12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Көмілмей қалған саусақ

Қонақтан түн ортасы келіп таксиден түсіп жатқан Дастанға көрші жертөле жақтан бірнәрсе көлбеңдегендей болды. «Түн ортасы жүрсең осы, елестеген болар» — деп, тез адымдап ол өтіп кетеді. Содан, бес — алты күн өткенде оны есік алдында жиналған адамдар мен тергеуші қарсы алды. Тергеуші:

 — «Ассалаумағалейкум» — деп амандасқан соң, өзін Калинин аудандық ішкі істер басқармасының қылмыстық істер бойынша тергеушісі, капитан Майдан Үмбетов деп таныстырды.

-«Уалейкумссалам. Менің есімім Дастан болады. Қалайсыздар?» деп, Дастан адамдар тұрған жақты иегімен нұсқап «Ел неге жиналып қалған мұнда?- деп сұрады.

-Ия, айып етпесеңіз сізге бірер сұрақ қойсам-деді капитан, дауысын бәсеңсіте.

-Ия, ол не сұрақ? Қоя беріңіз, бірақ, ренжімесеңіз тезірек қойсаңыз-  деді Дастан асығыстығын білдіріп.

— Осыдан бес күн бұрын кіреберістің бірінші қабатында тұратын  актриса көршіңіз жоғалып кетті деп млицияға арыз түсті. Сол күні қойылымнан кейін кешкісін әріптестерімен қоштасып кеткеннен үйіне оралмапты. Өлі, не тірісі белгісіз, ұшты – күйлі жоқ дейді. Бес- алты күнде осы маңайда бейсауыт жүрген біреу- міреуді көріп, не ерсілеу нәрсе байқамадыңыз ба?- деп,  ақырындап, бірақ қырағы көңілмен Дастанның бет жүзін барлай қарады  тергеуші.  

— Дастан ойланыңқырап басын көтере  «Жооқ, ондай көлденең ешнәрсе байқамадым. Өзіміз бұл үйге жаңа  қоныстанып жатырмыз. Маңайда бөтен адам жүрсе де, осы үй тұрғыны жүрсе де танымаған болар едік. Бір бірімізді дұрыс танымаймыз ғой әлі»- дейді Дастан. Капитан рұқсат болса басқа сұрағыңыз болмаса мен кете берейін. Жұмысқа кешігіп қалармын, түскі ас ішуге келген едім — деп рұқсат сұрап жүріп кетеді.  

     Тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқан тергеуші, капитан Майдан Үмбетов үйге кірмес бұрын маңайды барлап, көршілерден сыр суыртпақтап  жүрген беті еді. Жоғалған актриса тұрған пәтерді тінтуге кірген Майдан әуелі үйдің аурасын сезініп, біраз үнсіздік бақты. Үнсіздік тергеу амалында жаныңдағы адамның мінезін, қылығын байқайтын амал. Актрисаның күйеуі Ербол да өзін барынша сабырлы ұстауда. Заттар әр жерде өз орнында тұрған жоқ. Ербол диван үстінде жатқан киімдерді алып шифонерге тықпақ болып еді «Ешнәрсеге тиіспеңіз. Заттар тұрған жерінде тұрсын» деп бұйырды тергеуші. Ерболды ашу қысып шеке тамырлары білеуленіп, екі шықшыты бүлк бүлк етіп екі алақанын жағына апарып орындыққа отыра кеткенін өзі де байқамай қалды. Ерболдың мына күйіне мән берген тергеуші:  

-Әйеліңіз жұмысқа қай уақытта кетіп, қай уақытта келуші еді? Балаларын балабақшаға апарушы ма еді? Соңғы рет үйден қандай киім киіп шыққан еді?Бұрын соңды үйге келмей қалған, кешігіп, ішімдік ішіп келген кездері болып па еді?- деп сұрақты қарша боратты. Сасып қалған Ербол:

— Ііі, жоо-оқ, он-ндай әдеттері жоқ. Әсем үйге уақытылы келетін. Күнде тамақ дайын, үйді таза ұстады. Балалардың күтіміне жауапкершілікпен қарайтын қатын. Балаларды обалсынып балабақшаға да бермеді. Өзі қарайтын. Театрда қойылым күні балалар менімен қалатын»- деді де, «Уһ- һ» деп күрсіне көзіне ыршып келген жасты жасыра сүртті.

   Жас та болса небір құйтұрқы, әккі қылмыстардың бетін ашып жүрген тергеуші оның көз жасына илана қойған жоқ. Тергеушінің жан дүниесін арбайтын әдеті ғой бұлардың деп іштей ойлаған ол, дереу:

—  «Олай болса әйеліңіздің киімдерін көрсетіңіз. Біртіндеп, рет- ретімен әуелі қысқы сырт киімінен бастап шығарыңыз. Ал, сіз бірін қалдырмай жазып отырыңыз» — деп, жанындағы көмекшісіне бұйырды. Сырт киім, жазғы- қысқы, бас киімін қарап шықты. Енді, әйеліңіздің іш киімдерін көрсетіңіз дегенде, оның іш киімдерін қайдан білейін қайда екенін деп қысылып жауап берді Ербол. Үйден Әсемнің бірде бір іш киімі табылмады. Бұл этюд тергеушіні қалың ойға қалдырды. Әсемді жолда ұры- қары тонаса, не өлтірсе, оның іш киімдері үйде болмағаны қалай? Бұндай жағдайда ол іш киімдерін алып кетуге еш мүмкіндігі жоқ қой. Ал, біреумен қашуға алдын ала дайындалып жүрсе де қисынсыз сияқты. Әсем өзі болмаса, онда оның іш киімдерін кім, қайда жіберуі мүмкін деген сұрақ төңірегінде тергеуші тергей бастады. Ерболдың бетіндегі тырнақ іздері тегін емес, не болса да сұмдық осы Ерболдан келіп тұр деп ертесіне оны тұтқынға алады.  

 Ербол түрмеге түсті дегенді естіп Арал жақтан қайын атасы  мен қайын апасы келді. Ақсақал келе куйеу баласымен жолығып мән жайды сұрастырады. Куйеу баласы өзінің еш кінәсі жоқ, әйелінің алдында ақ адал екенін, оны өлімге қимайтынын, оның тірі жүргенін сезетінін айтып қайын атасын сендірді. Еңбегімен сыйлы республикаға танымал ақсақал үлкен есіктерге кіріп жүріп күйеу баласын түрмеден аман есен шығарып алады. Ал, талантты тергеуші Майдан Үмбетовті бұл істен шеттетеді.   

   ____________________________________________________

 Балаңның із түссіз жоғалуын Алла тағала ешкімнің басына бермесін! Белгісіздіктен өткен адам жанын қинау жоқ шығар! Өлді деп құран да бағыштай алмайсың. Дегенмен, тап болған жайға Әсемнің отбасы сабырлық  танытуда. Әсем көңілдесімен бірге басқа қалаға отбасын, балаларын тастап қашып кетіпті деген сөз де ата анасының құлағына жетті. Ата ана үшін бұдан өткен азап бар ма? Онсызда жаралы жүрек қам көңіл жандар мұндай сөздерді естігенде жердің тесігі болса кіріп кетуге бар еді! Анасы, «Алла тағала, қай жерде жаза басып дұрыс тәрбие бермедім екен? Мұндай масқара боларын білгенде оқытпай ауылда тұрмысқа бергенім дұрыс еді» деп, ұяттан өзін жегідей жеді. Қорыққан қояндай үриіп отырған екі балапанға көзі түсе қалса, «Бізді аямасаң да мына үрпиген екі сәбиіңді аясаңшы. Сағыныштан  жан дүниелері қуарды. Жаза бассаң кешірер едік. Бір хабарыңды берші, жаным»- деп еңіреген ананың көз жасы көл болды. Әйелінің күннен күнге қуарып, солып бара жатқанына қамыққан ақсақал: «Бір мәнісі болар. Аздап шыда. Барымды салып іздеймін»- деп, жұбатты. Мәскеуден келген Ерболдың анасы екеуі сыртқа таза ауа жұтуға шығып жиі серуендеп келіп жүретін. Ерболдың анасы Қамар Мәскеуде дәрігерлік институтта оқыған. Сол Мәскеуде тұрады, Одаққа абыройлы, беделді қолы шипалы дәрігердің бірі екен. Осындай шын жанашыр ортада Ербол өзін жау алмайтын қорғанда жүргендей сезінді.

     Әсем жоғалып кеткелі бір жылдан асып барады. Одақ көлеміндегі ең тәжірибелі із кесушілер мен криминалистер, тергеушілер жұмылдырылған іздестіру жұмыстары еш ілік табар емес. Бұл қалай? Таңдаулы деген тергеушілердің өзі аң — таң. Тергеушілер бір шатастыруға ұрынып тұрғанын сезді. Оны Ербол да байқады. Тергеуден запы болған Ербол бір күні қайын атасымен әңгімелесіп отырып, ақсақалға ой тастайды.

