12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Таңғы елес

Ағанияз бүгінгі өміріне аса разы. Бәрі де сәтімен жүріп келеді. Үлкен қалада күйлі-қуатты тіршілік кешіп жатқан жайы бар. Жайлы тұрмыс, жақсы қызмет дегендей. Әйелі де дұрыс жан болып кездесті.

Бүгінде үйлі-баранды. Ұл-қыздары өсіп, алды жеке жанұя болып үлгерді. Тіпті, немерелері да бар. Бір ұлы жанұясымен Америкада тұрып жатыр. Үлкен қызы Жапонияда оқып, сонда жүріп түрік жігітімен танысып, соған тұрмысқа шыққан. Міне, жеті-сегіз жыл болып қалды, Стамбұлда тұрады. Ағанияз келіншегі Ділбара екеуі соңғы жылдары жыл сайынғы кезекті демалыстарын Түркияда өткізетін болып жүр.

Иә, бәрі ойдағыдай. Тек оқта-текте белгісіз бір нәрсе мазалайды. Неге екенін өзі де білмейді. Әлденеге алаңдайды. Кейде, тіпті, кәдімгідей қатты құлазитыны бар. Әлдебір таңғы елес  торуылдайды. Мұндайда  кейде жанын қоярға жер таппай елегізиді.

Сол таңғы елес кейде күнімен жанынан қалмай, санасынан өшпей жүріп алады. Мұндайда тоңазытқышта тұрған қымбат конъяктан бірер рюмке тартып жіберіп барып қана құтылады. «Бүйте-бүйте ішкіш болып кетпесем жарады…»,- деп те ойлап қоятыны бар.

Осындай күндердің бірінде телефон қоңырауы кенеттен түсті.

Баяғы заманда бірге оқыған кластас досы бар еді, сол соғып тұр екен.

Бала күннен аса жақын дос болмаса да, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен ол жігітпен отыз бес жылдан бері  сөйлесіп тұрғаны осы бүгін. Үш ұйықтаса, ол телефон шалады деген ой түсіне кірмепті.

-Ассалаумағалейкум, Ағанияз!-деді телефонның арғы жағындағы қоңыр дауыс. -Мені ұмытқан шығарсың. Дамыл деген сыныптасың есіңде ме?

Неге есінде болмасын?! Арада сандаған жылдар өткенімен, осы бір сұңғақ бойлы, ойлы жанарында ылғи да тұңғиық бір сыр тұнып тұратын ақылды баланы оқта-текте өзі де есіне алушы еді. Әлдебіреуге деген балалық бір бауырмалдығың уақыт бедерімен ұмытылмай, өзіңмен бірге жасасатын адамдарың болады ғой. Бұл да сол сияқты.

Дамылды әскерден кейін Ресейдің ішкі  қалаларының бірінде қызметте қалыпты деп еститін. Кейін милицияның оқуын тауысыпты дейтін. Одан басқадай хабары жоқ еді. Енді бүгін сол Дамылдың өзі телефон шалып тұр. Баяғы бозбала кезіндегі  қою тембірлі қоңыр  дауысы өзгермепті.

Екі жігіт хал-жағдай сұрасып біткен соң, Дамыл:

-Досым, сенімен кездесетін өте бір шұғыл жағдай болып тұр,-деді. Ағанияз аздап тереңдей сұрамақ еді, оған Дамыл көнбеді. «Тек көзбе-көз жүздесуіміз керек!»,-деп қысқа қайырды.

                                ***

Екі сыныптас дос қаланың арал жағындағы көне мейрамханалардың бірінде кездесті. Дамылдың бет-бейнесі өзгермепті. Бәз-баяғы ойлы жанар, сабырлы мінез. Тек сұңғақ бойы толысыпты да, бұл оның  ажар-бітіміне тіпті қосымша әр беріп тұрғандай екен.

