Судья – сөйлейтін заң, ал заң – сөйлемейтін судья. Мағынасы терең, мәні зор осы қағиданы білмейтін, естімеген адам кемде-кем. Бұл тәмсіл судьяны заңмен қатар қойып, қазы қызметінің маңызын еселеп тұр.
Расында да, Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі мен судьяның мәртебесі арнайы конституциялық заңмен бекітілген. Мұнда сот төрелігін тек судьяның жүзеге асыратыны, судьяның есеп бермейтіні, судьяға ешкімнің ықпал етуге құқығы жоғы заңмен бекітілген. Сот процесінің өтуіне кедергі келтіріп, судьяның заңды өкімдеріне бағынбаған, сот шақыртуына келмеген тұлғаларға заңмен жауаптылық қарастырылған. Осының бәрі мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде сот саласының мәртебесін айшықтайды.
Ал осы сот құрылымындағы басты тұлға – судья. Сот саласындағы жаңашылдықтарды жүзеге асыратын да, сот жұмысының сапасына ықпал ететін де, сот беделін арттыратын да – судьялар. Сондықтан, сот корпусына мықты кадрларды, лайықты үміткерлерді іріктеу аса маңызды. Судья – заңгерлік мамандықтың шыңы. Заң саласында еңбек етіп жүрген мамандардың судья болуды армандамайтыны аз. Бірақ, заңгерлік білім алып, тәжірибесін шыңдаған үміткерлердің бәрі бірдей судья бола алмайды. Себебі, судья болу – халықтың алдында жүру, елдің сынына төзу, өз өміріңнің өзгелердің үнемі назарында болатынын түсіну.
Судья болуға тәуекел еткен адам өзінің ғана емес, соттың да беделіне нұқсан келтірмеуді ойлауы керек. Өйткені, судья тәуліктің 24 сағатында көптің назарында. Судьяның қызметі сот алаңында шешім шығарумен бітпейді. Қазының қимыл-әрекеті, жүріс-тұрысы, биік моральдық бейнесі күнделікті өмірде де мінсіз болуы шарт. Яғни, судья болу – елге қызмет ету, көпшілікке жақсы жақтан үлгі болу деген сөз. Осы үдеге жауап беретін мамандар ғана сот беделін нығайтады.
Төрелік ету өте жоғары психоэмоционалды жүктеме. Судья көптеген күрделі істерге төрелік ететіндіктен, үнемі стресстік жағдайға тап болады. Әділдік алаңында еңбек етіп жүрген судьялардың барлығы жоғары мәртебеге ғана емес, жоғары құрметке де лайық.
Л.Ахметова, Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы