Халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығы жедел жаһандық технологиялық даму кезеңінде ерекше рөл атқарады. Бұл саладағы табыстар адами капиталдың дамуына және жалпы халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Жалпы, Қазақстан халқы сандық игіліктерді өндіріске енгізуден кенже қалып отырған жоқ. Сондай-ақ, қаржылық білімді игеруде де белсенділік байқалады.
Мәселен, ЭЫДҰ-ның «2021 жылы ТМД елдеріндегі қаржылық сауаттылық» есебіне сәйкес Қазақстанның ересек тұрғындары қаржылық сауаттылық, қаржылық білім мен мінез-құлық, қаржылық әл-ауқат сияқты көрсеткіштер бойынша орташадан жоғары нәтиже көрсетіпті. Бұл ТМД елдері бойынша 19 пайыздық орташа деңгейден сәл жоғары. Сонымен қатар, ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстан ақшаны сақтау сияқты көрсеткіштер бойынша көш бастап тұр. Атап айтқанда, жинақ шоттары бойынша – 30% (ТМД бойынша орташа – 13%), және мерзімді депозиттер бойынша – 7% (ТМД бойынша орташа – 3%) деңгейге жеткен. Сондай-ақ, елде сауалнама жүргізу бойынша қолға алынатын ішкі жыл сайынғы социологиялық зерттеулердің мәліметтері және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің әдістемесіне сай халықтың қаржылық сауаттылық деңгейінде және қаржы нарығының дамуында оң динамика байқалады. Айталық, Қазақстан азаматтарының қаржылық сауаттылық индексі 2021 жылы 39,52 пайызға жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа өсті. Ең жоғары деңгей «меншікті қаржы ресурстарын басқару» сегментінде қол жеткізіліп, бұл көрсеткіш 42,57 пайызды қамтыды. Жалпы, елімізде цифрлық сауаттылыққа қатысты да тамаша көрсеткіш қалыптасқан. BNS ASPIR RK зерттеуіне сәйкес, Қазақстан халқының цифрлық сауаттылық деңгейі тұрақты өсіп келеді. Бүгінде цифрлық құрылғылар мен интернетті пайдалану дағдылары бар 6-74 жас аралығындағы респонденттердің үлесі 2021 жылы 87,3 пайызға жетті. Өңірлік тұрғыда халықтың цифрлық сауаттылығының ең жоғары деңгейі елордада (94,7%), Алматыда (91,5%) және Алматы облысында (91%) байқалып отыр. Тоқетерін айтқанда, қаржылық сауат жағынан біз қазақстандықтар қара жаяу емес сияқтымыз. Мұны қаржы сарапшылары да айтады. Мәселен, GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, халқымыз үшін белгілі деңгейде қаржылық сауаттылық құндылыққа айналды деуге негіз бар. Бұған көп жағдайда аяқ астынан болатын теңге девальвациясы сынды шаралар әсер етеді. Олар «шоковая терапия» секілді жүріп, халық үшін нақты тәжірибе болуда. Яғни, төл ақшамыздың күрт құнсыздану процестері қаржылық сауаттылықты игеруге мәжбүрлейді. Азаматтар теңгенің құнсыздану мүмкіндігін естен шығармай, ақшаны әрдайым әртүрлі валютада сақтау қажеттігіне көз жеткізген. Бұл қаржылық сауаттылықтың бір деңгейі. Нақтырақ айтқанда, ақшаға қатысты қауіптердің алдын алуға бейімделу бар. Ал шын мәнінде бұл бағытта жүйелі жұмыс істеу тетіктері айқындалған арнайы бағдарлама әлі күнге қарастырылмаған. Осының салдарынан халық қарызға бата береді. Мысалы, бүгінгі таңда елімізде 1 млн 500 мыңнан астам азамат несиесін төлей алмай жүр. Олардың арасында бір несиенің үстіне екінші несиені алып әбден тығырыққа тірелгендері аз емес. Солардың көпшілігі несиені алу барысында шарттарды дұрыс түсінбегендер, яғни алмақтың да салмағы барын ұқпағандар. Шын мәнінде бүгінде несиелердің пайыздық үстемақысы өте көп. Олар 56 пайыз көлемінде. Шағын несие ұйымдарында бұл көрсеткіш тіпті жоғары. Банктер өз тұтынушыларына несиені аз пайызбен ұсынып таратады. Мысалы, қарыздың пайыздық өсімі 20 пайыздан басталады деп жарнама береді де, келісімшарттар жасалу барысында 56 пайыз деңгейіндегі жылдық өсімақы негізге алынады. Бұл 1 млн теңге қарызды 2,5 млн теңге етіп қайтару деген сөз. Келісімшарттардағы осы ұсыныстардың нақты жазылмауы азаматтарды шатастырады. Мұны әрине, қаржылық сауаты барлар ғана түсінеді. Ал, бұдан хабарсыздары банктер не айтса соны құп алады. Коммерциялық ұйым болғандықтан олардың негізгі мақсаты пайда табу. Осы тұрғыдан келгенде банктер көбірек халықтың сеніміне кіруге