Хал-жағдай сұрасылды. Дамыл жасы елуге таяса да, ішкі істер саласынан әлі доғарысқа шыға алмай жүр екен. Үлкен бастықтары  босатпай келеді дейді. Қызметі өскен. Білдей бір облыстың  басқарма басшыларының бірі екен. Бірақ ескі достар  балалық шақтың әңгімесіне терең бойлай қоймады. Дамыл уақыт жоғалтпай, іске төтесінен көшті.

-Ағанияз, осы сендер біздің ауылдың күнгейіндегі Терісаққанда көп жыл қыстадыңдар, иә?-деді Дамыл әңгімені әріден бастап.

-Иә, ол қай заман! Қырық жыл уақыт өтті ғой одан бері. Сен оны неге еске?-деді Ағанияз әңгіме желісімен сөз ауанына аса мән бермей.

-Көршілес Қуаң деген жерді бұдан біраз жылдар бұрын Қытайдан келген оралман ағайындар меншіктеп алғанын естіген шығарсың. Бұлар өзі бейнетті қуалап жүріп ерттеп мінетін жаны жоқ, тынымсыз адамдар екен ғой. Малды көбейтіп, енді баяғыдан иен жатқан Терісаққанды да еншілеп алыпты. Онда ескі қораның орнын сыпырып тастап, жаңадан ұзыннан-ұзақ үлкен қора салып тастапты. Қазір бір оралманның өзі ғана бес жүз бас ірі қара, алты-жеті жүз бас жылқы өсіріп отыр деседі.

-Иә, шет жағасын еміс-еміс естігенмін. Сен бәрін егжей-тегжейлі қазбалап айтып отырғаныңа қарағанда,  ел жақтың жағдайын бес саусағыңдай білетін сияқтысың ғой. Шынын айтқанда, мектептен кеткеннен, қайтып ауылға бармаппын ғой…

Ағанияздың ойына марқұм анасы оралды. Шешесін бала кезінен «Тәте» деуші еді.

Шешесі көзі тірісінде: «Балам-ау, ел жаққа бір барып қайтсақ қайтеді?…»,-деп анда-санда қыңқылдап қоюшы еді. Мұндайда бұл «Ол жақта қайсыбір қимасымыз қалып еді?! Сіңбіретін уақыт жоқта,  тәте-ау, сен де қайдағыны айтады екенсің?!»,-деп анасын тиып тастаушы еді. Марқұм ондайда көзі жасаурап, меселі қайтқандай болып, бір түрлі бүгежектеп, теріс айналып кететін.

Ағанияздың бет-жүзіне зер сала қараған Дамыл шылымының тұқылын күлсауытқа мыжғылап өшіре беріп:

-Сол оралмандар қорасын кеңейтіп құрылыс жүргізіп жатып, жотаның етегінен адамның мәйітін тауып алыпты…,-дей бергенде, алаңсыз шай ұрттап отырған Ағанияз селк ете түсіп, ыстық шайға қақалып қала жаздады. Бұл мезет тісқаққан Дамылдың назарынан тыс қалмады.

Есін жиып ала қойған Ағанияздың сөйтсе де:

-Не дейт?!-деген ащы дауысы саңқ етіп шықты. Онысына өзі қысылып та қалғандай болды.

-Ең бастысы, мәйіт тым алыс жылдардікі емес. Тіпті, киімінің жұрнақтары, белбеуінің қайысы мен бұзаубас айыл темірі жап-жақсы  сақталған. Және де сарапшылар белбеудің 70-жылдары Алматы фабрикасынан шыққанын айтып отыр. Біздің ауданның ішкі істер бөлімін қазір өзіміздің Адырбай ақсақалдың кенже ұлы Ділдәбек басқарады. Мен оған әзірге ешқандай дабыра жасамаңдар деп қатты тапсырдым,-деді Дамыл түк болмағандай сабырлы қалпын сақтап.

Арада бірер минут үнсіздік орнады. Орнынан тұрып, терезе жаққа барып, кері оралған  Дамыл сыныптасының жүзіне барлай қарап тұрып:

-Не айтасың, досым?-деді.

Ағанияздың онсыз да сұрғылт бетінен қан қашып, аппақ қудай болып кетіпті. Қолының  дірілін бас алмай:

-Берші темекіңнен…,-деп Дамылға қарай қолын соза берді.

                                ***

Ағаниязды уақыт керуені кері алып кетті.

Ол жылдары бұлардың үйі Бөкенбай ауылынан сегіз-тоғыз шақырым жердегі Терісаққанды қыстаушы еді.  Әкесі Жанұзақ бойдақ мал бағады.  Шешесі Мүнира   көмекшілікте.

Жасырып-жабар несі бар, әкесі ащы суға тым құмар болды. Бұндай әбес қылығы бүкіл ауылға мәлім еді. Онысын қойшы, ішіп алғанда кісі танымай кететін төбелескіштігі, жоқ жерден жанжал шығаратыны қиын-ды. Былайғы жұрт «қаны сұйық» деп, әсіресе, ішкен кезінде маңына жуымай, қашық жүруге тырысатын. 

Ішкен күні шешесінің соры. Әй-шәйге келмей, таяқ ала жүгіреді. Мүнираны аямай талай тепкінің астына алады. Пышақ ала жүгірген күндері де аз емес. Анасы бір ұлдан басқа бала көтермеді. «Бала неге  таппайсың?!» деп қуалап, қамшының астына алатын.

Ағанияз ол кезде үшінші-төртінші оқып жүрген кішкентай бала. Бұны сабамаса да, шешесінің қан-жоса болып талып жатқанын көргенде, ебіл-себіл жылап, далаға безіп кететін. Айуан әкеге қылатын қауқары жоқ қой ол кезде.

Шешесі қатты таяққа жығылғанда, екі-үш төсек тартып жатып қалады. Бейшараның соңынан іздеп келетін жақын-туыс, жамағайыны жоқтың қасы еді. Жанұзақ ертеңінде мастығынан айыққанда, әйелі мен баласының бетіне қарауға беті жоқ, үн-түнсіз атына мініп қой соңынан кетеді.

Әкесінің мастықтан аттан құлап, талай рет далада да қалып қалған кездері аз емес еді. Мұндайда Мүнира енді ғана оң-солын танып,  ес жия бастаған баласын жуас атқа мінгізіп, әкеңді тауып кел деп іздеуге жіберетін. Көрген қорлығына қарамай, күйеуін аяйтын. Бейшара өзі жетім өскен жігіт, күйіктен ішеді ғой, деп өз-өзін жұбатып, оған жаны ашитын.

Ағанияз жадында өшпестей болып  жазылып қалған сол жылғы күзгі уақиғаны ойласа, жанын қоярға жер таппай, қиналады. Әсіресе, таңға жуық шырт ұйқыдан оянып кетіп, төсегінде дөңбекшіп жатып алады. Бала кезден қалған бір елестер ізінен қалмай қуалайды.  Бұл сол елестен құтылғысы келіп, жанұшыра қашады. Бірақ елес соңынан қалмайды.

Әкесінің ішіп алғандағы  үйреншікті боқтығын тыңдап жатып, ұйықтап кетіпті. Түннің бір мезгілінде жұлқылап оятқан қатқыл қолдан оянып кетті. Шашы қобырай жайылып, беті қан-қан, еңіреп жылап тұрған шешесін көріп зәресі зәр түбіне кетіп, қатты шошынды.

-Тұршы балам, тұршы!

Ағанияз орнынан қалай қарғып тұрғанын білмей қалды.

-Не болды, тәте?!

Шешесінің:

-Жүрші, мына жақта әкең…,-деуге ғана тілі келді.

Шала-пұла киініп, шешесінің ізімен  сыртқы ауыз бөлмеге өтті. Бөлменің іші астаң-кестең.

Ағанияз осы бей-берекеттің арасынан іргеде сұлап жатқан әкесін енді ғана байқады.

Қалш-қалш етіп тұрған анасы:

-Балам, мен осы әкеңді өлтіріп алдым, білем…,-деді дауысы тарғылдана шығып.

Жас бала болып жатқан оқиғаны әлі саралап үлгерген жоқ. Баланың жан-дүниесі оны қабылдайтындай қауқарлы емес-ті. Бір кезде барып санасына жеткен нәрсе – әкесінің өліп қалғаны болды. Сасқанынан:

-Тәте, кім.., кім оны?…,- дей берді.

Қас пен көздің арасында деуге боларлық мезетте орын алған суыт оқиғадан әлі де есін жия алмай тұрған анасы:

-Мен…, мен емеспін…,-деп екі бетін басып, тұрған орнында жерге отыра кетті. Әлден уақытта бар күшін жинап:

-Ол өзі…, өзі кінәлі,-деді қыстыға жылап. Қатты өкіріп ойбайға басайын  десе, жеткіншек баланы қорқытып алармын деп сақтанған да болар.

Бала санасында «Мүмкін ол тірі шығар. Шешесі қорыққаннан өліп қалды деп тұрған болар, Бәлкім, ұйықтап жатқан болуы…» деген ой жылт етті. Баспалап әкесіне жақындады. Әкесінің көзі шарадай болып, жансыз қалыпта  аспанға қарап қалыпты. Көйлегі кеудесіне қарай  сырылып жатыр. Жүрек тұсында ұйып қалған қан қараяды. Ағанияздың артынан өлі денеге Мүнира да таяп келді. Алғашқы үрейі аздап сейілейін дегендей.

Шешесі болған жайды әр сөздің басын бір шалып, әзер-мәзер дегенде түсіндірді. Жанұзақ бұны тағы да қолына пышақ ұстап қуалаған. Ол пышақтың өзіне қалай көшкенін білмейді. Бәлкім, Жанұзақтың өзі шалынып барып пышаққа түсуі де мүмкін. Жүрекке сілтей соғатын күш мұнда қайдан болсын. Ашудан сілтеуі де мүмкін. Енді бір есін жиса, күйеуі шалқалай барып құлап барады екен. Қорыққанынан далаға қашып шығып, айналсоқтап біраз жүріп, бәрі тынышталып қалған соң, ішке кірсе, Жанұзақтың жансыз денесі суып барады екен. Тамырын ұстаса, соғуын тоқтатыпты. Тек көзі ғана шарасынан шығардай болып шеңбірек атуға даяр тұр. Қорықса да, иманын үйіріп барып, оң қолымен екі көзін жауыпты. Міне, болған жай осы.

Аналы-балалы екі бейбақ сүт пісірім мезгіл үнсіз тұрып қалысты. Әркім өз ойымен әуре. Жас балада не ой болсын, қорқынышы сейілмей, бойындағы дірілін баса алар емес. Ал Мүнираның көз алдына небір сұмдық көріністер келіп, кино лентасындай бір-біріне ілесе-лектесе өтіп жатыр. Таң атып, күн шығысымен мына  сұмдық уақиғаны ауыл естиді. Одан болған жайды милицияға хабарлайды. Сөз жоқ, күйеуін өлтірді деп Мүнираны қамайды. Одан арғысы белгілі – абақты. Осының бәрін қас пен көздің арасында санасынан өткізіп үлгерген Мүнира ең алдымен жалғыз ұлдың жайын, алдағы тағдырын ойлады.

Бір мезетте осы бір ауыр ойлардың азапты салмағын кері серпіп, бір шешімге келген сыңаймен, ұлына ересек адаммен ақылдасқандай, қатқылдау үн қатты:

-Балам, болар іс болды. Енді екеуіміз белді бекем буып,  тез арада бір шешімге келмесек болмайды!

Ағанияз шешесінің дауысынан қорқыныш емес, әлдеқандай бір үмітсіздік торлаған  торығуды байқады. Түрі кісі шошырлықтай әлемтапырық болып кеткен анасын бұрын-соңды өзі бастан кешірмеген аянышпен қатты мүсіркегені есте.

