12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Медиацияда жеңілген тарап болмайды

Медиация – өркениетті елдер мойындаған, тиімділігіне көзі жеткен маңызды институт саналады. Ел ішіндегі даукестікті мейлінше төмендетіп, тараптар арасындағы түйткілді татуластыру арқылы шешуді көздейтін медиацияның біздің елімізде қолданысқа енгізілгеніне де он жылдан аса уақыт өтті.

Осы жылдар ішінде медиация көпшілікке танымал, елге тиімді екенін тәжірибе жүзінде мойындатқан жоба екенін дәлелдеді. Мұндай нәтиже оңайлықпен келген жоқ. Медиацияның мәнін, маңызын, мақсатын білмеген халыққа заңның игілігін түсіндіру, пайдалы тұстарын ұқтыру, артықшылығына көздерін жеткізу үшін көптеген іс-шаралар атқаруға тура келді. Медиация туралы заңның қолданыс аясын кеңейту, жаңа бастаманың тиімділігін жұртшылыққа насихаттау, медиаторлардың шоғырын қалыптастырып, танымалдығын арттыруға бағытталған ауқымды да кешенді жұмыстар рет-ретімен жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде медиациялық рәсімдерді қолдануға қызығушылық артып, аймақтардағы ардагерлер алқасы,  Билер кеңесі белсенді жұмыс жүргізе бастады. Кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың көмегіне жүгінетіндер қатары көбейді.

Әрине, біздің қоғамда кез келген дауды сот арқылы шешу үрдісі қалыптасқан. Содан болар, татуласудың тиімді екенін медиаторлар айтып, екі тараптың адвокаттары да қуаттап тұрғанымен, азаматтар дауға тек соттың нүкте қойғанын қалайды. Осыған орай соттарда татуластыру-судьялар тәжірибеге енгізілген болатын. Тараптардың сеніміне ие болып, дауды ортақ мәмілемен шешу міндеті жүктелген татуластырушы-судьяға артылар жауаптылық ауқымды.

Медиацияны жүзеге асырушы медиатор да, татуластырушы-судья да, тараптарды кінәлі немесе кінәсіз деп бөліп жармайды, тараптарға жауапкершілік жүктеп, нұсқау бермейді. Судья медиатордың негізгі мақсаты тараптарды келісімге келуге шақыру. Татуласқан жағдайда уақыт пен қаржыны үнемдеуге болатынын, тараптар арасындағы сыйластықты сақтауға қол жеткізетінін жан-жақты түсіндіреді. Расында сот рәсіміне қатысқанға қарағанда медиация рәсімі қысқа уақытта қаралады, әрі мемлекеттік баж салығы төленбейді. Дауласушы тараптар адвокаттың қымбат ақылы қызметіне жүгінбейді. Ең бастысы екі жақ арасындағы жылы қарым-қатынас үзілмейді. Азаматтар өз мүддесін қорғау үшін бет жыртыспайды, сәйкесінше әрқайсысының абырой-беделі сақталады. Татулық бұзылмайды, жүйке жұқармайды.

Татуласудың тағы бір артықшылығы – мұнда сот шешімі орындалмай орта жолда қалмайды. Өйткені, бекітілген келісім бойынша тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақытта орындауға мүдделі. Азаматтық процестік кодексте дәйектелгендей, татуласу келісімін жасасқан тұлғалар ортақ мәміле барысында белгіленген шарттарды ерікті түрде орындайды. Ал егер ерікті түрде орындалмаған жағдайда, татуласу келісімін жасасқан тұлға өтінішхат жазып, сол бойынша сот берген атқару парағын негізге ала отырып ортақ келісімнің шарттары мәжбүрлеп орындатуға жатады. Сондықтан азаматтар «Соттың шешімі шықпаса, талабымыз орындалмай қалады», – деген қате түсініктен арылу керек.

Татуластырушы-судья ретінде біз де сот өндірісіне түскен істерді сараптап, тараптарға медиацияның артықшылығын насихаттауға барынша күш саламыз. Медиацияның негізгі қағидаттарын білген, түсінген азаматтар медиаторларға күмәнмен қараса да, татуластырушы-судьяларға сенім білдіріп жатады. Медиацияның бірінші қағидаты – еріктілік. Екінші қағидаты – тараптардың теңдігі. Медиация үрдісінде міндетті сақталуы тиіс үшінші қағидаты – бейтараптық. Ал төртінші қағидаты – құпиялылық. Осындай игі істерге негізделген медиацияның ел ішін даудан сақтары анық.

Жанар Абдрахманова,

Алматы қаласы

Алатау аудандық сотының татуластырушы судьясы

Біздің мақтаныштарымыз

Әлемдегі ең ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын «Мен өзімнің ұстазыма...

В ЗАЩИТУ ПРАВ ЖЕНЩИН И ДЕТЕЙ

Как известно Главой государства 15 апреля текущего года подписаны...

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...