12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Түнде жортқан қасқырлар

Жанармай бекетіне шабуыл

Атыраудың тамылжыған жазғы түнінің шырқын ызылдаған масалар ғана бұзып тұр. Жанар-жағармай бекетінің күзетшісі Ғасырхан ызыңдаған масаларды қолмен қуып, ақыры болмаған соң ішке кіріп отырмақ болған. Сол сәт бекетке көлік келіп тоқтады.
– Жаз шықса болды осы масадан құтылмаймыз, тағы да буып кетті, – деген мұның сөзін:
– Иә, оның үстіне бүгін үп еткен жел де жоқ, – деп кассир Лена да қостап қойды.
Ғасырхан орнынан тұрып есікті іштен кілттеді де:
– Таңғы төрт болып қалды ғой, енді ешкім келе қоймас, – деп шеттегі орын­дыққа жайғасты. Мұнысы аздап мызғып алсам қалай болар екен дегені.
– Тағы бір жарық көрінді, – деген ақсары келіншек күзетшінің қалауын байқап:
– Жарайды, сен жата бер, шаршаған шығарсың, – деп кеңдік танытты.
Мына сөзден кейін қуана басып түкпірдегі бөлмеге өткен Ғасырхан тарс еткен дыбыстан шошына артына қарады. Бекеттің есігін қиратқан үш жігіт алшаң­дай басып ішке кіріп келеді екен. Сірә, шірене тепкенде есік сынып кетсе керек. Жігіттердің орта бойлысы қос ауызды шолақ мылтық ұстапты. Қалған екеуінің қолында пышақ жалаңдайды. Бәрі де қара киім мен бетперде киген. Мұндайды тек кинодан көрген күзетші де, кассир де сілейіп қатып қалған. Қарақшылардың орта бойлысы кірген бойда:
– Жатыңдар жерге, қозғалсаңдар  атамын, – деп айқайлады. Сөйтті де бұған бұрылып: – Ей, мен саған айтып тұрмын, таста қаруыңды, – деп мылтығын кезенді. Әмірін орындамау өмірлеріне қауіпті екенін сезген Ғасырхан қолындағы қызметтік мылтығын орындыққа сүйей салып, еденге етпеттеп жата кетті. Жаңағы талтайып тұрған, қолында мылтығы бар жігіт мыналардың басшысы болса керек қасындағыларға:
– Неғып тұрсыңдар? Тез-тез қимыл­даңдар, – деп зекіді. Екінші жігіт мұның мылтығын аяғымен әрірек теуіп жіберді, үшіншісі кассаға беттеді. Зәресі ұшып дір-дір еткен Лена да қасына келіп етпеттеп жата кеткен еді, жігіттердің біреуі оны желкесінен ұстап тұрғызып:
– Сен тұр, анау сейфті аш! Қане, түс алға, – деп иығынан итеріп кеп жіберді. Қорыққаннан аяғын баса алмай тұрған келіншекті әлгі қарақшы жағынан бір тартты. Жүзін жас жуған Ленаны аяп кеткен бұл енді үнсіз қала алмаған.
– Әйел адамға неге қол жұмсай­сыңдар? Сендерді де жігіт дейді-ау. Өздеріңнің де осындай қарындастарың бар емес пе?– деп орнынан көтеріле бергенде:
– Не дейсің сен? Қорғаушысы болғың келе ме? Тілің ұзын екен ғой өзіңнің, – деген біреуі мұны кеудесінен теуіп кеп жіберді. Шалқасынан түскенде тағы тепті. Екінші жігіт жағасынан тартып тұрғызып бетінен баспен бір ұрды. Тәлтіректеп кеткен мұны алғашқысы ішінен тепкенде  Ғасырхан екі бүктеліп құлап түсті. Лена шыңғырып жіберіп еді, мылтықты жігіт оны шашынан ұстаған күйі сүйреп басын қабырғаға соқты. Келіншек ес-түссіз құлады. Осыдан кейін олар бекетте көп кідірмеді. Шығып бара жатып біреуі мұның мылтығын да ұстай кетті. Ғасырхан ұшып тұрып телефонға жармасқан, бірақ ол үнсіз екен. Көз тоқтатып қарап еді сымын қиып кеткенін көрді. Ыңырсып орнынан қозғалған ол Ленаның қасына барып қызды сүйемелдеп тұрғызды.

Коттедж алдындағы кеңес

– Осы үй ме, Рүстем?– деді қос қабат­ты коттедждің жанына тоқтаған орта бойлы жігіт жанындағы серігіне.
– Иә, – деді ол, – Әне ауласында көліктер тұр. Мұнда гарбі ойнауға кілең ақшасы көп шишкалар келеді.
– Ауласында ит бар ма?
– Алабай тұқымды ит болуы керек. Бірақ оны қонақтар кеткен соң ғана босатады.
– Жарайды Рүстем, көліктегілерге айт шықсын.
Екі көліктің ішінен шыққан жеті жігіт жанына жиналған соң жаңағы орта бойлысы сөзін жалғады.
– Қысқасы жігіттер, қазір мына үйде­гі­лерді тонаймыз. Рүстем осында қала­ды. Себебі іштегілер тануы мүмкін. Сырттан біреуді көрсең бізге ескертесің. Қалған­дарың аулаға кір­ген­нен кейін көліктердің тегершігін тесесіңдер. Қуғыншының болмағаны жақсы. Берік пен Бейбіт үйді барлап қайтың­дар. Бейбіт, тапаншаны ал! Барыңдар, жөнеліңдер. Сендер келген соң қозғаламыз.
– Жасен, мылтықты кім алады? – деді жігіттердің бірі орта бойлысына бұрылып.
– Қос ауызды мен, тапаншаны Қали, «Бекас» мылтығын Азамат ұстайды. Оқыс жағдай болмаса қаруды қолдан­бағандарың жөн ,– деді Жасен.
– Қарулары болып, қарсыласса ше? – деді Азамат.
– Бұл үйде қару жоқ, – деп осы кезде Рүстем сөзге араласты.
– Жарайды, жағдайға қарай қимыл­дармыз, – деді Жасен, – Ешқайсысы сыртқа шығып кетпесін. Рүстем, сен бұл үйде талай болдың, бізге үйдің қай жағынан кірген ыңғайлы екенін айт. Ит байлаулы тұрғанымен үреді ғой, демек, іштегілер келгенімізден хабардар болып отырады. Ерте көзге түсіп қалмаңдар. Маңайындағы көршілері де оянуы мүмкін.
– Көршілері бұл үйде жиналып кар­та ойнайтынына, дарылдасып таңға жақын тарайтынына үйреніп болған, – деген Рүстем, – Алдыңғы есіктен кірген ыңғайлы. Ортада ұзын дәліз бар. Содан әрмен өткенде бірден үлкен залға шығасың. Карта ойнайтындар осындағы үстел басында отырады. Залдың оң жақ шетінде жоғарыға көтерілетін баспалдақ орналасқан. Екінші қабаттағы бөлмеде үй иесінің әйелі жатады. Қазір ол ұйқы құшағында болуы керек, – деп сөзін қорытты.
Осы кезде үйді шолып келуге кеткен екі жігіт оралып, маңайдың тыныш екенін, іште алты адам карта ойнап отырғанын жеткізді.
–Мен, Рафаэль, Эдуард, Азамат, Қали бесеуіміз алдыңғы есіктен кіреміз, – деді Жасен, – Берік пен Бейбіт арғы жақтағы терезені сындырып ішке енесіңдер. Ішке кіргенде тез қимылдап отырғандардың ақшасы мен ұялы телефондарын сыпы­рып алыңдар. Қарсыласқандарын аямаң­дар. Эдуард, Қали, сендер бірден екін­ші қабатқа тартыңдар. Әйелді төмен­ге әкелесіңдер. Мұқият болыңдар, поли­цияға телефон шалып үлгермесін. Ешқан­дай қымбат бұйым қалдырмаңдар. Ал, кеттік…

Тонау

–Мына ит шабаланып кетті-ау, қарап қайтпасам болмас, – үстел басында  отыр­ғандардың біреуі орнынан қозға­лақтап қойды.
– Ит болғасын үреді-дағы. Оның аузына қақпақ қоя алмайсың, Бекес! Жаңа ғана қарап келдің емес пе? – қараторы семіз жігіт аузындағы темекісін алып, күлсалғышқа қақты.
– Орынбек бұл Бекес қу ғой. Қазір арақ басына тисе анау жүз мыңдап ұтып отырған ақшасын картаға жіберіп алмайын деп ойлайды. Жартысын итінің үйшігінің қасына тығып қайтпақ, – деп сары жігіт сақылдай күлді.
– Ауыз өзімдікі деп сандалмашы, Тәке, – деді Бекес, – Қайдағы ұтқан?! Мен өзім жіберген ақшамның жартысын ғана қайтардым. Ішкен екенсіңдер қумай отырсаңдаршы.
– Мә, жігіттер менде гарбі! – әлгі Орынбек дегені қолындағы картасын тастай салды.
– Ореке, тұра тұр, ортада жиналғандай ақшаң бар ма? Қане көрсетіп қой, –деді Бекес.
– Ей, жігіттер бұларың болмайды. «Гарбі» деген гарбі. Кез келген жағдайда  оған беріледі. Бірақ, сендер ренжісеңдер міне ақша, – Орынбек бір уыс теңге мен долларды қалтасынан шығарды.
– Бүгін қолым шықпады, тфу, – Бекес картасын тастай салды – Мен дала жақты қарап қайтайын, сендер ойнай беріңдер.
– Әкел, мен жасаймын, – деп бір жігіт картаны тарата бастады. Осы кезде сыртқа шығып кеткен Бекес сүріне-қабына ішке жүгіріп кірді.
– Бандылар, ойбай бандылар, – деп айқайлаған ол бергі есікті кілттемек болып жанталасқан. Алайда бекітіп үлгермеді. Іштегілер есін жиям дегенше есікті теуіп ашып бөлмеге сау етіп қара бетперде киген қарулы бес жігіт енді. Шолақ мылтықтысы балағат араластыра сөйлеп барлығына жерге жатуды бұйырды. Қара бетперделінің екеуі бір­ден жоғарыға шығатын баспалдаққа тартты. Біреуі Бекесті ұрып құлатып тепкінің астына алды.
– «Тоқта» дегенде неге қашасың а? Құтыламын деп ойладың ба?Атып тастайын ба осы, – деп ол жігітті допша тепкіледі.
– Қане, қалталарыңда бардың бәрін шығарыңдар. Шошаңдап, ақшаны жасырып қалам дегендерді ойланбай атып тастаймын, – деді орта бойлысы шолақ мылтығын кезене бұйырып. Жоғарыға кеткен екі жігіт дедектетіп үй иесінің әйелін әкелді. Біреуі құры жүрмей мойнындағы алтын шынжырды жұлып алды.
– Мынау қайдағы иттер, Бекес! Кім­дер бұлар? Сенен сұрап тұрмын ғой. Саған «карта деген кәпір ойын, түбі бір­деңеге ұшырайсың», деп айтып едім. Оңбаған-ай! Ақыры не болғанын көрдің бе? Осындағыларға бірдеңе болса ертең өзіңді түрмеге тоғытады, – деп айқайлап жылаған әйелдің қасына  бетперделілердің біреуі жетіп келіп тапанша тақады.
– Үніңді өшір! Енді бір ауыз сөз айтсаң өлтіремін!, – деді ол тісінің арасынан  жыланша ысылдап.
Бандылар үйдегілерді түгел тонап, барлық бағалы заттарды жинап алған соң орта бойлысы:
–Сендер ренжімеңдер! Құдай өзі береді, өзі алады. Демек, сендердің байлықтарыңда біздің де несібеміз бар. Арам жолмен қоң жиғансыңдар. Қане, мына қыруар қаржыны адал жолмен таптым деп қайсысың айтасың? Неге үндемейсіңдер? Адал нәрсеге жұмсап жатырмын дей аласыңдар ма? Тағы үн жоқ. Харам ақша ту–ту–тулеп ұшады да кетеді. Егер қазір соңымыздан ілессеңдер, аямаймыз. Адамның көзін құрту маған шыбын өлтіргенмен бірдей. Жандарың қадірлі болса ұзап кеткенімізше үйден шықпаңдар, – деп шолақ мылтығымен жоғарыдағы люстраны атып құлатты да қасындағылармен бірге үйден шыға жөнелді.

Күдіктілер

– Қарулы қарақшылық жасағандар  әлі табылған жоқ. Мен мынаны оқып шықтым. (Қағазды жас жігіт көрсін дегендей жазуын соған қаратып ұстады) Алдымен жанар–жағармай бекетін тонаған. Одан кейін жиналып карта ойнап отырғандардың ақшасын сыпырып кеткен. Екеуінде де ондағы адамдарға күш қолданып, жеңіл жарақат салған. Артынша үш дүкен мен екі кәсіпкердің үйін үптеп отыр. Бір дүкеннің күзетшісін соққыға жыққан. Ол өзіне кім шабуыл жасағанын білмейді немесе айтуға қорқады. Осының бәрін ұйымдасқан қылмыстық топ екі айға жетер-жетпес уақытта іске асырып үлгерген. Соңына еш айғақ қалдырмаған. Жәбірленушілерге келген залал көп. Сендер осы не бітіріп жүрсіңдер? Келесі кезекте кім? Қашанға дейін оларды тайраңдатып қоймақсыңдар? – деген подполковник ашумен қолындағы қағазды үстелге лақтырып жіберді.
– Мен сенен жалғыз ауыз сөзді, «істе жылжу бар», дегенді ғана естігім келеді, Ербол! – деді ашулы басшы. Бірақ, жұмысқа енді кіріскен лейтенант бекер жүрмеген екен.
– Біз тоналған үйлердің қасындағы көршілерінен жауап алдық. Бір азамат­шадан басқасы мардымды ештеңе айтпады. Жаңағы азаматшаның айтуын­ша көршісінің үйіне ұры түспес бұрын автобусқа мінбек болып аялдамаға барған екен. Аялдамада қысқа шашты сары жігіттің темекі тартып отырғанын көрген. Азаматша оның ойға беріліп кеткенін, көзін тоналған үйден алмай қадала қалғанын байқаған. Артынша жігіт аузындағы темекісін жерге тастап, мыжғылағанда оң жақ қолындағы суретке көзі түскен. Онда күн бейнеленген дейді. Және де әлдебір жазу болған. Біраз тұрған соң жігіт ақ көлікке мініп кетіп қалған. Мінгенде жүргізуші  жағынан кірген. «Көлігін анау жерге тастап аялдамада отырғаны несі?», деп келіншек күдіктеніпті. Артынша біреуді күткен шығар деп мән бермеген. Ертеңіне дүкенге кетіп бара жатып ақ көлікті тағы да көзі шалған. Алайда маңынан ешкім көрінбеген. Келесі күні түнде үй тоналған. Азаматшаның сипаттауы бойынша қылмыскердің фотороботын жасағанымызда ол оны бірден таныды. Базадан іздеп қарағанымызда  мынандай деректі таптық. Суреттегі жігіт бұған дейін екі рет сотталған Әлмен Бекіров болып шықты. Лақап аты «Қали». Ал, ақ көлік Рүстем Ашаровтікі. Қалиды сезіктендіріп алмайық деген ниетпен сырттай бақылауда ұстағанымызда оның үйіне осы көлік келген. Жігіттеріміз  түсі мен нөмірін хабарлағаннан кейін қазір оны да бақылаудамыз. Ашаров отбасылы. Бұрын сотталмаған. Қалғандарын әзірге анықтай қойған жоқпыз. Бірақ кешікпей оларға да шығатынымызға сенімдіміз.
– Жарайсың Ербол! Алайда құс торға түспей тұрып үркітіп алып жүрмеңдер.
– Бекіровтың үйінің алдында бір кәсіпкер коттедж салғызып жатыр. Оның да кім екенін анықтадық. Қылмысқа  қатысы жоқ, мемлекеттік мекеменің  бастығы. Салып жатқандар жалдамалы өзбектер. Солардың екеуін шақыртып алып, орнына өз адамдарымызды қойдық.
– Ендеше, іске сәт. Жағдайды тікелей өзіме баяндап тұр,– деген басшы жас маманның талабына іштей сүйсініп қалды.