Одан кейінгі  суреттің реті сол баяғы отыз жыл бұрынғыдай қаз-қалпында бүге-шігесіне дейін көз алдына келді. Анасы екеуі әкенің өлі денесін екі жақтап көтеріп сенекке  шығарды. Шешесі сол бір тас қараңғы үрейлі түннің түксиген  қабағынан қаймықпай далаға шығып, маңайды шолып кері оралғанша біршама уақыт өтті. Ағанияз шешесі келгенше өлі денеден өлердей қорқып, жүрегі атқақтап соғып, далаға атып шыға жаздап әзер тұрды.

Шешесі сенекке қи шығаратын қол арбаны жетелей кірді. Бетінің қанын жуып, шашын жиып үлгеріпті. Қой күзетіндегі қос төбет иттерді де байлап тастапты.

-Қорықпа, балам!-деді анасы ұлына жігер бере сөйлеп. –Таң атқанша жерлеп үлгермесек, жағдаймыз қиын болады.

Осы сәтте Ағанияз өз бойындағы қорқыныш пен аяныш астасқан сезімінен бірте-бірте арылып, енді санасында «Өлі денеден ертерек құтылмаса болмайды» деген   сақтық, қорғаныс инстинкті басым түсе бастағанын сезді.

Жанталаса қимылдап, әке мәйіті тиелген ауыр қол арбаны қыстаудың қыр жағындағы ойпаңға  жеткізгенше ет пісірім мезгіл өтті. Түн тыныштығын бұзған екі жан қолдарына үшкір күрек алып, іске кірісті. Анасының бейнебір осы жағдаятқа бұрыннан даярланған жандай, бәрін рет-ретімен жасап жатқаны таң қалдырды. Бұны сол сәтте аңғарардай балада қайдан шама-шарық болсын?! Ағанияз осы мезеттерді кейін ес біліп, етек жинаған кезінде ауық-ауық есіне түскен шақтарда санасынан қайтадан өткізер еді. Сонда сол бір алмағайып сәттегі анасының  асқан салқынқандығын ойлап таң қалар еді…

Әкесінің мәңгілік мекені қазылып болып, мәйітті шұңқырға түсірер  мезетте Ағанияздың бойын қатты үрей меңдей бастады. Бойындағы дірілін баса алмай, аяздан тоңғандай тісі-тісіне тимей сақылдап, қалшылдады. Бетін ащы жас жуды.  Мүнира баласының мына бір мүттәйім күйін көріп, түсінсе де,  сын сәтте босаңсуға болмайтынын жан-тәнімен түйсінгендіктен де, айқайға жуық дауыспен:

-Тый жасыңды!-деп жекірді.

Ағанияз дауысы арғы жақтан шыққандай болып:

-Мүмкін әлі тірі шығар…,-деп кемсеңдеді.

-Тірі адамның тамыры аз да болсын соғып жатады. Денесі де суымайды,-деді шешесі самайынан аққан тер  суша сорғалап тұрып.

Ең ауыры — мәйітті көрге түсіру болды. Қиын сәтте адамға қиуадан қайрат қосылады деген рас болды. Әншейінде әлсіздеу көрінетін анасына еркектің күші біткендей.   Мүнира төменге өзі түсіп, баласының көмегімен мәйітті ыңғайлап жатқызып, ытқып сыртқа шықты. Жанұзақтың денесін көміп, беткі топырағын тегістеп бола бергенде күздің боз таңы сыздықтай ата бастап еді.

Аналы-балалы екеу қол арбаның ізін тегістеп, төмпешіксіз жаңа бейіттің үстіне жабайы сіпсенің дәнін үгіп із жасырды.

