерте тұратынын білсем де, ертегісін тыңдағым келді. Ұйқы көзге ілінгенше əжем ұзын-сонар ертегі айтты. Қатты ұйықтап кетіппін. Əжем түн ортасы ауа сыртқа шыққанда, бір уыс шашым шашбауына ілініп қалып, өзімен бірге мені де тартып оятты. Мен де апыл-ғұпыл əжеме сүйеніп, онымен бірге ілесе тұрдым. Əжем: – Жаным-ау, неге тұрдың, ұйықтай ғой, – деп өбектеп жатыр. Мен де ұйқылы-ояу əжеммен ілесіп тысқа шықтым. Мұндай керемет таң самалын бұрын көрмеппін. Əлгінде ғана көктемнің ақ жаңбыры себелеп өткен сияқты. Бесінде əжем ала сиырды саууға шыққанда жүндей түтілген сұрша бұлт айды арқалап тұрған-ды. Далада айлы аспаннан сүт сəуле құлап тұр екен. Маржандай тізілген қиял тізбегі, мөлдір дала. Айнала қара адыр, қамыққан ауыл. Біздің ауыл құмдауыт шеге топырақты жерде орналасқан. Қазақы үйлер, зəулім ғимараттар жоқ, бəрі алақандағыдай көрінеді. Көшкен бұлт ылдида құлап жатқан теңізді де тұмшалап алған. Ауданнан жүз шақырымдай шалғайда орналасқан ауылда бейсауыт адам жүрмейді, халқы бір-бірін жақсы таниды. Құмды айнала дəрет сындырып алдық. Үйдің алдындағы құмдауыт жолдан мезгілсіз уақытта мəшине сырғып өтті. Көлік бұл ауылдыкі емес, түнде адасып жүрген болар. Ауылдың жанынан үлкен жол өтеді неге сол жолмен жүрмегеніне таңдандым. Біздің онда шаруамыз не? Таңертең ауылдан шу шықты. Біздің үйден бірер үй ілгері қоныс тепкен көрші əжейдің бұзаулы сиыры ұрланыпты. Ауыл малы қора айналасында желдің өтіне тұмсығын төсеп, қалаған жерінде жатады. Бұл масадан қорғанған түрі. Əсима əжейді ауыл іші қатты құрметтейді. Асыраушы жалғыз қызы тұрмысқа шығып, сауып ішіп отырған жалғыз сиырынан аяқасты айырылып қалды. Менің де əжем жалғыз, бірақ ол кеңестің жұмысына ерте араласқан, ауылнай болған көзі ашық кісі-тін. Таңертеңгілік шайды қанып ішіп алған əжем, дастарқанды шетінен қайырды да, «қазір келем, үйде отыр» деп асығыс сыртқа шығып кетті. Əжем сол кеткеннен түс əлетінде бір-ақ оралды. Үйге кейістік танытып кірді де, «көргенсіз найсаптар, жалғыз басты кейуананы шырылдатып қай пұшпаққа барар дерсің, жазасын тартар!» деді сүйретпелі кебісін шешіп жатып. – Гүлшетай, бүгін түнде екеуміз далаға шықтық, сонда мезгілсіз жүріп өткен мəшинені көрдік, содан не ой түйдің? – Əже, мен қайдан білейін, қараңғы түнде адасып жүрген біреу шығар? – Жоқ, қалқам, адасып жүрген біреу емес, түнде үйдің іргесінде жатқан Əсима əжеңнің бұзаулы сиырын тиеп алып кетіпті. – Қалай?! Ой, айналайын, бүгінде адамнан асқан хайуан болмай тұр ғой, не болса да бұл іс солардың ісі. Жаңа ерте кеткенде, селсоветке барып, осыны айтып келдім. Шіркіндер, із тастамай кетіпті, əккі ұрылар сияқты. Қайда кетер дерсің, əйтеуір күн көзіне бір шығар! Орекең орнында екен. «Түс қайта ауыл белсенділерін шақырамын, апа! Соған қатысқаныңыз абзал болар еді», – деді. Орекең – осы ауылдың бастығы. Жарығым, Гүлшетай, түндегі суыт жүрген мəшинені сен де көрдің ғой, менімен жиналысқа сенің де барғаның дұрыс. – Əже, мен əлі кішкентаймын ғой, менің сөзіме кім сенеді? – Мəселе, жаста емес, алғырлықта, қалқам, бол енді, кешігеміз. – Бізге сенбесе ше? – Менің сендіретін дəлелім бар, ол сен. Кеше түзге шыққанда əлгі мəшиненің нөмірін дымқыл құмға сызып жазып кеткенмін. Қазір қолыңа қағаз, қалам ал да, соны жазып кел, өшіп қалмаған болар. – Ой, əже, ертең бүкіл ауыл күлмей ме, əжетін өтеп отырып та, үкіметке пайдасын келтіреді деп. – Айтса айта берсін, көрген мен ғой, ал сен куəгерсің. Селсовет ағай жиналысқа кешігіп келді. Жиналғандарды дереу кабинетіне шақырып, ауылдан кеше мал ұрланғанын, ұрының сырттан келгенін айтты. Ағай ашулы кейіп танытып: – Кейбіреулер менің онда шаруам қанша деуі мүмкін. Елде ұрлық тараса, əділетсіздік орнайды. Енді олай болмайды, Мемлекет басшысы бізден əділеттіктік орнатуды талап етіп отыр. Сондықтан қылмыстың көбеюіне жол бермей, білгендеріңізді айтыңыздар! – деді. «Пұшық мұрынның есесі ернінен шығады» демеуші ме еді, ешкім үндей қоймады. – Ағайындар, көргендеріңіз бар ма, кімде қандай пікір бар, – деді бастық ағай, бір жөткерініп алып. Үнсіздікті əжем бұзып, алдымен сөз алды. – Кеше түнде далаға шықтым, қасымда мына қызым болды.Түн ортасында мезгілсіз уақытта бір мəшине үйдің алдынан саудырап өтті. Жүрісі суыт сияқты көрінді. Мен дереу мəшиненің нөмірін құмға бастырдым. Міне, қызым соны қағазға түсіріп əкеліп отыр, ендігісін өздеріңіз шешесіздер. Ағай ұсынған қағазды аударып көрді де, «Мынау біздің облыстың нөмірі емес қой, дереу орталыққа телефон шалайын», – деп телефон құлағын бұрады. – Алло, аудандық полиция бөлімінің бастығы ма? – Иə, сұрап тұрған кім? – Мен Жаңақұрылыс ауылдық кеңесінің төрағасы Мелшекеновпін. Кеше түнде біздің ауылдан еңбек ардагерінің бұзаулы сиыры ұрланды, əзірге күдігіміз, түн ортасында ауыл ішінен өткен белгісіз нөмірлі мəшинеге түсіп отыр. Көлік сағатына 80 шақырым алғанның өзінде аудан шекарасынан шығып кете қоймаған болуы керек. Ұрыны ұстауға көмек сұраймыз, – деді қорадағы өз малы ұрланғандай. Орнынан тұрған күйі бір қара қорапшаны қолына алып: – Алло, алло, мен Мелшекеновпын, ауылдан мал ұрланды, бейсауыт көлікті көрсеңдер, дереу рация арқылы хабар беріңіздер, көздеріңіз жетсе, сабырмен жолын бөгеуге əрекет етулеріңізді сұраймын, – деді бəріне естіртіп. Рация дегенді сонда көрдім, ол шалғайда жатқан малшыларға ғана беріледі екен. Жиналыс бір сағатқа созылды. Менің үлкендер арасындағы болатын жиналысқа алғашқы қатысуым. Ауылнай бірер күнде тағы жинайтынын айтты. Шүкірі аз, күбірі көп жұртпыз ғой, кеңседен шыға бергенде жел сөз көбейіп кетті. – Ағай, апайлар қайтадан кеңсеге кіріңіздер, ағай шақырып жатыр, – деді