— «Әке!» ол қайын атасын солай атайтын. «Әке, Әсем өте талантты актриса. Ол сомдаған кейіпкерлер де қызықты. Оны өнер сүйер қауым сол образдары арқылы жақсы таныды. Оны жанындағы әріптестері қызғаныштан, орнын алу үшін көзін жойуы мүмкін ғой» деп, атасына ой ұшығын ұстатты. «Іздегенге сұраған» деген неден қарманарын білмей жүрген қайын атасы :

— Іія, ия, дұрыс айтасың. Әбден мүмкін! Сен бұны ертерек неге айтпағансың?  Ертең оларды тергеуге арыз жазамын — дейді. Сонымен, әуелі болып күдікті ретінде театрдың ең беделді ерлі- зайыпты актрисасы мен актеры тергеліп жатты. Елдің бәрі сыбыр- гүбір әңгімеге көшкен. Айтаққа қиқу қосқан қазақ емес пе, не дейсің Серік пен Майра күдікке ілініпті. Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды деп осы мүмкіндікті пайдаланып оларға деген өздерінің жеке бас қызғанышының қызыл итін айтаққа қосып жатты біреулер.   Тергеуші алдында жауап беріп отырған Майра апай, Әсемнің үлкенге ізетті, кішіге қамқорлығын, оның ешкіммен рольге таласы жоқ екенін айтты. Өзім  өнерде алатынымды алып, көрерменге беретінімді беріп, ендігі ісім жастарға тек білгенімді үйрету, жол көрсету мақсатымнан басқа ойым жоқ- дейді. Тергеуші:

— Әсемнің сол күні қандай киім киіп келгені есіңізде ме?

— Әрине, есімде. Ол күзен терісінен тігілген тон киіп келді. Ол сол күні балаларды нағашы атасы мен апасына жіберген едік. Күйеуім үйде жалғыз. Кешкі асын ішпей мені күтіп отыр деп, әдеттегідей, сол жолы да үстіне тонын іле сала, сумкасын арқалай бізбен қоштасып шығып кетті- деді Майра тергеушіге. Театрдың ең беделді актерінің бірі Серік Тұрарұлы да Әсемнің  жұмыста қақ соқпен шаруасы жоқ, қазақ қызы ретінде ибалы, тәртібі, жалпы қалыбы түзу деген мінездеме береді. Тергеуші ыңғайсыз сұрақ болса да күдікті ретінде жауапқа тартылып отырған адамның реакциясын байқайын деген оймен, «Еркек ретінде Әсем сізді қызықтырушы ма еді» дейді. Мықты актер ғой, Серік Тұрарұлы бұл құйтұрқы сұрақ екенін түсініп бұндай әдеті жоқ екенін, зинақорлыққа қарсы екенін тергеушіге байыппен айтып ұқтырды. Тергеуші оған «Актрисалардың арасында көңілдесіңіз бар ма?- деген де сұрақ қойды. Ойлары Әсемнің рольдерін оны өлтіріп жақсы көретін адамына алып бермекші болған шығар деген ой ғой. Енді, өмірде адамдар арасында түрлі жағдайлар болады. Ал, тергеу барысында түйсікке ілінген бір нәрсе сырт қалмай тексерілуі керек. Тергеу талабы сондай. Ерлі –зайыпты әртістер Майра мен Серік туралы көрермендерден, әріптестерден сұру алынып жатты. Бұл уақытта Ербол да тергеушілермен бірге Әсем құралпылас белгісіз жағдайда жоғалып кетіп денесі табылған әйелдердің мәйітін барып көріп жүрді. Ол қайтыс болған әйелдердің мәйітін көргенде жүрегі қарыс айрырыла, «Жаным, Әсемім, сен қайдасың? Сен де осылай жатырмысың. Әлде тірімісің, қайда жүрсің? Бір хабарыңды берші. Сен қайта келсең кешіремін. Сені екі балапаның сағынды. Үйге қайтшы!» деп, зар еңірегенде қара аспан айналып түсердей көңілді алай-дүлей еткен. Әдетте, осындай мәйіттерді көріп келгеннен кейін, кешкі тамақтан соң сыртқа шығып тынымсыз темекі тарту Ерболдың үйреншікті ісіне айналғалы үш жылға таяды.  Мұны байқаған көршілері, «Қайтсін, жап жас, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу әйелінен, екі баласының анасынан айырылу оңай емес. Ішін қайғы  жеп барады ғой. Уайымын темекі тартып басады да, енді қайтсін» деп мүсіркейтін.

