12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

АЛҚАРАКӨК

Түнде біздің ауылдан жылқы ұрланды. Бәйге аты, алқаракөк, таң қараңғылығында қорадан таба алмай қалдық.

Атам үстел басында селқос шай ішіп отыр. Әперген кесені енжар ұстайды.  Ой үстінде. Байламын шешіп, түйінді тарқата алмай әуре. Іштей. Қораға түскен ұрының жат қылығы жасытып тастапты, бірақ, тас-түйін сәті –  қайыра ширығып кетеді. Әдетте, дастарқан басында емен-жарқын, қаулап, есіп сөйлеп отырушы еді, сөзі кесек, ойы терең, кезінде дау-шарда топ жарған ділмар шешендердің бірі еді.

Шақшасын сұрағаны – сыртқа жиналғаны. Емеурін. Көбіне үнсіз, самарқау, мәселеге байланысты ғана тіл қатады.

Орнынан томаға-тұйық көтерілді. Қартайғаны білінеді. Уайым-қайғысы көп. Қайшылығы да бар. Сәйгүліктің күйігі өзегін өртеп барады. Көңіліне қаяу түсірді, ішіне от салды. Әсілі, жүйрік атыңыз жаттың тақымында кеткені – жан азабының ең ауыр түрі, бір хикмет екен.

Мен ере шықтым. Екеуміз қораны сырт айналдық. Атам жерден бірдеңе іздеп жүр. Ескі қораның есігін ашық тастапты. Ең қиыны, көлденең жатқан бейсауат із жоқ, айқыш-ұйқыш түскен таңбаларды танып, айырып оқысаңыз, алқаракөкті тік көтеріп алып кеткен тәрізді. Аяғына киіз байпақ кигізді ме, әлде басқа бір көлікті қораға тіреп қойды ма, тұяқ іліктірер ағаштарды көлденең сатылап тастап, шегелеп қағып, баспалдақтап мінгізіп жіберді ме екен, кім білсін. Әйтеуір ұшты-күйді жоқ. Алайда, күдер үзіп, көмескі үміт отын сөндіргіміз келмейді. Қораның іші-сыртын, төңірегін түгел жағалай тінтіп, қарап шықтық. Атам бір нәрсе тауып аларына нық сенімді. Ақыры, көк бәкі тауып алды. Қолымен ұстап тұрып-тұрып, ашып-жауып жатып, басын көтерді: 

  • Көлденең олжа, – деді.
  • Несі олжа?
  • Бір жұмбақ шешілді.
  • Қалай?
  • Жылқыны қорадан алған екен.
  • Әу бастан анық нәрсе емес пе?
  • Мен шылбырларын кесіп жіберіп, ауыл сыртына айдап апарып, жер мойны қашықтан ұстаған шығар деп топшылап едім, бірақ қораға кім түскен?
  • Басын босатып, сыртқа айдағанда жануар бір-бірін іздеп кісінеп есті шығармай ма?
  • Керісінше, жетектегі жылқы бөтен адамды байқап қалса, жат атбегіні жатырқап, қасқыр шапқандай үркеді,  жау тигендей аласұрып, құтырып шыға келеді, әдетте, көп жағдайда бас сауғалай айдалаға қашады.
  • Қорада сойып алған ба?
  • Иә.
  • Е, қастарында қасапшысы бар, дәніккен, құныққан, ұйымдасқан жендеттер десеңізші.
  • Егер барымташылар жылқыны төбесі аласа атқорадан мініп шыққан болса, онда төмен енкейері сөзсіз, шабандоз ат жалын құшақтап жатып қалғанда, қалталары төңкеріліп, ішіндегі күллі заты түгел жерге төгіледі, сөйтіп, асығыста жортақтап сыртқа ұмтылған алқаракөктің аяғының астына сусып құлаған нәрсені, тіпті, сарытоқым ұры да байқай алмай қалады. 

Жұрт қонақта атамның алқаракөгін көп әңгіме қылушы еді, атам шет жақта, бөлек, оқшаулау отыратын, әңгімеге араласа қоймайтын. Бірақ, жұрт көрсін деп көк бәкіні көлденеңдетіп алып шығатын, көз ілеспес жылдамдықпен жапырақтап ет турайды, қара кесек әдемі, өткір тілініп, күмп етіп ағаш астауға құлайды. Өткір жүзді бәкі тез қимылдайды. Атам жиын-тойда көп ішінен біреу бәкіні, бәлкім,  танып қалар деп үміттенетін.

Лыпып тұрған бәкінің ауыл төңірегіне дүркіреп аты шықты, жылдам ет турайтын өткір жүзді пышақ екендігі кеңінен танымал болды, қоңсы отырған жұрт естіді, алайда, бәкінің егесін ешкім сұраған жоқ.

Күндердің күнінде, бірде атам екеуміз ауылдан жаяу ұзап, сайға құладық, ілбіп қыр астық. Баяу жүріп келеміз. Алқаракөк ұрланғалы атам бірде бір рет аяқ артып ат мінген жоқ. Үнемі жаяу жүретін, көрші ауылға, сапарға шыға қалса, ат-арба сайлатып алатын. Біз не іздеп шыққанымызды жақсы түсінетін сияқтымын. Қария түптің түбінде сәйгүлігін азаптап, қорлап өлтірген қарақшының ізіне түсеріне, ұстарына, жазаларына сенімді еді. Көп ұзамай, ошақтың қарайып жатқан, от жаққан орнын таптық. Қазан асқандары ақиқат. Маңай жылқы сүйегіне толы. Атамның жаны түршікті. Күлді әрі-бері итеріп, қопарып жатып, ішінен алқаракөктің шала жанған терісін тауып алды. Баскесерлер отты терінің үстіне жақса керек:

  • Жауыздар, – деді атам,  – Жауыздар!

Біз кері қайттық. Бұл жерге қайта оралатынымызға кәміл сенімдімін. Қайран алқаракөктің тағдыры атамның жүрегін жаралады. Екеуміз жылдам басып келеміз.

  • Мына иттер сойып алған тәрізді.

Қарамай сөйледі. Үні тарғылданып естілді. Мен атамды аяп кеттім. Жүзіне көз тастап едім, жанарынан мөлт-мөлт еткен жасты көрдім. Атам сөзін жалғады.

  • Есік пен төрдей жануарды көздері қиып қалай жықты екен?
  • Қалай дәті барды екен?
  • Қорада сойды ма, далада бауыздап алды ма?
  • Көсегесі көгермесін.

Атам менің сөзіме күлді. Тауып айтқаныма өзім де марқайып қалдым. Үйде бізді атама қысы-жазы жем-шөп дайындап, үнемі көмектесіп жүретін көрші млиса күтіп отыр екен. Арғымақтың қазасына көңіл білдірді, қайғырып, жұбата сөйледі, біз іздейтінімізді айттық. Сөз соңында:

  • Ақсақал, бәкі жоғалтып жүр едім. Бір қонақта ел сіздің қолыңыздан бір көк бәкі көріпті: жұрттың айтуына қарағанда, менің бәкім секілді, – деді.

Әңгіменің ауаны күрт өзгерді. Атам секемденіп қалды, үнсіз отырып-отырып, белдігін шешті, белбеуіне ілінген қалта ішінен көк бәкіні алып шықты. Қолына ұстатып жатып:

  • Балам, абай бол. Қазір кісі заты екен деп іркілетін заман жоқ, қараусыз қалған дүниені қас қаққанша көлденең біреу іліп кетеді.

Млиса аударып-төңкеріп, ұзақ қарап, таныдым деді. Рақмет айтып орнынан тұрып жатқанда, атам тағы бір өсиет айтты:

  • Қарағым, бәкінің қазіргі қожасы мен едім, сен бүгінгі иесі кім екен деп сұрамадың да әрі бұл бәкі маған қайдан келгенін білуге де қызығушылық танытпадың.
  • Көңіл бөлмегенімнің себебі бар.
  • Иә.
  • Қолды болды.
  • Таяуда?
  • Таяуда.
  • Сосын?
  • Бір қонақта жоғалттым. Іздедім, таппадым.
  • Көк бәкі біздің атқорадан табылды.
  • Біреу-міреу әдейі тастап кеткен шығар, әйтпесе…
  • Ал жылқы сүйегі шашылып далада жатыр.
  • Қиын екен.
  • Бұл үлкен мәселе.
  • Түсініп тұрмын.
  • Әсілі, бұл белгі бізден жауап күтетін белгі тәрізді: демек, ұры жай ұры емес.
  • Байқадым.
  • Екеумізбен жауласқалы, шабысқалы, майдандасқалы тас-түйін даяр отырған ұры.
  • Рас.
  • Көрмейсің бе, мені мұқатады, сені қылжаққа айналдырады.
  • Білемін.
  • Сәлемі алыстан келген жоқ, таяудан жетіп отыр. Бірімізге ренжісе, бірімізден кек алмақ. Ал ойланайық, қандай кінәміз бар, айыбымыз не, келесі соққыны қай тұстан күтпекпіз? Менікі айқын, сенікі қандай?