Екеуі кері  оралған соң, шешесі үй ішін жуып-шаюға кірісті. Бір заматта барып, белін жазып, «Ух!» деп демін ала бере, қорқынышы сейілмей тұрған ұлын жанына шақырып алып, басын кеудесіне қойып, қатты қысып құшақтады. Сосын орындыққа отырғызып, өзі қарама-қарсы жайғасты да, Ағанияздың екі иығынан  қапсыра ұстап, көзін-көзіне қадап тұрып:

-Балам,-деді барынша анық-қанық, жігерлі сөйлеуге тырысып,-сен барлығын ұмытуға тиіссің! Бәрін қорқынышты түс деп ойла. Менің кінәм болмаса да, өзімді Алла алдында да, адамдар алдында да күнәлімін деп санаймын. Егер бұл сұмдықты есіңнен мәңгі шығарып тастай алмасаң, екеуіміздің де өмірімізге балта шапқаның! Мұны қайтып еске алмайтын болсаң, онда өміріміздің жаңа белесі басталады.  Әкеңнің соңынан жаман сөз айтпай-ақ қояйын, бірақ-тағы екеуіміз де көресіні әбден көрдік емес пе. Тағы да айтайын, бұл жерде менің кінәм жоқ. Қасақана жасамадым. Менің күнәм – әкеңнің өлімін елден жасырғаным. Осылай болғаны дұрыс деп ұйғардым. Алла өзі кешірсін!-деді де, ұлын мейірлене құшты. Шешесінің құшағынан босай берген Ағанияз кібіртіктеп барып:

-Тәте, сұраған кісілерге не дейміз?-деді күмілжіп.

-Сен ештеңе білмейсің, балам. Ешкімге ешқашан бір ауыз сөз айтушы болма!-деді тағы да шегелеп.   

Ағанияз көп ұзамай ұйқыға жатқанымен, қалғып бара жатып, қайта-қайта шошына ояна берді. Әбден қалжырап барып көзі ілінді.

Оянса, түс болып қалыпты. Күн демалыс екені есіне түсті. Алдыңғы бөлмеге шықса, үй іші мұнтаздай тап-таза, жарқырап тұр. Түнгі алапат үрейлі уақиға ойына оралып, басы айналғандай болып,  қатты лоқсыды.

Дала жым-жырт. Шешесі мал өргізіп кеткен сияқты. Тәбеті ештеңеге соқпай, есік алдында сенделіп жүрді де қойды. Әкесінің мәйіті жасырылған жаққа үрке қарап қояды.

Абырой болғанда, бір-екі күн бұлар жаққа ешкім ат ізін сала қоймады.

Тағы бірер күн өткен соң, анасы орталыққа барып, жоғалған күйеуіне іздеу салды. Ел бір дүрлігіп барып басылды. Жанұзақ марқұм ізсіз жоғалғандар санатында ішкі істер бөлімінің тіркеуіне жазылды.

Араға бір жыл салып барып, Мүнира жалғыз ұлын алып, елмен қоштасып, төркін жұртына көшіп кетті.

                      ***

Үнсіздікті Дамыл бұзды.

-Жарықтық әкеңнің бейнесі  есімде. Көңіліңе келмесін, ішімдікке салынып, күнде жанжал шығарып, шырықтарыңды талай бұзды ғой. Мына жәйтті  ести сала, күдігім оянды.  Ел арасында дабыра болып кетпеуі үшін  барынша әңгіменің алдын алдым. Кемі жүз жыл бұрын жерленген мүрде екен деп сыбыс тараттым. Менікі – кәсіби ауру ғой. Күдігім әбден сейілмей, тағат таба алмаймын. Сені де іздегенім сол. Есесіне отыз жылдан соң, өзіңмен жолықтым. Өміріңнің жақсы жолда екенін  көріп, көңілім орнына түсті. Анаңның қазасын естімеппін, иман байлығын берсін марқұмның.

Ағанияз  сыныптас досының бір деммен айтылған осы монологын селт етпей тыңдап, үстінен соншама жылдар бойы зілтемірдей басып келген ауыр жүктен енді толық босағандай, терең тыныстады. Таңғы елес енді қайтып мазаламасына сенді.

Сайлау Төлеуов

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...