Бандитпен селфи

Ербол бөлмесіне келгенде есік алдында бір жігіт пен қыз күтіп тұр еді
–Аа, «құрылысшы жігітіміз» де келіп қалған екен ғой. Қалайсың, Бекжан, – деп лейтенант күлімдеп қолын ұсынып, содан соң қызға бұрылды – Сәлем Гүлшат! Жүріңдер, – ол есікті ашып ішке кіріп орнына жайғасты, – Қане, баяндаңдар, тыңдап отырмын.
– Ербол! Алдымен сен бізге бастық не үшін  шақырғанын айт, – деді Бекжан.
– Бастық болған соң шақырады да! Ұйымдасқан қылмыстық топты таппасаңдар Гүлшаттан басқаларыңды қуырып жеймін дейді.
– Әзілдемей, төтесіне көш, біздің уақытымыз тығыз.
– Жарайды лейтенант! – Ербол под­пол­ковникпен арадағы әңгімені қысқаша айтып өтті.
– Бастыққа Әлмен Бекіровты аңду арқылы қылмыстық топтың ізіне шыға­мыз деп айтқаның қалай? Олармен байла­нысы барын сен қайдан білесің? Мүмкін ол «вор–одиночка» болар.
– Оны кешікпей анықтайтынымызға сенімдімін.
– Мені тыңда, Ербол! Бекіров неге әлі күнге дейін бостандықта? Ұрлық жасалардан бұрын оны сол жерден көрген куә бар емес пе? Прокуратурадан  рұқсат алып үйін неге тінтпейміз? Осылай оның асыранды күшігіне ұқсап баспанасын күзетіп, артынан ереміз де жүреміз бе?
– Шаршап жүрсең сені басқамен ауыстырайын, Бекжан!
– Жо-жоқ. Маған қылмыскердің әлі күнге дейін неге тұтқындалмай отыр­ғанын түсіндірші. Ертең тағы бір құқық бұзушылық жасаса қайтпекпіз?
– Тыңда, Бекжан, – деді Ербол оған тіке қарап, – Оның ұрлық жасағанын сен қалай дәлелдейсің? Қолыңда айғақтарың бар ма? Әлде бұрын сотталғанын алға тартасың ба? Олай болса жазасын өтеп келгендердің бәрін жабуымыз қажет шығар?!.
– Апырмау, оны сол жерден көрген әйел бар емес пе?, – деді Бекжан күмілжіп.
– Саған ол: «Иә, сол жерде болғаным рас. Өтіп бара жатқанда көлігім өшіп қалды. Техниканың аты техника! Капотын ашып қарадым, кілтті әрлі-берлі бұрадым. Қыздыра алмай біраз әурелендім. Сосын оны сол жерге тастап, аялдамада автобус күттім. Таныс жігіттерді әкеліп сүйретіп кетейін деп ойлап біраз отырдым. Сәлден кейін кері барып кілтін тағы бір бұрап қарағанмын. Қызған соң мініп кеттім. Көлік өзімдікі емес, біреудікі. Ал, қайтып ол жерге барғаным жоқ», деп жауап береді. Ертеңіне оны емес, тек көлікті көрді ғой. Анау Ашаровың болса «Қали мініп кеткенде қораптағы кілттерден бір-екеуі түсіп қалыпты, – деуі мүмкін.

