12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ӘЛЕМ НАЗАРЫ – ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТА

Таулы Қарабаққа талас… Әзірбайжан мен Армения арасындағы жанжал қайтадан өршіді. Өйткені Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ үшін тартыс кеше-бүгін басталған жоқ. Даудың басы әріде жатыр.

ТАРИХ НЕ ДЕЙДІ?
1747 жылы Қарабақ хандығы құрылды. Ал XIX ғасырдың басында патшалықтарды бағындыра бастаған Ресей империясы Қарабаққа көз тігіп, хандықты жаулап алады. 1918 жылы Әзірбайжан Демократиялық Республикасы құрылып, ол Ресей империясының құрамындағы жерлерде дауы бар екенін мәлімдейді. Оның ішінде Қарабақ та бар. Алайда жергілікті тұрғындар, яғни армяндар бұған қарсы шығады. Қарабақты қайтарып алмақ болып әрекеттенген әзірбайжандар 1918 жылдың күзінде бірлескен түркі әскерлерімен осы өлкеде орналасқан Шуша қаласына кіреді. Таулы аймаққа шегінген армяндар Таулы Қарабақ Республикасының құрылғаны туралы жариялайды. Таулы Қарабақ түсінігі осы кезде пайда болады.
Ал 1920 жылдың 27 сәуірінде Бакуде большевиктердің көтерілісі басталады. Ресейден шыққан брондалған пойыздар мен қызыл әскерлер Әзірбайжанға басып кіріп, демократиялық республика құлап, елде Кеңес үкіметі орнайды. Содан 1921 жылы Коммунистік партияның Қапқаз бюросы Таулы Қарабақ аумағын Әзірбайжан КСР құрамына автономия түрінде кіретіні туралы шешім қабылдайды. Ал екі жылдан кейін Таулы Қарабақ автономды облысы құрылады. Осыдан кейін ұзақ уақыт бұл жерде тыныштық орнайды.
КСРО кезінде армяндар мен әзірбайжандардың арасында кикілжің бола қоймады. Бірақ тоқырау жылдары кеңес құрамындағы елдер тәуелсіздік ала бастағанда, Таулы Қарабақ автономиясы Әзірбайжаннан бөлініп, Арменияға қосылуға әрекет жасайды. Салдарынан екі елдің арасындағы бұрынғы жанжал қайта жанданады. Осылайша, 1991–1994 жылдары Таулы Қарабақ үшін қайта соғыс басталады. 1988 жылдан 1994 жылға дейін Армения мен Әзірбайжанның арасында екі рет соғыс өрті тұтанды. Деректерге қарағанда, 40 мыңға жуық адам мерт болған. Ал АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің есептеуінше, 25 мың адам көз жұмған. Тіпті миллионнан астам әзірбайжан азаматы Таулы Қарабақтан және жақын жатқан аймақтардан ауып, босқын атанған.
Әзірбайжанның заңнамасына сәйкес, Таулы Қарабақ Әзірбайжан Республикасының бөлігі саналады. 2008 жылдың наурыз айында БҰҰ Бас Ассамблеясы «Әзірбайжанның басып алынған территорияларындағы жағдай» қарарын қабылдаған. Дегенмен Әзірбайжан аумағында орналасса да, этникалық армяндар басқаратын Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін ешқандай ел мойындаған жоқ.

30 жылдан кейін жағдай қалай ушықты?
2020 жылдың 12-16 шілдесінде Армения мен Әзірбайжан шекарасында атыс болды. Екі жақта да оққа ұшқан адамдар тіркелді. Жағдайдың ушығуына қос тарап бір-бірін кінәлады. Ал 27 қыркүйекте Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыс арты ауқымды әскери іс-қимыл шараларына ұласты. Әзірбайжанның Қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштері бірінші болып оқ атты деп мәлімдеді, ал Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян жанжалды әзірбайжан әскерінің бастағанын айтты. Әзірге кімнің бірінші оқ атқанын, қандай шешімдер қабылданатынын дөп басып айту қиын. Әйтсе де қос тараптың ауыр техниканы да, артиллерияны да, авиацияны да қолданып отырғанын ғаламторда тараған ақпарат көздерінен көруге болады.

Қақтығыс Қазақстанға қалай әсер етеді?
Армян-әзірбайжан қақтығысына байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Қазақстан Республикасының алаңдаушылық білдіретінін хабарлады. «Бізге достас Әзірбайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге
шақырамыз. Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз», – деп жазылды министрлік таратқан ақпаратта. Жалпы, тарихтан шекараны анықтап алу ең маңызды дүние екені белгілі. Өйткені жер дауы оңай шешілетін күрмеу емес. Оған қоса шекаралық дауы бар ел ешқандай өндірісті де, мемлекеттік бағдарламаны да іске асыра алмайды. Сырттан келетін мекеме инвестиция құяйын десе, сенімсіз. Соғыс болса, құйған ақшасы ақталмай қалуы мүмкін. Ал ақша тыныштықты сүйеді. Бұл тұрғыда біздің жеңісіміз десек те болар, әйтеуір жан-жағымызды шегелеп алыппыз. Әйтпесе Ресей мен Қытай сияқты екі алып державамен шекараласатын Қазақстан Үндістан мен Пәкістан, Израиль мен Палестинаның кебін киер ма еді, кім білсін?..
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Армения халқы Пашиняннің отставкаға кетуін талап етті

13 қыркүйекте Армения ұлттық жиналысы ғимаратының алдында премьер-министр Никол...

Ресей Киевтегі тұрғын үйлерге шабуыл жасады: Көз жұмғандар бар

Жексенбі күні таңертең ресейлік әскерилер Киевке әуеден соққы жасады. Жергілікті...

Ердоған президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынылды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған алдағы президенттік сайлауға қатысатынын...

БҰҰ-ның Бас хатшысы әлемге астық тапшылығы қаупі төніп тұрғанын ескертті

Украинадағы қақтығыс салдарынан тыңайтқыштардың қымбаттауы барлық негізгі дақылдардың тапшылығына...

Түркия ресми түрде шетелдіктер үшін атауын өзгертті

Түркия ресми түрде шетелдіктер үшін атауын түрік тіліндегі Türkiye...