    Тергеушілер тіміскілемеген есік пен тесік қалмады. Шекарадан шығып кеткені туралы дерек жоқ. Шетелге қашпаса Одақтың бір жерінде тіркеуге тұруы керек емес пе? Ондай да мәлімет жоқ. Қала, ауыл дерлік қарайған бұтаның түбі қаралды. Одақ бойынша алтын сататын базарлар түгел дерлік қаралып шықты. Құдды жердің астына түсіп кеткендей. Енді не істеу керек? Тағы қандай күмәнді деген нұсқа қалды деп отырғанда жапа шегуші жақ «Келсе, бәле осылардан келеді» деп, әріптестерін саусақпен шұқып көрсете бастайды. Тергеу ісі шиеленісіп кеткені сонша, енді мәскеуден Петров деген мықты тергеушіні шақыртты. Мәскеуден келген тергеуші қахарлығымен нәзік актрисалардың жан дүниесін тітіренткені болмаса, түк те бітіре алмай бір ай жүріп қайтып кетті. Сезімтал жүректері нәзік әртістер күдіктілер қатарына іліккендеріне жиіркеніп тетрдан аяқтарын алыс басқысы келген. Әсіресе, Әсеммен жақын жанашыр құрбы болып жанында жүрген Нәзікенге жабылған жала оның ішкі жан дүниесін жазылмастай жаралап өтті. Себебі, Әсем өзінің барлық ішкі сырлары мен мұңдарын туғанындай болған Нәзікенмен бөлісетін. Тігіншілік өнері бар Нәзікен кейде құрбысы кигісі келген көйлекті ерінбей пішіп, тігіп беретін Әсемге. Ұзаққа созылған тергеуден шаршаған Нәзікен, «Әсем, бұл қалай болғаны? Сен қайдасың? Тірі болсаң тез келші. О дүниелік болсаң бір хабарыңды жеткізші. Мына, қым қуыт тірлікте мәселенің ақ қарасын аңдамай, қуғанға да, қашқанға да қиқулатып серік қосатын қазағымыз жан дүниемді таптап барады жалған жаламен» деп, құрбысымен іштей сырласатын. Бірде Заманбек атты тергеушінің алдына барды. Қиядағы іске тергеушінің қырағы көңілі жетіп тұрса да:

 -«Сізгетағы бірер сұрақ қойсам» дейді, Нәзікенге.

 – Әрине, сұраңыз-деді, Нәзікен.

— Сізбен құрбысы ретінде Әсем сырларымен бөліскен екен. Жасырмай айтыңызшы, Әсемнің көңілдесі болып па еді? Ішімдікке әуестігі бар ма еді?-

дейді. Нәзікен аса таңданыспен:

— Жооқ, о не дегеніңіз! Әсем тек отбасын, балаларын ғана ойлады. Оның ешқандай көңілдесі болған емес. Ол тіпті, атақ пен даңққа қызықпайтын. Жерлес ретінде оның отбасын жақсы білемін. Үйдің тұңғышы болғандықтан ол өзінен кейінгі жеті- сегіз баланың жағдайын ойлап жүретін. Ішкілік дегенді татып алмаған- деп жауап берді Нәзікен. Ақ адал құрбысының осындай күйге тап болғанына қабырғасы қайысса да, мынадай жалған жалаға күйінген ол: « Мені адам өлтіреді десеңіздер тұрмын алдарыңызда. Тұтқындаңыздар. Тұрмын, міне!Мен адам өлтіретін адамға ұқсаймын ба?» деді, Нәзікен қатулы үнмен. Нақақ жабылған жаладан жаман нәрсе жоқ екен деген ойға келген Нәзікеннің көзінен қорланған жас ыршып түскенін байқаған тергеуші Заманбек Сәбетұлы: «Сіз, сәл сабыр етіңіз. Аздап уақыт керек болып тұр. Әлі нағыз қылмыскерді ұстаймыз» — деп, ыдыстан су құйып беріп жатып  Нәзікенді сабырға шықырды. Жұмыс барысында мұндай істің талайын жүргізсе де, әр істе әр адамның жан дүниесін өз жүрегінен өткізіп терең үңілмесе, көңіл күйін аңдамаса істің күрмеуін шешу қиын екенін ол жақсы түсінеді. Дегенмен, қайтеді, өзі таңдап алған мамандық. Бір мезет басқа ойға берілген ол, Нәзікенге бұрылып, «бұл жерде бір сұмдық жасырылған құпия бар. Оны міндетті түрде біз табамыз» дейді, бірақ айтыңызшы, Әсемнің мінезі қандай еді. Адамдармен әңгімелескенде көңілі толмаған жауапқа қалай жауап беретін» — деп тосын сұрақ қойды. Нәзікен: -«Иә, Әсемнің мінезі шарт- шұрт болатын. Кейде, көкейіне қонбайтын сөзге дүрсе жауап қататын мінезі бар еді»- деп , шындықты жасырмай айтып береді. Тергеу ісінде жасаырмай айту істің ашылуына 95 пайыз кепілдік беретін әрекет негізі.

