Кентау полициясына жергілікті тұрғын ақсақал хабарласып, көмектесуін сұрады. Оның айтуынша, құны 200 мың теңге болатын 1 бас бұзауы түнгі уақытта белгісіз жағдайда шығып кеткен. Жоғалған бұзауын табу үшін мал иесі, полицейлерден көмек сұрады.
Аталған ақпаратты алысымен кентаулық тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Осы аймақтың тау-тасын жақсы білетін полицейлер, айналаны толық шолып шығып, жоғалған ірі қара малдарды табуға бағытталған барлық қажетті жұмыстарды атқарды. Сондай-ақ үй малын таситын автокөліктерді тексерді. Осылайша іздестіру жұмыстары тәулік бойы үзіліссіз жүргізілді. Соның нәтижесінде, жоғалған бұзау шұңқыр ішінен табылып, шығарылды.
Осы орайда малының аман-есен табылғанына қуанған мал егесі полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді: «Мен 1 бас бұзауымды жоғалтып алдым. Өз бетімше іздеп таба алмадым. Содан соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Олар бұзауымды шұңқырдың ішінен тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет!».
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі