12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЗЕЙНЕТАҚЫ ДАУЫ

             Кіші лейтенант шеніндегі жас жігіт алыс түкпірдегі ауылға «учасковой» болып келгенде,  балаңдығын көрінеу көзтүрткі ғып, «осы не істей қояды» дегендей мұрнын шүйіре әстемси қараушылар болмады ғой деймісіз! Болды, әрине. Тек әнебір жайттан кейін ғана ондайлар аяқтарын тартына басатын болды емес пе?

             Қазіргі не нәрсеге де мұқтаждықтың өзін бас пайдасына жарата қояр пысықайлардікі не, осы? Олардыкі де «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кері, жиренерлік-ақ тірлік қой. Тіпті мұнда тұрған ештеңе де жоқтай көрінер. Бірақ, қара халықтың қанын терісін теспей сорар сүліктекрдің ұят-аятты былай жиып тастап, қапталдаса қасыңда жүріп-ақ арам пиғылын жүзеге асыратыны үйреншікті жайға айналып барады.

               Мына оқиға ондайлар – соның бірі ғана. Бәрі де ойда жоқта болды. Қарақия ауылының зейнеткерлері бір күн емес, екі күн емес, табаны күректей екі ай бойы пошта алдын бермей, алашақ зейнетпұлдарын ала алмай сабылысып жүрді де алды. Мұны әдеттегі жайдың біріне сайып, көңіл аударып, назар жыққан пенде болсайшы! Енді ше…пошта бастығы «Дүкендерден осы күні ақша аз түседі.  Қайсыбіріңе жетсін ол!» деп аузын қу шөппен сүрте берген соң, қарақиялық қариялар мұны қымбатшылық қаумалап келіп қалған тұстағы өтпелі кезеңнің әлегі ғой десіп, көнбістік танытқан. «Е-е, бүгін болмаса, ертең болар – ақырын күтелік» десіп сабыр сақтасқан сыңайлы. Бәрі де осылай жайбағыс күйде жалғаса берер ме еді…

                Әлгі…қайда барса да сыртына «пресса», ал ішіне «аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі» деп жазылған, шет-шеті жырымдалып, әбден тозған қызыл куәлігін жылтыңдатып қойнынан шығарып, базбіреулерге доқ көрсетіп, одан қалды жоқ жерден дау іздеп, жұртты қырықпышақ қырқыстырумен жүретін Кемелбек «Менің Шопақбайдан қай жерім кем? Көзім қитар ма, мұрным қисық па, әлде…Ол неге алдыңғы айдағы «пенсиесін» түз-түгел алғанымен қоймай, әлекедей жалаңдап қатарымызда жүр? А-а?» деп ойда жақ-түсте жоқ жерде шу шығарған жоқ па? Ол әлгі сөзіне «Поштада сыбайлас жемқорлар отыр» дегенді қосып, салбыраған ұзын мұртын бипаздай бір сипап қойды.

               Бұл әңгіменің шығуы мұң, біраз шал-кемпір елең етісіп, ілкі естерін жиғандай қалып танытқан: «Әлгі… сыбайластық шіркінің біздің Қарақияға да келді де. Бәсе –ау, Шопақбайыңның ұпайы түгел ғой онда.  Ол не ғып тағы да қолын жайып келе қалды мұнда? Жо-жоқ , ол «пенсиесін» қалай кезексіз алып жүр?» Осыдан соң-ақ қариялар арасында қып-қызыл дау басталған да кеткен. Бұл мәселе сол бойда ауылдағы «учасковойдың» да құлағына жетті.

               Бүгін де байланыс бөлімшесінің маңына ертемен жиылған жұрт Бошай мілисаның төбесі көрінгеннен бір жақсылық болар деп үміттеніп, жапырыла қозғалысып, тұс-тұстан дауыс ұзата мұң шаққандай әлпет танытқан. Кіші лейтенант не десін? Істің анық-қанығына көз жеткізбей жатып, «пәлен» деп кесіп айту, «жарылқаймын» деп жарияға жар салу оның да бойына шақ ғадет емес-ті.Әйтсе де, осылай кезекке ошарылудың (жер жерде жиі орын ала бастаса да) түбінде бір «кәкір» бардай көрінген. Не нәрсеге де көнбіс ауыл адамдарының кем-кетігін, жоқ-жітігін түгендеп, мұқтажына ынты- шынтысымен қарайласу орнына пошта бастығының айбынып, «беттен алып, төске шауып» тұрғаны да Бошайдың осы бір күдігін қоюлата түскендей.  «Кембағал қарттарға қолдан келіп жатса, ең алдымен жәрдем етеміз» деген секілді жылы сөзін арнап, жайдары қабақ таныта салса, не етеді. Сосынғы жерде ол «Ақша жоқ, өл деймісіздер маған.Тіпті мына тұрған өз жақындарыма да, оны қойып өз еңбек ұжымыма да айлыққа ақша қат болып тұр. Ал сіздер дүкеннен түскенін түскенінше қақшып алып отырсыздар ғой…» дегенді жиі айтады екен…

             Шынында да пошта бастығы Бідірәлінің зейнет жасындағы әкесі де, жақын туыс болып келетін басқа да бірқатар қарттар да сол төңіректі айналшықтап шықпай жүргені былайғы елге едәуір тоқтам салғандай-ды.

             Бідірәлінің жанындағы жүзіктің көзінен өткендей Мәкен деген монтер жігіттің өзі ешкім тақымдап сұрап жатпаса да, «Мен де осы жерде істей тұра жалғыз шешемнің зейнетпұлын үш ай бойы ала алмай жүргенім жоқ па?» деп көрінеу дызалақтаған болды. Сөйтсе де, оның жүзінде қаражатқа мұқтаждықтан туған қиналыстың мұғдары да жоқ еді. Мұның барлығы да сергек, сезімтал Бошайды ойландыра түсті…Аға лейтенант осы бір ойына күдік алған ісінің түйткілін тарқатуға ілік боларлық бірдеңені қалай тапсам деп күн- түнін сарп етіп, ізденуге көшкен. Байқатпай Мәкеннің анасының зейнетақысын айма- ай үзбей алып жүргенін анықтап алды. Бідірәлінің әкесі де құр қол емес.

               Осылай күн артынан күн өтіп жатты. Алайда жағдай әлі де бәз қалпынша. Шал- кемпірлер таң атар атпаста байланыс үйіне бірдеңеден құр қалардай әр тараптан андыздай жетіп, саудадан түсер азын-аулақ қаражатты қылдай бөлісіп, бұйырғанын алады да кетеді. Үлгермегендеріне түк те жоқ…

               Бірде он шақты кемпір (арасында бірді-екілі жасамыс әйелдер де бар) пошта үйінен әлденеге шәт-шәлекейлері шыға бүлініп, даурығыса шықты да, сол тобымен ауылдық кеңес үйін бетке алып, аяқтарын жеделдете басты. Әдеттегі жайға айналып, мұндайға әбден ет үйреніп, көз қаныққан соң ба, көше қиылысында ошарылып тұрған ер -азаматтар «Әне, кемпірлер тағы да көтеріліске шықты» деп бір ду етісіп басылды. Әдеттегі жайтты әзілге шаптырған сыңайлары. Десе де, әлгі топтың екпіні жүдә қатты еді. Олар кеңсеге кіре берісте сәл аялдап, өзара әлденені пысықтап, ауылдық кеңес басшысына не айтып, не қоятындарын жұптасқандай күйде тұрғандарында, анадай жерден Бошайды көріп қалды.

                –Әй-и, мілиса бала, бермен келші, — деді орталарындағы жасы үлкендеуі. – Есіттің бе? Зейнетақыны тамыр-танысқа үлестіру деген не сұмдық тағы…Одан өкімет те «нәлөк» алмайды. Қариялардың өмір бойғы еңбектерінің жемісі ол. Ал мынау не? Бұған қаржы тапшылығы ғана сылтау болса, бір сәрі…

               Иә, рас, мұның бір шикілігі бар. Оны бұрыннан бимәлімдеу түйсікпен зерделеп жүрген Бошайға мына жайт түрткі де болды. Мұның анық-қанығын білуді кешіктіре берсе, «көрікті қызған кезінде» соға алмай қалары да анық. Әлгі кісілерді кабинетіне шақырып, оңаша әңгімелесіп, біраз жайды анықтап та алды. Қалай әрекет ету керектігін де ойласты. Енді барлығы да алақанға салғандай айқын болды емес пе?

            Бүгін де… поштаға кіреберісте қарақиялық зейнеткерлер бәз-баяғы қалпы иін тіресіп тұр.  Олар осылай қатарлары да онша сетінемей, үш-төрт ай кезектерін күтісіп, «ескерткішке» де айналып кеткендей. Бәр-бәрінің де жүзінен көнбістік, шаршаңқы рай, әйтеуір бір  нәрседен үміт үзбеушілік қана байқалады. Әу басында бәрі де «пенсиеміз» көп болса, бірер күн кешігер, үкімет өлтірмес деп сенген. Пошташылардың уәдесі ащы ішектей созылып бара жатқанында «әу, біз мынадай өсіп-өркендеп, нұрлы болашаққа беттеп бара жатқан елміз. Мына тірліктерің мәдениеттілік емес» деп дауыс көтеріп, басшылардың шаңын қағып, басасаулық танытқандар да болған. Алайда олардың да осы үш-төрт ай ішінде аудан орталығынан екі жүз шақырым  қиян-алыс түкпірде жатқан ауылда өкіметтің өлсең аузыңа су тамызбайтынына көздері әбден жетіп, «жыны» басылған сыңайлы. Өрісте от оттаудан қалып, шыбындап, бір-бірінің көлеңкесіне бастарын тыға ұйлығып, үйездеген малдай тыншу тартыпты.

             Ана бір жолы Бошай осындағы орталық әмбебап дүкеннің сатушысы Салиханың монтер Мәкенді іздеп қайта-қайта поштаға келгіштеп жүргенін байқап, оның мұнысын көңіліне кіді алғандай еді. Ал бұл жолғы келісінде екі-үш жап-жас қыздың  «Мәкен ағай, сізді бір минутқа бола ма…» деп оңашалап сөйлесіп, сол бойда ұмар-жұмар боолып бүйірдегі бір бөлмеге кіріп кеткенін көріп қалды. Үйлі-баранды, мамандығы бар болғаны монтер жігіттің мына қыздарға емешесі үзілердей қандай қажеті болды? Мұнда бір гәп бар сияқты. Не әлгілердің үстіне баса көктей кіріп барудың, не Мәкеннің «жеке қабылдауына» жазылудың жөнін таппай есік алдында аз-кем бөгелген. Не де болса қыздардың сыртқа шығуын күтті.

            Бұл оқыстан кіріп келгенде, түкпірдегі бөлмеде аңысыз жалғыз отырған Мәкен алдындағы зейнет алу жөніндегі тіркеу кітабының бетін жауып та үлгермей, оны тартпаға салуға әрекеттенді. Алайда тартпаның сол бойда толайым суырылып кетіп, аузы -мұрнынан шығара толтырылған қызыл, жасыл ақшаның бопырап, еденге қауырсындай шашылып кеткені…Мәкен…қып-қызыл болып, не істерге білмей, дымы құрып, орнында шоқиып отырды да қалды. Мәкен, Бідірәлі, сосын… тіркеу кітабына ең соңғы болып қол қойған екі жас қыз арада көп өтпей тіркеу пунктіне шақырылды.  Әрі-бері тергеп, сұрап көргенде, ол екеуі де шындықтың бетін бүркемелеуге арлары жетпей, беттерін баса солқылдап жылап қоя берді.

             –Cонда  біз де пара берген болып шығамыз ба? Зейнетақыны әр мыңдығының үстіне екі жүз теңгеден берсеңдер,  бір демде-ақ қолдарыңа тигізем деген Мәкен ағаның өзі ғой, — десті. 

               Осындай жолмен  шамалы баюды ойлаған Мәкен монтер тікелей Бідірәлінің нұсқауымен жұмыс істегенін бұлтартпас дәлелдерден кейін мойындауға мәжбүр болды. Белгілі болғанындай, Бідірәлінің әкесі, туыстары да бұл әрекетті құптап, қолдарынан келгенше көмектесетін болып келіскен екен. Алыс түкпірдегі Қарақия ауылында ұзын саны бес жүздей зейнеткер бар екен. Соның бәрінің бас-басынан мың, екі мың теңгеден алым алғанда бар ма…Ойыбай, бұл дегенің қыруар ақша ғой!Ал қаладағы базарларға қатынап сауда жасайтын елу шақты әйелдің «пенсиесін» бір жолы түскенде Біләрәлінің өзі апарып беріп, бұл қызметі үшін бес мың теңгеден ұстап қалатын көрінеді. Зейнетақыны осылай бір таратқан күннің өзінде пәленбай теңге Бідірәлінің қалтасында қала береді екен.

               «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей… ақшаға, дүниеге қызығушылық кейде осылай ар, иман, адамгершілікті ұмыттыратынына осы жолы көзі жетті Бошайдың. Содан былайғы жерде ол қылмыстың болмашы нәрседен белең алып, өрттей қаулайтынын мықтап жадына түйген еді…       

                                                      САЯҚ

               Қонжардың соңғы он шақты жылдың бедерінде «бәрі де қара қазан, сары баланың қамы ғой» деп, істемеген ісі, баспаған жері, бармаған тауы қалмады…

               Ауылда, баяғы сыры кетіп, кей жері ақтаңдақтанған қызыл ала «беларусін» безек қақтырып, бір тынбай өнебойы не бітіп, не қоймайтын кеңшардың жұмысымен болып, бейғам жүрген Қонжекең айналасын айпап-жайпап, әлекедей жаланып нарық келгенде, қолындағы «барынан» бір-ақ күнде айырылды да қалды. Кеңшардың жұмысы төбеге ұрғандай тоқтап, барлық дүние-мүлкі жекешелендіріліп, талан-таражға түсті. Мұның да тақымындағы қызыл ала тірәктір «бартерге» кетіп тынды. Мұны қойшы, алдындағы малынан айдың-күннің аманында айырылып, қолдарына шошайтып таяғын ғана ұстап қалған малшыларды қайтерсің!

                Қонжар осыған қапаланып, үйінде етпеттей бүктүсіп қашанғы жатсын! Баяғыдағыдай қызыл ала тірәктірін безектетіп отар-отарға отын-су, жем-шөп тасып жүргенінде отбасына науадай құйылып тұратын көлденең табыс та жоқ. Өйтіп-бүйтіп құраған аздаған қорамжасын бір күнде жеп тауыссын ба? Ептеп оны-пұны іске араласып, шай пұлдық бірдеңе таба бастады. Ауылдан ат терлетіп қала базарына барып, арба сүйретті, біреулердің жалданып үйін соқты. Көпшілік дәретханасының «билет» қырқып ауызында да отырды. Байшыкештердің ауласын сыпырып, итін «қыдыртып» та көрді.

Қолына жұғып қалған ешқайсысы жоқ. Дегенмен, қызыл ала тірәктірінің ершігінен түспей, ернінің ұшынан сәлем ұзатып, ешкімге де сабытын салып көрмеген Қонжарға бұл жеңілге де түспеді.  Бірақ адам басқа салса, неге де болса көндігеді екен. Бәрін былай жиыстырып тастап, ауылдың біраз жігіттері өздерінше «топ» жасақтап, алыс қалаларға үй соғамыз деп кетіп, айлап-жылдап үй бетін де көрмеді. Сол тұста не ақшаларын түгел ала алмай, не жұмыстары мандымай айдалада ас-сусыз қалған күндері де болды. Сондай- сондайдан ғой, ауылдағы бала-шағам аштан қататын болды-ау деп уайым ойлағандыкі ме, қырықтың жуан ортасына келген Қонжардың бұрынғы мойылдай қап-қара шашы қазір бормен баяғандай аппақ-ау, аппақ.

                Қанша жерден арқа еті – арша, борбай еті – борша болып, қабырғасы қайысып, қара терге түсе еңбектенгенмен, Қонжекеңнің баяғы қызыл ала тірәктірімен-ақ тапқан айлығының өзімен қағанағын – қарқ, сағанағын – сарқ қылған отбасы  өзіне ауызын ашып отыруын қоймады. Қонжар әрі-бері ойлана келе құжынаған көп банктің бірінен несиеге көп ақша қотарып алып, бірер ірі қараның басын құраған. Астына ескі де болса арқыраған жеңіл көлік алып мінді.  Сөйтіп, таксишілікті кәсіп ете бастады. Отбасындағы бес-алты баланың тамағы өскен соң не жорық, тісін қайрап, жанын жалдап жүріп тапқан пұлы да бұйым құрлы болмауға қарады. Әлгі бірер ірі қараның өзі солардың ішім-жемінен, киім- кешегінен артылмады, ақыры. Көп қарыз ақша мойнына ілініп қалды.  Қонжекең амалсыз әлгі жалғыз «аяқ артарын» да сатуға мәжбүр болған. Банк алдындағы берешегінен бәрібір жуық арада құтылатұғын түрі жоқ-ты…

               Қонжар, ақыры, бір түнде ауылдан қарасын батырып тынды. Отбасының бас иесінен айырылуы оңай ма. Қатыны, бала-шағасы бірер күн ұлардай шулап, жылап-сықтады. Айтқандайын, жылап-сықтап қоя салған жоқ, Әлдигүл  (Қонжекеңнің үйіндегі жеңгеміз ғой) алты-жеті айдан соң полицияға арызданып жүріп, күйеуінің үстінен «іс» қозғап, «хабарсыз кетті деп танылсын» деген бір жапырақ қағаз алды.  Үлкендер жағы «Әй, мына Қонжардың мұнысы несі? Бала-шағасын ұлардай шулатып…жан баласына айтпастан бір жағына, басы ауған жағына қарай кетті де қалды» десіп мұның дәнеңесіне де түсінбей дал. «Өзіміздің де осындай бес-алты «күшігіміз» болса, не істер едік,ә? Өмірден түңілді ме жазған» десіп, ауылдың үлкен-кішісі түгел атқа қонып, іздеп, тал-тоғай, өзен-көлдерді түгел сүзіп те шығысты.  Бірақ, Қонжардың «өлі» денесі еш жерден табылмады. Одан келер-кетер не қайран бар, әлгі… «хабарсыз кетті» дегеніңнің өзі «өлдің- өштіңмен» бірдей болып тұрған жоқ па? Құй сен, құй сенбе – мейлі, ендігі жерде «Қонжар Қасымов» деген адам жер бетінде жоқ – «дүкіментте» бәрі де әлдеқашан солай деп жазылып, қатталып қойылды емес пе?

             Бір жақсы жері… Қонжардың отбасы «асыраушысынан айырылуы» себепті өкіметтен азын-аулақ қаржылай көмек те ала бастады. Қонжекеңнің мойнындағы баяғы қарыз-құрызға «күйсін-күйсін» жасалған-ды. Енді ше, бүгінде о дүниеге барып бірдеңе алып келу мүмкін бе, өзі…

              Осылай Қонжекеңнің ауылдан біржола қарасын батырғанына екі жылға да қарап қалды. Ауылда одан кейін… жұртты дүрліктірген аса елеулі оқиға бола да қойған жоқ. Тек…осынау Елібай өңіріндегі мыңғыртып мал өсіріп, қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ, бақуатты тірлік кешіп жатқан байшыкештердің – ауылдағы ағайын-туыстарының өзіне бір самауырын шәй қайнатып беруге жоқ, пейілі тар «жаңа қазақтардың» алдындағы малын әлдебір «жалғыз аяқты» ұры дүркін-дүркін айдап кетіп, сан соқтырып жатқаны жөніндегі адам сенбестей әнебір аңыз-әңгіме болмаса…

                Байшыкештер құжынап көбейген, Елібайға сыймауға айналып бара жатқан есепсіз малын  Мойынқұм асырып алып кеткен еді ғой. Әлгіндей қауіптен, бір жағынан ит құс, бір жағынан «жалғыз аяқты» ұры тиісіп, маза бермеген соң, «пәледен – машайық» дегендей, олар малын Талас бойына, ауыл төңірегіне жақындатып, күзетін де күшейткен көрінеді. Бірқатары естілік танытып, құдайы тамақ таратып, ауыл-аймақтың үлкен-кішісінің бір ай бойы ет пен сорпа-суға мелдектеп, ажарлары кіргенін айтсаң ғой! Әсіресе, алты ай қыс, алты ай жаз бойы ел бетін көрмей, жылына еңбегіне айлық есебінен берілетін он шақты қой-ешкіге бола телім-телім болып күнсіп, қарайып мал соңында жүретіндердің құдайы беріп қалды.

              Малды-жалды азаматтар әлгі «баукеспенің» (өзі өмірде бар ма, жоқ па – оны жарытып біліп жатқан да ешкім жоқ) соңына бір ай шырақ алып түсіп, «вертолеттен» басқа көліктің бәрін жұмылдырып із кесіп, түк бітіре алмай бекер-босқа шығынданып, «әй, қойшы сол малды, арам өліп те қалады ғой, қалғанына береке берсін» десіп, қолдарын сілтепті де қойыпты. Шеті-шегі жоқ ұланғайыр құм өлкесіне (оны әзірге батылы барып көктей өткен бір пенде жоқ) үрке, үрейлене қарайлаудан әріге бара алмаған. Қарап тұрсаң,  Елібай өңіріндегі елу шақты байшыкештің барымтаға түскен қой-ешкісінің ұзынырғасы «әй,қойшы соны» дейтіндей емес, үш-төрт мың қаралы. Әрқайсысына шаққанда, отыз- қырық тоқты-торымнан келеді. Ірі қарасын былай қойғанда. Байшыкештер, бірақ, осыдан кейін де қойшыларын аяп, «бұл сорлыларға обал-ау, айына айлығына деп он тоқтыдан неге бермеске, онысыз да ит-құсқа жем болып жатыр» деп пейілдерін кеңге салса, неғылдейсің!

            Ауылдықтардың да бұл жайдан құлағдар болып,  қыбы қанып: «Былайғы жұртқа түк татырмап едіңдер, бәлем, сендерге осы керек» десіп, біржағынан әлгі көзсіз батырдың кім екенін де білгісі келеді, баяғы. Оны, тіпті, ауылдың қарапайым шаруасының малының бір басына да тиіспейтін «халық батырына» да теңеп, кездесе қалса, үйлеріне қондырып, әбден сыйлап жібергілері бар. «Әй, осыныңның өзі баяғы… біз «өлдіге» санап қойған Қонжар болып жүрмесін, бабалары жау түсірген батыр еді шетінен» деп болжам айтқандары да болды. Қонжар жайлы «аңыздың» басы ғана еді бұл.

              Ауылдағы атышулы шайпау келіншек Шария Әлдигүлмен әлім-берімге келіп қалғанында, тағы да еске салды оны. Үй арасы жақын, ұл-қыздары да бірге ойнайтын болған соң, ара-тұра көршілердің кикілжіңі де болып тұрады емес пе? Сондай бір ұрыс керіс үстінде:

              –Байы өлген қатынға ұқсамайсың ғой, өзі. Мінгенің – мәшине, ішкенің – алдыңда, ішпегенің – артыңда. Байыңның бар байлығын басып қалдың ба, әлде? – деп Әлдигүлдің шамына тиіп бақты ол.

               Шынында да Әлдигүлдің бұл күнде әжептәуір шырланып, ұлы-қызы әділбұлыққа жетіп, таңдап мәшине мінгені де, қорасындағы малы басын көбейткені де рас-ты. Ол аздай, ұлы-қызы, Қонжардың құрдастары болып жабылып жүріп, ауылдағы ең еңселі үй – коттедж тұрғызып, ішін дүниеге де сықай толтырған-ды. Ақшаны күреп тауып жатқан өзі ме, ұл-қыздары ма  – ол арасын біліп жатқан бір пенде болсайшы! Әлгінде Шарияның меңзегені де сол-ды. Ол тіпті қыза келе:

               –Қонжар өлсе, өстіп шалқып байыр ма едің! Дос-жар түгілі, жақын туысың да есігіңнен сығаламас. «Мафиясыңдар»! – деп салды.

               Соны естіп, Әлдигүл қып қызыл болып терлеп, не дерге білмей булығып отырды да қалды. Шарияның айтқанының да жаны жоқ емес, бір қарағанда. Қонжардың баяғы, Ақтауда құрылыста бір «бригат» болып бірге істеген жолдастарының барлығы да тұрмыстарын әбден түзеп те алған-ды. Қоралары да малға толы. Астыларында –

бір-бір мәшине. Шу асаудай орғып тұр шетінен. Айына бір отбасыларымен қоштасып, Қаратөбені бетке ала  есік пен төрдей «Зил»-ге мінгесіп, Ақтауға жұмысқа да кетіп бара жатады…

                Кішкене ұшқынды жел үрсе, одан сайын лаулай түседі емес пе? Шарияның әлгі сөзін ел іле іліп әкетіп, «ойбай, не дейсің, Қонжар тірі екен, Тереңқұмда барымташылықпен айналысады екен, әлі күнге жан баласына із шалдырмай келген «жалғыз аяқты» ұры – сол» деп гулетті де жіберді!

               Сол  сол-ақ екен, айдың-күннің аманында бірталай малынан айырылып қалған көрмәдік байшыкештерің есік пен төрдей «темір тұлпарларын» ызғытып, Арнасайға жетіп жетіп келісті.   Солар хабар берді ме, ауылға қызылжағалылар да қаптап кеткен. Байшыкештер ауданнан өздеріне көмекке полиция жасағы келгенін малданып, күдікті деген біраз жігітті түн жарымында ұйқыларынан оятып, тірек пунктіне сүйрелегендей қылып әкеліп, тіпті еліріп кетті. Қариялар жағы олардың мұнысын жаратпай, «НКВД»-нің жасауылдарынан жамансыңдар ғой, түге. Қолымда кірім бар деп, кім көрінгенге беталбаты күйе жаға бергенді қойсаңдаршы»  дегеніне пысқырып та қараған жоқ.

              Сол күні әлгі Ақтауда құрылыста істейтін топтың жетекшісі Сарыбек «малы ұрланғандарды» соңына ертіп, әлекедей жаланып жүрген Жармақпен сөзге келісіп қалды. «Мал ашуы –  жан ашуы» десек те, Жармақтікі жөн болмады. Тірек пунктінің маңында шиландай елдің көзінше Сарыбектің жағасынан ала кетті:

              –Уызынан жарымаған тексіз неме, менің малым сен ұрлады екен деп кеміп қалады ғой деймісің. Әр бұтаның түбінде жатыр әне, бықып, – деп.

              Сарыбектің дәл сол күнгідей тұлан тұта ашуланғанын ауылда бұрын-соңды ешкім де көрмеген шығар. Жүзі күреңіте қабарып, ызбарланып, күрзідей жұдырығын Жармақтың тұмсығына тақап тұрып:

                –Мынаның исін сағынып жүрмісің, әкри. Байлық салыстырарлықтай сен кімнің шікірәсісің?  Тауарлы несие деп халыққа бөлінген малдың тең жарымын өзіңнің қораңа иіріп алғаныңды айтамысың? Әлде ана Кәріқорғанға апиын егіп, сатып байыған Баймырзаны меңзегенің бе? Қайсыңның қолың таза?  – деп алқымынан ала, мынжымдап езгісі де келіп кетті-ай. Жармақтың да ығатын түрі жоқ.

                –Бандының құйыршығы? – деп салды тісін шықырлатып.  

                –Құйыршықпын ба, басқамын ба оны көзіңді жеткізіп барып айтпаймысың! Қолымда аз -мұз байлық бар екен, демек аузыма келгенді  оттай беруіме де болады деп ойлайсың ба?

                 –Саған барымташылық ата-бабаңның қанымен келген…

               –Бас жаққа барыспайық, «қызыл деректір»!

               –Құл-құтанның құтыруын, жүдә…

               –Әй, саған қашаннан бері шыр біте қалды? Интернаттың қара нанын ұмытайын деген екенсің…

               Бір-біріне тағы да тап-тап берісіп, жұдырық сілтесуге айналған екеудің арасына полиция түсіп, шыр-пыр болды да қалды:

              –Қойсаңдаршы! Жоқтан өзгеге ерегісіп…Ешкімді де кіналағалы жатқанымыз жоқ. Бұл істі жан-жақты зерттейміз әлі.

               Жармақ сонда да тыншымай, аузынан боқтық аралас біраз сөзді түйдек -түйдегімен жіберіп, ызбарлана Сарыбекті оқты көзімен ата бір қарап қойды. Осылай «жаңа қазақтар», полициямен тізе қоса достарының аузын алып, тықақтап Қонжардың жайын сұрағыштап, ауылды біраз төңіректеді. Бірақ, қолға ілігер еш ілік таппай, «Зил» -ге мінгескен тату достардың соңынан жансыз салып көріп, осылар шынымен Ақтауға барып жүр ме, жоқ па  деп індете тексерген болды. Алайда, әлгі жансызы құрғыр облыс орталығында олардың ізінен адасып қалып, ауылға салы суға кетіп оралды. Бір емес, бірнеше рет…

               Мұны естіп, ауылдағы Қонжар мен оның құрдастарының ата-бабалары баукеспе, барымташы болғанын, кезінде небір сараң байлардың мықтап тұрып сазайын тарттырғанын білетін көне көз, кәрі құлақ қариялар «табарсың атаңның басы» деп мырс- мырс күлісті де қойды. Осы қарттардың кекесінді күлкілерінің астарында бір «кәкір» бар-ау, сірәдағысы…

               Байшыкештер дүрлігісіп, әлденеше апта бойы араға жансыз салып, із аңдығанмн, тағы да ештеме тындыра алмай, ызадан жарылардай жүздері барт болып ісініп, елге қарарға беттері жоқ, жөн-жөніне кетіскен-ді. Осы әңгіме сол күйі ұмытылып та кетер ме еді… Ауылда «Қонжарды (дұрысында аузы-басын сақал-мұрт басқан ақ шашты біреу) достары әйнегі қараңғыланған «Джиппен» түнде үйіне әкеліп қондырыпты» деген әңгіме бұрқ етсін. Сәл кейіндеу сол жұмбақ «Джипті» Тереңқұмның пәленбайыншы шақырымындағы бұрылыстан белгісіз бағытқа, елсіз құла дүзге қарай кеткен жерінен көріп қалған әлдебір жоқ іздеген арнасайлық азамат та «сүйіншілеп» жетті. Екі жағдайдың бір-біріне өте ұқсастығы, бірін-бірі жоққа да шығармайтыны көңілдеріне сенім ұялатты ма, бұл жолы белгісіз барымташыларға талайдан тісін қайрап жүргендер шешуші қадам жасауға ұйғарды. Әлгі Тереңқұмдағы елсізге бастар жол аузы қатаң бақылауға алынды. Ауданнан мұздай қаруланған полиция жасағы шақырылды. Ауылдасына тышқақ лағын да қимайтын «жаңа қазақтар» қыруар қаражат жұмсап, ары-бері қатынауы  мыңдаған шақырымды қамтитын аумаққа қарулы күзет қойып, екі арада құс ұшырмай әлекке түсті де қалды… Халықтың емес, өздерінің қамы ғой. «Өзім дегендегі өгіз қара күштерін» аяп қалсын ба!