    Әсемнің жоғалу ісі бір ашылып, бір жабылып жүрмей тұрған кезде Калинин аудандық ішкі істер басқармасына басшы болып талантты тергеуші, полковник Ғалым Меңдібаев келеді. Сөйтіп, «Жабулы қазан жабулы күйінде қалған» істі қайта көтеріп тергеуді бастайды. Ал, Ербол болса қайдан ілік іздерін білмей ішкілікке салынған. Ол бір күні кешкі ас үстінде Әсемді Ыстық көл жақтан іздеп келемін. Милицияға сол жақта Әсемге ұқсайтын бір әйел туралы хабар түсіпті дейді. Сөйтіп, таң ата Ыстық көл жаққа жол жүріп кетеді. Ол шын мәнісінде ол жаққа Әсемді іздеп емес, достарымен ішімдік ішіп қыдыруға аттанған екен. Барғаннан ішімдікке сылқия тойып алған ол бірде күлсе, бірде жылап есалаң күйге түседі. Өзінің әйел атаулыға жау екенін, оларды тұншықтырып өлтіріп тастау керек деп салады. Оның бұл сөзі сол дастарқан басында отырған әйелдер мен ерекектердің бойына үрей туғызды. Мын сөзді әйелі жоғалған Ербол ма айтып отырған деп таңданысты. Сөйтіп, ерте күнді кеш қылмай Ерболды таксиге отырғызып Алматыға қайтарып жібереді. Содан, түн ортасы оянған Ербол өзінің не бүлдіргенін ойлайды. Екінші рет үйленген әйеліне «Мені іздеме сыртта жүремін» деп, шығып кетеді де, аулада темекісін тартып жан жағын көзінің астымен сүзіп шығады. Адам жүрісі тыйылып, қала түнгі тыныштық құшағына енген. Тым- тырыс. Көршісі Дастан да осы кезде саумалдыққа шығып керіле терең дем алып төменге қарағаны сол еді, келесі кіреберістің жертөлесіне қарай бара жатқан Ерболды көріп қалды. Не істер екен деген оймен соңынан қарап тұрды, Ербол жертөлеге түсіп есікті ашарда маңайды тағы бір шолып шықты. Оның жан жағына қарайтынын сезген Дастан да бұғып тасалана қалған еді.Дұрыс жасаған екен. Әйтпесе, көзіне түсіп қалар еді. Дастан көрмесе де Ерболдың жертөлеге түскенін байқады. Ерболдың осылай түнделетіп сыртта отыратынын байқағанына біраз жыл болған. Бірақ, Дастан аса мән бермеген. Осы жолы басына небір ойлар келіп кетуде. Дегенмен, әзірге ешкімге ештеңе айтпай , біраз бақылап барып ойыма көз жеткізген соң хабар берейін деп шешеді. Сөйтті де, шым шытырық ой үстінде жастыққа бас қойды.  

Әйелі жоғалып кеткеннен кейін ішкілікке әбден әуес болған Ерболдың қызметте де еш абыройы қалмаған еді. Жоғары дәрежелі инженер санатынан төмендеп, бұл күні слесарь боп жүр. Бүгін жұмыстан келе жатып қоғамдық көлікте бір әйелді балағаттапты деген хабарды қайын атасы ести сала байыз тауап отыра алмай аудандық милиция бөліміне жетеді. Камерада бүрісіп отырған Ерболды сұрауға тергеуші Ғалым Меңдібаев өзі келіпті. Себебі, Ыстықкөл жақтан түскен күмәнді қоңырау тергеушіні тергеудің жаңа әдісіне көшуге мәжбүрлеген. Сөйтіп, аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, талантты із кесуші Ғалым Меңдібаев коғамдық көлікте Ерболдың психикалық күйін тексеруге арнайы операция ұйымдастырған. Ерболдың камерада отыру себебі осыдан еді.

