Түркістан қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған 10 сотталған адам жұмысқа жолдама алды. Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жоспарға сәйкес жүйелі түрде әлеуметтік – құқықтық көмектер көрсетіліп отырады. Әлеуметтік — құқықтық көмектің бірі – сотты болғандарды жұмысқа орналастыру болып табылады.
Осыған орай жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Түркістан қалалық пробация қызметі мен қалалық Мансап орталығымен бірлесіп «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Пробация қызметі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды және жазасын толық өтеген адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында тоқсан сайын жәрмеңке өткізіліп тұрады. Аталған жәрмеңкеге Түркістан қаласының тұрғындары мен пробация есебінде тұрған 40 сотталған азамат қатысты.
Іс-шарада жұмыс іздеушілерге газэлектродәнекерлеуші, тас құрылысшы, бетоншы, көмекші жұмысшы, электромонтер, тазалаушы, оператор, тәрбиешінің көмекшісі, хатшы, электрослесарь, аула сыпырушы және тағы басқа бос жұмыс орындары ұсынылды. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түріне сотталған азаматтар көбінесе тұрақты жұмыс табудан қиналып жатады. Осыған байланысты кезекті рет бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Түркістан қалалық пробация қызметінің есебінде тұратын Сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробация бақылау белгіленген жұмыссыз жүрген сотталғандарды жұмыспен қамтуға тырысудамыз. Атап айтар болсақ, сотталғандардың қайта қылмысқа баруына жол бермеу, оларды жұмыспен қамту мәселесі барлық Пробация қызметкерлерінің басты тапсырмасының бірі, — дейді Түркістан қаласындағы пробация қызметінің аға инспектор Жанболат Абдрахманов. Жұмысқа жолдама алып, отбасына көмек қолын созуға мүмкіндік алған он сотты болған азамат Түркістан қалалық пробация қызметіне және қалалық Мансап орталығына алғысын білдірді.
Мен Түркістан қаласының пробация қызметінің есебіне тұрғаныма көп уақыт болмады. Әрине, өзімнің қателігімді түсінемін. Пробация қызметіне тіркеуге тұрған күні инспекторым Мансап орталығына тіркеуге тұрғызды. Міне бүгін «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінде мамандардан кеңес алып, жұмысқа жолданып отырмын. Осындай қысқа уақытта жұмысқа орналасамын деп ойлаған жоқ едім. Адал еңбегіммен отбасымды асырауыма мүмкіндік берген пробация қызметінің қызметкерлеріне алғыс айтамын. Алдағы уақытта құқықбұзбауға тырысамын, — деді пробация қызметінің есебінде тұрған азамат.