Млиса атам сөзіне мән берген де, тіл қатқан да жоқ. Бәкісін үнсіз қалтасына салып алды да, үйден шығып кетті. Атам сәйгүліктің бас сүйегін қастерлеп, қора ішіне іліп қойды.

Кірген-шыққан адам жылқының бас сүйегін көріп, алқаракөкті есіне алушы еді.

Бірте-бірте атам дүниеден баз кешті. Үйде шаңыраққа, тас төбеге тесіліп қарап жатады. Қораға шықса, жылқының бас сүйегін жағалап кетеді, тілдеседі. Күні ұзақ есік алдында томаға-тұйық отырады. Қарияның өмірге деген құштарлығы азайды. Ұйықтаса түс көреді, түс көрсе, түсінде алқаракөк топ жарып, қара үзіп келе жатады. Бір күні атам ер-тұрманды көтеріп, табалдырықтан аттап бара жатып, қапыда сүрініп кетті. Етпетінен құлады. Бізге қарады. Қайта тұрып келе жатып, тағы құлады. Ердің алдыңғы қасы сынып, ер-тоқым екіге жарылып түсті. Атам жерде жығылып жатып, еңкілдеп жылап жіберді.

  • Қазанатым, қанатың қайырылып, топшысынан сынды ма?

Атам алқаракөктің қазасынан кейін қатты қартайып кетті. Мен жерде аунап жатқан атамды көріп, шошыдым. Қолтығынан демеп, аяғына тұрғыздым. Атамның жүзі шаңға бөгіп, жасы бетін айғыздап тастапты. Мен жиіркеніп кеттім. Біз үйге кірдік.  Ол төсекке жатты.

  • Ата-ау, – дедім,  – қазанат қайта туады, қыран құс қайта түлейді.

Әлі күнге дейін есімде, атам төсек тартып жатып қалды. Тамаққа тәбеті шаппайды, сөйлесуге ықыласы жоқ. Таңертеңгілік мезгіл ерте оянып, төсектен сырғып түсіп, үйдің сырлы қабырғасын жағалап, босаға жаққа кетіп бара жатады. Күні ұзақ есік алдында. Кейде таяғына сүйеніп, бір нүктеге қадала қалады.

Есіне бір нәрсе түсе қалса, қалт-құлт басып, қораға қарай бет түзейді. Табалдырықтан аттап, ішке кірсе, құрал-сайманын, өмір бойы жиған-терген  темір-терсегін, алқаракөктің ер тұрманын түгендейді. Атамның құлағанын естіп, бүкіл ауыл жастары көтерілді. Қол жинап, жортуылға аттанды. Жан-жақты кезді, алыс-жақын елді мекендерді аралады. Жылқыға қызыққан жұрттың қораларын қарады. Әйтеуір, бір ілгек іздеді. Жүйрік атты сойып алғаны белгісіз, әлде қорлап өлтіргені беймәлім топты, бейбіт елдің малын шауып, күнәға батқан айыптыны, алқаракөктің қазасынан кейін қанша жыл өтсе де, тауып, жазасын беріп, зауалын тартқызғысы келген еді. Бұл әрекеттен ештене шықпады.

Алқаракөк енді аңызға айналды. Құпия өлімі, салтанатты ғұмыры, өшпес даңқы ел арасында, халық аузында неше түрлі аңыз-әфсана тудырды.

Шіркін, алқаракөк қандай еді, десетін жұрт. Ол бәйге шапқанда, Қарқаралы өңірі, бірі жақ, бірі қарсы, топ-топқа бөлініп алып, шу-шу ететін. Оқ бойы озып шыққан кілең сәйгүліктер шоғырын бастап соңғы айналымын айналып келе жатқанда, мәреге жеткен кербез сәтін көруге, жан-жақтан қаумалай қоршаған дүйім жұртты қақ жарып, топ бала ентелеп алға ұмтылар едік.