-Ербол, мысық тышқан ойнайтын уақыт емес, шыныңды айт, сен әйелің Әсемнің қайда екенін білесің. Неге жасырып жүрсің?- деп, көптен қоя алмай жүрген сұрағын төтесінен қояды. Ал, Ербол, «Білмеймін, маған жала жаппаңдар» деп бетбақтырмады. Бұған дейін де республиканың бірінші хатшысына дейін кіріп тергеушілердің аузын жауып жүрген қайын атасы бұл жолы да «Менің күйеу баламнан не үшін күдіктенесіңдер. Доғарыңдар» — деп, орталық комитеттен қоңырау түсіріп, тергеуді тағы орта жолдан жаптырып,тұқындауға дәлел жоқ болғандықтан үйіне алып қайтады. Әдеттегідей, бұл жолы да түнделетіп тұрып сыртта темекісін тартып жан жағына бажайлай қарайды. Түн қараңғылығында аулада жүрген ешкім жоқ. Ересектер көрінбейді деп Ербол енді жертөлеге кіре берсем болады деп ойлап сақтықпен жылжи берді. Бірақ, Ербол көршісінің бақылауына түсіп жүргенін сезбеген еді. Осы уақытта оны төбеден көршісі Дастан саңлаудан аңдып отырған. Төрт жылдан бері байқап келе жатқан Дастанға енді бөгелудің керегі жоқ еді. Милицияға хабар беруге бекінді. Милиция түскен ақпараттың анықтығын тексеру үшін өздері Ерболды үш күн –түн бақылады. Жертөленің ішінде тығылып отырып та аңду жүргізді. Тек үшінші күні аса сақтықпен сантехник боп киініп барып жарық орнатып, жертөледе жасырынып Ерболды күтіп отырды. Ербол сезіктеніп қалса опеарцияның күллі көкке ұшады. Сол себепті аса сақтықпен іс қимыл жасау бұйырылды. Міне, түн қараңғылығы түсті. Ел ұйқыға жатты ау дегенде әдетінше Ербол сыртқа шығып темекісін тұтатып, құшырлана  тұрып тартты. Аспанға түтінін будақтатып  біреу міреу қарап тұрған жоқ па екен дегендей саумалдықтарды шолып өтті. Одан маңайды сүзіп шықты. Ешкім жоқ. Қадамын санап басып жертөлеге қарай  жылжып, есігін еппен кілтпен ашты да баспалдақтың астына өтіп қол шамын жақты. Баспаодақтың астына өтіп жерді аяғымен таптап-таптап  қойды. Тура жанына су ағызатын шланга қойған екен. Содан су жібермек болып жатқанда жарық жанды. Камера іске қосулы түсіріп жатты. Селк ете түскен Ерболдың қолынан қолшамы түсіп, өзі ербеңдеп қашуға әрекет ете бастағанда қарулы жігіттер қолын қайырып кісен салды. Топ жетекшісі, тергеуші Ғалым Меңдібаев  жанына жақындап келіп «Қашанғы қайын атаң мен дәрігер анаңның артына тығылып жүрмек болдың? Әсемнің жоғалуына сенің ғана қатысың бар екенін біз баяғыда ұққанбыз. Тек, қайын атаң саған шаң жуытпады. Біз сені осы жертөледе аңдығалы үш күн болды. Енді, қылмысыңды мойында! Әсемді осы жерге көмдің бе?» деп дауысын қатаңдата сұрады. Бұлтаруға еш шарасы жоқ Ербол міңгірлеп, «Ия» деп жауап берді. Сол жерде криминалистер мен тергеушілер іске кірісті.Топ жетекшісі Ғалым Меңдібаев: «Қазір қолыңды босатамын. Қашамын деп әуре болма. Ескертемін! Қашуға әрекет етсең атамын» деп, көзін Ерболдан айырмай, жан жағындағы қарулы сарбаздарды иегімен көрсетті. Ербол жан жағын шолып еді есік жақта екі сарбазды көрді. Сыртта тағы қоршап тұрған болар деп ойлады. Ендігісінің бәрі дәрменсіздік екенін ұққан оның салы суға кетіп «Жарайды» деді. Тергеуші көмілмей қалған саусақ ұшын видеоға түсіріп алыңдар деді де, «Ал баста»-  деп бұйырды. Дірілдеген қолдары күректі әзер ұстаған Ербол денесі қалшылдап, тері су боп ағып жерді қаза бастады. Мәйіт көмілген жерден әуелі оның сумкасы мен пакетке салынған киімдері шыға бастады. Оларды криминалистер арнайы пакетке салып жәшікке орналастырды. Тірісінде әдемі келіншектің  бес жыл бойы жер астында жатып сүйек қаңқалары мен шашы қалған. Аяғына етігін кигізіп көмген екен. Әуелде тергеуші Майдан Үмбетов назар аударған айғақ іш киімдері осыннан шықты. Мәйітті жианап жәшікке салып болған соң, қолына кісен салып Ерболды түрмеге алып кетті  Шаң жуытпай «елдің жаласынан» қорғап жүрген күйеу баласының нағыз қылмыскер екеніне қайынатасы сене алмай дал болды. Бірақ, бұлтартпас айғақтар мен дәлелдер көзін кеш те болса оған  жеткізді.