…Шамасы қыздыра алмай жүргенде сол жерге тастап кеткен ғой. Мүмкін табылар деген үмітпен ертеңіне іздеп барып едім» деп жауап береді. Cолай емес екеніне қандай уәж айтасың? Мұны бір деп қой! Екіншіден, бұрын екі рет сотталған адам ұрлаған дүниесін үйіне жасыра ма? Есепте тұрғанын, қылмыс бола қалса полицейлер бірден соны тексеруі мүмкін екенін ол ескермей ме? Өмірде не болмайды, ертең куә әйел де сөзінен танып шыға келсе ше?
– Өте дұрыс айтып отырсыз. Сізге қосыламын! Сондықтан оны аңдып қылмыс үстінде немесе ұрлаған нәрсесін тығып қойған жеріне барғанда ұстауымыз қажет! – деді Гүлшат сөзге араласып.
– Сол себепті Сырым екеуіңді  соң­дарына салып қойып отырмын ғой. Бізге оны тұтқындау үшін бұлтартпас айғақ керек. Енді сіздерді тыңдайық, –деді Ербол.
– Кеше кешке Бекіров ауласынан шықты. Біз өзбектер салып жатқан құрылыстың артында тұрған көлігімізге отырып, көзге түспей соңынан ердік. Бекіров бір кафеге тоқтап ішіне енді. Кенет менің басыма бір ой келе кетті. Аяқ астынан Гүлшаттың сол маңда тұратыны есіме түскені. Дереу мына қызға телефон соқтым. «Сержант тез киін, жұмысқа керек болып жатырсың», – дедім. Сырымды сол жерге тастап, жетіп келсем, қызымыз үйінің алдында формасын киіп сықиып тұр, басында пилотка.
– Сен мені «свиданиеге» емес, жұмысқа шақырдың ғой , – деп жымиды Гүлшат.
– Тоқ етерін айтсақ, Гүлшатпен бірге  кафеге кірсем, Бекіров қасында екі адам бар тамақтанып отыр. Біреуі өзіміздің байырғы танысымыз Ашаров. Үстелге мен оларға  арқамды бере, қыз тіке қарап отыратын болып жайғастық. Екеуміз бозбала  мен бойжеткен  болып ыржыңдасып, бір рет селфи жасадық. Яғни, Гүлшат мені телефонына түсірді. Көп отырсақ күдік тудырармыз деп шығып кетіп, бұл үйіне тартты, мен оларды аңдуды жалғастырдым.
– Сені емес, селфи жасаған болып аналарды түсіріп алдым. Өзің солай ет деген болатынсың, – деді қыз.
– Оны неге Ерболға көрсетпейсің? – деді Бекжан күліп.
– Қазір, – қыз телефонын шығарып шұқылады – Міне!
– Тұра тұр, – деді Ербол оған, – Мынау таныс бейне! Қазір компьютерімді ашайын. Қараңдар! Міне, мына жігіт! Эдуард Ғайсов, 1983 жылы туылған. Бұл да екі рет түрменің дәмін татқан қу. Бірақ, олардың не жөнінде сөйлескенін білмейінше ештеңе істей алмайтынымыз анық. Тағы бір ұрлықты жоспарлады ма, мүмкін жәй кездескен шығар? Ашаровтың соңында жүрген жігіттерге оны тастап, осыны аңдуды тапсырайын. Меніңше, біз қылмысты ашуға жақындап қалғандаймыз.