Алқаракөктің мәреден ағызып өткен сәтін көрген де, көрмеген де арманда. Қасиетті жануар төрт аяғын төрт жағына кезек-кезек әсем тастап, тең басып, асқан салтанатпен, тәкаппар қалпы мәреден өтіп келе жатады. Сәніне қарап таңырқаған, сұлулығына қарап тамсанған жұрт қатты толқып, жан дүниесі тебіреніп, жылап жіберуші еді. Елдің қуанышы, мақтанышына айналған, қайран алқаракөк. Шерткен күйі, шырқаған әні едің. Көрген қызығы, сүрген өмірі болдың Айуандықпен өлтірілгелі жұрттың ұнжырғасы түсіп, ағайын-туыс құлазып кеткен еді. Түз халқын дүрліктірген, ен даланы дүбірлеткен қанатты арғымақ қайдағы бір пасық ұрының қолынан қаза тауып қара қазанында қайнап жатты-ау деп есімізге түскен сайын күйзеліп қалушы едік. Асыл жүзді, алтын сапты пышақ емес, көк бәкінің құрбаны болды. Бес-алты жылдан соң атам дүние салды, алқаракөкті ел ұмытты. Бірақ жұмбағын қанша талпынса да, ешкім шеше алған жоқ. Әлі күнге шейін іздеушілер қаладан топ құрып, ауылға келіп жатады. Біз қонақтарға алқаракөктің бас сүйегін көрсетеміз. Сосын, бәріміз бас сүйектің алдында тұрып фото-суретке түсеміз. Олар қораны аралайды. Ер-тұрмандарды тасқа басып алады. Бірақ, ұзынқұлақтан дүркін-дүркін хабар келіп жатады. Сөздеріне қарасақ, алқаракөк ауыл сыртында, тіпті, үй іргесінде жайылып жүргендей көрінеді. Тек айдап келетін адам жоқ.

Бірде, көп жылдан соң, ел аралап жүргенде, бір қонақта, Кереку жақта, төрде ет турап отырған бір қарт кісінің алқаракөк жайлы ұзақ әңгімесін естіп, тоқырап қалдым. Бұл оқиғаның маршруты толық емес. Әр жерден үзіліп қалып жатады. Қайда ұрлады, қалай ұрлады, ақпар-мәлімет қалай құпия ұсталды, оны енді жас ұрпақ түгендей жатар, деп ойладым.

Жас болдық. Барымтаны жас кездің қызығы санадық. Ерлік көрдік. Шеберлік жарыстыратын өнер деп ұқтық. Бәрі өтті, енді өкінеміз. Талай жылқының, баптап күтіп отырған иесінің обалына қалдық. Киесі атады деп қиналмадық, қарғысына ұшыраймыз деп топшыламадық. Бізді кешіре ме, жоқ па, неғайбыл. Көп нәрсе белгісіз. Біз қатыгез едік, қылығымызға аяушылық бола ма, әлде қатаң жаза кесе ме, оны бір Құдайға тапсырдық.

Бірақ, бір оқиға есімнен кетпейді. Қарқаралы жақта түсі алқаракөк бір ғажап арғымаққа көзіміз түсті. Керемет жануар еді, түсімде ылғи мені байқап қалса, соңымнан қуа жөнеледі, мен тұра қашамын, қасымнан ағызып өте шығады. Сосын, ғайып болады. Жұрт алқаракөкті еске алсаңыз, рухы тіріледі, бетпақ даладан көріп қаласыз деп айтып жүрді. Бірте-бірте көргендер саны өсті. Кейін, тіпті, қаптап кетті. Бір жақтан шауып келе жатады екен..

Ол үнсіз қалды.

Біз тақтайды төртбұрыштап кесіп алып, қораға кірдік, деп әңгімесін жалғастырды үй иесіне сүйек-шатыс туыстығы бар қарт қонақ. Дауысы таныс. Ешкім күзет қоймайтын жер. Есіктен алыс, біртұтас тақтай қабырға. Сиыр қорадан өттік. Таға бір есіктің орнын жапондық дыбыссыз электр арамен ойып алып тастап, ат қорадан бір-ақ шықтық. Серіктерім есік біткенді аңдып тұрды. Мен жылқыны жетектеп сыртқа шығардым.

Көршінің атқорасына емін-еркін кіріп жүрген жақсы танысы едім. Әкемізбен араласқан, кезінде айдаудан құтқарып қалған, бетпақ далаға қашырып жіберген, тізімдегенде, өлдіге санап, санаттан шығарып тастаған, тар заманда ұдайы қорғап-қолдап, желеп-жебеп жүрген жақсы бір досы еді.

Бір ай бойы өзім жасырын жемдеп келген жылқыны сұлы иісіне байлап, жетектеп, ат қора арқылы далаға алып шықтым. Кесіп алған ойықтарды қайта ілгектеп жамап, жауып, мықтап бекітіп қойдық. Қора іргесінен автомобиль жолы өтуші еді.

Біз даңғыл жолға түстік. Ат ізін –  арнайы дайындап ала келген машинаның жалпақ дөңгелектері мен қалың шөткесі – ақырын сыпырып, тазалап отырды. Сөйтіп, ауылдан із-түссіз шығып кеттік. Тауға апарып, қақпасынан бір жылқы ғана өте алатын шағын, тар үңгірге қамадық.