Оқиға қалай болған еді?

     … Жылы төсектен тұра алмай біраз жатқан Әсем тұңғышы Қайрат пен кішкентай қызы Хадишаны еске түсірді. «Балапандарым не істеп жатыр екен. Сағынып кеттім. Бір демалысымда барып мауқымды басып келмесем» деп ойлайды. Тұрып терезеден қараса дала әппақ қарға ораныпты. Әсем өзі жақсы көретін күзен тонын киіп жұмысқа шықты. Қар қалың түскен Алматының ауасы мұнтаздай таза. Тынысыңды ашады. Әппақ қар күн сәулесіне шағылысып айнала ақ моншақ тағынғандай жылт – жылт етіп тұр. Табиғаттың сұлулығын бүгін көргендей Әсем айналаға тамсана қарап, адамдар әлі таптап үлгірмеген қарды күртілдетіп қызыға басты.   

    Күндегідей спектакль кешкі 20-00 де аяқталды. Әсем күйеуінің жұмыстан келіп әлі тамақ ішпей отырғанын айтып, хош айтысып шығып кетеді. Үйге кіре сала

— «Ербол, сен әлі кешкі ас ішпедің бе?» дейді. Ол да

-«Күйеуі жоқ әйелге ұқсамай жұмыс аяқтала сала үйге қайтпайсың ба»?- дейді, ренішті үнмен. Қитығып қалған Әсем шарт етіп «Ойнап жүрмегенімді білесің!» — деп, сөйлей жүре киімін ауыстырып, қолын жуып қамыр жайуға кіріседі. Күйеуіне күндіз қоңырау шалып етті отқа қоя салуын өтінген. Ет былқылдап қайнап тұр. «Ербол сен қызықсың, қойылым аяқтала сала үйге жүгірмеймін ғой. Пәтерді сол ұжымның кепілімен алғаннан кейін, олармен санасамын» дейді Әсем. Бұл сөз -Ерболдың ең жанды, еркектік намысына тиетін сөз еді. – «Онда жұмысыңды таста. Мына үйді өткіз. Үйді өзім аламын»- дейді шатынап. «Пәтерді мен алдым» деген  сайын ашуы көтерілетін Ербол: «Балабақшаға берсек өзім апарып әкелер едім. Балаларды әке- шешеңе неге беріп жібердің? Көңілдестеріңмен еркін қыдырмақ болдың ба»- деп, ерегесіп шүйліге түседі. Әсем өзін ұстай алмады ма, әлде жұлдыз ауруы басып кетті ме күйеуін еркек екен демей,  «Екі бала да сенің балаң емес, әкесі сен емессің»- дейді ұрыс үстінде. Осы қарғыс атқыр сөзді айтпағанда Ербол Әсемге қол жұмсамас па еді? Әйелдің ақылға емес, ашуға мінуі отбасының берекесін кетірмесе, береке кіргізбейтіні белгілі. Әйелдің дауысы қатты шыққан үйде береке болмайды деп ислам ғұламалары да бекер айтпаған екен. Ерегескен еркек те отбасының құтын қашырды. Әсем атағына беделіне масайрап жұлдызбын деп күйуіне ырық бермесе, күйеуі Ербол оны қызғанып, бір жағынан намысын жыртып тоқтай алмай ұрысып жатты. Әсем өз отбасында қарапайым әйел екенін ұмытты. Ашуға мінген Ербол өзі шынашақтай Әсемге қол сілтегенде ол ұшып түсті де, басын қатты затқа соқты. Басын ұстап жатып, «Сені сотқа беремін.Түрмеге отырғызамын» дейді ызалылықпен орнынан тұрып жатып. Жалмажан стол үстінде тұрған оқтауды алып Ерболды ұрғылап, бетін тырнайды. Күйеуі оқтауды тартып алып оны Әсемнің өңешіне тақайды. Қарулы қолдарымен қылғындырып көзі қарауытып «Сен көңілдес боп алған үйіңмен, бөтен еркектен тапқан балаңмен құры. Мен сені өлтіремін» -деп, оқтауды қатты тартып қылғындыра бастайды. Кейінде криминалистердің зерттеуінен кейін әйелді өңешінен оқтаумен қылғындырып өлітірілгені анықталды. Себебі, өңеші жабысып қалған екен. Сонымен, мәйіт бір минуттан аса уақыт арасында жан тапсырған. Ия, Әсем бырқ- бырқ етіп тілге келмей сылқ ете түсті. Ербол: «Әсем, Әсеем, Әсееміім»- деп жүгіре басып су алып кеп бетіне шашқанда, қимылсыз, тіршілік белгісі байқалмады»- деді Ербол. Жуынатын бөлмеге барып бетін суық сумен жуып есін жинаған соң, ол мәйіттің көзін құртуды жоспарлайды. Қалай, қайда жасыруын тәптіштеп ойластырып, әуелі, киімдерін, іш киімдерін, қол сумкаларын дорбаға жинап салды. Біреу келе қалса «Ұйықтап жатыр» дермін деп Әсемнің денесін төсекке апарып жатқызып қояды. Ертесіне жұмысына барып келген соң көрші кіреберістің жертөлесіне түсіп баспалдақ астынан шұңқыр қазды. Бұлар бірінші қабатта тұрғандықтан жертөле кілті өзінде болатын. Түнгі сағат үш жарымда ел қалың ұйқыға кетті ау деген кезде үйде жатқан мәйітке салқынқандылықпен асықпай күзен тонын, етігін кигізіп басқа киімдерімен қоса апарып баспалдақ астына көмеді. Істі бітірген Ербол екі күн өткізіп барып милицияға «Әйелім жоғалды» деп хабар берді. Ішкі істер басқармасына келіп іздеуге арыз жазып отырғанда тергеуші Майдан Үмбетов бұның көзқарасынан, өзін ұстауынан секем алып: «Ербол, бетіңіздегі тырнақ іздері кімнің тырнағаны. Жасырмай айт. Біз оны тексереміз» -дейді капитан. Тығырыққа тіреліп әбден қысылған Ерболдың шындықты айтпауға амалы жоқ еді.