Қауіп

– Оңбаған ит, нақұрыс! «Сотталып келген адамдар өмір көреді», дегені осы ма? – Жасен айқайлап жіберді. Жүзі өрт сөндіргендей, түтігіп кетіпті. Дәл қазір қарсы келсе ешкімді аямастай, – Ақылсыз хайуан! Бала сияқты, Берік пен Бейбіт құрлы жоқ. «Бір әйел көріп қойған. Сол хабарлаған сияқты. Полиция ізіме түсіп жүр» дейді ғой тағы…. Қалай ғана ашуланбайсың? Көліктен шықпаса ғой, ешкім оны байқамайды. Соңына ішкі істер орындарының қарапайым пешкалары емес, полицияның тазылары түскен шығар, бәлкім? Онда отырғандар ақымақ емес. Олар алмай қоймайды. Менттер үйін тексеріп пе?
– Жоқ. Кафеге шақырып алғанда маған айтқаны бір шетелдік көлік қыр соңынан қалмағанын айнадан байқаған. Содан кейін бізді ұстап бермес үшін көп көзге түсе қоймаған. Екеуміз кездесетін күні сол көлік ізіне түспеген соң мені шақырған. Үйінің алдынан күдік тудырар ешкімді байқамадым. Соған қарағанда менттер аңдуды тоқтатқан болар, – деді Эдуард.
– Сен де айтасың, Эдуард! Үйінің алдында ешкім болмаса, ол шыққанда соңынан неге ілеседі? Олар оны «вор одиночка», деп емес, сыбайластары бар деген оймен тиіспей, мұқият бақылауда. Жіптің ұшын осы жерден ұстаймыз деген ойда. Қалидың үйін тексермей отырғаны, ұрлаған мүлкін онда сақтамайтынын біледі. Іс үстінде ұстамақ. Осыны қалай түсінбейсіңдер? – деді Жасен. 
– Ендеше, Қалидың көзін жою қажет, – деді бағанадан үнсіз отырған Рафаэль, – Әйтпесе ізге түсіп. бәрімізді ұстайды.
Біріншіден, кімді өлтіру, ал кімге тиіспеу керектігін бұл жерде мен шешемін! – деді Жасен, – Екіншіден, ол менттердің қорғауында, олар сені бірден ұстайды. Біз бай кәсіпкерді тонауға шығатын күні оның үйінің алдына барып сигнал бересің. Торуылда отырғандар  келгеніңді көрсін. Олардың сол жерде екеніне сенімдімін. Анау нақұрыс үйден шығады. Екеуің көлікпен жүріп отырып бір үйдің алдына барасыңдар. Оны біз күні бұрын дайындап қоямыз. Көлікті сыртта қалдырып аулаға кіресіңдер. Сендерді  Берік қарсы алады. Үшеуің жүгіріп отырып шарбақтан секіріп, ауланың арғы жағындағы көшеге өтесіңдер. Бұл жерде көлікпен Азамат тұрады. Анау арттарыңнан аңдып жүргендер сол жерде отыра берсін. Отырмаса да орындарыңды сипап қалады. Бәріміз түгел «делоға» аттанамыз. Жарық түсе сендерді көліктерің қалған үйге жеткіземіз. Мас болған адамдарға ұқсап қисалаңдап ішке енесіңдер. Қайда болғандарыңды сұраса, темірдей алиби дайындап, не дейтіндеріңді телефонмен ескертеміз. Ертеңіне менттер тағы да бір үйдің тоналғанын естиді. Бірақ, сендерді оған қатысы жоқ деп есептейді. Ұқтың­дар ма? Олар ұстап алған жіптің ұшы осылайша үзіледі. Мен өз жігіттерімді полицияға жем қылмаймын. Қалиды тауып алып, екі күннен кейін осында, Азаматтың үйінде кездесетінімізді  жеткіз. Түгелдей қарумен, бетпердемен келіңдер. Кім қалай әрекет ететінін, қандай рөл атқаратынын іске шығар алдында түсіндіремін. Айтпақшы, Азамат сен де «зек» ретінде есепте барсың ғой. Полициялар тексерді ме?
– Иә. Олардың шақыртатынын  біліп, алдын-ала айтарымды, оны рас­таушымды дайындап қойғанмын.
– Жарайсың! Демек, бұл жер қауіпсіз. Енді тараңдар! Бәрің бірдей топырлап алдыңғы есіктен шықпай, арт жақпен де кетіңдер. Көшеге шықпас бұрын сыртты қарап алыңдар. Эдуард, сен қал, Қали мен Рүстем баратын үйді қайдан табуға болатынын ақылдасайық, – деді Жасен.
Бәрі шығып кеткеннен соң Эдуардқа: – Арамызда қалсын, сен ешкімге айтпа. Байдың үйін тонағаннан кейін екі күннен соң Қалидың көзін құрт. Ешбір жан, тіпті біздің жігіттер де сезіктенбейтіндей етіп істе. Бізге мұрнының астынан арғыны көре алмайтын адам қажет емес! Алға қарай кедергі болады, –деді.

