12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Сауатты жан сергелдеңге түспейді

Еліміз тәуелсіздігін алған кезден бастап зайырлы, құқықтық мемлекет орнатуға қадам жасалды. Отандық заңдардың базасы қоғамдық, азаматтық қарым-қатынастарды реттейтін жаңа құқықтық құжаттармен толықтырылды. Сот, құқық қорғау органдарының жұмысы үлкен өзгерістерді басынан кешірді. Осының бәрі азаматтардың құқығы мен бостандығын сапалы, мінсіз қорғау мақсатында қолға алынған іргелі іс-шаралар. Өйткені, құқықтық мемлекетте азаматтардың құқығы бұзылмауы керек.

Өкінішке орай, азаматтардың барлығы бірдей заңдық тұрғыдан сауатты дей алмаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында насихат жұмыстары жүйелі жүргізіліп, құқықтық сауатты көтеретін мәліметтер тұрақты жарияланып тұрғанымен, оған мән беріп, көңіл бөліп оқитындар аз. Тек алаяқтардың құрбанына айналып, қолында барынан ажыраған кезде ғана азаматтар сан соғып, сауатының төмендігінен зардап шеккенін кеш түсініп жатады.

Оның жарқын мысалы – қарыз берумен байланысты. Бізде кейбір азаматтар жақынына, танысына, тіпті өзі жетік білмейтін адамға қолхатсыз қаржы беріп жатады. Ол адам ақшаны қайтармағанда, қарызын созып жүріп алған кезде ғана амалсыздан сотқа жүгінеді. Ал мұндайда не қолында қолхаты жоқ, не жанында куәсі жоқ адамның қарыз бергенін дәлелдеудің өзі қиын. Осыған орай біреуге қарыз берерде оның құқықтық салдарын да ойлаған абзал.

Сондай-ақ, қазір жедел несиенің заманы болып тұр. Екінші деңгейлі банктер несие берерде тұтынушының қарызды қайтару қабылетіне, материалдық мүмкіндігіне мән береді. Ал онлайн несие ұсынатындарда талап аз. Тіпті несиені онлайн рәсімдейтін мұндай ұйымдарға керегі азаматтың жеке басын анықтайтын төлқұжат қана. Соның кесірінен азаматтар мұндай несиенің үстеме пайызының көптігіне назар аудара бермейді. Алайда, онлайн-несиені оңай рәсімдеген азаматтар несиені дер кезінде қайтара алмаған жағдайда туындайтын қиындықтарды есепке алмайды. Себебі шағын несие беру ұйымдарының пайыздары өте үлкен. Мұны сотқа түскен істерден аңғару қиын емес. Осылайша қаржыдан қиналған тұлғалар жеңіл несиеге қызығып, қарызға белшеден батуда. Берешек көлемі өсіп, соған орай шектеулер көбейген кезде қарапайым халық амалсыздан сотқа жүгініп, көмек сұрап жатады. Бұған қоса, қаржы ұйымдары да несие алып, оны төлеуден жалтарып жүргендердің үстінен жиі шағымданатын болған.

Жалпы онлайн-несие қызметін рәсімдеуде туындаған даулар бойынша құқықтық тұрғыдан зерттеу жүргізіп, халыққа оның салдарын түсіндіру кезек күттірмейді. Мұндай дауларды саралай келе түйгеніміз, азаматтар банк несие бермеген соң амалы таусылғандықтан ешбір талап қоймайтын ірілі-ұсақты әлдебір компанияларға жүгінеді. Қарыз аларда оның пайызына да, салдарына да мән бермейді. Сонымен қатар, мұндай қаржы ұйымдарының банк сияқты құзіреті жоқ екенін білген кейбір азаматтардың берешегін қайтармауға тырысатынын да байқап жүрміз. Қалай болғанда да азаматтар берешектен құтыла алмайтынын түсінуі керек. Өйткені қарыз төлемі кешіккен сайын қаржы ұйымдары үстемақы пайызын аяусыз өсіре береді. Осыдан келіп, қарыз алушы мен қарыз берушінің арасында түсінбеушілік туындайды. Былай қарағанда, екеуі де заң бұзушы. Біреуі қарыз қайтармай қойса, екіншісі арнайы сертификат немесе арнайы рұқсатсыз банк ісімен айналысқан. Осындай кезде сот арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін ортақ шешімді табуға міндетті.

Сот – ақ пен қара анықталатын орын. Сот – дәлел, айғақтарға сүйеніп кесім айтылатын тура төрелік алаңы. Төрелік алаңында тек заң басшылыққа алынып, дәлел, дәйек, куәгерлер сөзіне басымдық берілетінін ұмытпау керек. Ал қарызға байланысты, қаржы ұйымдарымен арадағы келіспеушілікке қатысты туындайтын даулардың алдын алу үшін қаржылық сауаттылықты арттыру аса маңызды.

Арстанова Жамиля Науханбековна

Алматы қаласы, Бостандық аудандық сотының судьясы

Дәлелдеу ауыртпалығы

 Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (әрі қарай - Кодекс)...

Тіл мен тәуелсіздік егіз ұғым

Ел халқын топтастырудың аса маңызды факторы саналатын мемлекеттiктiлдi меңгеру...

Татуластыру рәсімдері

 Әкімшілік әділет - мемлекет, қоғам, адам мүддесіне тың бетбұрыс...

Мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтатайық!

Мемлекеттік тілде сөйлеу Қазақстанда тұратын барлық адамға міндет. Өкінішке...

Эксаумақтық соттылық — сотқа деген сенімді нығайтады

Эксаумақтық соттық – сот жүйесіндегі соңғы жаңашылдықтардың бірі. Азаматтық...