— Ия, бұл тырнаған әйелім. Бірақ, оның жоғалуына бұның еш қатысы жоқ»- дейді, Ербол дауысын сенімдірек шығарып. Үйіндегі тінтуден кейін тергеуші Майдан Үмбетов Ерболды тұқындап уақытша тергеу изоляторына отырғызу себебі осыдан еді.

      Ал, содан кейінгі сцеарийдің бәрін құрастырған анасы еді.  Қандай ана «Іштен шыққан шұбар жыланын» тозақ отына қияды. Қылмыстық заңдардан хабардар өзі мықты, білікті дәрігер Қазақ ССР Қылмыстық атқару кодексінде қылмыстың ашылу мерзімі созылған сайын қылмыскердің жазасы жеңілдейтін бабқа сүйеніп, ол баласының қылмысын жасырып тергеу амалдарын шатастырып, қылмыс мерзімін созды. Әсемнің өліміне қатысы жоқ әріптестерін жауапқа тартуы, тергеуші Майдан әп дегеннен үйден Әсемнің ішкиімін таппай басты күдікті Ерболдың өзі деп оны қамауға алғанда, анасы мен қайын атасы «күдіктіні басқа жақтан іздеңдер» деп шатастырудағы мақсаты сол еді. Сот процесі кезінде ашылу уақыты ескірген іс және қылмыскердің ауытқушылығы бар деген баб бойынша сот кескен бес жыл қысқарып екі жарым жылға түсті. Сөйтіп, Ербол көзі тұманданып аффект үстінде өз әйелін абайсызда өлтіріп алып, екі жылдай қоғамнан оқшауланып  жазасын өтеп шықты.  

  Міне, отбасылық жанжалдың кесірінен екі бала анасынан айырылып жетім қалды. Қазақ халқы, «Әкесіз жетім- құр жетім, анасыз жетім – тұл жетім» деп бекер айтпаған. Отбасында әйел ананың кейбір шыдамсыздығына асқар тау әке сабырмен қараса дейсің. Отбасын құрып өмірге ұрпақ әкелген ерлі- зайыптылар үшін ең басты ұстаным сабырлылық пен ұстамдылық қасиет. Онсыз отбасына құт қонбайды.  

Зүбайра Тілегенқызы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...