Аңду

– Біз кешеден бері Ғайсовтың артынан білдірмей еріп отырдық, – деп бастады сөзін толық сары жігіт, – Әуелі базарға барып, содан соң сауда үйінің алдын торуылдап жүрді де қойды. Түске таман аталған сауда орнының директоры көлігіне мінгеннен кейін соңынан ілесті. Директор үйіне жетіп ауласына енгеннен соң ол үйге қарама-қарсы бетке, жолдың шетіне шығып тұрды. Темекі шегіп отырса керек, бір кезде жүргізуші жақ терезені ашып, тұқылын лақтырып жіберді де қозғалып кетті.
– Ол сендерді байқап қалған жоқ па, Дастан? – деді Ербол оның сөзін бөліп.
– Жоқ! Біз оны алыстан дүрбімен бақыладық.
– Жарайды, сөзіңді жалғастыра бер!
– Ербол, олар сауда үйінің директорын тонамақшы. Кәсіпкер ақшаны үйінде сақтайды деп ойлайтын сияқты.
– Сен не айтасың, Сырым? Бекжан қайда?
– Ол Қалидың үйінің алдында қарауылдап қалды. Өзінің орнына мені жіберді, – деді Сырым атты аласа бойлы қара жігіт, – Кеше Бекіровтің үйіне Ашаров келді. Екеуі өткен жолғы кафеге тағы да барды. Бұл жолы біз күдік тудырмас үшін екі көлікпен арты­нан ердік. Біреуін бұрын байқап жүргенімен, екіншісін білмейді ғой. Бекжан біріншісімен олардың бұрылып кеткенін байқамай қалған болып әрмен қарай асты. Әлгілер шынымен көз жаздырып кеттік деп ойласа керек жан-жақтарына қарап біраз тұрды да кафеге енді. Әріптесіміз екеуіміз күні бұрын келісіп қойғанымыздай, арттарынан кірдік. Мен үстіме ескі жейде, тозығы жеткен шалбар киіп, қолыма жартылай су құйылған арақтың шөлмегін ұстап, оларға таяу үстелге жайғастым. Алқа-салқа түріме қарап бомж деп ойлаған шығар маған бұрылып бір қарады да, қайтып назар аудармады. Қысқасы, қылмыскерлер біздің Бекіровтің соңынан түсіп жүргенімізді байқап қалған. Ұққаным, жаңа ғана Дастан айтып отырған кәсіпкердің үйіне қарулы шабуыл жасамақ. Алдымен бізді адастырып жер соқтырып кетпек. Мұны олар бүгін түнде жүзеге асырады. «Қаруланып Азаматтың үйіне жиналамыз. Сонда кім не істейтінін ақылдасамыз. Мен сені «делоға» шығардан бір сағат бұрын келіп әкетемін», деді Ашаров.
– Азаматтың үйінде олар өткен жолы болған. Бұл жігіттің де кім екенін анықтадық, ол да сотты болған, – деді Дастан сөзге араласып.
– Ендеше, қақпанның сарт ететін сәті соқты, түнгі қасқырлар жортуылға шықпақ, – деді Ербол – Кәсіпкердің үйінде тосқауыл ұйымдастырып, оларды құрықтаймыз.
– Олай етпеген дұрыс, Ербол! Сауда үйі директорының бала-шағасы бар. Қатеде берекет жоқ дегендей, жазым болып жүрер. Сақтанғанымыз артықтық етпейді. Қаруланып келгеннен кейін олар қарсыласады. Тіпті атыс кезінде қашып та кетуі мүмкін. Әрі түн ішінде айналадағы тұрғындардың да берекетін қашырамыз, – деді Дастан.
– Сен сонда қандай ұсыныс айтасың?
– Бәрін де Алмасовтың үйінде тұтқындағанымыз жөн. Егер олар ақылдасуға кірсе, қарулары көлікте қалады. Бірақ, сыртта күзет болары анық. Біздің ең бірінші жұмысымыз сырттағы қарулы қылмыскерді қолға түсіру. Сонда ішке жол ашылады. Өте тез қимылдауымыз қажет.
–Ендеше, сөйтеміз, – деді Ербол – Сендерге тапсырма, банда мүшелерін көздеріңнен таса қылмаңдар. Қасқыр­ларды қақпанға түсіреміз. Қараңғы түсе мен де жігіттермен бірге Алмасовтың үйінің жанында боламын. Сол жерде кездесеміз. Банда түгел жиналғанша күтеміз, содан кейін іске кірісеміз.

Қақпан

Түн қараңғылығын тіліп өткен жарық көрінді де жеңіл көлік қала шетіндегі үйдің жанына келіп тоқтады. Ауланың  ішінен бір жігіт шығып:
–Келдіңдер ме, Рүстем? Қали қайда? – деп сыбырлай үн қатты. Естіп қалса керек: 
– Мен мындамын, – деді бір жігіт көліктен шығып, – Жасен келді ме, Азамат?
– Жоқ! Бірақ, ол жаңа ғана шыққалы  жатырмыз деп телефон соғып, сендерді сұрады.
– Жағдайларың қалай? Кеше біздің жігіттерді ақша шашып, той тойлап жүр деп естігенмін. Менің үлесіме тиіспеген шығарсыңдар деген ойдамын. Өзіңе мәлім, мен менттерді соңымнан ертіп, сендерге қалқан болып жүрмін, – деді Қали.
– Әйтеуір осында ілестіріп келмеген боларсың?, – деген Азамат жәймен жымиды.
– Жасенге рақмет! Соның ақылымен оларды жер соқтырып кеттік. Менің үйімді күзетіп отыра берсін, –деген Қали қарқылдай күлді.
Азаматтың үйге кірейік, – дегенін күткендей Қали кенет жылдам қимылдап қалтасынан ұзын сапты пышақты суырып алды да жігіттің өкпе тұсынан ұрды. Жігіт ыңырсып қалып, кері бұрылғанда ұшы қанға малынған пышақ екінші рет сілтенді. Көлігін кілттеп жатқан Рүстем пышағын жалаңдатып төніп қалған Қалиды көргенде ыршып түсті. Пышақ қарын жанап өтіп, қан сау етті. Қашпақ болғанда сүрініп кетіп құлады.
– Мені «кидать етіп» кетпек бол­дыңдар ғой, солай ма? – Қали былапыт сөзді боратып, пышағын көтере бер­ді, – Ақшаны, ұрланған заттарды өздерің алып, осы істен соң көзімді құртпақсыңдар ма?
– Құдай сақтасын, Қали! Сені өлтірмек болсам қаруымды көлікте қалдырам ба?
– Соңғы «делодан» маған көк тиын тиген жоқ. Ақша қайда тұр? Не маған айтасың, болмаса қазір жаныңды жаһаннамға жіберемін, – Қали қаһар­ланды.
– Шын сөзім, мен оны білмеймін. Мықты болсаң  Жасеннен сұра!
– Білсем де айтпаймын де, ит! Ендеше, иманыңды үйір! – деген Қали пышағын сілтеп үлгермеді.
– Таста қаруыңды, – деген бұйрық естілді. Жалт қарап еді, өзіне тақалып қалған қарулы полицейлерді көрді.
– Жарайды, жарайды бастық!– деп ол пышағын тастай салды. Жетіп үлгерген полицейлер қашпақ болған Рүстемді де алып ұрып, қолын қайырып кісен салды.
– Сәлем, Әлмен Бекіров! – деп жас лейтенант қарсы алдына тақалып келіп, жүзіне көз тоқтата қарады, – Не болды, Қали? Түрмені сағынып кеттің бе? Үндемейсің ғой? – сөйтті де ол жігіттеріне бұрылды, – Бұларды өздерінің «қонақүйлеріне» апарыңдар, тынықсын. Сенімен ертең сөйлесемін, Бекіров, қазір басқа да қонақтарды күтуім қажет.
– Начальник! Сендер менің өмірімді құтқарып қалдыңдар. Мен Рүстем Ашаровпын! Мыналар мені қорқытып өз тобына қосып алды. Жазығым жоқ адаммын. Қосақ ортасында босқа кетпейін, – деді банда мүшесінің бірі лейтенантқа.
– Олай деме, біз сен туралы да бәрін білеміз.
– Солай ма? – деді Ашаров қапелімде аузына сөз түспей – Ендеше, менің жазамды жеңілдететін болсаңыздар,  сіздермен ынтымақтасуға  әзірмін. Барлық тоналған заттар мен ақшалардың қайда тұрғанын, ұрланғандарды сатумен кімдер айналысатынын түгел көрсетіп беремін.
– Сатқын ит! – Қали кетіп бара жатып кіжінді, – Осыдан түрмеде кездессек, аяйды деп ойлама!
– Әкетіңдер мынаны, – деді Ербол қасындағы жігіттеріне Ашаровты нұсқап.
– Қылмыскерлердің келетін уақыты жақындап қалды, – деді Ербол қасына келген бір топ жігітке, – Бақылау­шыларымыз телефоныма «шықты» деген хабарлама жолдады. Бекжан, сен үш жігітпен ауланың ішінен күтесің. Үйге қарай өтіп кетпесін, Алмасовтың анасының берекетін алып жүрер. Қалғанымыз осы маңнан аңдимыз. Ауланың есігі мен үйдің арасы отыз метрдей жер екен. Тез қимылдауы­мыз қажет. Бәрің де орындарыңа барыңдар.
Олар жасырынып үлгерісімен бір су жаңа шетелдік көлік есік алдына келіп тоқтап, ішінен бес жігіт шықты. Орта бойлысы есік алдында тұрған көлікті көріп:
–Рүстем мен Қали келіп үлгерген екен. Бейбіт, маған тапаншаны бер! Қалғандарың қаруларыңды алмай-ақ қойыңдар. Іште көп кідірмейміз. Эдуард қайда баратынымызды айтқаннан кейін, мен кімнің не істейтінін түсіндіремін. Бейбіт, сен көлікте қал! Жүріңдер! –деп өзі алға түсті.
Олар аулаға кірді-ау дегенде қараңғы­лықтан шыға келген полицейлер көлігінің жанында темекісін тұтатқан Бейбітті бас салды. Не болғанын түсінбеген іштегілер артқа бұрыла бергенде аула ішінде де қарулы төрт полицей пайда бола кетіп:
–Қаруларыңды тастаңдар! – деген әмірлі дауыс естілді.
Қарақшылар сөзге келместен бұйрыққа бағынды. Сот ұйымдасқан  қылмыстық топ құрамындағылардың  екеуіне он бес, біреуіне тоғыз, қалған­дарына он екі жылдан бас боста­н­дығынан айыру жазасын тағайындап, мүліктерін тәркілеуге үкім шығарды.

Қанат ҒҰМАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Атырау облысы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...