Жекеше айыптау істері бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК-нің) 47 тарауында көзделген. 2015 жылдан бастап, кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтар жаңа Қылмыстық кодексіне теріс қылықтарға айналуына байланысты соттарда жекеше айыптау істерінің саны көбейді.
Атап айтқанда, ҚПК-нің 32-бабына сай жекеше айыптау істері ҚК-нің келесі баптары жатқызылған:
- 114-бабы бірінші және екінші бөлігі, яғни бірінші бөлігі денсаулыққа абайсызда ауырлығы орташа зиян келтіру, екінші бөлігі абайсызда екі немесе одан да көп адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіру, бұл баптың осы бөліктері қылмыстық теріс қылыққа жатады, санкциясында ең қатаң жаза қамаққа алу көзделген;
- 123-бабы бірінші бөлігі, ол жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркек, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді, бұл ауырлығы орташа қылмыс болып табылады және санкциясында ең қатаң жаза үш жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын көздейді;
- 131-бабы екі бөліктен тұрады, яғни қорлау – басқа адамның абыройы мен қадір қасиетін әдепсіз түрде кемсіткені үшін, ал екінші бөлігі қорлау көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған жағдайда қылмыстық жауаптылықты көздейді, бұл баптың екі бөлігі де қылмыстық теріс қылыққа жатады, санкциясындағы ең қатаң жаза қамаққа алу болып табылады.
- 147-бабының бірінші және екінші бөліктері жеке өмірге қолсұғылмаушылық және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы Заңнаманы бұзған жағдайда қылмыстық жауаптылықты көздейді. Бұл бап қылмыстар қатарына жатады, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, санкциялары екі жылға және үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
- 149-баптың бірінші бөлігі, тұрғынжайға онда тұратын адамның еркінен тыс заңсыз басып кіргені үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді, бұл әрекет қылмыстық теріс қылыққа жататындықтан, санкциясындағы көзделген ең қатаң жаза қамаққа алу болып табылады;
- 150-баптың бірінші бөлігі азаматтың өзінің сайлау құқықтарын немесе референдумға қатысу құқығын еркін жүзеге асыруына кедергі жасалған жағдайда қылмыстық жауаптылықты көздейді, қылмыстық теріс қылыққа жатады және оның санкциясы бойынша қатаң жаза қоғамдық жұмыстарға тарту болып табылады;
- 198-баптың бірінші бөлігі авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу фактілері бойынша қылмыстық жауаптылықты көздейді, бұл да қылмыстық теріс қылық әрекетіне жатады, санкциясында ең қатаң жаза қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген;
- 199-бабының бірінші бөлігі өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өніркәсіптік үлгілерге, селекциялық жетістіктерге немесе интегралдық микросхемалар топологияларына құқықтарды бұзу бойынша қылмыстық жауаптылықты көздейді, қылмыстық теріс қылыққа жатады және санкциясында ең қатаң жаза қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған;
- 321-бабының бірінші бөлігі медицина қызметкері құпиясын жария еткен жағдайда қылмыстық жауаптылықты көздейді, қылмыстық теріс қылыққа жатады және санкциясында ең қатаң жаза қамаққа алу қарастырылған;
- 152-бабының бірінші және екінші бөліктері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша қылмыстық жауаптылықты көздейді, екі бөлікте қылмыстық теріс қылыққа жатады, санкциясы бойынша ең қатаң жаза қамаққа алу қарастырылған.
Жеке айыптау істері бойынша сот тәжірибесін талқылайтын болсақ, соттың іс жүргізуіне қабылданатын жеке айыптау істерінің 98 пайызы қорлау фактісі бойынша ҚК-нің 131-бабының бірінші және екінші бөліктерімен қозғалатын қылмыстық істер екені анықталады.
Қолданыстағы ҚК-нің бұрынғы редакциясында көзделген 130-бабы, яғни жала жабу жекеше айыптау істері Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 26 маусымдағы №349-VI Заңымен Қылмыстық кодексінен алынып тасталынғандықтан, қазіргі уақытта жала жабу фактілері бойынша шағымдар тек әкімшілік құқық бұзушылық істері болып табылады.
Жоғарыда атап өткен ҚК-нің баптары бойынша сотта іс жүргізу тек жәбірленушінің шағымы бойынша ғана басталады және оның сотталушымен татуласуына, соның ішінде жекеше айыптаудан бас тартқан жағдайда тоқтатылуға жатады.
Соттың іс жүргізуіне шағым қабылданып, қылмыстық іс қозғалған сәттен бастап судьялар тараптар арасында татуластыру оның ішінде медиация тәртібімен татуластыру үшін үлкен жұмыстар атқарады. Себебі, ҚПК-нің 409-бабы 6-бөлігінің талаптарына сай судья тараптарға татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу мүмкіндігін түсіндіруге міндетті. Кейбір тараптар осы Заң талабын теріс түсініп, татуластыру рәсімдерін өткізген уақытта сот мүдделігін көрсетіп отыр деген негізбен сотқа сенімсіздік білдіреді, алайда, жоғарыда атап кеткен Заң талабы бойынша судьялар тараптарды татуластыруға барлық мүмкіндік жасауға міндетті.