Ертеңіне күні бойы суыт жүрдік. Түнде ел жата қалаға келіп кірдік. Бір пәтердің төргі бөлмесіне байлап қойдық. Үш апта бойы арғымақ, біздің алқаракөк, астында парсы кілемі жатқан, үстінен қымбат люстра төнген үйде, жаны рақаттанып шкафтан жемін де, шөбін де, суын да тауып уақытылы ішіп-жеп тұрды. Төртінші аптада Баянауыл жаққа қарай өттік. Бір ағайынға сатып жібердік. Сол жақта кейін бәйге шапты. Бәйгеде құлаған екен, мертігіп, ақсаңдап қалса керек.

Ауыл сыртында қазан асып, басқа жылқының етін жеп  алдағанымыздың  құпия сыры жоқ емес, бөтен малдың терісін отқа жағып, күл астына көміп тастағанымыздың бір ғана мәні: сойып, жеп алғанымызды көрсе, атамыз ары қарай іздемес деген есек дәме болды. Мен әңгіме айтушыға жақындап, қарсы алдынан жарқ етіп шыға келгенімде, кезінде біздің үйге жоқ іздеп, бәкісін қуып келген млисаны көрдім. Ол сасып қалды. Әкесі де, өзі де жендет, қарғысқа ұшыраған әулет екен. Зауалы келді деп ойладым.

Мен, ата, біздің ұрыны таптым, қандай жаза бұйырасыз деп іштей тебірендім. Балам, қайтесің оны, кезінде әкесінен көрген жақсылығым бар еді,  әулеті алдындағы қарызымның өтеуі осы шығар. Қоя бер. Құдайдың бұйырғаны да, кім білсін. Алсын деді.

Кейін біз ағайын-туыс болып бірігіп, алаңға ескерткіш тұрғыздық. Мүсінде алқаракөктің мәреге жеткен сәті бейнеленген екен. Ескерткіш елге ұнады. Алайда, сәйгүлігіне қарсы ерін көтеріп жаяу жүріп келе жатқан атамның жарқын бейнесі де тұрғаны жөн деп шештік.

Қызым заңгер еді. Қызметі де сай, қолы да ұзын, ең бастысы – алқаракөк туралы аңызды жақсы көреді.

Біз шегінген жоқпыз. Құдайдың өзі кездестірді, жөн сілтеді, зауалын да тапқызды. Қылмыскердің сотына бүкіл ауыл қатысты. Ол елден кешірім сұрады, жұрт төмен қарады, бірақ, кешірген жоқ. Күллі Қарқаралы өңірінің туы еді. Халық ығы-жығы, қояр сауалы да көп. Бәрін білгісі келеді, өмірі қалай өтті, неден қиналды, жапа шекті ме? Лайық құрмет көрді ме? Ұлы жүйрікті неліктен дайындықсыз аламан жарысқа қосты, неге қорлады?

Неге? Жиын наразы: жылқыны, жылқышыны, жылқылы елді жылатты. Алқаракөк ақсап жүріп қартайыпты, сосын, бір күні елеусіздеу жерде, апақ-сапақ уақ, қора маңында жалғыз өзі жатып жан тапсырыпты. Тұрған орнында гүре етіп жерге құлап түскен. Дәл қалай өлгенін ешкім білмейді. Атам қораға ілген бас сүйек басқа бір жылқыныкі болса керек. Кейін шаңға көміліп күресінде жатты.

Қаратал-Тегісшілдік жұрты айтады, алқаракөктің елесі сағым құсап, емін-еркін көшіп-қонып, ен даланы кезіп, кешіп жүретін көрінеді, бәйге шапқан шабандоздар жарыстың ең бір қызған сәтінде, құйындатып қатар жарысып келе жатқан алқаракөкті көреді екен. Алқаракөк! Алқаракөк! деп жұрт қуаныштан жамырай айғайлап жібереді. Қайран жануар ғайыптан пайда болып, мәреге жете бере, қайыра ғайып болып кетеді екен деседі.

Бірақ, алқаракөк құныкер ұсталғалы адамдар өмірінен бірте-бірте алыстай бастады. Жергілікті халық жылда көктемде әр үйірден, құлын ішінен алқаракөкті іздейді.

Ол келеді, деп ойлайды екен ел, ең бастысы түс көре білу керек, бүкіл ауыл бірдей түс көргенде, ол келеді. Туғанда біз оны танып қоямыз: қайран жануар есейіп аламан бәйге шапқанда, жаппай жарысқа жарап қалғанда, құлын түсі ақырындап алқаракөкке айналады. Бұл құпияны Қарқаралы төңірегінде тек біздің ауыл ғана біледі.  

 Дидар Амантай

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...