хатшы қыз аптыға сөйлеп. Қайта оралдық. Ауылнай əлгінде ғана рациядан хабар жеткенін, белгісіз көліктің Сырдарияның «Қарлан» қалқымалы өткізу көпірінен өткенін хабарлады. Көлік Өзбекстан еліне тиесілі екені анықталды. Алда Қарақалпақстанның шекарасы. Машина бағыт алған Кəукей ауылы етек-жеңі кең, мың қаралы табынға молынан жететіндей мол атырап. Аудан орталығынан 300 шақырымдай. Жұмсақ құмдауытты жолмен маңдытып жүре алмайсың. Жеңіл көлік болмаса, ауыр техникалар ит ырғыңмен көбік құсап қалқып қалады. Белгісіз көлік Қызылқұмның қыр бөктерінен құлдилаған тұста, «Ақсақал тəуіп» деген жерде жолы бөгелген. Енді 25 шақырымнан кейін Қарақалпақстан шекаралық бақылау-өткізу бекеті. Əккі ұрылардың жолын бөгеген учаскелік инспектор мен шекара қызметінің қызметкерлері. Көліктегі екі адамның құжаттары тексерілген, бəрі дұрыс. Ресейдің Волгоград, Сарытауқым қалаларына жеміс-жидек апарып, елдеріне бос қайтып келе жатқан беті екен. Мəшиненің қорапшасы ашылғанда олар не істерін білмей, аңтарылып қалған. Ұрланған мал, мəшиненің жүк тиелген қорабынан табылған. Олар қолға түсіп, тергеу амалдарын жүргізу үшін аудан орталығына жеткізілді. Арада екі ай өткенде тағы да ауылнайға шақырылдық. Жиналысты бастық көке көңілді бастады. Ол көп оқыған кісі, білмейтіні жоқ, өзі Ресей жақта оқыпты. – Жолдастар, ұрланған мал иесіне қайтарылды. Ұшыға апамыз бен оның немересі қырағылық танытты. Қырағылық демекші, осыған ұқсас бір əңгіме айтайын, – деді ауылнай. – Ертеде Мəскеу жақта көшеде қатты кетіп бара жатқан бір көлік жаяу жүргіншіні жаншып, сүйретіп кетіпті. Жолаушы сол жерде қаза тапқан. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жиналған жұрттан көрген-білгендері туралы сұрау жүргізген. Оқиға орнынан ізін жасырған көліктің нөмері ешкімнің есінде қалмаған. Сол кезде Мəскеуде анасымен қыдырып жүрген қазақстандық жас бала «көліктің соңғы нөмірінде кранның ілмегіндей цифрлар көп болды, мен соны ғана байқадым» депті. Бала өтірік айтпайды, оның айтқаны полиция қызметкерлеріне қиындық тудырмапты. Криминалистер мен психологтардың қатысуымен із кескен полицияның жедел өкілі көлік иесін тез құрықтапты. Сөйтсе, оқиға орнынан жасырынған көліктің нөмерінде 2 саны көп болған екен. Алғыр баланың кранның ілмегі дегенін криминалистер екі санына ұқсатқан. Бүгінгі мысалымыз да осыған ұқсас болып отыр. Үлкен кісі түн баласында қажетін өтеуге тысқа шығады. Сөйтіп отырып, ауылдың ішінен мезгілсіз өткен көліктің нөмерін құмға сызып алады. Міне, сергектік! Ауылнай барлық жиналғандарға алғыс айтты. Бізге ауыл белсенділері алдында қырағылық танытқанымыз үшін алғыс айтылды. Əжеме пілі бар 3 əшмөнке шай, кілем берді, мамама мектеп жиналысында Құрмет грамотасы оған пионер лагеріне жолдама берілген. Мамам айтқан осы əңгіме əлі есімде.
Азат ҮСЕН