Ал, жекеше айыптау шағымының мазмұнына келетін болсақ, ол шағым ҚПК-нің 408-бабының талаптарына сай болуға тиіс. Атап айтқанда, жекеше шағымда соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы (күні, айы, жылы, уақыты, қаңдай қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері, егер қорлау фактісі болатын болса, нақты айтылған сөздер) көрсетілуі тиіс, дәлелдемелері тіркеліп, шағымды соттың іс жүргiзуге қабылдау туралы өтiнімі, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы толық мәлiметтер (оның аты, жөні, мекен жайы, ұялы байланыстары); сотқа шақырылуы қажеттi куәлар туралы мәліметтер көрсетіліп, сонымен қатар, егерде шағым беруші мүліктік немесе моральдық залал шексе онда азаматтық талап қоюы да баяндалуы тиіс.
Алайда, сотқа жеке айыптаушылдардан түскен шағымдар осы баптың талабына сай келе бермейді, яғни құқық бұзушылықтың сипаттамасы, саралануы, дәлелдемелер, сотқа шақырылуға жататын тұлғалар көрсетілмейді, жекеше айыптау шағымның, құжаттардың көшірмелері қоса жалғанбайды. Бұл жағдайдардың барлығы жеке айыптау істері бойынша басты сот талқылауының шегін анықтауға мүмкіндік бермейді, сол себепті, шағым қозғалыссыз қалдырылып, шағым иесіне кемшіліктерді түзету үшін мерзім белгіленеді.
Мысалы, 2022 жылға Атырау қаласының № 2 сотына 260 жекеше айыптау шағымы түсіп, оның 160 шағымы соттың іс жүргізуіне қабылдаудан бас тартылды, себебі шағым ҚПК-нің 408-бабының талабына сәйкес келмеген, ал 87 жеке айыптау шағымы соттың іс жүргізуіне қабылданып, оның ішінен тек қана 10 тұлғаға қатысты айыптау үкімі шығарылған, 8 адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған, қалған 39 адамға қатысты қылмыстық істер тараптар татуласуына байланысты тоқтатылған.
Сол сияқты, 2023 жылдың 5 айында соттың іс жүргізуіне 132 жекеше айыптау шағымы түсіп, оның 69 шағымы соттың іс жүргізуіне қабылдаудан бас тартылды, себебі шағым ҚПК-нің 408-бабының талабына сәйкес келмеген, ал 39 жеке айыптау шағымы соттың іс жүргізуіне қабылданып, оның ішінен тек қана 7 тұлғаға қатысты айыптау үкімі шығарылған, 5 адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған, қалған 35 адамға қатысты қылмыстық істер тараптар татуласуына байланысты тоқтатылған, 15 жекеше айыптау шағымдар бойынша қылмыстық іс қозғалып казіргі уақытта қаралу үстінде.
Бұл статистикалық мәліметтен жекеше айыптау істері бойынша татуласу рәсімдерінің көбейгенін байқауға болады, себебі 2022 жылы барлығы 39 жеке айыптау істері бойынша татуласуға қол жеткізілсе, 2023 жылдың 5 айының өзінде татуласумен аяқталған жекеше айыптау істерінің саны 35-ке жетіп отыр.
Жекеше айыптау істері бойынша жәбірленушінің шағымы жеке айыптау қылмыстық ісін қозғауға негіз болады және тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы процессуалдық құжат болып табылады, сол сияқты сот талқылауының шегін анықтайды.
Қылмыстық қудалау органдарынан түскен шағым бойынша судья жәбірленушіні шақыртып және ол тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы шағымда көрсетілген өз өтінішін қолдай ма жоқ па, сондай-ақ оның дұрыс шешілуін қамтамасыз ететін басқа да мән-жайларды анықтауы тиіс.
Сондықтан, жекеше шағымдар дұрыс рәсімделмеген жағдайда, шағымды соттың іс жүргізуіне қабылдауға мүмкіндік болмайды сол үшін сотпен шағым берушіге қосымша уақыт беріліп, бұл уақыт ішінде соттың нұсқауы орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген тұлғаны бұл туралы хабардар етедi.
Көрсетілген мән-жай бойынша шағымды қабылдаудан бас тарту қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі шегінде сотқа осындай шағымды қайтадан беруге кедергі келтірмейді, яғни жекеше айыптаушы сотқа қайтадан жекеше шағымды беріле алады.
Жекеше айыптау жөніндегі қылмыстық істерді қарау кезінде заңдарды біркелкі және дұрыс қолдану мақсатында, сонымен қатар сот практикасының біркелкі болуы үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен 2006 жылғы 25 желтоқсанда «Жекеше айыптау істері бойынша сот практикасы туралы» № 13 нормативтік қаулысы қабылданған және осы санаттағы істерді қарауда бұл нормативтік қаулының маңызды көмегі бар.
Сондықтан, соттар жекеше айыптау қылмыстық істері бойынша іс жүргізу кезінде азаматтардың ар-намысын, қадір-қасиетін және жеке басына қол сұғылмаушылық құқықтарын, олардың басқа да конституциялық құқықтарының сотта қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында заң талаптарын нақты және бұлжытпай орындауы керек.
Зәуре Қазақбай,
Атырау қаласының №2 сотының судьясы