тырысады. Сонымен қатар, несие алатын тұтынушыны көп тартқаны үшін жалақыға қосымша бонус төленетіндіктен банк қызметкерлері де азаматтардың жағдайынан гөрі, өзінің қаржылық мүддесін көбірек ойлайды. Шетелдерде несие пайызы 20 пайызға жетпейді. Жалпы, бұл көрсеткіштердің тым жоғары болуы қай жағынан да қауіпті. Басқасын айтпағанда, бұған азаматтардың төлем қабілеті жетпейді. Сонымен қатар, өндірістердің қаржыландырылуын шектеп, жалпы ұлттық өнімді азайтатын үрдіс. Шетелдерде қаржылық операциялар, сатып алу үрдістері несие картасымен жасалады. Тұтынушылар бұл төлем құралын қолданудан қорықпайды. Себебі, оның өсімі төлем қабілеттеріне сай. Оларда біздікіндей дебеттік карталар пайдаланылмайды. Сол секілді қарыздың тек пайызын төлеу мен бөліп төлеудің айырмашылығын білмей де ұтылып жататындар бар. Пайыздық өсім ақысын төлеген жағдайда қарыздың көлемі азаймайды. Осындай шартпен несие алғандар қанша төлесе де қарызының мұрты бұзылмай тұрғанына таңғалып жүреді. Келісімшарттың ішіндегі инфляция жағдайында қарыз қайта қаржыландырылады деген талапқа мән берілмейді. Оны банк менеджерлері де өз қалтасын ойлағандықтан көрсетуге құлықсыз. Ал, бұл шартты назардан тыс қалдыру ақша құнсызданған кезде қарыз үстемесінің артуына алып келеді. Бөліп төлеу арқылы тауар алуды тиімді санап, қарыздың құрығына түсіп кететіндер де бар. Қарыз отбасылық кірістің көп дегенде отыз пайызынан аспауы керек. Өкінішке қарай, азаматтар қаржылық сауатының әлсіздігінен қарызының табыстың елу пайызына жетіп қалғанын байқамай қалады. Сол секілді қаржылық алаяқтарға алдану процестері жиілеп кетті. Олар қазіргі таңдағы ақпараттық технологияның дамуына байланысты ұялы телефондар арқылы жасалады. Мұндай алаяқтар неше түрлі банктің атынан хабарласады. Мәселен, қазіргі теңгенің құнсыздануына орай депозиттерге он пайыздық үстемақы берілетіндігі жайлы шешімді олар ұтымды пайдаланып жатыр. Бұл орайда үстемақыны тез рәсімдеуге көмектесеміз деп аңқау жұртты алдап соғады. Бүгінде 25 мыңнан астам адам осындай алаяқтықтан зардап шеккендігі белгілі болып отыр. Көптеген азаматтарымыз қаржылық пирамидаларға ақша салудан тыйылар емес. Мұның себебі, олардың жылдам табыс тауып, зор байлыққа кенелуге деген құштарлығымен байланысты. Қаржылық сауаты бар дейтін жоғары білімді азаматтардың осы жүйеге көптеп тартылуы қауіпті үрдіс болып отыр. Олар өйткені, туыстарын, таныстарын, достарын тартып, бұл қылмыстың өрісін кеңейте түсуде. Тек осындай әрекеттерге қатысты былтыр 30 қылмыстық іс ашылып, тергеу жүргізіліпті. Хакерлік шабуылдар да ақпараттық технологиямен келген қатер. Осының бәрі азаматтардың қаржылық, цифрлық тұрғыда сауатты болуын қажет етеді. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, мектеп жасындағы балалардың қаржылық сауатын ашу керек. Бастауыш сыныптарда сатып алынған тауарға түбіртек сұрау, ол жарамсыз болып шыққан кезде қайтару қажет секілді тұтынушының құқықтары үйретілуі қажет. Жоғары сыныптарда «Экономикаға кіріспе» сынды пәндер оқытылса құба-құп. Телеарналарда арнайы бағдарламалардың жүргізілуі де азаматтардың қаржылық сауатын көтерудің бір мүмкіндігі. Ұлттық банктің бұл тұрғыда арнайы бағдарламасы болғанымен, оның тиімділігі көрінбей отыр. Шын мәнінде қаржылық алаяқтыққа ұрынып жататындар көбіне қазақтілділер. Қаржылық сауат ашу ісі осы сегменттің арасында басым сипат алу керек болса, біздегі Ұлттық банктің осы бағыттағы сайтының атауы орысша. «Fingramota.kz». Оның ішінде қазақ тілді материалдар болғанымен, атауына қарап-ақ қазақ тілді қауым бұл сайтты айналып өтері анық. Тоқетерін айтқанда, азаматтардың қаржылық сауаттылығы мемлекеттің тұрақтылығын, қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші факторы. Өйткені, нақ осы мәселенің шешімі біздегі қаржы ағынының дұрыс бағытталып, экономиканың сауығуына, азаматтардың әл-ауқатының артуына кепіл бола алады. Сондықтан Үкіметтің бұл мәселеге қатысты жүйелі іс әрекет жасайтын кезі әлдеқашан туған.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


