2011 жылдан бері 15 сәуір Ұлттық ғашықтар күні ретінде тойланады. Мәңгілік махаббат символына айналған Қозы Көрпеш — Баян Сұлу күнінің тарихы қандай? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Қозы Көрпеш — Баян Сұлу күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Ол жастар ұйымдарын, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Дархан Мыңбайдың бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты күні көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлай бастады.
2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде ресми іс-шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауық іс-шарасын ұйымдастырды. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.
Қозы Көрпеш — Баян Сұлу эпосы — халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасы тұсында қағазға түсірілді. Қозы мен Баян эпосы Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындар арқылы ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетті.
Белгілі жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің осы аттас пьесасы бар. Шығарма 1939 жылы сәуірде жазылып біткен. Баян Сұлу – Қозы Көрпеш трагедиясы алғаш рет 1940 жылы 29 сәуірде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды. Ал 1992 жылы Асанәлі Әшімов түсірген «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» кинокартинасы көрерменге жол тартты. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу кесенесі бар. 2023 жылы мазар «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енді.
Ғашықтар күнін неге атап өткен жөн?
- Сүйіктіңізге тосынсый жасауға себеп
Сүйіктіңізге жағымды тосынсый жасаңыз. Оның қымбат сыйлық болуы міндетті емес. Бастысы оны таңғалдыратын, жағымды сәтті есіне түсіретін немесе күлдіртетін болуға тиіс. Мысалы бұрын бірге түскен суреттеріңізді шығартып, жаңа әдемі альбом сатып алып, суреттерді оның ішіне қиялыңызбен безендіріңіз. Алайда одан да сыйлық күтпеңіз. Барлық зейініңізді оның қуануына арнаңыз.
Сүйіктіңізге дәмді ас дайындаңыз. Ол оның сүйікті тағамы болуы мүмкін. Әрине, әйелдер үшін тамақ пісіру күнделікті нәрсе болуы мүмкін. Бірақ сіз өз қолыңызбен дайындау арқылы бұл күнді ерекше ете аласыз.
Сүйіктіңізге хат жазыңыз. Ертеден бері сүйіктісіне хат жазу өз сезімін білдірудің ең әсерлі әдісі болатын. Сүйіктіңнен келген хатты ұстап отырудан өте керемет әсерде боласыз. Оны электрон түрде емес, қағазға жазған жөн. Хатқа өзіңіздің сезіміңізді, оның өміріңіздегі орны туралы ашық жазыңыз.
- Бұл қарым-қатынасты нығайта түсуге бір себеп
Ер адам мен әйел арасындағы қарым-қатынаста бір-біріне қошемет сөздер айту, қамқорлық жасау өте маңызды. Сол секілді олар үшін атаулы күндерді атап өтудің де өз маңызы бар. Мұндай ұсақ-түйек нәрселер жиналып, уақыт өте қарым-қатынасыңызға әсер етуі мүмкін.
Сондықтан көптеген маман қарым-қатынасыңыз берік болуы үшін және араларыңыздағы сезім суып кетпес үшін жүйелі түрде кездесуге барып тұруға, демалыс күндері бірге уақыт өткізуге кеңес береді. Ендеше ғашықтар күнін пайдаланып, сүйіктіңізді кездесуге шақырыңыз. Әдемі киімдеріңізді киіп алып, дәмді тамаққа тапсырыс беріп, әңгіме айтып, серуендеп келіңіз.
- Бұл өзіңізге уақыт бөлуге себеп
Егер өз тағдырыңызды жолықтырмаған болсаңыз, бұл күнді өзіңіз атап өтіңіз: сүйікті ісіңізбен айналысыңыз, дәмді тамақтарға тапсырыңыз беріңіз, Spa-процедураларға барыңыз немесе көптен қалап жүрген нәрсеңізді сатып алыңыз. Себебі біз әдетте жұмысқа беріліп, өзіміз жайлы ұмытып кетеміз. Алайда арасында өз-өзіңізді еркелетіп тұру да маңызды. Ендеше мерекені пайдаланып, өзіңізге уақыт бөліңіз!