                Бұл оқиға Арнасай ауылын тағы да дүр сілкіді. Оқиғаның барысын олар да үзбей қадағалаумен болған. «Ойбай, не дейсің, Қонжар бандылық ұйым құрыпты, оның мүшелері баяғы өзімен бірге істеген достары екен. Құмның Керенке деген сулы-нулы  татырын (онда адам баласының аяғы жетпеген жерлер баршылық қой. Не деп болады) біраз жыл мекен-тұрақ етіп, мыңғыртып мал (ұрлықы мал да) өсіріп отырыпты. Барымтаға лайық белі мықты, арыны қатты жарау аттарды белдеуден үзбепті. Қорасы да, үй-жайлары да сайлы-ақ, өздері мұздай қаруланған, он шақты танкісі мен зеңбірегі де бар екен. Полициялармен бір күн соғысыпты» деген әңгіменің де құлағы қылтиып қалды…

Полиция жасағының Тереңқұмдағы құпия қонысқа ат сабылтып барғаны рас-ты. Бірақ, отар-отар малдың, барымташылардың тек орнын ғана сипап қалыпты. Өздері тап үстінен түскен, мидай даладағы өртеніп, күлі ғана қалған бірнеше нысанның қора, не үй болғанын ешқайсысы да тап басып айта алмайды…

              Рас, Қонжар «ізсіз-тозсыз» ғайып болған күннің ертесіне өзінің осынау ата қонысына сайланып барған-ды. Бабаларының баяғы кездердегі барымташылық кәсібін қайта жаңғыртқалы. Әпенділік қой! Оған өзіндей әбжіл де әккі достарының қол ұшын бергені де, аулақта із шалдырмай жүріп, байшыкештердің бірталайын сазға отырғызып кеткені де, малдың жартысының ен-таңбасын өзгертіп қораларындағы малға қосқаны да, семіртіп, шетінен сойып, етін базарларға апарып сатып, қат-қат ақшасын жамбасқа басқаны да, соның есебінен тұрмыстарын да түзеп алғаны да шығар күндей шындық болатын….Алайда мұны көзбен көріп, қолмен ұстаған да ешкім жоқ. Бұл арнасайлықтар үшін «аңыз» секілді ғана болып қалды. «Нағыз дала детективі» дерсің өзін! Осының негізінде шытырман оқиғалы кинофильм түсірсе де болатын шығар…

              Айтқандай, осы оқиғадан кейін бір ай өтті ме, өтпеді ме – Қонжар аман-сау үйіне де келді. Әлдигүл осының құрметіне дүмбірлеген үлкен үйіне ауылдастарын, достарын жиып кішігірім той өткізді. Алғашқыда Қонжекең коттеджді көріп, «Әлдигүлау, мынадай керемет үйді қалай тұрғызғансың!» деп жорта таңданған болды. Ал бір қағаберісте аппақ борықтай болып әдемілене түскен келіншегі Қонжарға қылымси жанасып: «Алты ай бұрын келгеніңде осы, езгілеп жанымды көзіме көрсеттің-ау сен де, содан бірдеме көтерген де секілдімін» деп жымиып қойды…

            Неге екенін, Қонжекеңнің көз алдына баяғы қызыл ала тірәктірі келді… «Мені қалай көзің қиып бартерге бердің?» деп мұңая қарайтындай, құрымағыр. Қонжардың алқымына өксік тығылды. Сол бір тыныш, бейғам шағын сағынғандай ма, қалай? Ол қызыл ала тірәктірін іздестіріп тауып, әлі күнге дін-аман сақталған болса, ақша дегенің пішен, қаншаға болсын қайта сатып алсам ба екен деп те ойлап қойды…

             Бимәлім бір түйсікпен ауылдың байшыкештері «не де болса бар пәле осыдан келді-ау» десіп, өзін бір сүріндірмекке ілік іздеп, әлі азуларын басумен жүргендерін де сезеді. Бірақ, Қонжар  үшін  дәл қазір қылмыс жасасын, жасамасын – мейлі, түрмелердің есігі тарс жабық қой! Оған сот жүрмейді. Өйткені, оның аты-жөні тірілердің тізімінде жоқ. Әлдеқашан сызылып тасталған. Яғни, «өліп қалған». Өлілердің санатында. Ол өзінің өлі- тірісін де білмейтін жағдайда еді. Өзінің бұрынғы есім-сойын қайта қалпына келтірсем бе, жоқ па деп те екіұдай ойда жүр…

Баймаханбет АХМЕТ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...